• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Өнер » Бүгінгінің сал-серілері ән салды

    Бүгінгінің сал-серілері ән салды

    Дәстүрлі әндердің елімізде көп шыр­қа­луы қоғамның қы­зы­ғу­шылығынан туындап отыр. Әсіресе осыдан екі-үш жыл бұрын қазақ қоғамы дәстүрлі әндерге пәс назармен қараған болса, бүгінде кейбір әншілер ол әндерді пост­мо­дернистік реңкке бояп, халыққа қайта ұсынды. Дәстүрлі әндерге қоғамның қызығушылығы артып, ол жанрда ән айт­қысы келетіндердің қа­тары толысты. Ке­ше Қазақ ұлттық кон­сер­ваториясының ұйым­дас­тыр­ған кеші – сөзіміздің бұл­тартпас дәлелі.

    Қазақ музыкасының қара шаңырағы – Құр­манғазы атындағы Қазақ ұлттық кон­сер­ваториясы халық әні кафедрасының ұйымдастыруымен ҚР Жазушылар ода­ғы­ның әдебиетшілер үйінде Жаяу Мұсаға – 175 жыл, Үкілі Ыбырайға – 150 жыл, Мәди Бапиұлына 130 жыл толуына арналған «Сал-серілер ізімен» атты кеш өтті. Кон­сер­ватория ұстазы Сәуле Жанпейісова бастаған топ Дүйсенбек Өмірәлиев, Ардақ Исатаева, Еркін Шүкіманов, Тілеулес Құр­ман­ға­лиев­тер қостаған шәкірттер дәстүрлі әндердің қазақ руханиятындағы орнын көрер­мен­дерге және бір рет дәлелдегендей. Халық әні кафедрасының түлектері Ерлан Рыс­қали, Абзал Қуанышұлылар да дәстүрлі ән­дерді шырқады. Халық әні кафедрасының меңгерушісі Сәуле Жанпейісова:

    «Жаяу Мұса өмірге келген Баянауыл, Үкілі Ыбырай өмір кешкен Көкше жері, Мәди өмірге кел­ген қасиетті Қарқаралы – қазақтың ең сұлу да шұрайлы жерлері. Мұндай қасиетті то­пы­рақта өмір сүрген адамдардың әнші, ақын болмауы мүмкін емес. Сол Баян­ауыл­дан қан­шама ақын-ғалымдар, сұлу Көкше жері­нен қаншама әншілер, қасиетті Қар­қаралы жерінен қаншама батыр шықты» деп сал-серілердің ғұмырына тоқталды.

    Сал-серілердің тағдырын баяндаған әнші Сәуле Жанпейісова: «Жаяу Мұсаның жер аударылуына байланысты Әлкей Марғұлан мынадай дерек келтіреді.

    «Жаяу Мұса Құдай­бергенов дейтін көңіл жетер адам­ның үйінде қонақ болып отырғанда II Алек­сандр патшаның суретін көреді. Патша десе, төбе шашы тік тұратын ол сол жерде суретті алып жыртып тастайды.

    Мұндай сәтті пай­да­ланған бай-болыстар «Мұса Байжанов бас­сыздық іс жасады, патшаның арын аяқ­қа басты» деп дереу дала генерал-гу­бернаторына жеткізеді. Ызадан жарыл­ған губернатор өзінің жендеттеріне Мұса Байжановты дереу Баянауылдан Омбыға дейін жаяу жеткізуге бұйрық береді. Пат­ша­ның жендеттері Жаяу Мұсаны әбден шар­шаған күйі патшаның алдына жет­кі­зе­ді» деп Мұса Байжановтың қалайша «Жаяу Мұса» аталып кеткеніне тоқталды.

    Ақан-сері, Жаяу Мұсалардан тәлім алған Үкілі Ыбырай сал-серілік жолды ұстанып, ел ішін әнге бөлеп, ит жүгіртіп, аң аулап, құс салған. 1930 жылы 70 жастағы Ыбырайды Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік саяси баспанасының қаулысы бойынша «үштік колхоз құрылысына қарсы үгіт-наси­хат жүргізді» деген желеумен ату жаза­сына кесіп, мал-мүлкін конфискациялау туралы үкім шығарған. Алайда кейін бұл шешім өзгертіліп, Қиыр Шығысқа жер аударылды деп Ыбырай Сандыбайұлының да қалайша «Үкілі Ыбырайға» айналғанын көрер­мен­дер­ге әнші Сәуле Жанпейісова паш етті.

    Сәуле ЖАНПЕЙІСОВА, халық әні кафед­ра­сының меңгерушісі, әнші:

    – Биыл Жаяу Мұса бабамыздың 175 жылдығы. Ол кісінің туған жері Пав­лодарда мерейтойы тойланды. Үкі­лі Ыбырайдың 150 жылдығы, бірақ ол кі­сіге арналған салтанатты кештердің ұйымдастырылмай жүргендігі бай­қа­ла­ды. Ал Мәди Бапиұлының 130 жыл­дығына орай ол кісінің туған жерінде, Қара­ған­дыда республикалық әншілер байқауы өтті. Ал рухани астанамыз саналатын Алматы қаласында мұндай тұл­ға­ла­ры­мыздың ескерусіз қалуы мүмкін емес деп осы шараны қолға алып отырмыз. Осы сал-серілердің өне­рін наси­хат­тайтын орталық бұл жақ­та жоқ. Біздің консерваторияның халық әні ка­фед­расы аталған сал-серілердің өнерін на­си­хаттап жүр. Бір жағынан өнер­лі жас­та­рымызды сахнаға тәр­бие­леп, екінші жағынан дәстүрлі әндердің қазақ руха­ниятындағы орнын наси­хат­тау – басты мақсаттарымыздың бірі.


    Сейілбек АСАНОВ,

    «Алаш айнасы».

    Пікір жазу

    Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

    *

    x

    Check Also

    Ерлан Төлеутай: Жыл таңдауы дегенше құл таңдауы десеңші!

    Жүрегім ауырып, жаным күйзеліп отыр. “Хабар” арнасынан жаңа ғана “Жыл таңдауы – 2018″ деген сайқымазақ”концерт” ...