• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Өнер » Жошы дәуiрiнiң дүбiрiн жеткiзген Қамбар күйшi немесе Арынғазы ханның белдiгi

    Жошы дәуiрiнiң дүбiрiн жеткiзген Қамбар күйшi немесе Арынғазы ханның белдiгi

    ХХ ғасыр басындағы қазақ мәдени өмiрiне   өз жолымен келiп қосылған кезде жазықсыз жаланың құрбаны болған, Ақтөбе топырағында қалыптас­қан күйшiлiк мектептiң iрi өкiлi – Қамбар Медетов. Биыл оның туғанына 110 жыл толды. Ақтөбе облысы қазiргi Мәртөк ауданының жерiнде Ерғожа төренiң шаңырағында дүниеге келген. Елiмiздiң батыс өңiрiндегi әншiлiк мектептiң бiр бұтағын Мұхит Мералыұлы қалыптастырса, заман өзгерiсiмен жинақтала түскен кәсiби күйшiлiк мектептiң бастауында Қамбар Медетов (1901 – 1937) тұр.Ол қазақтың тұңғыш ұлт-аспаптар оркестрi құрыл­ғанда Ахмет Жұбановпен бiрге жер-жерден талантты күйшiлер мен домбырашыларды топтастыра бiлген. Қазақ даласының батысында кең таралған күйлердi Затаевич жинақтағанда бар көмегiн аямаған.

    30-дан асқан шағында қызыл билiктiң құрбаны болған күйшiнiң белгiсiздеу бейнесi жайында Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музей қорын жинақтап, ұзақ жылдар басқарған өлкетанушы Зада Тiлегенқы­зы Мұқашевадан сұрап бiлдiк. Қамбар күйшi туралы ол былай дедi:

    – Қамбар күйшiнiң қазақ өнерiн­де қалдырған iрi қолтаңбасы – Жошы хан заманының дүбiрi “Ақсақ құлан” күйiнiң бiрнеше нұсқасын аса шеберлiкпен орындай бiлуiнде. Өкiнiшке қарай, Қамбар орындауындағы күйлер 30-жылдары жазылып алынса да, жоғалып кеттi.

    Саясатқа араласпаған, тек өнер жолын ұлықтаған күйшiнiң қуғынға түсуiнiң негiзгi себебi – Әбiлқайыр ханның тұқымы болғаны, ол – ханның жетiншi ұрпағы. Әйтпесе, Орынбордан заң оқуын бiтiргенiмен, осы салада жұмыс iстеуге аса пәлендей құлықты болмаған сияқты.

    Қара қазақты қан қақсатқан парақор сот жүйесiнен жерiдi ме, әлде отаршылдардың табанын жалаған өз туыстары – сұлтандардың iс-әрекеттерiнен жирендi ме, әлде аласапыран уақыттан безiндi ме, я болмаса табиғаты кiршiксiз шынайы өнердi қалап тұрды ма? Әйтеуiр оқу бiтiрген бойы осы Ақтөбенiң Ойыл мен Жайсаң ауылдарында сот жүйесiнде бiрер жыл ғана қызмет атқарған.

    Таңдауы – күй болғаны анық. Қазақ күйiнiң кәусар бұлағына баулыған ұстазы, өз әкесi Ерғожа Қаратайұлы. Қамбардың атасы Қаратай сұлтан орысқа шеп салдырмаймын деп соғысып өткен атақты “бунтарь» Қаратай сұлтан. Қамбар үшiн немере туысы Дәулеткерей Шығайұлының күй мұрасы да үлкен мектеп едi.

    Жалпы, Ақтөбе өңiрiнiң ХХ ғасырдағы күйшiлiк мектебiнде Қазан­ғап есiмi аталғанымен де, оның шын бейнесi танылған жоқ. Тек атақты күйшiнiң кедей табы өкiлi екендiгiн ғана құлаққа сiңiрдiк. Күйшiлiк бас­тауын қайдан алды, ортасы қандай, ұстазы, шәкiртi кiм, қандай оқиғалар шығармашылыққа әсер еттi деген бас­ты жайттар үнемi назардан тыс қалып келедi. Қазанғаптың шығармашылық бастауында ұстазы Үсен төре тұр. Үсен – қазақ мемлекетiнiң негiзiн салған атақты Жәнiбек ханның ұрпағы, Хиуаны билеген Қайып ханнан тарайды. Бұлар – бiр-бiрiмен байланысып жатқан тағдырлар. Шығармашылық тағдырлар. Үсен төренiң әкесi Мәмбетжан – патша өкiметi   өз саясатына өте қауiптi санап, ел iшiнен алдап алып кетiп, көзiн жойған Арынғазының iнiсi. Үсен төре болса, орысша бiлiм алған, өте сауат­ты адам, Орынбордағы ерлер гимназиясының түлегi, осы қалада сот саласында жұмыс iстеген. Ойылдағы атақты Көкжар жәрмеңкесiн салдырған. Қазанғап күйшiмен жақсы сыйласып өткен, 1925 жылы Шал­қарда қартайып өмiрден өттi. Үсен төре егде тартқан шағында тек күйдi серiк еткенге ұқсайды. Қазанғаптың ұстазы Үсен төре дегенге жауап осы.

    – Қамбар Медетовтiң 110 жылдығына ұрпақтары құнды жәдiгер әкелгенiнен құлағдармыз. Бұл қай заманның ескерткiшi?

    – Адамдарды байланыстырған, дәуiрлердi жалғастырған заттай де­рек­тердi тани алсаң, түсiне бiлсең, сол заманның кiтабындай сайрап бе­редi. Тұрмыс-тiршiлiгiн айтпағанда, сол дәуiр адамдарының мiнезiн, жан-дүниесiн, қарым-қатынасын да ашады.

    Қамбар Медетовтiң 110 жылдығына осы жылдың сәуiрiнде Бибiзада Қамбарқызы қызы Айжанмен бiрге келдi. Әкесiнiң кiндiк кескен жерi Мәртөк ауданына барып, жұртшылықпен жүздесiп, аруағына Құран бағыштады. Осы сапарында Бибiзада апай туған анасы Ихран аманаттаған сегiз дана өткiзбелi асыл тастармен көмкерiлген күмiс белдiктi Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейiне арнайы табыстады. Белдiк арғы атасы Мәмбетжан сұлтаннан қалған. Бәлкiм, Арынғазы дәуiрiнiкi болар. Бибiзада апай бұл арыдан, атадан балаға аманатталып келе жатқан қасиеттi дүние деп айтады.

    Арынғазы – 1815-1821 жылдардағы Кiшi жүздiң ханы, Хиуаны қосып алып қазақ жерiн күшейтудi жоспарлаған. Қазақ мемлекетiн құрған Жәнiбек ханның ұрпақтары – Батыр, Қайып сұлтандардан тарайды. 1821 жылы император I Александр Санкт-Петербургке алдап шақырып алып, Калугаға жер аударды. Сол жақтан оралмады, айдауда жүргенде қайтыс болды. Отаршылдыққа бас имей өткен, Сыр бойы қазақтарын күреске бастап, осы жолда Хиуа хандығымен одақ құру жоспарлаған Арынғазы ханнан қалған белдiк болуы әбден мүмкiн. Арын­ғазы хан ордасы Сыр бойында, Хиуаға барар жолдағы Қуаңдарияның бойында, ежелгi Жанкент қаласында орналасқан. ХIХ ғасырдың       I жартысында орыс тарихшылары патша ерекше қауiптенген Арынғазыны былай сипаттайды: “Арынғазы қырғыз сұлтандарының iшiндегi шын мәнiндегi патриот, жоғары деңгейдегi өте таза да, шыншыл адам”. Арын­ғазы әлi жүйелi зерттелмеген саяси қайраткер. Тарихшылар, саясаттанушылар Арынғазының қайраткерлiк бейнесiне көңiл бөлгендерi абзал.

    Белдiкке келейiк. Музей қорында бұрыннан сақталған XVIII-XIX ғасырлардағы он шақты белбеу түрлерi сақталған. Ал мына күмiс белдiк әлгiлердiң ешбiрiне ұқсамайды. Табиғи ақық тастарды молынан өткiзiп қолданған. Биiк талғаммен, аса ыждағаттылықпен жасалған, дәрежесi өте биiк адамның хас шеберге арнайы тапсырыспен жасат­қан дүниесi. Тозығы жетсе де, биiк салтанат пен тәкаппарлықтың сесi сезiледi. Күрделi өрнектелген. Салыстырдық. Қордағы белбеулерден табиғаты мүлдем басқа. Басқа елден шыққан, басқа қолдан туған дүние. Кем дегенде үш ғасырды артқа қалдыр­ған. Түпкi иесi Хиуа билеушiлерi – Қайып, Болат сұлтандар десек, Орталық Азияда, Бадахшан даласында өндiрiлген таспенен әшекейленген деп жорамалдауға болады. Белдiк түгел жеткен жоқ, әрине, матасы да үлбiреп тұр. Астары бағалы мауытыдан тiгiлген. Ғасырлар бойы бiрнеше ұрпақтар қолынан өткен, өткiзбе тас­тары   да тарқатылған.

    Осылайша күмiс белдiк облыстық мұражай қорының сирек кездесетiн құнды жәдiгерлерiнiң санау­лы коллекциясына кiрдi. Баға жетпес дүние. Еуропа музей­лерiндегiдей сараптама жасай алатындай мүмкiндiк болса ғой! Көп дүниенi сөйлете алар едiк. Әр ғасырдың жәдiгерiнiң тiлiн бiлетiн сарапшы мамандар қашан даярланар екен?

    Осының алдында ғана Мәскеуде өткен қазақ он күндiгiнде тамаша күйiмен жұрттың таңдайын қақтырған, өнерiмен ғана өрге жүзбек болған талантты жан кiмнiң жолын кестi? Бақай есеп, күншiлдiктiң қызыл қызғанышына iлiккенi ақиқат. Қамбарды кiм ұстатты? Қазақстанға шақыртқан – сол кездегi оқу комиссары (бүгiнгi тiлмен айтсақ, Бiлiм және ғылым министрi) Темiрбек Жүргенов. Әйтпегенде, Қамбар Ташкент жағын паналап, қызылдардың саясатынан бойын аулақ ұстап жүрген болатын. Қамбар неге жазықты болды? Бәлкiм, ор қазушылар күй құдiретiнiң буымен Сталиннiң алдында “Ақсақ құланды” қайта-қайта ойнағанын естерiне түсiрген шығар.

    Ұсталып кеткенде, әйелi Ихран екi қызы – Райхан мен Бибiзадасы­мен қорғансыз қалды. Жұмыс жоқ. Ихран әжемiз басына қандай қиын-қыстау күндер өтсе де, тағдырға илiкпей екi баласын аман жеткiздi. Шет қақпай көрсе де, сол қоғамның адамдары өгейлiк танытса да, мойымаған. Үсен төренiң немересi Ихран осылайша күйеуiнiң ошағын сөндiр­мей, қос қызын қатардан кем етпедi.

    Қазiр жасы 80-нен асқан Райхан Шу қаласында тұрады. Әкесiнiң туған жерi Мәртөкке қайта-қайта келiп жүрген Бибiзада апай – академик Рахманқұл Бердiбайдың өмiрлiк серiгi. Күйеуi айдауда, өзi қиындық көре жүрiп осы белдiктi қалайша көзге түсiрмей, сақтаған деп   Ихран анамыздың жанкештiлiк ерлiгiне таң­ғаласың.

    Бибiзада – Мәмбет сұлтанның шөбересi. Мәмбет сұлтан Арынғазы билiк құрған кезеңде Ақтөбе манындағы Қаратоғай жерiнде болыстық қызметiн бастаған. 1820 жылы хиуалықтар Арынғазының ауылын шауып оның 50 шақты жақын-жуықтарың қамауға алғанда, арасында Мәмбет төре де кеткен. Себебi, ол жөнiндегi дерек осы жерден үзiледi. Ал Қобдадағы Мәмбет правитель Әбiлқайыр ханның ұлы Айшуақ ханнан тараған Баймағамбет сұлтанның баласы. Исатай мен Махамбеттiң түбiне жеткен Баймағамбет. Мәмбет төре Қобда ауданы аумағындағы Қоскөл ауылында уездiк басқарма бастығы. Мектеп ашып, тұрғындарды егiншiлiк кәсiпке баулыған төре. Жұрт қызметiне сүйсiнгендiктен атақты “Мәмбет правитель” атанған. Сондықтан күнi кешеге дейiн халық арасында Қоскөл “Мәмбеттiң көк үйi”, “төре ауылы” деп аталып келдi.

    Мұның бәрi тарих болғанымен, жәдiгерлердiң шығу тегi, жер атаулары, адамдар естелiктерi жан-жақтан жинақтала келе, тұтас дүниенi түзедi. Музей қорына жинақталатын дүние­лердiң заттық мәнiне ерекше назар аударамыз.

    Менiң айтпағым, кәсiби күйшiлiк өнердiң бiр қанатын қалыптастырған шоғыр –   Қамбар, Үсен төре, Ерғожа, т.б. таланттардың өнерi жүйелi түрде, бiр-бiрiмен байланыста зерттелгенi дұрыс болар. Музыка зерттеушiсi емеспiн, музей қызметкерi болғандықтан, артықтау айтып отырсам, кешiрерсiздер. Бiрақ Ақтөбе топырағында үзiлiп-жұлынған күйшi­лiк өнер тарихын әлгi есiмдерi саясат сойқаны ұмыттырған тұлғаларсыз қалыптастыру мүмкiн емес. Қазанғап бейнесi сонда ғана биiктей түседi. Қазанғап Әбiлқайырдың тұқымы болғаны үшiн қуғындалып жоқ болған таланттардың өнерiн өлтiрмедi. Және мұны тiс жарып айтпаған да. Қазанғап сол үшiн де биiктей түседi.

    – Есет батыр өлтiрген сұлтан-правитель Арыстан Жантөриннiң құлпытасын таптыңыздар. ХIХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басында елдiң сауатын ашып, әл-ауқатын түзеуге атсалысқан төрелердiң құлпытастары түгел қиратылған да, орыстарға қазақтарды айдап салғаны үшiн Есет Көтiбарұлы батыр өлтiрген Арыстан Жантөриннiң ескерткiшi ғана тұр. Қызық жағдай…

    – 2009 жылы Қобда ауданының Жиренқопа елдiмекенiн аралағанда,   жол бойындағы ескi қорымнан төре белгiсi басылған сапалы құйылған құлпытастарды фотосуретке түсiрiп алғанбыз. Соның iшiнде Жантөрин Арыстан сұлтан мен әйелi Мархумат Тоқмырзақызының құлпытасы анық оқылды. Бұл да дерек. Осы топырақтың қаралы өткенiнiң белгiсi. Лин­гвист-ғалым, Ахмет Байтұрсынов шәкiрттерiнiң бiрi Телжан Шонанұлы былай деп жазады: “Көтiбардың Есетiнiң Арыстанды өлтiрген себебi де – осы қоныс таласы, Жем мен Елек арасындағы жер үшiн болатын. Қазақтың аға сұлтан мен сұлтан-правительге жарыған күнi жоқ”. Бұл да – дерек. Қитұрқы саясаттың салдарынан бiр-бiрiмен өштескен ағайын­ның өткенi. Ауыр да болса, ащы ақиқат.

    Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайында жинақталған заттай жәдiгерлерiмiз – әр дәуiрдiң үнi. Тәуелсiздiк алған жылдардан бастап Ақтөбе облыстық мұражайы алғашқылардың бiрi болып тәуелсiздiк тарихына сәйкес жаңа экспозициялық құрылым жасады, тарихи тұлғаларымызды iздеп анықтау үшiн көп еңбек жасалды. Бұл iстердiң басы-қасында Қазақстанға еңбегi сiңген мәдениет қайраткерi Рысжан Iлиясова өзi бас боп жүрдi, ол кiсiнiң көп еңбек сiңiргенiн атап өткенiмiз жөн. Шама келгенше құнды жәдiгерлердi қорға алып қалуға тырыстық. Дер кезiнде қимылдағанымыздың арқасында Есет Көкiұлы батыр сауыты, XIХ ғасырдың iрi мемлекет қайраткерi, жоғарыда айтып өткен Арынғазы ханның сауыты, Құран сөздерi жазыл­ған бағалы ыдыстар, Қарақамыс жәрмеңкесiнде саудаланған шығыс үлгiсiндегi әртүрлi ыдыстар, жер­гiлiктi зергерлердiң қайталанбас әшекей бұйымдары, Айшуақ хан ұрпақтары тапсырған күмiс жүзiк, Қаратай сұлтанның ұстанған дүниелерi табылды. Мұның бәрi – таптырмас құнды жәдiгерлер. Өткен дәуiрдiң үнi.

    – Әңгiмеңiзге рақмет!


    sarsenbina@hotbox.ru
    Жазып алған –
    Баян Сәрсембина, «Жас Алаш».

    (25-Желтоқсан, 2011)

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Әнші Әміре – балаша өкпелегіш болған

    Әкем ғалым Әсілхан Оспанұлы айлық алған сайын кітап дүкеніне барып жаңа басылымдар сатып алатын. Бір ...