• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Қоғам » Қазақша сөйлегені үшін қудалауға ұшырады

    Қазақша сөйлегені үшін қудалауға ұшырады

    Редакциямызға Павлодар облысы Павлодар ауданына қарасты Жаңа қала ауылынан 200 адам қол қойған хат келіп түсті. Олар Жаңақала ауылындағы Григорьевка орта мектебінің директоры Колтай Калелханұлының жұмыстан шығарылғанына наразы.

    Ауыл тұрғындарының айтуынша, аудан әкімі Александр Бабенко, күзден бері мектеп директорының қыр соңына түсіп, қудалауға ұшыратқан. Колтай Калелханұлы бұл ауылдағы тоғыз жылдық мектепте директор болып қызмет атқарғалы бес жыл болды. Осы аралықта білім сапасын алдыңғы қатарға қоя білді. Қазір Григорьевка орта мектебі білім беру сапасы жағынан Павлодар ауданындағы ең үздік мекеме. Биылғы оқу жылынан бастап мектеп толықтай мемлекеттік тілге көшті. Әлбетте, бұл директордың жеке бастамасы емес. Облыс әкімінің тапсырмасымен болған. Алайда, аудан әкімі Александр Бабенкоға аралас мектептің қазақша білім беруге көшкені ұнамаған секілді. Оның үстіне, мектепте өтетін барлық ресми шаралардың тек мемлекеттік тілде жүргізілетіні, директордың тек қана қазақ тілінде баяндама жасайтыны тіптен төбе шашын тік тұрғызғанға ұқсайды. Ауылдағы бір-екі өзге ұлт өкілдерін алдыға салып қойып, директордың үстінен облысқа домалақ арызды қарша боратты. Әйтсе де, облыс әкімдігі негізсіз хаттарға назар аудармаған соң тоқтаған еді. Енді, аудан әкімі директордың өзіне шұқшия бастады. Аудандық білім бөлімі арқылы қайта-қайта тексеру жүргізіп, қайта-қайта бөлімге шақырып түк жұмыс істетпей қойды, дейді ауыл тұрғындары. Мектептің білім беру жүйесінен еш кемшілік таба алмаған соң басшыға аңду салған. Сондағы тапқаны 9 және 23 қараша күндері мектеп директоры жұмыс орнында болмаған. 9-қарашада емханаға барғаны жөнінде анықтамасы бар, директордың. Ал, 23-қараша күні бір сағатқа кешігіңкірепті. Оның өзінде жер тайғақ болып әзер жеткен. Еске сала кетерлігі, Жаңа қала ауылы облыс орталығынан 40 шақырым жерде. Ал, мектеп директоры жұмысқа Павлодар қаласынан өз көлігімен қатынап жұмыс істейді. Ол үшін мектеп директорына ақша төлемейді. Павлодар аудандық білім бөлімінің басшысы Сәкен Майдисаров, өткен 28-қараша күнімен бұйрық шығарады. Бұйрықта Еңбек кодексінің 52-бабы, 1-тармағы, 8 тармақшасы, деп көрсетілген. Кейін бұл бұйрық өзгеріп, 4-желтоқсанмен қайта шығыпты. Аудандық білім бөлімінің өзі де екі оттың ортасында қалып, шарасыз күй кешіп отырғанын айтқаны бар. Жалпы, Павлодар ауданында 5-6 мектепте басшы жоқ. Неге екені белгісіз, директорлар «өз еріктерімен» кетіп жатыр. «Өз еріктерімен» өтініш жазбағандарына, Колтай секілді қыспаққа алмағандарына кім кепіл. Григорьевка мектебінің директорын орнынан алып тастауына Жаңа қала ауылының жұрты қарсы, әрі наразылық танытып жатыр. 200 адам қол қойып облыс әкімі Болат Бақауовқа хат жазған. Облыс әкімдігінен нәтиже шықпаса Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне, одан қала берді Президент Әкімшілігіне шағым жолдаймыз дейді, ауыл тұрғындары.
    Тақырыпқа тұздық.
    Айтпақшы, өткенде 22-24 қазан аралығында ҚР Президент әкімшілігі, Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп Павлодар облысының жергілікті атқарушы органдарындағы ҚР тіл туралы заңнамасының сақталуына тексеріс жүргізген болатын. Тексеру нәтижесі бойынша, Павлодар ауданы әкімінің аппараты шығыс құжаттарын рәсімдеуде мемлекеттік тілді қолданбайтыны анықталған. Павлодар ауданы әкімінің аппаратында 19 хаттың қосымшалары тек орыс тілінде берілген. Павлодар ауданы әкімі аппаратының конкурстық құжаттамалары, аппараттық жиналыстарының хаттамалары, тәртіптік комиссияларының хаттамалары және аталған аудан аппаратының ұйымдастыру және ішкі саясат бөлімдерінің барлық құжаттары орыс тілінде жүргізіледі екен. Осылайша, тіл заңнамасындағы 8-баптың өз деңгейінде орындалмауын көрсетіп отыр, делінген тексерушілердің хаттамасында. Бұл аудан басшысы А. Бабенконың мемлекеттік тілге салқын қарайтындығының дәлелі. Орыс тілін білмейтін маманды қызметте қудалауға ұшырату аудан әкіміне жақсы атақ әпермейтін тірлік. Онсыз да қоғамда мұғалімнің беделі төмен дейміз. Ауылды жерде білімді маман жоқ дейміз. Барған кадрды айдағанға көніп, айтқанына жүрмегені үшін жұмыстан қысқарта берсек, ауыл білімінің сапасынан не нәтиже күтеміз.

    Оңғар Қабден, Кереку

    Пікір жазу

    Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

    *

    x

    Check Also

    Жын шығарамын деп, өлтіріп алды

    Орда бұзар отызына таяған азамат емшінің қолынан қаза тапты. Оның өліміне күдікті ретінде халық емшісі ...