• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Өнер » Мұхиттың «Зәуреш» әні: аңызы мен ақиқаты

    Мұхиттың «Зәуреш» әні: аңызы мен ақиқаты

    Өнернама тарихында өзіндік суреткерлік болмысымен есімін таңбалаған сирек дарақтың бірі сал Мұхит еді. Мералыұлы Мұхит (1841 – 1918). Баһадүр Әбілқайыр ханның ұрығы. Қаратай сұлтанның шөбересі. Сүйегі асыл. Шандоз ән шебері, халық психологиясының білгірі сал Мұхит дыбыстар жүйесін әр қырынан құбылта құруымен тыңдаушысын эстетикалық-эмоционалдық көңіл-күйде қалдырып отырған. Мәтінде бейнеленген ойлау формаларының сезімдік әсерін әуен арқылы арттырып, күшін өсіре түскен. Бұған оның қай шығармасы да толық дәлел. Соның бірі – байтаққа жақсы таныс әйгілі «Зәуреш» әні. Өрнегі бөлек. Бітімі өзгеше. Қалың қарындасқа Ғарекеңнің, Ғарифолла ата Құрманғалиевтің (1903 – 1993) орындауында тарап еді. Бірегей орындаушысы-тын.Зәуреш еліне дәріпті Медет есімді кісінің қызы екен дейді аңызға айналған дерек. Обадан опат болған отыз ұлдан соңғы жалғыз тұяқ. Әкенің бар үміті, бар жұбанышы – Зәурешті өмірімнің шырағы болар деген. Тағдыр оны көп көреді. Ажал тырнағына ілінеді. Саулы інгендей боздап келіп, суық қабірді құшақтап айтқан Медеттің сондағы сөздерін Мұхит кейін өлеңге айналдырып, зар – әнге қосқан дейді. Сөздері қамырықты. Эмоциялық бояуы өте күшті.

    Уа, Зәуреш, сенің үшін елден келдім,

    Баяғы өзің өскен жерден келдім.

    Сен неге мен келгенде тебіренбейсің,

    Иіскеп бір сүйейін деген едім?

    Құланның жонда көрдім шоқырағын,

    Қайыңның жаста көрдім жапырағын.

    Қарамай кетіп қалып әкең сорға,

    Бір уыс көп көрді ме топырағым.

    (Ғарифолла Құрманғалиев. Мұхиттың әндері. Алматы. «Дастан» дыбыс жазу студиясы, 2001 ж.)

    Ән терең психологиялық тебіреніске құрылған. Бейжай қалдырмайды.Өлең шумақтарында қаралы жанның көрініс тапқан ішкі сезімі тыңдаушы жүрегінен орын алып, оның қоғамдық санаға айналуының бір сыры мелодиясына тығыз байланысты-тын. Эстетикалық танымы да, мәні де осында жатыр. «Зәуреш» әнінің тарихы терең.

    Атақты сал Мұхиттың осы «Зәуреш» әніндегі Зәуреш Ырғызда ғұмыр кешіпті.

    Исі қазаққа мәшһүр шығарманың хикаясы уақыт көшіне ілесіп, көз ұшындағы сағымдай бұлдыр тартып, ақиқат деректері зердеден өше бастапты. Ұмытылыпты. Осы күні аңыз іспетті.

    Тым болмаса қатысы бар әлдебір шындықты індетерміз деген ниетпен ел әңгімелеріне, білетін бірен-саран мәліметтерімізге сүйеніп, «Зәуреш Ырғызда ғұмыр кешіпті» атты мақала жаздық, оны «Ақтөбе» (№149, 12.12.1995 ж.), «Орал өңірі» (№71, 29.06.1996 ж.) газеттерінде жарияладық. Бұдан кейін де Зәуреш Медетқызының талайсыз тағдыр-хикаясы көкейден кетпеді. Ұшығына жеткіміз келді. Мағлұматтар іздедік. Сұрастыра жүрдік. Аз-маз мәліметтердің ұшын ұстағандай болдық ақыры. Хош, сонымен.

    Алматы шәрі. 1998 жыл. Мамырдың 3-і. Жергілікті уақыт 14.00 мен 17.00 аралығында, түбі ырғыздық, есімі Қызылорда, Ақтөбе өңіріне белгілі азамат Бағысбаев Нұрлының қызы Райса апай арқылы анықтап білген, Тимирязев пен Әуезов көшелерінің қиылысында орналасқан Ахметқызы Шаһзада апаның үйінде болып ем. Сонда сұрап ем одан, Зәуреш турасында. Оның күйеуі Әлмұхамед Сейдалин турасында. Жөн сұрайтын да себебіміз бар-ды: Шаһзада – Әлмұхамед Сейдалиннің туған жиені, шешесі Рабиға соның қызы-тұғын.

    – Мамам Зәуреш әжем туралы, Әлмұхамед атам туралы, зиялы алты ағасын жиі-жиі айтатын еді. Ынта қойып тыңдамадық… заман кінәлі оған. Тәрбиесі басқаша болды, – дейді Шаһзада апа. – Әкем Ахмет Тұңғашин Ырғызда туған. 1890 жылы, көкектің 20-сында. Ол 1905 жылы бастауыш мектепті бітіреді. Содан кейін 1906- 1913 жылдары Орынбордағы ерлер гимназиясында оқиды. Бұны аяқтаған соң Варшава мал дәрігерлік институтына түсіп, онда төрт жыл білім алған. Елге 1917 жылы оралып, Ырғызда қызмет қылады өз мамандығымен. 1920 жылы шешем Рәбиға Әлмұхамедқызына үйленеді. Еш кінәсіз әкемді 1928 жылы Ресейге жер аударады. Өкіметтің сонда таққан айыбы – ақсүйек тұқымынан шыққандығы… Өмірінің көбі қиындықпен өтті. (Апай терең күрсінді).

    Шаһзада апаның айтуынша, атасы Ханкерейдің кіндігінен жеті бала өрбіпті. Олар: Тоқтар, Мұхтар, Мұхамедияр, Ахмет, Тоқтамыс, Бектеміс, Айбөпе.

    Тоқтардан Сапа (қайтыс болған), Шыман, Шамил атты ұлдар болған.

    Мұхтардан — Рәзия, бұл кісі де бақи болған.

    Мұхамедиярдан (әйелінің есімі Рәбиға екен) — Зейнеп. Ол республикаға еңбек сіңірген дәрігер көрінеді.

    Ахметтен (оның Рәбиға Әлмұхамедқызынан көрген перзенттері) — Ғарон-Рашид (1942 жылы 17 жасында орыстың соғысында қаза тапқан), Роза (баласы — Әнел), Зияда (бұдан екі қыз бар), Шаһзада (Рашид есімді ұлы бар еді, кейін авариядан опат болды), Мұрат.

    Тоқтамыстан ұрпақ жоқ, 22 жасында өлген.

    Бектемістен — Меруерт, Валентин (Меруерт апайды білетін ек. Ертеректе менің ауылым «Басқұдық» кеңшарында жұмысшылар кооперациясын басқарды. Балалары Ақтөбе қаласында тұрады).

    Айбөпеден жиен бар. Жанна Алматыда тұрады.

    — «Зәурешті» Ғарифолла Құрманғалиев ағай салатын еді. Зәуреш әжем турасында ғой ол ән… – деді Шаһзада апа сөзін сабақтап. – Мамам айтушы еді, шешемнің есімі Үммігүлсім деп. Әлмұхамед атамның үшінші әйелі екен. Үммігүлсім әжемнен Смағұл, Мұса, Сүйінгерей және үш қыз – Гүлжауһар, Гүлжиһан, Рәбиға туған. Ал Әлмұхамедтің екінші әйелінен Жанша, Яхия, Зұлқарнайын деген нағашыларым екен. Атамның екінші әйелі, атын ұмыттым, жаңағы Үммігүлсімнің апасы. Ол да қайтыс болған соң атам оның сіңлісі Үммігүлсімді алады.

    Шаһзада апа бірнеше фотосуреттерді әкеп үстелге жайды да, таныстыра бастады.

    – Міне, мыналар мамамның бауырлары, нағашым Әлмұхамед Сейдалиннің балалары… Мынау – Жанша ағам.

    Жанша (Жаһан – Шах) Әлмұхамедұлы Сейдалин туралы бұрында хабардар едім. Санкт-Петербург университетінің заң факультетін 1904 жылы тәмамдаған. Уақытша үкіметтің бастығы болған А.Ф. Керенскиймен бірге оқыған. «Айқап» газетінде қазақ өміріне қатысты проблемалық мақалалары жарияланып тұрған. Ағартушы-демократ. Шәңгерей ақынмен етене араласқан. 1923 жылы 46 жасында Орынборда көз жұмған. Бұл жөнінде әр түрлі әңгіме бар, біреулер айтады із-түссіз жоғалып кеткен деп. Жүзі ат жақтыға келеді, қыр мұрын, өткір көзді. Шашын шалқасынан қайырған. Шоқшалау сақал, мұртты. Қабағы қатыңқылау, келбетті жігіт.

    – Ал мынау – Мұса… – Шаһзада апа туыстық сезіммен елжірей суретті сүйіп, аялай сипады. – Гимназияда оқып жүргенде түскен. – Үңіле қарадым. Шамамен 12-13- тегі жасөспірім. Үстінде сол кез үшін қалыптасқан үлгідегі оқу формасы. – Жастай кеткен. (Апай күрсініп қойды).

    Мұса Москвада білім алған дейді нақты дерек көздері. 1916 жылы майданға алынған қазақ жігіттері арасында жұмыс істеуге өзі сұранып барған. Алашқа белгілі Нәзір Төреқұловпен бірге оқыған.

    – Мамамның суреті… – Апай шешесі Рәбиғаның суретіне сәл тесіле қарап маған ұсынды. Ертеректе түскен. Басында француз қалпағы. Дөңгелекше бет, сұлу жүзді.

    – Қызылдар жеңіп, Ырғызда өкіметін орнатқан соң мамам соларда хатшы-машинистка боп істейді. – Шаһзада апа анасына қатысты жайтқа көшті енді. – Түскі шайды самаурынға қайнатып жұмыс бөлмелерінде ішеді екен. Сондай күннің бірінде әкем келіпті. Жас кезі. Үстінде шинель дейді. Жалаң бас. Солай жүреді екен. Қолында қағазға орағаны бар дейді. Сөйтсе, алма, кептірілген өрік, мейіз көрінеді онысы. Сонан келуді жиілете береді оған. Бірде мамама айтыпты, «Ырғызды жағалап жүріп қайтайық», — деп. Ойымда ештеңе жоқ дейді. Жақсы депті. Әңгімелесіп өзенге келеді. Бұлар жиекке шығарылып қойылған қайықтардың біріне жайғасады. Әкем әлдене айтқысы кеп кібіртіктей беріпті, қолын қармен әлсін-әлсін жуа беріпті. Оның қобалжулы түріне мамам: «Аға, сізге не болды сонша?» — дейді таң қалып. Үлкен болған соң «Аға» дейді екен сыйлап. Аздан соң ойын айтыпты. Ұнататынын білдірген. «Соны естігенде, — дейді мамам, қатты күлсем керек шалқалай, басымдағы қалпағым жерге ұшып түсті». Көп ұзамай әкеме қосылады.

    Рәбиға Сейдалина 1898 жылы тамыздың 25-сінде Ырғызда дүниеге келеді. Әкесі Әлмұхамед осы жылы 61 жасында опат болады. Атадан тым ерте қалғанмен таршылық қыспағына түспейді, жетімдіктің зарпын тартпайды. Тартатын да реті жоқ-ты, алдында айдынды алты ағасы барда. Басы Жанша (Жаһан – Шах) боп бауырлары алақанға салады. Ес білген соң медреседе оқиды. Гимназияда оқиды. Генерал – губернатордың қамқорында болады. Орынбордың. Орыс тілін, француз тілін меңгереді. Кейін мұғалімдік қызмет атқарған. Ахмет Воронежге айдалғанда ол да қоса кетеді. Зобалаң жылдар тауқыметін бірге тартысады онымен.

    – Мамамның кескін-келбеті ерекше еді, – дейді Шаһзада. – Еті қардай аппақ-ты. Ал шашы… шашы тобыққа түсетін. Қалың еді. Көрші тұрған орыс әйелдер ылғи таң қалатын көргенде. Өңін бермей кетті. Тік жүретін.

    Рәбиға әжей 1984 жылы 16 мамырда өмірден өтеді. Мүрдесі – Алматыда.

    Рәбиғаның бірге туған екі апасы болғанын атап өтіп ек. Соның бірі – Гүлжауһар. Ол — Ресейдің Бірінші Думасына мүше болып сайланған есімі қалың қарындасқа мәлім Бірімжанов Ахмет Қорғанбекұлының әйелі. Ахмет 1871 жылы туып, 1927 жылы дүниеден қайтқан. Оның баласы Батырбек Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті, химик-ғалым болыпты.

    Гүлжауһар Әлмұхамедқызы 1889 жылы туып, 1958 жылы мамырда көз жұмады.

    Осы Гүлжауһар Ырғызда Ыбырай ата Алтынсарин негізін қалаған тұңғыш қыздар мектебінің алғашқы шәкірттерінің бірі-тін.

    Әлмұхамед Сейдалин – жоғарыда айтқан сол Ырғыздағы 20 кісілік қыздар мектебін ашу ісіне үлкен қолдау көрсетіп, рухани да қаржылай да көмек берген адам.

    Оның есімін шоң ұстаз Ыбырай ата әр кез жылы лепеспен атайды. Оған өз қолынан таңбалап кеткен хаттары айғақ. В.В. Катаринскийге бүй деп жазады: «Ырғыздағы қыздар интернатында қазақ қыздарының санын 20-ға дейін көбейту туралы губернаторға ұсыныс енгізген едім. …Сейдалиннің және құрметті қамқоршы болып тағайындалып отырған уезд начальнигінің әйелінің көмегімен бұл жұмыстың Ырғызда жақсы жүретініне көзім жетіп отыр». Бұны 1888 жылы қарашаның 5-інде түзіпті. Н.И. Ильминскийге де: «… Ырғызда мировой судья және тергеуші болып Альмухаммед Сейдалин істейді. Ол — қазақтарды оқыту ісіне өте ынталы адам. Биыл ол қазақ қыздары үшін Ырғызда қазақ сахарасындағы ең тұңғыш 20 кісілік қыздар мектебін ашуыма көмектесті», – дейді 1889 жылы ақпан айында жазған хатында.

    Шоқан Уәлихановтың көзкөрген замандасы, пікірлесі болған, – бұл жөнінде дерек бар, қараңыз: Ч. Валиханов. Сбор соч. Т. 5.А., 1985, 139-бет, – Әлмұхамед осындай іс қылған кезінде.

    Арғы атасы көреген саясаткер, сайыпқыран қолбасы, баһадүр Әбілқайыр хан еді қазақтың қамын ойлап өткен. Қанына тартпай тұра ма, Әлмұхамед Сейдалы немересі де халқының тағдырына алаңдаған. Қазақ баласының оқығанын тәуір көрген. Өнеге көрсеткен. Тағы да куәлік берейік.

    « Ә.Сейдалин Ырғыздағы қазақ қыздар мектебін ашысуға белсене көмектесумен қатар, өзгелерге үлгі ретінде өз қызын да сабаққа берген», – дейді Марат Әбдешев 1991 жылы қарашаның 22-сінде жарыққа шыққан «Қазақ әдебиеті» газетінің 47-нөміріндегі «Алтынсарин айналасындағы адамдар» атты мақаласында. Айта кету керек, біз сілтеме жасап отырған жоғарыдағы бұл еңбекте Әлмұхамед Сейдалинді, оның ізгілік жолындағы қомақты ісін Алаш баласына алғаш таныстырған, фотосын жариялап мәлімет берген Қазақ Мемлекеттік Орталық музейінің жанындағы музейтану орталығының сол кездегі меңгерушісі, тарихшы осы Марат Әбдешев еді.

    Ол сонда бүй деп жазған-ды және : «…Орынбордағы Неплюевский кадет корпусында 1848 – 1855 жылдары оқып бітірген. Әлмұхамед өмірінің соңына дейін Қостанай, Ырғыз, Торғай уездерінде және 1895 жылы аз уақыт Киев губерниясының Радомысль учаскесінде бітімші сот қызметін атқарған. Әлмұхамед Сейдалин 1867 жылдан бастап таратылғанға дейін (1869 ж.) Орынбор облыстары қазақтарының Батыс бөлігінің басқарушы сұлтаны да болған (Адай елінің сұлтан правителі).Әлекең 1837 жылы туып, 1898 жылы Ырғызда қайтыс болып, сонда жерленген (Астын сыздық — Б.К.). Статский кеңесшісі шенін алып, 4-дәрежелі әулие Владимир орденінің иегері болған».

    Көпке беймәлім тұс – Зәурештің күйеуі Әлмұхамед Сейдалин екенін де бұдан 18 жыл бұрын нақтылап атап көрсеткен бірінші осы кісі-тін. Аталған мақаласында бұл жөнінде: «Атақты «Зәуреш» әніндегі Зәуреш осы кісінің бірінші жамағаты болған, ал ән оның қайғылы өліміне арналған екен», – деп еді…

    – Мамам бала кезінде есінде қалғанын айтып отыратын, – деп Шаһзада апа басқа тарапқа ойыса бастады. – Ой, ол уақытта Ырғыз қандай еді! Құжынаған халық дейді. Жан – жақтан ағылып жатады екен. Тіпті, шет жұрттардан да келетін көрінеді керуен тартып… Зәуреш әжем жайында да айтатын. Үммігүлсім әжемнен естіген. Зәуреш өте сұлу, ақылды болыпты. Медет деген кісінің қызы екен, көп ұлынан соңғы. Орысша, французша жақсы сөйлеген. Француз үлгісінде тігілген киім киеді екен ылғи. Арнайы алдыртып тұрған. Әлмұхамед екеуі келтірген Ырғыздың көркін. Әкесі Медет бірде істі боп тергеуге түскенде Зәуреш патшаға кірген. Патшаның өзі таң қалыпты сонда, оның өткірлігіне, біліміне. Сонан Медетті босатқан дейді. Зәуреш екі сәби көреді. Бірақ екеуі де ерте шетінейді…

    – Апай, сонда Зәурештің ата-тегі қайдан? – дедім ол жөніндегі деректі анықтай түскім кеп осы арада.

    – Хан атам Нұралыдан тарайды дейді, – деді Шаһзада. – Белгілі ғой, бұрындары біздер, төрелер, қарадан қыз алмағанбыз, қыз бермегенбіз… Нағашы әжелерімнің ішінде Зәурештің орны бөлек. Атамның оған ықыласы айрықша құлаған.

    … Осы деректерге қанағаттанып, риза көңілмен қоштасып үйден шықтым. Зәурештің туған, өлген жылдары, жерленген жері әзір белгісіз. Ел аузындағы әңгімелерде Зәурештің мүрдесі Ырғызда, қазасына Жайық бойынан Медет төреге еріп сал Мұхит та келген дейді. Бұл тұрғыда талас бар. Шолпанай Аманжолова деген азаматша былай жазыпты: «Баташ ага (Бірімжанов Батырбек Ахметұлын айтады. Ш. Аманжолованың жездесі екен. Нағашы апасын алған – Б.К.) рассказывая, что, со слов мамы, ему известно, что первой женой Альмухамеда Кунтуаровича (дұрысы, Күнтөреұлы или Кунтуреевич – Б.К.) Сейдалина была Зәуреш, которая заразилась оспой в одну из старшных эпидемий, унесшей множество жизней… Уже после смерти горячо любимой Зәуреш Альмухамед вновь женился, от этого брака у Альмухамеда было трое сыновей: Жаханша, Яхут, Зулкарнай. Жакен-аже (Гүлжауһар – Б.К.) была старшей дочерью Альмухамеда от другого брака. Жакен-аже рассказывала, что ее отец всем своим детям сумел привить чувство огромного уважения к Зауреш. Сама Жакен-аже называла Зауреш не иначе как Улкен-шеше – старшая мама. Принято считать что Зауреш захоронена в Иргизе, где в то время служил Альмухамед Кунтуарович. Но это не соответствует действительности. Зауреш действительно умерла в Иргизе, где в то время служил Альмухамед Кунтуарович. Но это не соответствует действительности. Зауреш действительно умерла в Иргизе, но зная, что дни ее сочтены, просила похоронить в Оренбурге, тогдашнем административном центре казахских степей. Свою просьбу она мотивировала тем, что Альмухамед, получив новое назначение, может покинуть Иргиз навсегда, и тогда некому будет навещать ее могилу. Зауреш предполагала, что Альмухамед по долгу службы будет часто бывать в Оренбурге. Как и превидела Зауреш, Альмухамед женился. И все его сыновья в разные годы учились в Оренбурге, они не забывали Зауреш. Баташ-ага рассказывал, что когда они жили в Оренбурге, вместе с родителями ходили поклониться праху Зауреш – аже».

    Ырғыз бен Орынбордың арасы — 600 шақырым. Төтелей жүргенде. Бірақ өйте алмайды. Жер бедері тегіс емес. Шұңғылы, жырасы көп. Түрлі бөгесін бар. Сондықтан кей тұста басқа бағытқа иін жасауға мәжбүр қылады. Көлік – ат. Қыста жол ауыр. Аязы бар, бораны бар. Жазда аптап ыстық. Мәйітке обал… Тарихтан белгілі, кейбір үлкен тұлғаларды бірнеше күншілік жерден Қожа Ахмет Иассауи дүрбесіне әкеліп жерлегені. Әрі қалай әдіспен бальзамдап. Нақтылыққа көз жеткізудің оңайы – Зәурештің зиратын іздеп табу. Орынбордан. Немесе Ырғыздан. Ұлы шығарманың кейіпкері жайындағы айқындылық кейінгілер үшін аса қажет. Өйткені онда ел тарихы, адамдар тағдырының тарихы жатыр.

    Жазушы Илья Жақанов: «Зәурештің Ырғыз топырағына жамбасы тигені дәл осы 1876 жылы сияқты», — деген долбар айтады (Зәуреш.//Жұлдыз. №6, 2002 жыл, 153-163 беттер). Қисынсыз. Әлмұхамедтің екінші әйелінен көрген ұлы Жанша (Жаһан – Шах) 1877 жылы туған. Жақановтың өзі айтқандай, Әлмұхамед бал жаласқан Зәурешінің топырағы суымай тұрып үйленіп алған ба сонда?! Әп-сәтте ұмытып. Қырқын немесе жүзін бермей жатып. Біз айтар ек, қайғылы оқиға шамамен 1867-75 жылдар аралығында өткен деп.

    Енді Шаһзада Ахметқызы баян қылған деректерді әдебиетші ғалым Мақсат Тәжімұратовтың «Шәңгерей» атты еңбегінде келтірілген тарихи жағдаяттармен, басқа да архивтік айғақтармен салыстыра отырып, Зәурештің өзіне, әкесі Медет жайына жанасатын жайттарды, соған қатысты пікір-пайымымызды айтпақпыз.

    Тарихшы ғалым Ирина Ерофеева «История рода Камбара Медетова» деген мақаласында Әбілқайыр ханның баласы Нұралыдан тараған ұрпақтарға тоқталады. Оларды тізіп көрсетеді. Сонда Нұралының 1777 жылы туған бір ұлы Шока дейді, әрине, бұл орысша жазылуы, қазақша Шөкі болуы керек, һәм оның бірде Чука, енді бірде Чуки, Шоке делініп әрқалай аталатынын да айтады.

    Мақсат Тәжімұратов та: «…Зұлқарнай (Ескендір) – Нұралының Шөкісінен туған үш баланың біреуі», – деп жазған-ды. Демек, Нұралының Шөкі атты баласы болғаны ақиқат. Ал осы Шөкіден Медет есімді ұл бары және анық. Куәлік берейік. Мұны: «Медетгали Чукин (род.1809) – султан, старший сын султана Чуки Нуралиханова и внук Нуралы-хана», – деп архивтік құжаттарда таңбаланған тарихи нақты мәліметтер дәлелдейді.

    Бұдан Зәурештің әкесі осы Шөкі баласы Медет деген ой түйеміз. Әлгінде Шаһзада Ахметқызы: «Зәуреш хан атам Нұралыдан тарайды» деген еді. Жөнге келіп тұр.

    «Зәуреш» әні мәтінінде мынадай жолдар бар:

    «Елімде Медет атым болды дәріп,

    Кезінде айттым билік бұзып-жарып…» – дейді.

    Өлеңнің бұл тармақтары ойымызды дәлелдей түседі. Медеттің ел басқарғанына тарихшы А. Рязановтың 1926 жылы шілде айында Орынбордан шыққан «Исатай Тайманов көтерілісі» атты белгілі еңбегіндегі мына сөздер де айғақ бола алады: «Қамыс – Самар көлін қоныстанған қазақтарға басқарушы болып ханның (Жәңгір –Б.К.) туыстары сұлтан Шоқа Нұрәлиев, соның ұлы ( Астын сыздық – Б.К.) және басқалар тағайындалды», — дейді.

    Архивтік деректерде де былай деп таңбаланған: «В 1832 г. по представлению хана Джангира ему был пожалован гражданский чин 12-го класса (губернского секретаря), в 1837 г. переименован в сотники, дослужился до чина войскового старшины. С 1827 г. являлся депутатом Внутренней орды на Внутренней Уральской линии и Чижинской дистанции, в конце 1850 г. назначен управляющим родом байбакты Внутренней Орды».

    Медеттің дәурен құрғанын, алқалы әлеуметке сөзі жүргенін, топқа түскенін аңдаймыз. Бұзып-жарар билік тұтқасын ұстағанын жоғарыда атап көрсетілген қызмет дәрежесі де нақтылайды. Пікірімізді қуаттайды.

    Әлмұхамедтің үшінші әйелі Үммігүлсімнің баяндауы бойынша, қызы Рәбиға арқылы жеткен деректе Зәуреш әкесі Медет істі болғанда құтқарып алған делінген. Патшаға кіріп. Патша емес. Губернатор шығар. Орынбордың. Қазақ ертеректе лауазымды шенеуніктерді де патша деп атай берген. Сонымен бұған да қисынды мағлұмат берейік, сөзімді нақтылай түсу үшін.

    Медеттің істі болғанын және оның себебін архивтік құжаттар бүй деп куәландырып ашып көрсетеді: «Отличался крайним корыстолюбием и часто устраивал поборы в свою пользу с подвластных казахов. В мае 1852 г. был отстранен от должности,а в 1859 г. за противозаконные действия по приговору Правительствующего Сената сослан на жительство в северные уезды Оренбургской губернии, возвратился из ссылки во Внутреннюю орду в октябре 1861 г» (Астын сыздық – Б.К.).

    Біз куәлік қып отырған жағдаяттар бір-бірімен қиыса тоғысып, үйлесімді шындыққа тірейді. Сонда 1861 жылы Зәуреш 24-26 жастар аралығында деп шамалаймыз. Бұдан әрі не бері емес. Медетке қатысты істі тоқтатып, әкесін соттан босатып алуы – осы кез. Өйткені күйеуі Әлмұхамед 1837 жылы туған. Есеп бойынша өзі онымен құрдас немесе бір-екі жас кіші. Ыңғайы осыған келеді. Зәуреш Орынбордың генерал-губернаторына 1860-1861 жылдар аралығында кірген.

    Сонымен, Зәурештің әкесі – Нұралы ханның немересі Медет Шөкіұлы. Деректерді саралай, ой қорыта келіп, осы пікірге нық тоқталдық. Зәуреш – Әбілқайырдың шөпшегі.

    Кіші өзен мен Айырқұм делінетін жерлерді бір кездері Медеттің мекендегенін М.Тәжімұратов өз еңбегінде атап өтеді. Және тарихшы А. Рязановтан, тағы басқа да деректерден Қамыс-Самар көлін қоныстанған қазақтарға оның басқарушы болғаны турасында мәліметтер ұсынған ек сараптауымызда. Соларды негізге алып, Зәурештің туған өңірі Нарын құмы маңайы деп жорамалдаймыз. Бұл – Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданына қарасты территория.

    Музыка маманы А.Бердібай әйгілі «Ақсақ құлан» күйінің бірегей орындаушысы әрі жеткізушісі, виртуоз домбырашы, үлкен дарын Қамбар Медетовтің (1901-1942) әкесі Ерқожаның жеке қолжазбалары арасынан «Зәуреш» өлеңінің өзгешелеу нұсқадағы мәтінін тауып жариялаған еді. Ерқожа Медетов (1875-1945) – Қаратай сұлтан ұрпағы. Шолықтан өреді. Отызыншы жылдары қазақ радиосынан біршама уақыт ән салып тұрған. Б.Ерзакович одан Мұхит шығармаларын, халық әндері «Күлдар – ай», «Жез оймақ», «Мәулен», т.б. нотаға түсіріп алған және ол жөнінде бүй дейді: «Сыртқы пішіні, жүріс-тұрысы, ән салу қалыбы халық композиторы Естай Беркімбаевқа жақындайтын. Ол кәсіпқой әнші болатын, даусы табиғи қойылған шағын көлемдегі тенор, әнді орындағанда оның сөзіне үлкен мән беріп, сезімге бой ұрмай, бірқалыпты мәнерде анық айтуға талпынатын».

    Айтпағымыз, сол жаңағы қолжазбадағы «Зәуреш» әнінің 23 шумағына тақырып етіп қойылған «Бөкейлік Медет деген кісінің қызы Зәуреш өлгенде айтқан өлеңі» дейтін сөздер Медеттің Жайық бойы төресі екенін айғақтай түседі. «Қарағым, сенің үшін елден келдім, – Баяғы өзің өскен жерден келдім», — делінетін «Зәуреш» әніндегі шумақ жолдары да Медетті алыстан, Жайық бойынан келіп тұрған бөкейлік екенін тағы да куәландырады. Атақты әнші һәм жыршы Ғарифолла атамыз да: «Медет – Жайық бойының төресі», – дейтін еді. Өкінішке қарай, ән тарихын егжей-тегжейлі тәптіштеп сұрамаппыз. Үлкен қателігіміз — бұл.

    Зәурештің әкесі Медет турасындағы байлам-пікіріміз осындай. Ән кейіпкерінің болмысын, тарихын тануға бұл да бір тірек болары сөзсіз.

    Әлгінде айтқан ек, Ерқожа Медетовтің жеке қолжазбалары арасынан «Зәуреш» әнінің 23 шумағы табылғанын. Бұны академик Ахмет Жұбановтың баршаға аян «Замана бұлбұлдары» атты еңбегінде жарияланған «Зәурештің» мәтінімен салыстыра қарағанда, жаңа нұсқаның 14 шумағы, бірен-саран сөздері болмаса, онымен бірдей екен, қалған тоғызы соны дүние. Енді сол айырмашылығы бар шумақтарды қаз-қалпында келтірейік. Онда былай делінген:

    …Күнінде жастың жеткен мидың толқып,

    Көңілге бітпес қайғы салғаныңб(а)-ай.

    Жолдас ет кешіктірмей иманымды,

    Қойғанша зар еңіретіп Алла мұндай.

    Жөнелттім дер күнінде ажарыңды,

    Тағдыр да жақын жазған ажалыңды.

    Басымнан қызық күндер ауғаның ба,

    Үш күндік жәрмеңкенің базарындай.

    Өтерін жалғаншының білмей қалдым,

    Өкпектің жазғытұрғы самалындай.

    Қызығын перзентімнің көрмей қалдым,

    Қымыздың күзгі сары саумалындай.

    Тап болып жанған отқа көмір болдым,

    Асқардың биік едім тауларындай.

    Туындай батырлардың бұлғақтауш(ы) ем,

    Басымнан сөйткен дәурен ауғаныңб(а)-ай…

    Жапанда терек едің біткен жалғыз,

    Көруге дидарыңды ынтазармыз.

    Айтыспай аман-есен ғапыл кеттің,

    Көруге соның үшін ұмтыламыз.

    Ұсынсам қол жетпейді биік жарға,

    Ісіне тағдыр қылған амал бар ма?

    Жақпады не қылығым құдіретке,

    Бір ие табылмастай мұнша малға.

    Ғибрат деп тыңдағанға жаздым кеңес,

    Біздерге өлең айту лайық емес.

    Алайда іш қасіретке толғаннан соң,

    Азырақ леп шығармақ айып емес.

    Замана жылдан-жылға азасың-ай,

    Қайғымен қалған ғұмыр озасың-ай.

    Мен біліп ақыреттің жазасын-ай,

    Тағдырдың мойынсұндым қазасын(а)-ай.

    Дүниені «пәни» дедім жалғаны үшін,

    Жақсының ғұмыры қысқа арманы үшін.

    Күйеуім Әлмұқамбеттен үмітім зор,

    Зәурені күтер ме деп аруағы үшін.

    Нұсқаны араб әрпіндегі қолжазбалардан көшіріп, қазіргі жазу үрдісіне түсірген Мақсұт Шафиғи есімді кісі екен. Мәтінге текстологиялық жұмыс жүргізу қажеттігі көзге ұрып тұр. Бұл шумақтарды Мұхит емес, Медеттің өзі шығарған сыңайлы. Себебі өлеңдегі сөз саптау Мұхит стилінен алшақтау жатыр.

    80-жылдардың басында республикалық эстрада-цирк – өнері студиясында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтен дәріс алып жүргенде, ол осы әнді меңгерту сәтінде тарихи оқиғасын қысқаша баяндай отырып, бізге сан қайталаған-ды: «Зәурешті» бала кезімде Шайқыдан, Шынтастан естіп үйрендім, жетпіс шақты шумақ еді, түгелін», – деп. Сонда шығарманың өте көлемді екенін аңдағанбыз. Бұны академик Ахмет Жұбановтың: « …Шынтас «Зәуреш» әнінің алпысқа тарта өлең шумағын бізге жазып берді», – деген сөздері бекіте түседі.

    «Зәурешті» біздің заманымызға жеткізушінің бірі әйдік әнші Шынтас Қаратаев-тын. Ол Қаратай сұлтанның Тілеу атты баласынан тарайды. Мұхит салмен немере, қасына көп ерген.

    – Мұхиттың немере інісі Шынтастан да әндер алдым. Жарықтық, шоқша сақалды кісі-тұғын. Мынадай ғана дауысы бар еді, – дейтін оған қатысты әңгіме қозғағанда Ғарифолла атамыз сұқ саусағы мен бармағының арасын екі елідей ашып көрсетіп. – Бірақ, әнді нәшініне келтіріп салатын.

    Шынтас 1884 жылы туған. Әкесі Шәймерден оны ауылдық орыс мектебіне береді. Ол мұнда бір кластық орысша білім алады. 1902 жылдан ақ пен қызыл дүрбелеңіне дейін писарьлық қызмет атқарады. 1917-1919 жылдары Қаратөбе поселкісінде Зәбиров дегеннің дүкенінде приказчик болады. 1919-22 жылдар аралығында Жақсыбай болыстық атқару комитетінің хатшысы, 1922-26 жылдар арасында ауыл-шаруашылық, кеңес мекемелерінде жұмыстар атқарады. Қырқыншы жылдар ортасында Алматыға келеді. Академик Ахмет Жұбановқа Мұхит сал жөнінде, әндер тарихынан мәліметтер береді.

    «…Мұхит әндерінің «қоймасы» сияқты адамның бірі Шынтас Қаратаев «Қыпшақты» Лұқбаның гөрі (Мұхиттың немересі, Шоң деген баласынан туған – Б.К.) кербез айтатын. Өлеңінің алдыңғы үш жолы бойы қысқа дыбысты, речитативке жақындатып, сөзіне көп мән бергендей болып келіп, қайырмасында екпінін жайлата, мелодиясын сағыздай созып (Шынтастың демі ұзақ болатын), еркелетіп барып бітіретін», – дейді А. Жұбанов. Шеберлігін осылай суреттейді.

    Көрген, тілдескен, араласқан куәгер екі үлкен тұлғаның сөздері Шынтас атамыздың әншілік деңгей-келбетінің зор болғанына көз жеткізеді һәм сол деректер арқылы кең тынысты әуенге құрылған, орындалу мәнері күрделі «Зәурешті» жеріне жеткізе салғанын бағамдаймыз.

    Шынтас әнші 1948 жылы дүниеден өтеді. Алматыда жерленеді. Ташкент көшесі бойындағы зиратта екен.

    Айшуақ ханның бір нәсілі, Ақтөбе қаласының тұрғыны, Қамбар Медетовтің інісі Тасболаттың жамағаты Айсұлу Сүйінғалиқызы: «Шынтас та іліккен кәмпескіге. Содан оны Ембіге жіберген (Ақтөбе облысы – Б.К.). Сонда біраз жыл тұрды. Соғыс кезінде үйіміз Жамбылда еді. Бізге ара-тұра келіп кететін ол. Сырт көзге көп түспеуге тырысатын», – деп еді бізге.

    Ұрпақтары бар. Шынтас турасында тың мәліметтер іздестіріп, сонда ұлы Аумат ақсақалмен сөйлесіп, мақсатымызды айтып ек: «Ол кісі жөнінде көп жазылды ғой», — деді. Әрі қарай жылы рай танытпады.

    Шыңдығында Шынтас әнші жайында дерек тым тапшы. Арнайы жазылған зерттеу жоқ. Сүйенер тірегіміз – А. Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» еңбегіндегі оның қысқаша ғана өмірбаяны. Өкінішті жайт. Ұрпағы аздың өзін көп көріп отырса, не шара?!

    Мұхиттың шәкірті осы Шынтас Қаратаевтың өз қолымен жазып беріп кеткен, кейін А. Жұбановтың сілтеме жасалынып, тілге тиек етіліп отырған еңбегіне енгізілген сол «Зәурештің» мәтінін түгелдей ұсынайық.

    1. Қарағым, сенің үшін елден келдім,

    Баяғы өзің көрген жерден келдім.

    Сен неге мен келгенде тебіренбейсің,

    Иіскеп бір сүйейін деген едім.

    2. Құланның түзде көрдім шоқырағын.

    Қайыңның жаста көрдім жапырағын.

    Сен қалған отыз ұлдан жалғыз Зәуреш,

    Бір уыс бұйырмады топырағың.

    3. Жақын дос бір-біріне сыр айтады,

    Атасы баласына шын айтады.

    Айрылып жалғызымнан қалғаннан соң,

    «Көке» деп енді мені кім айтады!

    4. Ойлап ем мен келгенде шығар ма деп,

    Атаңның хал-ахуалын сұрар ма деп.

    Қозғалмай өзгелерге жатсаң-дағы,

    Орныңнан менің үшін тұрар ма деп.

    5. Рухың білген шығар келгенімді,

    Оқыдым мінәжаттан білгенімді.

    Басыңды мен келгенде көтермедің,

    Жалғызым жаңа білдім өлгеніңді.

    6. Қайғының жаңа жеттім қиынына,

    Сел болды көзім жасы қойыныма.

    Құшақтап қабіріңді біраз жаттым,

    Еркелеп асылар деп мойыныма.

    7. Сақталмас болат пышақ қын болмаса,

    Өтірік неге керек шын болмаса.

    Зарланып саулы інгендей мен келгенде,

    Басыңды бір көтерші тым болмаса.

    8. Сен едің таудан аққан бұлағым-ай,

    Тағдырдан өміріңді сұрадым-ай.

    Отыздан жалғыз қалған балам едің.

    Шыныңмен кеткенің бе, шырағым-ай.

    9. Көңілімді тұра алмадым елде тыйып,

    Бір құлаш қалқам жатыр жерге сыйып.

    Көзің бар жанарындай құралайдың,

    Кім көмді бұл орынға көзі қыйып.

    10. Отырмын әйет оқып аттан түсіп,

    Шыдамай мезгіл-мезгіл қабір құшып.

    Көрмесем бір сағат та төзбеуші едім,

    Ғайып боп кеткенің бе қолдан ұшып.

    11. Еліме Медет атым болды дәріп,

    Кезінде айттым билік бұзып-жарып.

    Таянышым ұзақ болмай сен де кеттің,

    Сияды жалғыз басым қайда барып.

    12. Дүние мына жалған кеттің қырын,

    Пендеге кім де болса перзент шырын.

    Ажал оқ саған деген маған жетіп,

    Алдыңда мен өлсемші үш күн бұрын.

    13. Жайнаған жай тасындай көзің қайда,

    Сыймадың қыз да болсаң қу маңдайға.

    Көкеңнің еңіреп қалған халін білсең,

    Күнінде қияметтің орын сайла.

    14. Ақ бетің айдын көлдің алабындай,

    Қасың бар молдалардың қаламындай.

    Алдыңнан тағдыр құдірет жарылқасын,

    Кешікпей мен де артыңнан барамын-ай.

    Шығарма шұрайлы. Көркем. Тіліміздің қаймағы бұзылмаған сонау дәуірде, жиын-той, басқа да жағдай кезінде бір ауыз өлеңді табан астынан шығарып айта алмайтын қазақ болмаған. Әйтсе де «Зәуреш» – ақындық дарыны мол жанның шығармасы. Мұхиттікі. Шедеврдің тууына себеп – оның қайғылы оқиғаға тікелей куә боп, Медеттің қаралы халін көзімен көруі, сай-сүйекті сырқырата зарланып шығарған сөздерін құлағымен естуі. Солай деп санаймыз. Басқалай жөні жоқ. «Көзің бар жанарындай құралайдың», «Жайнаған жай тасындай көзің қайда» деген тармақтар бар өлеңде. Мұхит соған қарағанда, Зәурештің нұр сипатты жамалына қанық тәрізді. «Ақ бетің айдын көлдің алабындай, Қасың бар молдалардың қаламындай», – дейді тағы бір жолдарда. Зәуреш көркіне тоқталу әкесінен гөрі жасы шамалас әнші Мұхитқа, ақын Мұхитқа тән. Біреудің атынан жоқтау шығару – қазақта бар ғұрып. Бәрімізге белгілі. Мысалы, келіні Меңешке шығарып берген Аралбайдың жоқтауы, т.б. дәлел.

    Айта кету керек, Медеттің өз жанынан шығарған шумақтарды ел кейін Мұхиттың осы нұсқасымен араластырып жіберген сияқты. Бұл екі вариантты салыстыра қарағанда, өлеңдердің сөз өрнегінен аңдалады.

    Мұхит әндерін нотаға алғаш түсіріп, хаттап кеткен кісі А. Затаевич еді (1869-1936). Музыкант. Мәскеуде, Петроградта тұрады. 1920 жылы көктемде Орынборға келеді. Осында тұрақтап, қаржы-есеп саласында, халық ағарту бөлімінде жұмыс істейді. Концерттік топтың аккомпаниаторы болған. Көп ұзамай А. Затаевич қазақ халқының ән – күйлерін жинай бастайды. Небір марқасқа жайсаңдармен жүздесіп, олардан талай мұралар жазып алады. Сонда Мұхиттың немересі Ғұбайдолламен де танысады. Ғұбайдолла сол кезде Орынборда оқып жүрген-ді. Ол жөнінде этнографтың өзі мынадай айқын мәлімет қалдырған: «Ғубайдолла Мухитов (1891-1942 – ред.), внук знаменитого уральского баяна Мухита, в 1920-1921 годах состоял курсантом Оренбургской кавалерийской школы командного состава вместе с Т. Аймурзиным, С. Жумагуловым, С.Д. Исхаковым, и др., а затем был краскомом в Ташкенте. Серьезный и спокойный, чрезвычайно дисциплинированный человек, хороший знаток песен своего прославленного деда, которые передает академически точно, красиво и характерно хотя и не обладает для этого достаточно сочным голосом. К моей работе Мухитов во время относился с большим сочувствием , и Уральская группа настоящего сборника обязана ему многими чрезвычайно ценными сообщениями, выдвинувшими его в ней на первое место», — дейді.

    Затаевич Ғұбайдолланың өз аузынан «Зәуреш» әні хикаясын естіп, тыңдап, нотаға түсіріп алады. Ғұбайдолланың қызы Әсияның куәландыруынша, ол өте сауатты кісі екен. «Алаш Орда» партиясының идеясына қолдау білдіріп, қызмет еткен. Кейін жазықсыз жазаланады. Ағасы Мұсаның қуынуы арқасында түрмеден босап шығады. Орыс тілі мен әдебиеттің маманы екен. Соғыстың алдында Көкшетауда мектеп директоры болған. Ол 1896 жылы туып, 1944 жылы дүниеден өткен.

    Арғы тегі – Әбілқайыр хан. Одан Нұралы. Нұралыдан – Қаратай сұлтан. Қаратай сұлтаннан – Еркін. Еркіннен – Мералы. Мералыдан – Мұхит. Мұхиттан он бес бала өреді. Оның ішінде Шоңнан (Мұқаметжан) – осы Ғұбайдолла. Туған, өлген жылдары турасында қайшы деректер бар. Қаратөбелік Жаулыбай Қосыбаев: «Ғұбайдолла (Құбай) Мұхитов (1895-1944) – мұғалім, Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданында мұғалім боп жүріп, ауырып, қайтыс болды», – дейді. Ал Затаевичтің жоғарыдағы түсініктемесіне редакция тарапынан енгізілген мәлімет – цифрлар басқаша. Дұрысы – Ә. Ғұбайдоллақызынікі.

    Ғарифолла Құрманғалиевтің орындауында өнертанушы ғалым, профессор Б. Ерзакович «Зәуреш» әнін нотаға түсірген. Шығарманың құрылыс – сипаттамасына тоқталып өтейік енді.

    Дарақ суреткер сал Мұхит «Зәуреш» әніндегі дыбыстар жүйесінің құрылымын әрқилы ладтық тізбектерге құбылта құрған. Өлеңнің «Уа, Зәуреш!» деген алғашқы бунағы жоғарғы регистрдегі ащы үнмен басталды (Ғарифолла Құрманғалиев. Мұхиттың әндері. «Дастан» дыбыс жазу студиясы Алматы. 2001 жыл). Динамикалық дәрежесінен күрсініс табы (соспирандо) аңдалады. Мелодияда «Сенің үшін елден келдім» делінген сөздер биік шыңға одан әрі шырқай созыла көтеріліп, ферматаға ұласады.

    Сал Мұхиттың дыбыстарды бұлай құрудағы әдіс-тәсілі, диапазонның ең жоғарғы нотасына шығуы – Медеттің ішкі сезімін, күйік-шерін, зарпын бейнелеу, яғни қаралы әкенің қасіретін тыңдаушыға қапысыз жеткізу. Шыңылдаған өткір үн бақытсыз жанның ащы зарын береді. Көңіл-күйдің қайғылы психологиялық жайын Мұхит әрі қарай басқаша шеберлікпен сомдаған. Мысалы, «Айнамкөзде» әуен сазы АБАБ түрінде қайталанып отырады. Ал «Зәурештегі» әр фразада әуез қайталанбайды, зарлы саз соны дыбыстар тізбегімен өрбіп, толығып отырады.

    Соңғы тармақтағы мұңлы, қайғылы (долэнтэ) үнге өксік тәрізді леп қабаттасып тәмамдалады. Әр шумақта ол осылай қайталанып тұрады. Бұдан Мұхиттың психологиялық болмысының бір қырын, яғни эмпатияға қабілеттілігін танимыз. Мұны ғылыми анықтамада былай деп ашып көрсетеді: «Эмпатия (латын сөзі, мағынасы «әсерлену») – өзге адамдардың жан дүниесінің сыры мен күй-жайын білу қабілеттілігі және оған жанашырлық білдіру. Эмпатия… өзіндік мән-мағынасы бар ерекше сезім. Эмпатияның айқын көрінісі – сәйкестендіру; адамдар өзгелер қайғы-қасіретті жағдайлар мен қиыншылықтарға ұшырағанда, оларға жанашырлық білдіріп, солардың ауыр психикалық жай-күйін өз басынан кешіргендей халде болуы».

    Суреткердің шығармадағы басты идеясы – трагедиялы жағдайды бәдіздей келіп, дүниенің өткіншілігіне, баянсыздығына көз жеткізу, көңілге ой түсіру.

    Әуеннің үзіндісі сайын жаңадан қосылып отырған тың әуездердің өзара гармониялық үйлесімділігі, байланысы әннің эстетикалық күшін өсіріп, эмоционалдық қуатын байытқан. Қоғамдық санаға айналуының ұйытқысы болған.

    Маңдайына сызылған азғантай тірлік-өлшемі таусылып, бұл фәниден Зәуреш ай жүзін жасырған мезгілде Ырғыз даласы өзгеше күйге еніпті. Айналаны мұнар бүркепті. Азынай жел соғыпты. Ақ боз үйлер теңселіпті. Құрақтар жапырылыпты. Көлдегі қулар сыңсып шер тартыпты. Оған Медеттің зары қосылыпты. Ботасынан адасып желмая боздапты…

    «Зәуреш» әні – Ұлы шығарма. Қазақтың әлеуметтік-психологиялық болмысын танытатын, Ырғыз топырағынан өрлей көтеріліп кең жайылған – Дала Реквиемі…


    Бөрібай Кәртен

     

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Әнші Әміре – балаша өкпелегіш болған

    Әкем ғалым Әсілхан Оспанұлы айлық алған сайын кітап дүкеніне барып жаңа басылымдар сатып алатын. Бір ...