• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Өнер » Қазақ биі – бидің төресі

    Қазақ биі – бидің төресі

    Би… Бұл — үлкен өнер. Ал үлкен өнерді адамның тек көзбен көріп қана қоймай, жүрекпен сезініп, түйсінетіні ақиқат. Егер де біз, халқымыздың арғы-бергі тарихына терең зер салсақ, би өнерінің сонау ықылым заманның өзінде-ақ, қазақтың ұлттық өнерінің бір бұтағына айналғанын айқын аңғарамыз. Міне, осыны түйсінбеген кейбіреулер бұл күндері «әсте, қазақта би болмаған, қазақ биі жүре келе, кейінгі жылдарда пайда болған» деп сәуегейлік айтуға тырысады. Міне, сондықтан да бүгін біз «шын мәнінде, қазақ халқында би өнері болған ба, жоқ па?» деген сауалға нақты жауап іздеуге тырыстық.

    Би өнері қазақтың қанына жа­қын. Сондықтан да болар, Шара Жиен­құлова, Гүлжан Талпақова, Дәурен Әбіров, Зауыр Райбаев, есімі жер жаһанға мәшһүр болған көр­некті балетмейстер Болат Аюханов сынды бірқатар бишілеріміздің сонау социализм жылдарының өзін­де ұлтымыздың би өнерін дү­ние­жүзіне танытып қана қоймай, әлем­­дік сахнада өнер көрсетуі — бұл пікіріміздің нақты дәлелі. Ол — ол ма, қазақ халқының өзге ұлттардан бір ерекшелігі, ол өзінің би өнері ар­­қы­лы күнделікті тұрмыстағы ты­ныс-тіршілікті дөп басып бейнелей білген. Мысалы, сонау ғасырлардан бү­гінгі күнге жеткен «Өрмек биі», аң­шылар өмірін сипаттайтын «Қоян биі», әзіл-сықақ пен күлкіге құрыл­ған «Аю биі», сондай-ақ өмірдің өзі­нен алынған «Насыбайшы», «Ор­теке», «Тепеңкөк», «Қоян-бүркіт» «Қа­ражорға» секілді билердің бар­лығы дерлік халқымыздың күнде­лік­ті тұрмысының би болып өрілген сипаттамасы. Бір ерекшелігі, қазақ халқы ежелден ән айтып жүріп би билеген, би билеп жүріп ән айтуға машықтанған. Бұл да болса, қазақ би өнерінің өзіндік айырмашылығы. Бұған қоса, той-томалақтарда қа­зақ­тың қыз-келіншектері мен жігіт­тері би өнері арқылы сайысқа түсіп, жеңімпаздарға ұлттық дәстүр бойын­ша сый-сияпат көрсетіліп, жол-жоралғы жасалып отырған.
    – Мен «қазақта би өнері бол­ма­ған, бұл халыққа кейіннен жеткен» деген сықылды алып-қашпа сөздер­мен ешқашан келіспеймін. Бұл қа­зақ халқының тарихы мен мә­де­ние­тін бұрмалап көрсетуге тырысып жүр­ген қайсыбір айтқыштардың дүдә­мал, кержақ пікірі. Дүдамал дейтінім, мұндай пікірдің шын­дық­пен он қайнаса сорпасы қосыл­май­ды. Демек, шындыққа мүлде жа­нас­пайды. Өнерге бір қадам жақын бол­ған соң, осыдан біраз жыл бұ­рын біраз уақыт би өнерін бірсы­пыра зерттегенім бар. Сонда таң­ғал­ғаным, басқаны былай қойғанда, қазақ халқының батырлары да биге өте жақын болған. Олай дейтінім, сол батырларымыздың жауын же­ңіп, жеңіспен елге оралып келе жат­­қанын қарапайым ауыл адам­дары олардың биі арқылы танып біл­ген. Биі арқылы дейтінім, әдетте қа­зақ батырлары жауды ойсырата жеңіп, елге таяп қалғанда, анадай жерден аттарынан түсіп, ауылға қа­рай «Бүркіт» биін билеп келетін бол­ған. Осылайша, олар ауылға жақ­сы хабарды жеткізе білген. Бұл, әрине, тек қазақ халқына ғана тән нәрсе, — дейді семейлік «Алтын адам» атанған өнер зерттеуші Серә­лі Мұхамедсадықов.
    Шындығында, қазақ би өнерінің түп-тамыры сонау ғасырлар қой­науын­да жатыр. Оның үстіне, жо­ғарыда айтқанымыздай, халқымыз өзінің ұлттық би өнері арқылы қа­зақы тұрмысқа берік енген әдеп-ғұрыптар мен алуан түрлі тәрбиелік бағыттағы іс-әрекеттерді бейнелеп қана қоймай, сондай ұлағатты һәм сындарлы өнерді жастардың бойы­на сіңіре білген.

    Қазақтың би өнері туралы ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «Біздің қазақ халқы дарынды, өнер­паз халық, ән, күй деген мұра­мыз­да шек жоқ. Ал бұл қазақ хал­қында биден қалған мұра өте аз. Жаңа ұрпақ осы биді қолға алғаны жөн. Менің байқауымша, осы өнер­ге талпынып жүрген Шара (Ш.Жиен­құлованы айтады. Ж.М.) сияқты жастар бар көрінеді. Одан бір нәрсе шығатын түрі бар. Ал қай өнерді ал­сақ та, опера болсын, музыка теат­ры болсын, оның бәрі бисіз бол­майды.

    Қазақтың мидай да­ла­сы… Көкпарды көз алдыңызға елес­тетіп көріңізші. Бәйгені көр­діңіз бе? Жорғаның жүрісін көрдің бе? Міне, осының бәрі қимыл-қоз­ғалыс. Аттың желісі, жәй жүрісі, сыл­быр жүрісі, шабыс жүрісі осы­ның бәрі би емес пе? Би. Қазақтың күйін тыңдап көріңіз, қандай әуен иірімдері, ырғақтар жатыр. Қол өне­рі, ағаш үйдің өзі, ою, кілем тоқу, өрмек тоқу, ши орау, осының бәрі қимыл, осының бәрін ойлап, му­зы­касын тауып, күйін тауып сәй­кестірсең, би болып шығады, — деп қазақ биінің өмірдің өзінен алын­ғандығын алға тартқан-ды.
    Ең өкініштісі, көршілес қытай қазақтарынан шекара асып келген буын биі — «Қаражорғаны» біздің еліміздің тұрғындары жаппай билей бастағанда, «бұл қазақтың биі емес, кірме би. Қайдағы бір ұлттың биі, бізге қажеті шамалы» деп сәуе­гей­лік айтқандар да кездесті. Алай­да ұлттық би, дәлірек айтқанда, қаза­ғына қайта оралған «Қаражорға» биі өзінің өміршеңдігін сан ғасыр­дан кейін қайтадан дәлелдеді. Бұл да болса, қазақ би өнерінің мәңгі өш­пейтін өнер екендігінің дәлелі. Бір қуаныштысы, кеше бізбен ха­барласқан Алматы облысы, Қарасай ауданының «Райымбек» ауылындағы орта мектептің директоры Тұрсын­бек Әзімбаев «біздің Кенен Әзір­баев атындағы орта мектептің оқу­шы­лары мен ұстаздар қауымы сабақ аралық үзілістерде денені ширатып алу мақсатында — «Қаражорға» биін билеуді әдетке айналдырды. Себебі кешеден бүгінге жеткен осындай ұлттық биіміз біздің шәкіртте­рі­міз­дің сүйіп орындайтын биіне ай­нал­ды» деп қуана хабарлады. Бұл — қазақ биінің бидің төресі екендігін айқын көрсетсе керек!.. Сондықтан да біз мектеп басшысының қуаны­шына: «Бәрекелді, ұзағынан сүйін­дірсін!» деген тілек қостық біз. Қа­лай десек те, көк байрағымыз ас­пан кө­гінде желбіреп тұрғанда, «Қа­ра­­жорға» секілді ұлттық бай­лығы­мыз­­дың ғұмыры да ұзағынан бол­­­­­ғай!


    Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ,

    «Ақйын».

     

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Әнші Әміре – балаша өкпелегіш болған

    Әкем ғалым Әсілхан Оспанұлы айлық алған сайын кітап дүкеніне барып жаңа басылымдар сатып алатын. Бір ...