• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Өнер » Әнші Әміре – балаша өкпелегіш болған

    Әнші Әміре – балаша өкпелегіш болған

    Әкем ғалым Әсілхан Оспанұлы айлық алған сайын кітап дүкеніне барып жаңа басылымдар сатып алатын. Бір күні сырты қоңыр түсті, бетіне Әміре Қашаубайұлының суреті басылған күйтабақ әкелді. Жастайымыздан әншінің дауысын естімесек те Парижге барып ән салған, деген сөз бәрімізге сиқырлы күштей әсер ететін. Әкем бәрімізді жинап Әміренің дауысын тыңдатты.

    Кітап пен газет-журналдар көптеп алынатын жанұяда біз көп біліп өстік. Сондықтан әсіресе қазақ мәдениетіне байланысты мәлімет естісем бей-жай қалмайтынмын.

    Әміре Қашаубайұлы Парижде өнер көрсеткен түрлі халық өкілдерінің арасында екінші орынға ие болғаны белгілі. Бірақ осы бір тарихи оқиғаның қалай болғанын көпшілік біле бермейді. Әміренің Парижде қалай ән шырқағаны жөнінде, бірге барған өнерпаздардың бірі, Өзбекстанның атағы жер жарған бишісі Тамара ханум «Мәдениет және тұрмыс» журналында былай баяндаған:

    «Бәрі есімде, бәрі көз алдымда. 1925 жыл. Маусым айы. Залда құжынаған халық. Концерт жүріп жатыр. Кезек Әміреге келді. Әміре сахнаға дәл өз ауылында жүргендей жайраңдап шыға келді. Шыға келді де қолтығында елеусіз қыса салған домбырасын оң қолына алды. Күні бұрын қойылған орындықты өзінше қайта оңдап қойып, артқы тағанын басты да, жайлап отырды. Қимылы ширақ, сыпайы. Артық әрекет жоқ. Салған жерден «Ағашаяқтың» жоғарғы нотасын асқақтата шырқап жіберді. Оның микрофонсыз-ақ тым биік шыққан дауысын алдыңғы қатарда отырған көрермендер ғана емес, залдың түкпірінде жайғасқан тыңдаушылар да екі құлағын басып, ауыздары аңқиып қалыпты”.

    Әміренің француз еліне тек қазақ әндерін ғана емес туған елінің табананы, ірімшігі мен құртын апарғанын да айтқан Тамара ханумның «Оның микрофонсыз-ақ тым биік шыққан дауысын алдыңғы қатарда отырған көрермендер ғана емес, залдың түкпірінде жайғасқан тыңдаушылар да екі құлағын басып, ауыздары аңқиып қалыпты» дегеніне біреу сенер ал біреулер әсірелеп айтқан болар деуі мүмкін.

    Музыка зерттеушісі Ахмет Жұбанұлы қазақ әншілерінің дауыстарының бірнеше шақырымға жеткендігін жазғаны белгілі. Басқа тарихшылар жазып кеткендей, қазақтардың көзінің алыстағыны жақсы көруі дала төсінің кеңдігіне қандай байланысты болса, Әміренің дауысының да осылайша жер жаруының құпиясы да қазақ даласында туғандығынан. Бұл тұжырымның дұрыс екенін қазақ сахнасының майталманы Қанабек Байсейітұлы   да растайды. Ол өз естелігінде Әміре туралы айта келіп қазақтың әндері мен күйлерін жинаушы ғалым Александр Затаевичтің әнші туралы: «Оның ауылда бомай, қалаға келіп тұрақтануы даусының зорлығын бәсеңдетуі мүмкін», – деп қауіп те айтқан болатын» деп жазды. Қазақ әншілерінің хас шеберлерімен көп кездесіп әндерін тыңдаған А.Затаевичтің осы  бір ескертуіне бүгінде дауыс күшейткіш қондырғыларға сеніп қалған әншілер құлақ асса құп болар еді.

    Ал енді осындай алып өнер иесінің ата-бабалары кім болған деген сұрақ тууы заңды. Әміренің дауысын күйтабақтан естігенде жүрегі елжіреп, жастық шағы есіне түсіп көзіне жас алған жазушы Сапарғали Бегалин әнші жайында біраз ізденіс жасаған тұлға:

    «Әміренің туған елі тарақты, бұрынғы Қарқаралы уезі Дегелең болысының «Атан» ауылына қарасты Алакөз Шәку деген атаның ұрпағынан болады. Әміренің әкесі – Қашаубай, Тергеубай екі ағайынды Байдалы деген кісінің балалары екен. Қашаубайдың үйленбеген кезінде жақын ағайындары Оразалы, Төстік дейтін екі жігіт ұрлыққа әуестенген адамдар болды. Қашаубай да солармен үйірлесіп, кейде ілесіп кеткен кездері де болса керек. Оразалы, Төстіктің сойқанды қылығына күйіп, қуғыншы, даушылардың ертелі-кеш жорығынан мезі болған ағайын, ел адамдары тыйым салмақ болады. Олардың айтқанына көніп, бет алғанынан қайта алмаған екі жігіт ел ішінен Қарқаралының сыртқы Ақмола жақ шеттегі Сарым елін, Жанғұтты бидің ауылын паналайды. Олар кеткенмен, олардың ұрлығына күйген ағайын Қашаубайға да тісін қайрап, қыр көрсетеді. Көзге түрткі болған Қашаубай Оразалы, Төстікті барған елінен іздеп, соларға қосылады. Бұл да Жанғұтты балаларына малшы болып сіңеді. Қашаубай есіп жиып, үйленеді. Әміренің шешесі Тойғанды алып, одан Әміре туады. Әміре есейіп келе жатқанда Оразалы, Төстікті еті тірі ағайыны Мұса елінің шақыруы деп көндіріп алып қайтады. Олардан қалмай Қашаубай да бала-шағасымен көшіп келеді».

    Сапарғали Бегалин атамыз Әміренің өмірі оңай болмағанын нақты оқиғалармен баяндап береді. Бұл ұзақ әңгіме. Дегенмен Әміренің әнші болуына кім әсер еткенін келтіру керек деп білемін: «Әміренің қырда, өз ауылдарында болған кезінде құмарта әуестенген бір өнері болды. Ол – аздап домбыра тартып, ән айту. Әмірені оған баулып, бауырына тартқан немере ағасы Серік Тергеубайұлы ойынан өлең шығарып айтатын, домбыра, гармоньды бірдей тарта, ойнай білетін жігіт еді. Сол Серік Әміренің қаршадай күнінен әнге, домбыра сазына құмарлығына қызығып, әдемілеп ән айту, домбыра тарту өнеріне баулыған. Қашаубай Семейге қарай көшкенде, Серік қолына ұстатқан кішкене домбыра Әміренің ертелі-кеш қолынан түспейтін».

    Мақсұтбек Майшекиннің жазуы бойынша өнердегі тағы бір ұстазы туралы Әміренің өзі былай депті: «Маған ең алғаш ән үйретіп, ұстаз болған кісі, әкемнің досы Жұмаш әнші еді». Әнші Жұмаштың: «Қашаубайды әріптесім дейтін себебім – ол бір кезде жап-жақсы әнші еді. Онымен біздер ауыл ішіндегі талай той-думан, ойын-сауықтарда бірге болып, барған жерімізді сан рет ән-базары еткенбіз» деген сөзін оқырман жазушы С.Бегалиннің айтқанын дұрыс түсінбей, Қашаубай аяғын жаңылыс басып, тек ұрлықты кәсіп етіпті деп ойламасын деп келтіріп отырмын.

    Сәду Машақұлы қолына бүктелген ақ шатыр ұстап жүрген әншінің көп ән білгенін жазған: «Кейде Әміре қасындағыларға ән, күй жайында әңгіме де айтып қоятын. – Осы кезде өзім айтып жүрген 80-90 ән бар, – деді сол кеште отырғандарға». Шыныда да Әміре туралы естелік жазғандардың бәрі дерлік оның көп ән білетінін айтады.

    Бірақ, кейбіреулерше бет алды мақтануды сүймейтін Әміре әлі де кішіпейіл қалпында еді. Парижде өзіне көрсетілген құрметті ол жайында сұрағандарға қарапайым түрде ғана айтатын».

    Әміре ешқашан жұртты жалындырмай әнді тез орындайды екен. Оның жұмсақ мінезі туралы замандасы, қазақ сахнасының белгілі тарланы Қалибек Қуанышбайұлы: «Әміренің адамшылығы аса зор еді. Барынша әділ, жүректі еді. Қаннен-қеперсіз, қалай болса солай жүретін. Қоң етін кесіп беретін жомарт еді. Біздің Әміре Қасым жомарт қой деп күлуші едік. Кейде бір нәрсеге үлкен ерні томпайып, балаша өкпелейтін. «Ой, сорлы Қашаубайдың баласы-ай! – деп, бір саусағыңды шошайтып, қытықтасаң, күліп, өкпесін әп-сәтте ұмытып кететін».

    Ол тек әнші ғана емес сахна артисі де болған үлкен өнер иесі. 1926 жылы қаңтардың 13 күні Мұхтар Әуезұлының  «Еңлік – Кебек» пьесасымен қазақ тарихында тұңғыш рет мамани театрдың шымылдығы ашылғанда қойшы Жапалды ойнап шығады.

    М.Дулатұлының қызы Гүлнәр Міржақыпқызы «Жұлдыз» журналында жарияланған естелігінде Әміре Қашаубайұлы туралы былай деп жазды: «Бір күні кешке таман (өлерінен үш күн бұрын) Әміре сап-сау қалпында біздің үйге келді, отырған мені көріп: «Гая-ау, (М.Дулатұлының жұбайы Ғайнижамалды көпшілік осылай атаған – Б.О.) Гүлнәріміз бой жетіп қалыпты ғой, қайран Жақаң (Міржақып Дулатұлын  жақындары жақсы көріп осылай атаған) баласының қызығын көре алмай жүруі – қандай обал, қиянат» деп ағыл-тегіл жылағаны көз алдымнан кетпейді. Менің ағаны ақырғы рет көруім екен, бұл – 1934 жыл болатын».

    Әміре неге жылады? Әнші туралы фонографқа жазылған дауысын тауып, жатқан жерін іздеуге ұйытқы болған Жарқын Шәкәрімнің айтуынша, Әміре Парижге барғанда ол тұратын «Дария» қонақүйіне Францияда тұрып жатқан Мұстафа Шоқай іздеп келіп жүздеседі. Екеуі қаланы аралап суретке түседі. Бұл жәйт М.Шоқайды жау санайтын КСРО-ның  билігіне жетеді.

    1974 жылы Ж.Шәкәрімге Сералы Қожамқұлұлы ешкімге айтпа деп мынадай әңгіме айтыпты: «Бүкіл халық қошеметіне бөленіп, атағы жер жүзіне кеткен Әміре Парижден аса көңілді де шатты оралды. Арада бір-екі ай өтпей жатып, бір күні бет-әлпеті көгерген, көзі ісінген күйі жұмысқа келді. Не болғанын сұрадық. Ол: «Сұрамаңдар, мен айтпаймын», – деді».  Оның осы көрінісі араға айлар салып, қайталанып жүрді. 1929 жылы ұлт театры Алматыға көшті. Мұнда келген соң да Әміреде сол күй үзілген жоқ. Ұмытпасам, 1931 жылдың көктемі еді. Бір ойын-сауықтан соң Иса, Әміре үшеуміз айлы түннің аспанында үйді-үйімізге тарастық. Сонда Әміре: «Мына пәлелердің менде не ақысы бар екенін білмеймін, түн жамылғысында қара киінген екеу үйден әкетіп, таң сәріге дейін ұстап қоя береді. Сондағы сұрайтыны: «Мұстафа не деді?» – дейді. – Айтқан әнімді тыңдап, көзіне жас алып, елге деген сағынышын білдіргеннен басқа естіген ештеңем жоқ, – десем сенбейді. Сенген былай тұрып, екіншісі қол жұмсап, көгала қойдай етеді», – деп көзіне жас алып, қиналып жүргенін жайып салды».

    1934 жылдың 7 қарашасы күні, Қазан төңкерісінің 11 жылдығына арналып «Қыз Жібек» операсы қойылды. Әміре Қашаубайұлы осы операның негізгі кейіпкерлерінің бір ретінде сахнаға шығуы тиіс болатын.

    Бірақ, қырықтан асар-аспас шағында дүлдүл әнші қарашаның 6-на қараған түні жұмбақ жағдайда қаза табады. Әнші осы қайғылы оқиғадан біраз бұрын Ахмет Жұбанұлына қыздары Күлән мен Күләшті «Көз қырыңды сала жүргейсің» деп өтінген екен. Әнші неге бұлай етті? Ол жағы белгісіз.

    Атақты ғалым Әлкей Марғұлан 1925 жылы «Қазақ тілі» газетінің бетінде мақала жариялап, онда «мәдениет гүлінің жапырағы» деп жазған Әміре Қашаубайұлы жаза берсем сыр көп.

    Бердалы ОСПАН.

    “АДЫРНА” ұлттық порталы.

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    “Мәт аға” атанған Жұмат Шанин туралы айтар болсақ…

    Осы қыркүйек айының жетінші жұлдызында Қазыбек би және Д. Қонаев көшелерінің қиылысында тұрған ғимаратқа қазақтың ...