• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Өнер » «Күлтегін» мультфильмін көруге асығыңыздар!

    «Күлтегін» мультфильмін көруге асығыңыздар!

    Толықметражды анимациялық «Күлтегін» мультфильміндегі негізгі кейіпкерлерді еліміздің театр және кино актерлері дыбыстаған. Олардың қатарында: Қазақстанның халық әртісі Нүкетай Мышбаева, Мерей Әжібеков, Динара Әбікеева және Филипп Волошин бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ға сілтеме жасап.

    Сонымен қатар көптеген голливудтық фильмдерді қазақ тіліне дыбыстаған актерлер мен отандық танымал жас актерлер Рамазан Амантай («Бизнес по-казахски»), Әлихан Байсұлтанов («Семья Базарбаевых») қатысқан. Режиссердің айтуынша, отандық актерлер тарихи кейіпкерлерді дыбыстауды аса жауапкершілікпен жасаған.

    – Тарихи кейіпкерлерді дыбыстауда актерлер бар күшін салып жұмыс істеді. Жалпы бәрімізге де «Күлтегін» фильмі баға жетпес тәжірибе берді. Жиырмаға жуық еліміздің үздік компьютерлік графика және анимация мамандары жұмыс істеді. Бір жылдың ішінде ғана жасап шығардық. Бұл халықаралық стандарттар бойынша өте аз уақыт. Алайда, бар күшіміз бен жанымызды  салып жасап шығарған бұл туынды кішкентай көрермендермізбен қатар, барлық қазақстандықтардың көңілдерінен шығатынына сенімдімін, – деді режиссер Адай Әбілдинов.

    – Мультфильм кейіпкерлерін дыбыстағанды қатты ұнатам, өйткені осында ғана дауыстың көмегімен кейіпкеріңнің образын жасай аласың. Кейіпкердің мақсатын, ерекшеліктерін және астарлы әрекеттерін дауыс қана береді. Бұл ретте актер көптеген техникалық машықтармен қарулануы тиіс. Мен үшін мультфильмде жұмыс істеу – үлкен тәжірибе жинау деген сөз, – деді бала Күлтегінді орыс тіліне дыбыстаған  Филипп Волошин.

    – «Күлтегінді» көрген кезімде оның голливудтық мультфильмдерден еш кем түспейтінін байқадым. Мен бұл мультфильмде Білге Қағанның бала кезін дыбыстадым. Дубляждағы тәжірибем көп болмаса да, бұл дыбыстаудан ерекше ләззат алдым. Өйткені, менімен бірге досым Әлихан Байсұлтанов дыбыстауға қатысты. Ол Күлтегінді дыбыстады, – деді Рамазан Амантай.

    ҚР Мәдениет және спорт министрілігінің тапсырысы бойынша жас режиссер-аниматор Адай Әбілданың қолынан шыққан аталмыш тарихи анимациялық туынды көшпенді халықтардың басын біріктіріп, Ұлы көшпенділердің дәстүрін жалғастырған түрік қағанатының даңқты әскери қолбасшысы Күлтегіннің жастық шағы туралы баяндайды.

    Естеріңізге сала кетейік, мультфильм 22 қарашадан бастап еліміздің барлық кинотеатрында прокатқа шығады.

    “ҚазАқпарат” агенттігі

     

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Той емес, ой қуған Төлеген

    Ғылымнан, оқытушылықтан кейін қарай сырғыңқырап, қазақтың ұлттық өнеріне, оның ішінде, ақындық пен жазушылыққа, дәстүрлі әнге ...