• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Өнер » ШӘМШІ ТУРАЛЫ СЫР

    ШӘМШІ ТУРАЛЫ СЫР

    15 тамыз қазақтың сүйікті Шәмшісінің туған күні.

    Шәмші Қалдаяқұлын Қазақстанда білмейтін жан жоқ. Оның «Менің Қазақстаным» әні көптеген жылдар бойы қазақ халқының ресми емес әнұраны болып келді. 1986 жылдың қысында қазақ жастары Алматы алаңына да осы әнмен шықты. Бұл әнді қазір аулада ойнап жүрген балалардың да, сап түзеп кетіп бара жатқан сарбаздардың айтқандарын да көруге болады. Сазгердің «Ана туралы жырын» Моңғолиядағы қазақ мектептерінің оқушылары күніге сабақ басталарда айтатын болған. Бұл ән өзбек, татар және орыс тілдеріне аударылып шырқалды да. Ұлы сазгер қазақ өнер қайраткерлері делегациясы қатарында Татарстанға барғанда әуежайда «Қош келдіңіз қазақ халқының ұлы композиторы!» деген үлкен жазу жазылған плакатпен қарсы алған.

     

    ***

    Кеш бата жертөлеге бір көлеңке кіргендей болды. Кірді де сол  бойда үлкен сәкінің астына зып берді. Іле-шала әлгі көлеңкенің ізін қуа әскери киім киген түсі суық екі кісі көрінді. Біреуі қазақ, екіншісі орыс. Аман-саулық сұрасқан соң үй иесі қонақтарды дастархан басына шақырды. Жайылған дастархан басқалардыкіндей емес, дәм баршылық еді. Қожайын аймаққа белгілі ұста болатын. Оның қызметі үшін адамдар азық-түлікпен, біреу бидай берсе, екіншілері жүгерімен дегендей есеп айырысатын. Қазақ әдеті-ғұрпы бойынша дастарханнан дәм татқан қонақтар біраз үнсіздіктен соң келген шаруаларына ойысты.

    • Ақсақал, – деп бастады түрі орыс әскери, шамасы шені үлкен болса

    керек. – Балаңыз Ащысайдағы ФЗО-да оқып жүрген жерінен қашып кетті. Біз ұлыңызды алып кетуге келдік. Әрине, егер ол осында болса. Ескертіп қояйын, жасырып қаламын деп ойламаңыз, бұл ешкімге де абырой әпермейтіні анық.

    Осы мезетте әскери қазақ басшысының сөзін аудармақ бола беріп еді, ұста тоқтай тұр дегендей қолымен ишара жасап, таза орыс тілінде: – Айта бер, мен бәрін түсініп отырмын, – деді.

    Әскери адам әңгімесін айтып болған соң жертөледе ыңғайсыз бір тыныштық орнады. Үнсіздікті ұстаның өзі бұзды: Жасырып не қылайын, бала үйде. Ол менің жалғызым. Қайтейін, қалғандары бұл дүниеге сыймады. Өздеріңіз білесіздер, балам әлі жас, бұғанасы қатқан жоқ. Қазір жағдайдың қиын екенін, соғыстың жүріп жатқанын да түсінемін. Бірақ сіздер де мені түсініңіздер. Әйелім болса көріп отырсыздар, ауру. Ұлымызсыз қайтіп күн кешпекпіз…

    Бір-бір қаракөл терісін сыйға алып, бір бөтелке арақты ішіп тауысқан соң қонақтар қайтатын болды. Кетерінде: – Мақұл, ақсақал, бізде адам баласымыз, түсінеміз. Бірақ тыныштық керек, балаңызды басқа жаққа жібере тұрсаңыз дұрыс болар еді. – деді.

    Сол күні ауылдағы жеңгелері аяғындағы қалына байланысты Қалдаяқ атап кеткен ұста Әнәпия, баласын Сарыағаш жақтағы туыстарына жіберді. Ол кезде бұл баланың өсе келе елге кеңінен тарайтын әндер шығаратынын ешкім білген жоқ еді. Ешкім оның өмірінің қалай аяқталатынынан да бейхабар болатын.

    Көптеген танымал әндердің авторы, Шәмші Қалдаяқұлының өмірі өте күрделі болды. Ол шығарған әндердің қазақ еліндегі танымалдылығы, «Битлз» тобының әндерінің әлемге танымалдылығындай еді. Шәмшінің әндері радиодан берілісімен-ақ бүкіл елге лезде тарап кете беретін. Себебі сазгердің әр әнінің ерекше әуені мен өзі таңдаған ақындар жазған сөздері үйлесімін тауып жататын.

    Ол нағыз қарапайым жан болатын. Онымен жақын барып сөйлесу ешкімге де қиындық келтірмейтін. Бірде көшеде бір бейтаныс жігіт сазгерді тоқтатып былай дейді: Менің аты-жөнім Қалқожа Жолдықожаұлы. Сіз неге керемет өзеніміз Арыс туралы, біздің жақтағы сұлу қыздар туралы ән шығармайсыз? – деп сұрақ қояды.

    Осылайша өлеңін танымал ақын Мұхтар Шахан жазған белгілі «Арыс жағасында» әні дүниеге келді. Бірақ көркемдік комиссия мүшелері әнді қабылдамады. Комиссияны жеңіп болмайтынын түсінген композитор Ескендір Хасанғали пен әнші Нұрғали Нүсіпжан, дыбыс жазу студиясында жарты сағаттың ішінде әнді екі дауыспен орындап жаздырады да ән радиодан беріледі. Ән бірден көпшілікке ұнайды.

    Шәмшінің туындыларына кедергілер көп болды. «Менің Қазақстаным» әні шыққанда әннің сөзін шығарған Жұмекен Нәжімеден екеуі «Мәдениет және тұрмыс» журналына апарады. «Біз бұндай әнді жариялай алмаймыз, дейді бір жауапты қызметкер. Коммунистік партия туралы бір сөз жоқ бұл қандай ән өзі. Партия біздің жолбасшымыз, осы туралы шырқау керек!» Күйіп-пісіп жүріп Жұмекен ақын тағы бір шумақ шығарды:

    Жеті жыл жоспары,

    Жеті қыр асқаны.

    Думанды бастады,

    Қазақтың жастары.

    Қазір бұған кейбіреулер күле қарар. Ал бәрі саясаттандырылған ол кезде бұл жағдайға күлгендер болса езуін жия алмай қалар еді.

    Ол өте сезімтал жан болатын. Иә, ол ішетін. Оның көп ішетіні туралы да алып-қашпа әңгіме, өсек-аяң көп болатын…

    Оның әндерін бүкіл Қазақстан сүйіп айтатын. Оны халық жақсы көрді, бірақ билік мойындамады. Респуликадағы ең танымал композиторды ең жақсы түсінуі тиіс-ау деген композиторлар Шәмшіні Композиторлар одағына қабылдамады. Жау жағадан алғанда бөрі етектен дегендей «Менің өлеңдерім болмаса Шәмшінің әндерінің не болғанын көрер едім», деп бөсетіндер де табылып жатты.

    Оны қазақ вальсінің королі деп атап жатты. Бірақ Шәмшінің вальс королі болғысы келмегенін ешкім де білмейді. Бірде сазгер бір жақын адамына: Мен басқа да музыкалық шығармалар жазар едім, әттең вальс мода болып тұр ғой, деп айтқан.

    Мен сазгердің қарындасы Раушан апайдың үйінде болғанымда:

    – Шәмші ағаның цыган қызына ғашық болғаны рас па? – деп сұрадым. Шынында да бірде Шәмші екі айдай жоқ болып кетеді. Кейін

    қарындасы Раушанға цыган тобырында болғанын былай деп айтыпты:

    • Мен онда барған себебім бүкіл әлемде бытырап көшіп жүрген

    сығандардың қандай адамдар екенін білгім келді. Менің түсінгенім олардың музыкасы сан қырлы, әуезді әрі өте күрделі екен, соны білдім. Жоқ, мен сыған қызына ғашық болған жоқпын. Бір қыз бар еді – Изольда, менімен бірге жүрмекші болды, қаласам маған тұрмысқа да шығуға келісер еді. Бірақ, мен оған мұндайды, қазақтар да цығандар да түсінбейді, деп райынан қайтардым.

    Біраз уақыттан соң бүгіндері көп орындалып жүрген «Цыған серенадасы» дүниеге келеді. Сазгердің цыгандардың арасында болғанын осы әннің өлеңін жазған атақты ақын Қадыр мырза Әли де өзінің «Иірім» атты естелік кітабында растайды.

    Атақты «Тамды аруы» әнінің шығуы да қызық. Сазгер бұл әнінің де сөзін досы Қадыр Мырза Әлиге жаздыртқан.

    • Бұрын-соңды Бұхара облысының Тамды ауданында да болғаның бар

    ма? – деп сұрайды ол бірде ақыннан.

    • Жоқ, болғаным жоқ!
    • Елі жомарт, ақ көңіл. Аузын ашса – көмейі көрінеді. Мені сұмдық

    жақсы қарсы алды. Кетерде қоштасу кеші болды. Сонда мен елдің алдында «Тамды аруы» атты ән шығарамын деп уәде бердім. Арт жақта отырған бір бозбала орнынан тұрып: «Аға, егер де сондай ән шығара қалсаңыз, өлеңін Қадыр Мырза Әлиге жаздырыңызшы!» дегені бар емес пе. «Жақсы, айналайын! Жаздырайын! Ол өзімнің бауырым ғой!» деп едім, ел ду қол шапалақтады. Енді соны жазуың керек. Қадыр Мырза Әли бұл жолы да досының көңілін қимай көрмеген, білмеген жері туралы болса да өлең жазып берген.

    Өлең тани білетін сазгер мәтінді оқығаннан кейін ақын досына: –Жақсы! Көрерсің әлі, бұл айтылатын ән болады! – деген екен. Бұнысы расқа айналды. «Тамды аруы» әлі күнге дейін шырқалып келеді.

    Ел арасында Шәмшіні құрметтеушілер аз болған жоқ. Олардың басым көпшілігі қарапайым еңбек адамдары болатын. Бірде ақын Еркеш Ибраһим Шәмшіні қонаққа шақырады. Сазгер ақынның үйінде он шақты күн жатады. Еркеш Шәмшінің әндеріне өлең шығарады. Бос уақытында ауылдарды аралатып кездесулер ұйымдастырады. Бірақ атақты Шәмші келіпті деп жергілікті басшылар селт ете қоймайды. Тек соңғы кездесудің соңында бір азамат шығып: – Өнерің үстей берсін бауырым! Бұл аймақ өнер сыйлайтын өнегелі аймақ еді. Ақанды туған, Біржанды туған ел ондай болмағанда, қандай болу керек? Әйтсе де бүгінде бәрі өзгерді. Азып барамыз… Сен әр түнеген жеріңде тұлпар мініп, жатқан жеріңде шапан киюің керек еді. Байқаймын, олай болмаған сияқты. Мен өзім еңбекақыммен күн көріп отырған жұпыны шаруамын. Бір сиыр, бір атым бар. Сол жалғыз атымды сыйға тартамын. Жая келіп, жаяу кеткенің жараспас, мін соны! Мен бір жылқы бергеннен кедейленіп, сен бір ат мінгеннен байып кетпессің. Бірақ ата салты ғой, бас тарта көрме! – депті. Бұл Шәмшінің өзі айтқан әңгіме.

    Шәмші көзі тірісінде аты аңызға айналған адам. Аты шыққаны соншалық оның кеңінен жайылған атын басқа біреулер пайдаланатын болған. Сазгермен жақсы таныс болған менің әкем ғалым Әсілхан Оспанұлы бірде поезға билетсіз мінбек болған біреудің өзін: – Мен атақты Шәмшімін, неге мені тегін мінгізбейсіңдер, – деп вагонның жолсеріктерімен салғыласып тұрғанын  өз көзімен көргенін айтып еді. Шәмшінің атын жамылған кейбіреулердің сазгердің дарынына табынушыларды алдап ресторандарда тегін тамаққа тойып, арақ-шарапты мас болғанша ішіп алып,  шалқып жүруі аз болған жоқ.

    Ұлы сазгермен жақын қарым-қатынаста болған Оразбек Бодық өзі куә болған мынадай бір оқиға туралы «Шәмші Қалдаяқ: хикаяттар» кітабында әңгімелейді. Бірде 1990 жылының шілде айында Шымкент қаласындағы «Интурист» қонақүйіндегі Шәмші отырған бөлменің есігі қағылады. Бұл қонақүй директоры Қыдырбай Қазақбайұлы еді: Құрметті Шәке, менімен кезекші бөлмесіне жүріңізші. Сонда біреу өзін Шәмші Қалдаяқовпын, сондықтан маған люкс бөлмесін бересіңдер, деп шу шығарып жатыр. Соған өзіңіз бармасаңыз болатын емес, дейді.

    Барса шынында солай екен. Қыдырбайдың: – Мына кісі – Шәмші, танысып қой, – деген сөзіне ол тіпті айылын да жиған жоқ. Айбыну орнына, қайта, алая қарады. Шәмшінің үстіндегі жол киімдеріне, тіпті, көз тоқтатқан жоқ.

    ­– «Па, шіркін, біздің Шәмші!» – деп сыртыңнан арман ғып жүрген Шәмші шын сенсің бе? – деді ол бізді милицияға сүйрей жөнелетіндей ежірейе төніп.

    • Барым осы. Маған не дейсің? – деді Шәмші мені қалқалап, сәл

    шегініп.

    • Шәмшің мынау ма? – деді ол Шәмшіге мұрнын шүйіре қарап.
    • Сен Шәмші емессің! Егер анық Шәмші болсаң, бұл не жүрісің? Не

    түсіңде, не үстіңде жоқ? Мына сиқыңмен «Шәмшімін» деуге ұялсайшы.

    • Сонда, немене, осылай жүрмей, Шәмші екенмін деп жұрттың төбесін

    қоя ма? – деді Қыдырбай.

    • Қоймасын! Өзін сыйлата білсін. Шәмшінің атын естігенде ішкен асын

    жерге қоймайтын еш қазақ жоқ. Олар мұны құдайдай көреді. Бұл сұраса астындағы жалғыз атын да береді. Ал, мұның жүрісі мынау! Адамның намысын келтіріп! – деп анау бастырмалатып кетті.

    • Әй! Әй! –деп мен де ашу шақыра бастап, Шәмші: «қой, тиіспе» дегенді

    білдіріп мені түртіп қалды.

    Ал, анау онан сайын екіленеді.

    • Әндері түгілі аттары да есте қалмайтын әйтеуір біреулер ат-атақ алып

    жатқанда, қазір он жыл болды, мұның дыбысы да шықпай кетті. Адам екен деп мұны іздеп жатқан бір пендені көрсем – көзім шықсын. Ертең өліп кетсе, өлігі қайда қалатынын шайтаным білсін! «Мен Шәмшімін!» – деп мұның атын, қайта мен шығарып жүрмін. Ал, сендер тиісесіңдер маған!

    Біреуді көрер көзге бұлайша басынғанды бұрын-соңды көрмеген Қыдырбай не айтарын, не істерін білмей селтиіп тұрып қалды. Ал, мен… Ал, мені Шәмші тағы түртіп қалды. Мен тағы тоқталдым. Біздің тежеуілімізді ана жігіт басқаша түсінген болу керек.

    Сені биыл алпысқа келді деп естідім. Құтты болсын, – деді ол Шәмшіге бұрылып. – Бірақ, сен Шәмші екенің рас болса, осы қалтылдаған қалпыңмен жүре бер. Сен көрмеген құрметті біз көреміз, сен ішпеген арақты біз ішеміз. Әйтеуір сені жоқтатпаймыз. Сондықтан аулақ жүр! Сөйтті де жөнеле берді. Бұл Шәмшінің алпыс жылдық мерейтойының алды болатын. Ол той өте ме, өтпей ме, өтсе қалай өтетіні белгісіз боп, Шәмшінің күдікті жүрген шағы еді. Сондықтан да ашулану орнына қуанды.

    • Менің мерекемді басқалар өткізбесе, мындайлар өткізеді екен. Соған

    көзім жетті. Оған да шүкіршілік, – деді ол. Бұндай келеңсіздіктер сазгер өмірінде көптеп саналады.

    Шығармашылық адамды көбінесе жұбайларының түсінбеуі бесенеден бегілі ғой. Ұлы Шәмшіні әйелі түсінбеді. Өзі сотқа беріп ажырасты. Көп уақыт өткеннен соң қайтадан қосылайық деді. Шәмші көнбеді. Бірақ Шәмші өз балаларынан жерінген жоқ. Қолынан келгенше көмектесіп тұрды.

    Енді бірде қолын бәріне бір сілтеп жаңа өмір бастамақшы да болды. Жамбыл қаласының маңындағы тұрғындарының басым көпшілігі дұңғандар тұратын бір колхозда шығармашылық кездесу барысында өзіне бізге келіп тұрамыз десеңіз құшағымыз ашық деген сөзді есіне түсті. Ондағылар Шәмшіні құшақ жая қарсы алды. Дегенмен үй салуға қаржысы жетпеген сазгер құрылысты тоқтатып гаражын үй қылып тұра береді. Өзі тамақ дайындап, өзі кір жуып дегендей…

    Иә, Шәмшінің өмірі оңай болған жоқ. Әндерінің кең тарауы өз жемісін әкеліп «Қазақ ССР-ы өнеріне еңбек сіңірген қайраткер» деген атақ аламын ба деп үміттенді. Себебі бұл атақ ел таныған, бірақ билік танымаған сазгерге өмірлік зейнетақысын қамтамасыз етер еді. Бірақ 1989 жылдың жазында қазақ халқының ең сүйікті композиторына «Қазақ ССР еңбегі сіңген мәдениет қызметкері» деген атақ берілді. Әрине, екі атақтың арасы жер мен көктей  еді. Бұл хабарды вальс падишасы Шымкент қаласынына жақын Ленинск (қазір Қазығұрт) ауылында қазақ халық әндерін жинаушы жасы кіші досы Райымқұл Темірбектің үйінде отырып газеттен оқып біледі. Сосын… тамаша әндерімен елін 35 жыл сусандырып келген сазгердің көздерінен парлап жас ақты. Шәмші жылады. Ұлы Шәмші көз жасынан ұялмай ұзақ жылады.

    Көңілі құлазыған бір шақта ұлы сазгер қолына қаламын алып былай деп жазды:

    Мені Шәмші деп сыйлайтын қымбатты бауырларыма!

    Мен осы алпыс жыл өмірімнің ішінде қазақтың небір ұлы азаматтарымен сырлас, достас, дастарқандас болдым. Небір өкінішті, өткір күндерім де соларға аян.

    Былтыр алпысқа толғаныммен не Композиторлар одағына мүше емес, не зейнетақы, ат-атағым жоқ, өзім науқас, айдалада қалған шағымда солардың ешқайсысы мені іздеген жоқ. Мен туралы бір ауыз сөз, жылы лебіз білдірмеді. Мұқағали секілді мен де бұл дүниеден таршылық, жоқшылықпен өтіп барамын.

    Шәмші.

    Қараша айының 7-жұлдызы, 1991 жыл.

    Ол 1991 жылдың 16 қарашасында ауырып ауруханаға түсіп 1992 жылдың 22 ақпанында шықты. Турасын айтқанда оны алып шықты.

    1991 жылдың 29 желтоқсанында ұлы сазгерге «Қазақстанның халық артисі» атағы берілді. Осы атақпен ол алпыс күн ғұмыр кешті.

    Бердалы ОСПАН.

    “АДЫРНА”  ұлттық порталы

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    «Күлтегін» мультфильмін көруге асығыңыздар!

    Толықметражды анимациялық «Күлтегін» мультфильміндегі негізгі кейіпкерлерді еліміздің театр және кино актерлері дыбыстаған. Олардың қатарында: Қазақстанның ...