• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Өнер » Дәлел Уәш: Әннің ұлттық нақышына нұқсан келтірмейік

    Дәлел Уәш: Әннің ұлттық нақышына нұқсан келтірмейік

    «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, жастарды өнер мен білімге баулыған оқытушылардың еңбегі ерен екені даусыз. Ұлағатты ұстаздықты кәсіп еткен, бүгінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының жеке ән салу кафедрасының меңгерушісі, доцент, талантты сазгер-әнші, Мәдениет қайраткері Дәлел Уәшпен әңгімелесудің сәті түскен еді.

    – Дәлел аға, өзіңіздің өмір мен өнер жо­лыңызды оқырман қауымға аз-кем таныстырып өтсеңіз…
    – Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ау­данына қарасты Қарабұлақ деген ауылда туып-өстік. Сонда орта мектепті тамамдаған соң әскерге кеттік. Ресейдің бүгінгі Самара қаласында азаматтық парызымды өтедім. Ол жақтан келген соң Өскемен қаласындағы музыкалық училищеге түстім. Атаулы оқу ор­­нында жеке ән салудан білім алдым. Он­да 1985-1989 жылдары оқыдым. 1988 жы­лы Қызылжарда республикалық музы­ка­лық училищелер арасындағы вокалистер бай­­қауына қатысып, лауреат атанған жа­йым бар. Алматыдағы Құрманғазы атын­да­ғы Қазақ ұлттық консерватория­сында Қа­зақстанның халық әртісі Шахмардан Әбі­ловтің класында оқыдық, кейін сонда ас­пирантурада қалып, Ғазиз Есімовтің кла­сында тәлім алдық. Аспирантурада оқи жү­ріп, студенттерге камералық ән салу бо­йынша сабақ та бердім. Осы күні Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында жұмыс істейтін Жанболат Жұмағазин, Қалқаман Қабышев тәрізді дүлдүл әншілер сол кезде менен дәріс алған еді. 1997 жылы күйші-ком­по­зитор Секен Тұрысбеков «Ақ жауын» атты фольклорлық ансамбль құрып, мен сонда солист болып қызмет атқардым. 2000 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына келдім. Осында табан ау­дармай қызмет еткеніме он жылдан асып қалыпты.

    – Өзіңіз басқарып отырған жеке ән салу кафедрасының тыныс-тіршілігі қан­дай? Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай нендей іс-шаралар атқарылуда?

    – Мұнда Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, мәдениет қайраткері Гүл­дана Сапарғалиева, профессорлар Мақ­сұт Жүнісов, Құрманбек Байқуатов, до­цент Людмила Павловна тәрізді білікті ұс­таздар жұмыс жасайды. Бүкіл ел болып Тә­уелсіздігіміздің 20 жылдығын тойлап жа­тырмыз ғой. Біздің кафедрамыз да бұл тойға үлкен жетістікпен келіп отыр. Студент­те­ріміз жылдан-жылға өнерлерін ұштап, биік белестерден көрінуде. Соның бір айғағы ретінде Тәуелсіздіктің 20 жылды­ғына орай академияда «Білімгерлер жетіс­тігі» деген атпен студенттер өнерінің он­күн­дігін өткіздік. Оның ішінде жеке ән салу ка­федрасы «Өнерліге өріс кең» атты кон­цертін берді. Онда шәкірттеріміз ән салып қа­на қоймай, қолынан келетін барлық өне­рін ортаға салды. Олар домбыра, фор­те­пиано, саксофон тәрізді әртүрлі аспап­тар­мен сахнаға шықты.

    – Бүгінгі жастардың өнерге деген құш­­тарлықтарын, қабілет-қарым­да­рын қалай бағалайсыз?

    – Шапшаңдықты талап ететін компью­тер ғасыры емес пе? Сондықтан қазақ жас­тарының білім деңгейі өсіп келеді. Ал өнер саласында да олар құралақан емес. Ұс­таз ретінде біз өзіміздің ұлттық ән­де­рі­міз­ге көбірек көңіл бөлуге тырысамыз. Бағдарла­мамыздың өзі ұлттық бағытқа не­гіз­делген. Асыра айтқаным емес, Темірбек Жүр­генов атындағы Қазақ ұлттық өнер академия­сы­ның сту­дентте­рі қазақылығымен, қазақ ті­лін жақ­сы білетін­дігімен ерекшеленеді. Құр­ман­ғазы атын­дағы Қазақ ұлттық кон­сер­­ва­ториясы ән­шілер арасында рес­пу­бли­ка­лық деңгей­дегі олимпиада ұйым­дас­тырды. Кон­серва­то­рияда вокальдан ар­найы ма­ман­дық бе­реді, ал біздің негізгі мақ­сатымыз – театр әртістерін әзірлеу. Со­ған қарамастан біздің балаларымыз лау­реат атанды.

    – Ұлттық әуендеріміз бен талантты өнер­паздарымыз батысқа еліктеген әншісымақтардың көлеңкесінде қалып қойып жүргендей көрінеді…

    – Қазір не көп, әнші көп. Дарынсызда­рын сы­нап, айтып жатсақ та, аяқтарын ке­йін тар­тар емес. Тіпті күннен-күнге кө­бей­ме­се, ке­митін түрі жоқ. Жауыннан кейінгі са­­ңы­рауқұлақтай қаптаған әншілердің есім­­де­рін, түрлерін есте сақтап үлгер­мей­міз. Ком­пью­тер көмегімен өндеп, бір-екі ән жазады да, «жұлдыз» болып шыға ке­ле­ді. Ондай «жұл­дыздардың» көптігінен ән­­нің дәмі ке­тіп қалды. Сосын олар Батысқа еліктеп, қа­жетсіз меллизмдерді орынсыз қо­сады. Сөйтіп, қазақтың ұлттық нақышын бұ­зып ән айтады. Қазіргі жастар сөзге мән бер­­мейді. Не айтып тұрғанын өздері біл­мей­ді. Ән мәтіндерінде мағына жоқ, жай ғана «сөздердің жинағын» айтады. Бір үлкен үйлену тойда жас әнші Мұхиттың «Зәу­­ре­шін» орындап тұр. «Зәуреш» – жоқ­тау ән. Ол – шешектен қайтқан отыз ұлы, со­­сын жал­ғыз қызы Зәурешінен айы­рыл­ған әке­нің зары. Соны бұл үйлену тойында ай­тып тұр. Екі жастың қуанышында жоқтау ән­ді қалай орындауға болады? Эстрадалық ән­­дердің неге ғұмыры қысқа? Жарқ етіп шық­­қаннан кейін бір жылдан соң ұмы­ты­ла­ды. Классика – мәңгілік. Ондағы ән сөзі мен әуені мазмұндас келеді. Эстрадада күй­­дім-сүйдім, өлдім-талдым деген сөздер кө­­ңілді ырғақпен айтыла береді. Ел соған би­лейді.


    Әңгімелескен: Арман СЕРІКҰЛЫ.

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Әнші Әміре – балаша өкпелегіш болған

    Әкем ғалым Әсілхан Оспанұлы айлық алған сайын кітап дүкеніне барып жаңа басылымдар сатып алатын. Бір ...