• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Өнер » «Дударай» әнінің шығу тарихы хақында

    «Дударай» әнінің шығу тарихы хақында

    Халқымызға кеңінен тараған осы бір әннің талай рет дау-дамай туғызғаны тегіннен-тегін емес. Шындығына келгенде, қандай да халықтың болсын тегіне де, геніне де тығыз байланысты болып келетін рухани дүниені басқа халық өкілінің жасай алмайтыны рас. Оны жасағанымен, бәрібір жасанды екендігі көрінеді де тұрады. Ал мына әнде Дудар деген қазақ жігітіне Жагорқызы Мәриямның білдіретін сезімі де, махаббаты да, тіптен айтатын сөздері де мүлде қазақша, Мәриям мүлдем қазаққа айналып кеткен сияқты әсер қалдырады. Бұл жердегі ең бір таңғаларлығы – төңкеріске дейін шыққан осы әнде әртүрлі мәдениетке жататын қазақтар мен орыстардың арасындағы айырмашылық, үйлеспес жағдайлар, т.б. жөнінде бірде-бір сөз жоқ. Тым құрымаса, олардың ата-аналарының қарсы болғандықтары да байқалмады. Осыған қарағанда, бұл жағдай екі халық бір-біріне жақындасып, азды-көпті араласып, өзара түсініскеннен кейін болған тәрізді. Соның өзінде де, қанша жақындасып, бауыр басып кеткенімен, ұлт арасындағы драматизм бола береді. Ал әнде бұл байқалмайды. Бірақ кеңес заманында сол кездегі идеологияның ықпалымен мұны халықтар достығы деп дәріптеп, Мәриямды композитор етіп шығарды. Ол жайында поэма да, опера да жазылды. Талай-талай үлкен жиналыстарда осы жағдай дәріптелді. Соның соңы қазақтардың орысша жазуына әкеп соқты. Бұл жердегі басты қисын «қарапайым орыс қызы қазақша ән шығара алатын болса, қазақтар неге орысша жаза алмауға тиіс» дегенде еді. Әрине, бұған Мәриямның еш кінәсі жоқ. Жас адамның бір-бірін ұлтына, еліне қарамай жақсы көре беруі деген оған дейін де болған. Осы арада өткен ғасырдың алпысыншы жылдары шығарылған шешен шайыры Раиса Ахметованың «Болса да ұлтым – шешен, елім – қазақ» деген бір өлеңі еске түседі. Мұнда үлкен шындық жатыр. Тарихта әртүрлі себеппен саяси одақ құрып, бір мемлекет, бір елдің туының астына жиылып, кейіннен тарап кеткен түрлі тайпалар баршылық. Сондай тұстары жасалған әдебиет те жетерлік. Мәселен, XIX ғасырдағы орыс әдебиетін жасағандар – әртүрлі ұлттың өкілдері. Оның рухының негізінің орыс халқынан қашық жатқандығы да сондықтан. Бұл – шын мәнінде, орыстың ұлт әдебиеті емес, орыс тілінде жасалған әдебиет қана. Мұның кеңес дәуіріне де қатысы бар. Әрине, сөз өнерінде әртүрлі тәсілмен мұның бәрін сездірмеуге болады. Бірақ бұл адам жаны мен сезіміне тікелей әсер ете¬тін музыка өнеріне келгенде көрініп қала береді. Осы тұрғыдан қарағанда, «Дударай» әнін ешкім де жатсынған жоқ, керісінше, оны қазақтың халық әні ретінде қабылдады. Сонда Мәриям Жагорқызы осы әнді шығарған ба?
    Бұл жерде көңілге бір түрлі күдік келтіре беретін жайт — онымен соғыстан соңғы жылдары Алматыда арнайы кездескен музыка зерттеушісі Б.Ерзакович жарытып ештеңе демейді. Тіпті Дудар деген кім, ол қазір бар ма, қай жерде тұрады, олардың кейінгі тағдыры қалай болды? Бұл жайында да бір ауыз сөз жоқ. Егер де, шындығында, осындай бір махаббат бола қалған жағдайда, бәрі неге сонша тұманды? Не құпия бар?
    Бір ескерерлік жайт – осы әнді халық аузынан жазып алған А.Затаевич те ол жөнінде жұмған аузын ашпайды. Ол бар-жоғы: «Дударай» – одна из любимейших казахских песен, представленной в «1000 п.» четырьмя вариантами, под N114, 475, 533 и 897, а в настоящем сборнике — N130 и 235. Из них приводимый вариант Кашаубаева пользуется наибольшей популярностью», – деп жазады. Ол бірақ та әннің шығу тарихына тоқталмайды. Бұл арада мыңнан астам ән мен күйді жинаған кісінің басқа әндерге кеңінен тоқтала тұрып, мына әнге келгенде жақ ашпайтыны қызық-ақ. Сол кезде бұл әннің қазақ сахарасына кеңінен тарағандығы соншалық, Арқа елінің азаматтарымен қатар оның бір нұсқасын А.Затаевичке Ғ.Мұратбаев та беріпті. Осындай алты нұсқаның ішіндегі бүгінгі күні біз білетін нұсқаға ең жақыны – нотаға түскен кездегі майда-шүйде дәлсіздіктерді ескермегенде, Ә.Қашаубаевтың аузынан жазып алғаны. Бір қызығы, Мәриям мен Дударай жөнінде, ол әнді кімнен естігені, кімнен үйренгені, кімнен алғаны, т.б. жайында сол кездің әншісі Әміре де тіс жармайды. Егер де ел арасында сирек кездесетін сондай оқиға бола қалса, орыс қызы арнайы ән шығарса, ол туралы Әміренің білмейтіні несі? Тіпті бұл жағдай басқаша бола қалғанда да атақты әншінің ләм-мим демейтіні қалай? Керісінше, бұл деген қандай да өнерпаздың әнді айтар алдында әңгіме ететін нәрсесі емес пе? Өкінішке қарай, осы ән жөнінде кезінде хатқа түскен дерек осымен ғана шектеледі. Рас, кейінгі бір замандарда өткен ғасырдың отызыншы жылдарында қолдан «Стальский», қолдан «Пушкин» жасағанымыз сияқты қолдан бір-бір «композитор», «кадет корпусын бітірген сал-сері» жасау да, халық әндерін жоқтықтан шыққан жомарттықпен әркімге үлестіріп беру де болмай қалған жоқ. Соның кебін «Дударай» әні де киді. Бірақ та ондай «жаңалық ашқыштардың» шатқаяқтаған дәлелдері мен қисындары ешкімді онша иландыра қоймады. Бұл арада Дударай мен Мәриямның замандастары ашып айтпаған, не хатқа түсіріп дерек қалдырмаған дүдәмалды жайттың басын аша қоюдың қиын екендігін айта кеткен жөн. Жалпы, оның керегі де шамалы. Ең бастысы, бүгіндері мұның бәріне анық жауап таба алмасақ та, өз заманында осындай бір музыкалық дүниенің болғандығына, оны халық арасына кеңінен тарағандығына, сөйтіп, оны әу басында шығарған кісінің аты ұмытылып, оның шынайы халық әніне айналып кеткеніне куәміз.
    Бүгіндері «Дударайдың» нотаға түскен музыкалық мәтініне қайтадан үңілсек, көп нәрсені аңдауға болады. Оның формасы, жасалу жолы мен тәсілі, мелодияның өрбуі, әуеннің өрістеуі, музыкалық периодтың шумақпен бітіп қана қоймай, қайырмада әрі қарай жалғасуы, интонация мен тембрдің қазақылығы, олардың байырғы әндерімізге тән екендігі, «баяндау», яғни «эпос» пен лиризм элементтерінің астасып келіп отыруы, олардың бір-біріне етене кірігіп кеткендігі соншалық, олардың жай көзге онша анық болып біліне де бермейтіндігі, бір жарым октаваға жетерлік диапазон, кең тыныс, табиғи мажор әуездігі, кейде үшінші жақ пен бірінші жақтың араласып келіп отыруы маман кісінің өзін таңғалдырады.

    Ең бастысы, Шарқының «Ләйлә-Мәжнүні» мен «Таһир-Зуһрасының» араларында болған асқақ, романтизмге толы махаббатын қарапайым орыс қызы мен қарапайым қазақ жігітінің басынан кездестіргеніміз – тосын жағдай. Әсіресе, «қор болып, бір жаманға кеткенімше, алдымнан қазулы көр табылсайшы» деген жолдарды оқығанда Мәриямның көңілі мен сезімінің шынайылығына, ықыласының ыстық екендігіне, махаббатының мөлдірлігіне еріксіз сенесің. Бұл – көрсеқызарлық та, жыл өтпей жатып суып қалатын сүйіспеншілік те емес, «он алты-он жетіге жаңа келген» орыс қызының шынайы жан сыры, қалтқысыз көңілі. Өзі – түбі тереңде жатқан тұнық бір дүние. Бұл жерде ескеретін басты нәрсе – сол сезімді мына нағыз қазақы әннің шартымен шығарылған дүниенің артығымен жеткізіп жатқандығы.

    Басқа ұлт өкілінің, мың жерден «қазақтанып» кетсе де, мынадай өнер дүниесін шығара қоюы екіталай.
    Осы арада мыңнан астам ән-күйімізді жинап, халқымызға өлшеусіз, ұшан-теңіз қызмет еткен, орасан зор еңбек сіңірген зиялы кісі А.Затаевичтің: «Мелодии казахских песен имеют гармоническую основу и периодический склад, в отношении коего характерным является двукрат¬ное повторение главного предложения, вмещающего в себе четверостишие, вслед за которым песню заключает припев, или короткий, или более, или менее распространенный, излагаемый в той же или в побочной тональности. Припеву этому, обыкновенно, предшествует широкая, выдержанная фраза…», — деп жазғанын еске ала кеткен орынды. Бұл – қарапайым тілмен айтқанда, «қазақ әндерінің дені өлшемі жағынан 11 буынды боп келетін 2 өлең жолы мен қайырмадан жасалады» деген сөз. Үшінші, төртінші жолда алғашқы екі жол қайталанады. Содан кейін кәдімгі қайырма басталады. Осыған орай музыкалық сөйлем құрылады. Көбіне мұндай әндерде әуен алғашқы екі жолда дамып, өрістеп барып, өз шарықтау шегіне жетіп тынады. Бұл, тіл ғылымымен салыстырғанда, кәдімгі салалас құрмалас сөйлем сияқты. Рас, кейде оның сабақтасып келіп, күрделі сөйлем құрайтын кездері де кездеседі. Бірақ период, қарапайым тілмен айтсақ, музыкалық мәтіндегі абзац онша күрделі бола бермейді. Бұған біздің кез келген әніміздің құрылысы, жасалу жолы мысал бола алады. Мәселен, «Жайдарман» мен «Сәулем-ай» – осы тектес. Біздің көп әнімізде шумақ формасы жиі кездесе бермейді. Тіпті құрылысы мен жасалу жолы жағынан күрделі деп жүрген «Гауһартасымыздың» өзінің алғашқы үш жолының әуені жай қайталау ғана, мелодия төртінші жол мен қайырмада ғана басқаша ыңғайда дамып, өрбиді. «Секіртпе» әні де осы ыңғайда шығарылған. Халық мұндай құрылысы күрделі, диапазоны кең, «қиын» әндерді онша айта да қоймайды. Ал формасы жағынан бұлардан да күрделі, бұлардан да «қиын» «Дударайды» ықыластанып айтады. Мұндай периоды күрделі, алғашқы екі жолда ғана қайталанатын, күрделі сабақтас сөйлем шартымен құрылған мелодиясы үшінші жолда дамып, қайырмада одан әрі жалғасатын күрделі шығарманы халықтың әнші-композиторларының өзінен де таба қою қиындау. Бұл – бір. Екіншіден, осындай тамаша ән шығарған белгілі халық композиторының басқа әні неге жоқ? Егер «Дударайды» Мәриямның өзі немесе басқа біреу шығарған болса, олар неге композиторлығын әрі қарай жалғастырмаған? Бұдан бөлек «бұл өзі бұрыннан бар халық әуені емес пе, оған мәтіні қайтадан шығарылған жоқ па» деген күдік те туады. Мұндай жағдайдың бола беретіні бізге ертеден мәлім. Тіпті осы әнді Әміреден жазып алған А.Затаевичтің өзі әншінің екінші шумаққа келгенде, «Балқадишаның» сөзін айтқанына таңғалады. Осы арада оның: «…как определить в безбрежнем море казахского песеннего творчества, где оригинал и где его варианты? Услышит казах новую для него песню какого-нибудь акына, понравится она ему, и понесет он ее в свой, может быть, и очень отдаленный ауыл, — понесет таково, как подскажет ему память и чуткость музыкальной воспримчивости, Кое-что перезабудет, кое-что изменит по личному вкусу, подставит другие слова, и вот уже вариант готов!» — дегені еске түседі. Міне, осындай сұрақты музыкалық мәтінге үңілгенде, мыңдап қоя беруге болады.
    Кең тынысты ән әуені орташа екпінмен «Мәриям Жагор деген орыс қызы» деп асықпай басталады. Дударға ғашық болған Мәриямның өз сөзі емес, мұны белгісіз автор үшінші жақтан баяндайды. Содан кейін келетін: «Он алты-он жетіге келген кезі» деген екінші жолда да баяндау, қыз жөнінде сыртынан хабарлау, ақпар беру бар. Осыған сәйкес бір-бірін қайталайтын осы екі жолдың мелодиясында да лиризмнен гөрі «эпизм» басым. Сол екі жолға тиесілі, квинта ауқымынан шықпайтын, сабырлы әуенді ұзақтау етіп созуға да, тіпті фермата белгісін қоюға да болады. Мұны әннің хатқа түскен нұсқасына үңілгенде анық көруге болады (нотаға түсірген біз, – Б.А.):
    Мұнда асықпай басталған әуен доминантаға келіп аз ғана тыныстайды. Содан кейін мелодия доминантадан екінші октавадағы «до» дыбысына барып, «ре»-ге жетіп, кері қайтады да, драматизмді күшейте түсіп, «сондағы Мәриямның айтқан сөзі» дей келе, таза субдоминантаның қасиеті байқалатын VІ басқышқа келіп тұрып алады. Сөйтіп, алғашқы екі жол мен соңғы үшінші, төртінші жол контраст сияқты болып сезіледі. Бағанадан бері Дудар деген жігітке ғашық болған Мәриям дейтін орыс қызының бар екендігі жөнінде сырттай ғана мәлімет алған біз енді орыс қызының ішкі сырына, бөлекше бір интимге куә боламыз. Бізді лиризмі де, ыстық ықыласы да, сүйіспеншілігі де, оның температурасы да анық байқалатын: «Дударайым дудым, бір сен үшін тудым» деген жолдар бірден баурап ала қояды. Мұндағы «бір сен үшін тудым» деген жол бізге «мен сендікпін өлгенше» деген сияқты етене жақын болып естіледі. Оған себеп – әннің үшінші жақтан баяндалуы. Егер ән Мәриямның өз атынан, «мен Дударға ғашықпын», т.б. деп басталса, біздің «бұл қалай» деп ойланып қалуымыз да мүмкін. Бірақ осы баяндау қалпы екінші, үшінші шумақта сақтала бермейді. Оларда мәтін үшінші жақтан бірінші жаққа еркін өтіп кетіп, ән мәтінінің біртұтастығы бұзылып, мелодиядағы «баяндау» ыңғайы еріксізден ішкі сырға, интимге, лиризмге ауысып ала қояды. А.Затаевичтің «… в громадном большинстве казахских песен мелодия и текст не составляет нераздельного целого, не зависят один от другого, и на данный напев казах — свободно распевает разные песни…» дейтіні де сондықтан. Осы мәтіндегі ала-құлалыққа қарап, бұл әнді шығарған кезде оған әр адамның қатысқандығын, өз таңбаларын қалдырғандығын байқаймыз. Сол себепті де бұл жеке бір кісі шығарған әннен гөрі авторы әлдеқашан ұмтылып қалған, оны кемелдендіруге талай адам қатынасқан кәдімгі халық әнін еске түсіреді.
    Жалпы, бұл ән – монолог емес. Мәтінде кездесетін «ащы көл, тұщы көл» деген сөздерден шығарманың жағрафиясын аңдай қою да қиын. Тек қана «орныңа орыс, қазақ таласып жүр», «қолында Мәриямның өткір қайшы», т.б. деген жолдардан замана ыңғайын, уақыт шамасын сезуге болады. Әрі-беріден соң бұлар да шартты. Оларды кейінгі авторлардың қосуы да мүмкін. Бұл жерде ең басты ескерерлік жайт – бірінші және екінші жолда қайталанатын әуеннің келесі жолдарда өрбіп әрі қарай дамып, қайырмаға жетерде толық каденцияланбай, әлі де жалғасының барлығын сездіріп тұрып алатыны. Содан кейін келетін қайырманың әуені – шумақтағы әуеннің заңды жалғасы. Сөйтіп, шумақ пен қайырма өзгеше бір куплет формасын жасап, үлкен период ретінде көзге түседі. Ал мұндай нәрсе халық әндерінде жиі кездесе бермейді. Бұған қарап отырып, сазгердің композиция жасауда әбден төселгендігін, белгілі бір музыкалық фразаны өрбітіп, түрлентіп, дамыта алатындығын, секвенциямен таныс екендігін, диатониканың, табиғи мақамның қыр-сырын жақсы білетіндігін, жалпы, ән шығаруда тәжірибесінің көп екендігін анық байқаймыз. Тағы бір назар аударарлық жайт – мелодияның соншалықты қазақылығы, орыс мелодиясы әсерінің жоқтығы. Егер бұл әнді Мәриям шығара қойған жағдайда ол шығармаға бойына ана сүтімен сіңген әуеннің, тым құрығанда, оның кейбір штрихының, интонацияның, тембрдің, т.б. әсер етпей қоюы мүмкін де емес. Мұны ескермегенде,

    Мәриям Дударға аса «қазақша» ғашық, оның «орысқолдылығы» сезілмейді. Одан тыс, өткен ғасырдың бас жағында қазақтардың өздері «астыма мінген атым –генадушка» деп, «нан сұрап» жейтін орысша білгеніне мақтанып, ауыл қыздарына қыр көрсетіп жүргенде, орыс романстарына еліктеп, оларға жаңадан мәтін шығарып айта бастағанда, қарапайым орыс қызының қазақ әні мен өлеңінің ырғағы мен өлшемін осыншама жақсы біліп, қазақ мелодиясының үрдісімен формасы аса күрделі туындыны шығара қойды дегенге сене қою қиын.

    Біздікі – қазақ мелодиясын зерттеп жүргенде басқа түскен дүдәмалды айту ғана. Бұл жерде, кім шығарса, сол шығарсын, формасы күрделі, әуені композицияның осы заманғы техникасының шартымен дами, өрби алған, түрі мазмұнына сай, гармониялық негізі мен музыкалық период жасай алатын ыңғайы бар, халқымыздың ән саласындағы бір інжу-маржаны ретінде есептелінетін «Дударай» атты классикалық дүниенің барлығын мақтаныш еткеніміз жөн. Оған мына туынды, қай жағынан алсаң да, лайық.


    Бегілдә АЛДАМЖАР, «Ана тілі».

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Әнші Әміре – балаша өкпелегіш болған

    Әкем ғалым Әсілхан Оспанұлы айлық алған сайын кітап дүкеніне барып жаңа басылымдар сатып алатын. Бір ...