• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Өнер » Музыкалық құндылықтарымызды алалауға қарсымын

    Музыкалық құндылықтарымызды алалауға қарсымын

    Қатимолла БЕРДІҒАЛИЕВ, әнші, жыршы-термеші, айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

    – Биыл 60-ты алқымдаған ша­ғы­ңыз­да Оралда «Айман-Шол­пан» жы­рын жырлап, жұрт­қа жыршылық жаңа қы­ры­ңыз­бен танылдыңыз. Жасыңыз ұл­ғайған тұста ұзын сонар жыр­ды жат­тап, есте сақтау қиын­ға соқпады ма?

    – Қазақ 60-ты үлкен белеске ба­лай­ды. Осын­дай белесті бағындырарда, өнер ада­м­ы болған соң, мен жұртыма не бердім де­ген ойдың мазалауы – заң­дылық. 40 жа­сым­да көрермен қа­уым­ды халық ән­де­рімен, халық ком­по­­зиторларының ән­де­рімен су­­сын­­дат­қан екенмін. 50 жасымдағы кеш­те оркестрмен қосылып ән айтып, қа­зақ ком­позиторларының клас­си­ка­лық шығар­ма­ларын, яғни батыс пен Ар­қа мектебінің әндерін  домбырамен орын­­да­дым. Сол жолы «Бір­жан-Сара»  тә­різді қа­зақ операсын, орыс ро­манс­та­рын сах­наға алып шықтым.

    Енді 60 жас­та не істесем деп біршама толған­дым. 1982 жылы Сәбит Оразбаев аға­мыз­дың орын­­дауындағы «Айман-Шол­пан» жыры күй­­табаққа жазылып, жа­рық көрген бо­­латын. Жыр маған қат­ты ұнады. Бәл­кім, әр­тіс­тігінен болар, Сә­бит аға­мыз­дың жыр ай­ту мәнері ерек­ше ғой. Өзі бі­раз мақам бі­леді екен. Жыр­дың ма­қамы үздіксіз ауысып оты­­рады. Маған бұл құдды дом­бы­ра­мен айты­латын бір кісілік операдай кө­­рініп кетті. Қазақ радиосының қыз­мет­кері Қо­шан Мұста­фа­ұлы­ның көмегімен жырды қай­та та­уып алып, жаттауға кі­ріс­тім. Дә­рігерлер «адам 50-ден асқан соң есте сақ­тау қа­білеті төмендейді» деп жа­та­ды. Қалай бо­­лар екен деп, со­ған бел­ді бекем бу­дым. Көз­дің на­шар­лы­ғынан ба, әу бас­тан-ақ ес­те сақтау қа­білетім көп­тен іл­гері еді. Гас­троль­дік са­пар­лар­да еркін жү­ріп, бір күн қа­рап, бір күн қа­рамай-ақ, ешқандай ма­ша­қатсыз «Ай­ман-Шол­пан» жырын төрт ай­дың ішінде жат­тап алдым. Сәбеңнің ай­ты­луындағы жыр­ға өзіміз жақтың ма­қам­дарын қо­сып, шамалы өзгеріс жа­са­дым. Ме­нің туған күнімнің өзі де қы­зық: төрт жыл­да бір айналып келетін 29 ақпан. Ат­та­маған табалдырығым болған соң ба, 60-та әлдеқалай болар, 59-ым өзіме еркін ғой деп, 59-дың соңғы күні – 28 ақпан күні Ба­тыс Қазақстанда «Ай­ман-Шол­пан» жырын ха­лыққа ұсын­дым. Жыр тың­дап отыра алатын адам бар ма екен де­ген ой туды. Жоқ, жыр тыңдаушылар әлі де жойылмапты. 200 адамдық Ба­тыс Қазақстан филар­мо­­ниясында ине шан­­шар жер бол­мады. Жақ­сы қа­был­дан­ды. Тойымнан тә­бәрік болсын деп, бұл жырды Алматы ха­л­қына да ұсын­бақ ойдамын. Ақын-жа­зушылардың да кө­бі – осы рухани ас­танамызда. 26 сә­­уір күні Ал­матыдағы Құр­манғазы атын­­дағы Мемлекеттік ор­кестр­дің үл­кен залында мен «Айман-Шолпанды» жырламақ­пын.

    – Асқақтатып, шарықтатып са­ла­тын халық әндері айрықша бап пен қа­жыр-қайратты, күш-қуат­ты та­лап етеді. Жас­тық жа­лын мен жігер­дің орнын да еш­кім жоққа шығара қой­мас. Жас кел­­ген соң да дауыстың әрі тая бас­тайды. Қа­теке, әлі бабы­ңыз­дан айырылған жоқсыз ба?

    – Жылдар өз өрнегін салатын шы­ғар. Бұрын күн-түн, таң атты, кеш батты демей, я сал­қын, я ыстық  жерде бол­сын ән айта беруші едік, қазір радио-телеарнаға немесе сах­на­ға шығатын бол­сақ, міндетті түрде түс қай­та ән салғанды жөн көреміз. Түске дейін дауыста жарықшақтар болады. Ертең­гілік әлде дауыс байламдары дұрыс оянбай ма, әлде кедергілер кетпей тұ­рып ала ма – бел­гісіз. Түс қайта ба­бы­ма келетіндеймін. Бая­ғы тұғырым­нан тая қоймаған тәріздімін. На­­ғыз сын­­шы – халық. Бағасын бере жа­тар…

    – Ән, күй, жыр өнерінің ұлы тұл­ға­­ла­ры елеусіз қалып жатқаны мә­лім. Сіз­ді жұрт Мұхит ән мектебінің үзігін жал­ғастырушы ретінде біледі. Мұхит ба­бамыздың былтыр ғана 170 жылдық ме­рейтойы болды. Ой­да­ғыдай той­ланды деп есеп­тейсіз бе?

    – Бекер обалы не керек, облыстық шы­­ғар­машылық орталық пен мәдениет бас­­қар­масы бізді шақырып алып, ақыл­дасты. Со­сын біздің ұсыныс­та­ры­мыздың кейбірі алынды, қалған жер­ле­рінде өз беттерінше кет­ті. Ол бай­ғұстардың да үстінен қарап отыр­ған дөкейлер бар. Әлде солардың ың­ғайына жығылды ма екен?.. Той жаман өтті деу­ге келмес. Бірақ таңдап алынған уақыт қолайсыздау болып шықты. Күз­ге қалып қой­ды. Бастапқы жоспар бо­йын­ша, той мау­сым айында ұйым­дас­тырылуы қажет еді. Жазда іште де, түз­де де төр емес пе?! Күз­дің қара суы­ғында Мұхиттың басына ба­рып қай­тудың өзі машақатқа айналды. Ба­ба­мыздың рухы ұрпақтарым шамалы қи­­налсын деп сынақ жасады ма, кім біл­сін?! Ат жарысы, ән кеші болды. Оған да шүкір дейміз. Мұхиттың 165 жыл­дығында да, Ғарифолла Құр­ман­ғалиевтің 100 жылды­ғын­да да ән бай­қауы ұйымдастырылды. Ән байқаулары жиі­леп кетті, бірақ ылғи – қайталанатын бір дүние. Бес-он жылға дейін дәстүрлі әннен байқау өткізбей, есесіне Мұхит­тың осы тойына үш жүзден әнші шақы­ра­тын болып келісіп едік, ақыры әлгін­дей болып кетті…

    – Қазіргі кезде Мұхит баба­мыз ту­ралы ел ішінен табылған тың де­ректер, бүгінге дейін на­зар­дан тыс қалған әндері бар ма?

    – Мұхиттың ескерілмей қалған ән­дері аз болуы ықтимал. Марқұм ака­демик Ах­мет Жұбанов оны жан-жақты зерт­теп, «За­мана бұлбұлдары» кіта­бын­да жазып кетті. Кейін біршама әнін атақ­ты Ғарифолла Құрманғалиев Қа­зақ радиосына әкеліп тап­сырды. Ха­лық­қа жетпеген, Затаевич но­тасын тү­сір­­ген бірен-саран әні болуы мүм­­­кін. Алдағы міндет – сол. Сәуле Жан­­пейісова «Қилаш» сияқты сондай ән­дерін ра­диоға жаздырыпты. «Бояу­шы-бояушы де­генге бояушы сақалын бояп­ты» демекші, «Мұ­хит бүйткен, сөйт­кен» деп елді адас­ты­рушылар бар. «Үл­к­ен Айдай», «Кіші Айдай» ат­ты ән­дердің шығу тарихына байланысты дау туып жүр. Ахмет Жұбановтың зерт­теу­леріне және Қазақ радиосындағы «Әнші Мұхит» радиоқойылымындағы мағлұматқа сүйенсек, Мұхит өзі ұстаз тұтқан, кейіннен тіпті тілеулес дос бол­ған Бала Ораз деген әншіге арнап ән шы­ғарған. «Бала Ораз» әнінің атауы «Кі­ші Ораз» делініп, ақырында «Кіші Ай­дайға» өзгереді. «Айдай» деген – әннің қайырмасында кездесетін одағай сөз. Мұхиттың әзілқұмар жора-жол­дас­тары: «Бала Ораз» қашанғы бала бо­лып жүре береді, кіші өспей ме екен?!» – дейді. «Сендер солай ұйғар­саң­дар, халқымнан аянатын өнерім бар ма?!» – деп ол «Үлкен Ораз» әнін шы­ға­рыпты. Бұл – «Үлкен Айдай» әні. Соң­ғы кездері біреулер Мұхит Таңдай, Ай­дай дейтін екі қызға ғашық болып, осы әнді арнаған деген жорамалды ал­ға тартуда. Өздерін жұрт танығаннан ке­йін аузымнан шыққанның бәрі ақи­қат деп ойлай ма екен?! Ахмет Жұбанов өз деректерін Мұхиттың көзін көрген қа­риялардан жинаған. Ал оның бергі жа­ғындағы дерек берушілер – ком­со­мол қарттар. Мұхиттың көзін көрмеген ком­­сомол қарттардың өнер туралы айт­­қанына қалайша сенуге болады?! Абай: «Біріңді, қазақ, бірің дос көр­ме­сең, істің бәрі бос», – демей ме?! «Ға­ри­­фол­ла Құрманғалиев Атырауда ту­ған» деп бір профессорымыз жазып жі­­бе­ріп­ті. Мұндай әсіре жершілдіктің не қа­жеті бар?! Ғарекеңе байланысты кез кел­ген естеліктен «туған жері – Ба­тыс Қа­зақстан облысына қарасты Қа­ра­­төбе ау­даны» деген жазуға кезігесіз. Осын­­дай қасақана бұрмалаушылыққа жол бер­меуіміз керек. Кейінгі зерттеу­ші­­лер бұ­рын­ғылардың жазып кет­кен­де­рімен санасса екен деймін. Өйт­кені олар дә­йек­ті ән тұлғасына бір та­­бан жақын адам­дардан алды. Затаевич но­та­ға тү­сір­ген Мұхиттың бір күйі анық­тал­ған еді, оны Қаршыға Ахмедияров орын­­дап шықты. Ол күйді біздің фи­лар­мо­ния­ның Дәу­­леткерей атын­дағы ұлт ас­пап­тары оркестрінің дири­же­рі Еркін Нұ­рым­бетов оркестрге түсір­ді.

    – Қазақ әнінің әр түрлі мек­теп­терге бөлінетіні рас. Әйтсе де өнер­ді алалап, бөлшектеп қарау дерті белең алғандай көріне­ді…

    – Әр мектептің ерекшелігінің ай­тыл­ғаны дұрыс, бірақ соның бәрі қа­зақ­қа ортақ екенін ұмытпауымыз керек. Орыс әндерінің саратовтық, еділдік, сі­бірлік деген тәрізді ерекшеліктері бар. Бі­рақ олар оны бір орыстың ортақ мұ­расы ретінде қарайды. Тағы басқа ел­дерде де – солай. Бізде де мек­тептердің ізін жоғалтпаған жөн, бірақ ала­лап қарау дұрыс емес. Баяғыда теледидар, радио деген болған жоқ. Өнер адамдарының қарым-қатынасы нашар болған. Өйткені жер шалғай. Батыста – Көкжар, Жетісуда – Жаркент, Арқада Атбасар жәрмеңкелері болған. Сол жәрмеңкелерде ғана сал-серілер бас қосып, арқа-жарқа өнер сайыс­ты­рады екен. Бір аймақтың өнер­паз­дарының келесі атырапқа қатынауы қиын­ға соққан. Сондықтан өнері де дара­ланып, түрлене түскен. Қалай бол­ғанда да, барлық музыкалық құн­ды­лығымыз жалпымызға ортақ. Түр мен маз­мұнға бай өнерді алалауға қар­сымын.

    – Кез келген саланың кәсіби ма­мандары ел орталықтарында әзір­ленеді. Бұл – музыка сала­сына да тән құбылыс. Алайда өзі­ңіз сияқты нағыз өнер май­тал­мандарының аймақтарда елеус­із қалып қойып отырған жайы бар. Астана мен Алматы сияқ­ты қалаларда дәріс беріп, шә­кірт тәрбиелеуді жоспарлап па едіңіз?

    – Бұл жөнінде батыс ән мектебі қат­ты жапа шегіп отыр. Өйткені батыс ән мектебі Астана мен Алматы сияқты алып шаһарлардан шалғай жатыр. Кон­серваторияда батыс ән мектебінен қыз­дардың емес, ер адамдардың са­бақ бергенін қалар едім. Қартайған ке­зімде мен келмей-ақ қояйын, бірақ қан­шама мықты әнші жігіт бар емес пе?! Консерваторияда білімін жетіл­ді­ріп, осында дәріс берсе деймін. Бірақ оған үй мәселесі мүмкіндік бермейді. Ең құрығанда, жатақханадан бөлме та­уып берейік, кейін пәтері болады деген емеурін болса, қанекей?

    – Жас әншілердің кәсіби бі­лік­тілігіне көңіліңіз тола ма?

    – Атырауда Қайрат Кәкімов деген аза­мат бар. Әнді тамаша салады. Тео­рия­лық жағын айта алмаймын. Де­ген­мен жастардың ішінде үздік әнші ре­тін­де Қайратты атар едім. Менен оқыған Ар­мат, Мирас,  Сағдат Рахметжановтың класынан бітірген Дастан – бәрі де бо­лашағынан үлкен үміт күттіретін өнер­паз­дар. Бір жаман қасиетіміз: ән ай­ту­ды игеріп аламыз да, музыкалық са­уат­тылыққа келгенде ақсаймыз. Мен ба­тыста 18 жыл бекер отырған жоқпын. Жақ­сы әншілер бар, бірақ жарнамасы тө­мен. Жарнамасы болмаған соң, кон­церт­терге де шақыра бермейді.

    – Халық әндерін эстрадаға қо­сып орындауға қалай қарай­сыз?

    – Біздің ұлттық ән өнеріміздің негізі дом­быра ғой. Эстрадаға жақсы икем­де­летін де халық әндері бар. Кейбір ха­лық композиторларының әндері эстра­даға қосылғанда бөгде биені бө­тен құлын еміп жатқандай әсер қал­ды­рады. Мұхиттың «Зәурешін», «Үлкен Ай­дайын», «Кіші Айдайын» эстрадаға сал­ғаннан ештеңе ұтпаймыз. «Му­зы­ка­ға тілдің керегі жоқ» деп жатады. Өнер­ді түсінбейтін адам үшін керемет әнді қорлаудың қажеті жоқ деп есептеймін. Мұ­хиттың, Ғарифолланың әндері ұлт ас­паптары оркестріне қосылған. Мұн­дай­ды қолдауға болады.

    – Көз жанарыңыздағы мү­кіс­тік сізге көп кедергісін келтірген-ақ шығар?..

    – Мен әу баста белгілі бір дәре­же­де кө­ретін едім. Ішкі түйсігім жа­на­рым­ның мүлде кететінін сездірді. Со­дан бастап бі­лімімді шыңдауға күш сал­дым. 70-жыл­дары музыка учи­ли­ще­сінің клас­си­калық әншілер даяр­лай­тын фа­куль­те­тін бітіріп алдым. Әуе­лі ауылдағы мек­тепте, сосын мә­де­ниет саласында қыз­мет еттім. 1991 жы­лы Мұхиттың 150 жылдығына бай­ланысты сол об­лыс­тағы Құр­ман­ғазы атындағы му­зы­ка­ училищесінде дәс­түрлі ән класы ашы­лып, 18 жыл сонда сабақ бердім. Көз де біртіндеп құри бастады.  2004-2007 жылдары Батыс Қазақстан мем­ле­кеттік универ­си­тетінде оқып шықтым. На­шар көз­дің еш бөгеті болған жоқ. Лек­цияны дик­тофонға басып аламын. Бір естіген музыкам онсыз да үнемі құ­ла­ғымда тұрады. Осы көзіммен-ақ уни­вер­си­тет­ті үздік дипломға та­мам­да­дым. 70-жылдары облыстық мә­де­ниет бас­қармасының бастығы менің өсуіме кедергісін жасады. Басқа кедергі кез­дестірмедім.

    – Қазір елімізде эко­но­ми­ка­лық қана емес, рухани дағдарыс та сезіледі. Шынайы өнерді ба­ға­­лайтын ортаның қатары си­ре­гені алаңдатады. «Есті ән мен есер әнді» ажыратудан да қалып барамыз.  Өзіңіз тамыр байлаған өлкеде жалпақ жұрттың ұлттық өнерге қызығушылығы қалай?

    – Бұрын қаладан домбыра ұстайтын жан таба алмай, жас талаптарды ауыл­дан іздеп жатушы еді. Соңғы кезде ке­рі­сінше болып бара жатыр. Қаладағы му­зыка мектептерінде оқитын балалар дом­быра, қобыз аспаптарын тартады. Мұн­да дәстүрлі әншілер де бар. Ал ауыл­дарымыз мәңгүрттеніп барады. Кон­цертпен ауылға шықсаң, анау жоқ, мы­н­ау жоқ дегенді желеу етіп алған. Жұрт­тың шекесі шылқып тұрмаса да, жағ­дай тап 90-жылдардағыдай емес шы­ғар. Билеті ең арзан деген бағаға қо­йылған концерттерге келгісі кел­мей­ді. Концерттен шықсаң, әлгінде ғана ақ­ша жоқ дегендерің сымға тізілген қар­лығаштай қатарласып алып, сыра ішіп отырады. Таңды таңға ұрып карта ой­найтындар да жеткілікті. Жай ой­на­май­ды, ақша тігеді. Ішімдікке, ойынға ақ­ша табылады да, ұлттық өнерімізге кел­генде пейіліміз тарылады. Міне, бұл – рухани азғындағанымыздың көрінісі. Сосын тағы бір мәселе, концерттерде жеке күйлер орындала бермейді. Ор­кестрмен ғана шығады. Дәстүрлі ән­шілер шеруі дейтін бір дертке шал­дық­тық. Төрт-бес әншіні сахнаға шығарып, бір-бір шумақтан ән айтқызады. Одан да бір ғана әншіге екі-үш ән орындатқан жөн. Ұлттық өнер өкілдерін мазақ еткендей нәрсе ғой! Дәстүрлі әншілер ән айтты деген аты ғана болмаса, заты жоққа тән. Осындай келеңсіздік қазақ әнінің бағасын түсіреді. Осыны ойлап тапқан режиссердің көзін ойып алу керек.

    Алашқа айтар датым…

    Тіліміз дамып келе жатыр дейміз. Бұрынғыға қарағанда шүкір ғой. Бірақ әлі өрісі тар. Жаңа 5 мыңдық теңге шығыпты. Бір жағы – орысша, бір жағы – қазақша. «Пять тысяч» дегенді жазбаса да, бәрібір түсінеді ғой! Ресейдің құрамында қаншама автономиялық республика бар! Солардың қайсысы орыс тілін ақшаларына қосып отыр? Ақша керек адам өзі-ақ түсініп алады. Артық жалпақшешейліктен арылған жөн! .


    Арман ӘУБӘКІР

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    «Күлтегін» мультфильмін көруге асығыңыздар!

    Толықметражды анимациялық «Күлтегін» мультфильміндегі негізгі кейіпкерлерді еліміздің театр және кино актерлері дыбыстаған. Олардың қатарында: Қазақстанның ...