• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Өнер » Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған әндер

    Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған әндер

    Бір танысым ұлтымыздың небір күшті, тамаша әндері бар екенін өзінің бала кезінде, 1986 жылдың желтоқсанында, Алматы қаласының көшелерімен орталық алаңға бара жатқан қазақ жастарының халық әндерін шырқағанын көргенде  түсінгенін айтып еді.

             «Біздің туымыз – ұлттар достығы» деген КСРО өкіметі шындығында елді басқаша басқарды. Мінбелерден дұрыс ұрандар айтылғанымен, іс жүзінде басқаша болды. Әсіресе өткен ғасырлың 30-шы жылдары орын алған қуғын-сүргін сұмдықтарының жарасы ешқашан жазылмайды. Ұлт асылдарын атқан басшылық, халқымыздың рухани байлығын да қуғындаған. Бұл жөнінде сыр шертер небір құжаттар бар. Соның бірі Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық қуғын-сүргін құрбандары мұражайының қорында сақтаулы. Бұл қазақ әндері жазылған күйтабақтар (грампластинкалар) жедел түрде қоймадан алынып тасталсын, турасын айтқанда жойылсын деген тізім.

    Бұндай құжаттардың аз болмағаны анық. Және осындай әр қағаздың аясында адам тағдыры, халықтар тағдыры тұрғаны да шындық. Мемлекеттік ресми қағазда қазақ тіліндегі грампластинкалар деген тізімге ұйғыр әндерінің де қосылып жазылғанына қарағанда сол кезгі билік басындағылардың қазақ пен ұйғырдың екі бөлек ұлт екеніне жеткілікті мән бермегені көрініп тұр.

    Құрметті замандас сізге түсінікті болу үшін, орыс тілінде жазылған мәтінді қазақшаға аудардым. Енді соны өзіңіз оқып көріңіз:

    МОСКВА

    «ГРАМПЛАСТРЕСТ»

    ГРАММОФОНДЫ-ПЛАСТИНКАЛЫҚ ӨНЕРКӘСІБІНЕ

    ТІЗІМ

    Жедел түрде алынылып тасталуы тиіс қазақ тіліндегі грампластинкалар.

    1. «Қанат-талды» арт. Жүсіпбек Елебеков. Мәтіні халық жауы О.Бековтікі.
    2. «Әмір-Хан» арт. Құрманғалиев. Мәтіні халық жауы О.Бековтікі.
    3. «Гүльяр» /ұйғыр тілінде/ Әбдімәжит Рузаев Қытайға қашып кеткен
    4. «Шаму-Сахар» /ұйғыр тілінде/ бұл да солай бұл да солай

     

    Мәдени ағарту бөлімінің меңгерушісінің орынбасары                         /ГОРЛОВ/

    ЦК КП /б/ К

    Құжатта біраз құпия бар. Неге екені белгісіз, әнші Құрманғалиевтің есімі жазылмапты. Меніңше бұл Қазақ КСР халық артисі Ғарифолла Құрманғалиев болуы керек. Ол халық әндері «Айнамкөз», «Ақ кербез», «Ісмет», «Бозжорға», «Он алты қыз» және басқа да әндерді нақышына келтіре орындаған әнші. Оның өзі шығарған «Ақжайық», «Сүйген жар», «Нұржамал», «Жан еркем» әндері бүгінде де орындалуда. 2016 жылы қараша айының алғашқы күні, Астана қаласында әншінің немересі, музыкатанушы Меруертпен жолығып, сөйлескен соң бұл тізімдегі аты аталған Құрманғалиев қазақтың атақты әншісі Ғарифолла Құмарғалиев екеніне көзім жетті.

    Ал Беков О. және Әбдумажит Рузаевтың кімдер екені болашақта біліп қалармын деген үміттемін.

    Құжатта аты-жөні бірінші келтірілген қазақтың белгілі әншісі Жүсіпбек Елебековтің 1936, 1949, 1958 жылдары Мәскеу қаласында өткен қазақ мәдениеті мен әдебиеті декадаларына қатысқаны белгілі. 1942 жылы әншіге Қазақ КСР-нің халық артисі деген атақ берілді. 1968 жылы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Ленин ордені мен медальдердімен марапатталған. 1997 жылы жарық көрген «Қазақ совет энциклопедиясының»  4-томының 122-бетінде Жүсіпбек Елебековтің орындаған «Ардақ», «Ағаш аяқ», «Айтбай», «Жамбас сипар», «Жиырма бес», «Құлагер» «Сегіз аяқ», «Сұржекей» әндерінің қатарында құжатта көрсетілген «Қанатталды» әні де бар.

    1988 жылы «Өнер» баспасы әншінің жұбайы Хабиба Қарақбайқызы жазған «Үні кетпес құлақтан» атты кітабын жарыққа шығарды. Хабиба апай кітабының соңғы бетінде: «Жүсекең шындықты жақсы көретін» деп жазды. Иә, ол шындықты жақсы көретін… бірақ КСРО-дағы саяси жағдай оған шындықты айтуға рұқсат еткен жоқ. Сондықтан ол бүкіл жанын әнге берді.

    Жүсіпбек аға ауруханада жатып та кейбірде радионың дыбысын бәсеңдетпек болған жұбайына: – Тиіспе, – деп, қайта шығартып, қашан әлі кетіп, демі біткенше радиодан берілген қазақ әндерін тыңдап жатқан. Осылайша жептіс үш жасында, 1977 жылдың тамыз айында көз жұмған ақиық әнші өзімен бірге көп құпияны ала кетті…

    Кім білсін, Жүсіпбек ағаның қазақ әндерін ешкім жоя алмайтындай етіп орындау құпиясының себебі де осында болар…

    Суретте: Жүсіпбек Елебеков. 1931 жыл.


                                                                                Бердалы ОСПАН,

    Адырна ұлттық порталы

     

     

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    «Күлтегін» мультфильмін көруге асығыңыздар!

    Толықметражды анимациялық «Күлтегін» мультфильміндегі негізгі кейіпкерлерді еліміздің театр және кино актерлері дыбыстаған. Олардың қатарында: Қазақстанның ...