• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Өнер » Ардақ Исатаева: Өмірдегі әкем — Бекмұрат, Өнердегі әкем — Бекболат

    Ардақ Исатаева: Өмірдегі әкем — Бекмұрат, Өнердегі әкем — Бекболат

    – Ардақ, сізді Құрманғазы атын­­дағы қазақ ұлттық кон­се­рва­ториясы Халық әні кафедра­сыны­­­­­­ң аға оқытушысы ретінде жақсы бі­ле­міз. Бұған қоса Мәдениет қай­раткерісіз. Әншілік қырыңыз да ешкімнен осал емес. Өнер және өмір жолыңыздың қалыптасуына негіз болған, ықпал еткен кісі­лер…
    – Менің өнерге келуіме се­беп­кер болған ең алдымен ата-анам. Одан кейін алғаш 7 жа­сым­да көрші Хадиша апайдан Нұр­ғиса Тілендиевтің «Ата тол­ғауын» үйренгенім есімде. Анам­ның айтуы бойынша, одан ерте­рек айқайлап ән айтатын кө­­рі­немін. Бірақ ол қылықтарым жадымда аса сақталмапты. Өзім өнерге деген қызығушы­лығым­ның оянғанын осы 7 жасымнан бастап есептеймін.
    3-сыныптан бес жыл туған жерім — Жамбыл облысы, Сары­су ауданы, Калинин ауылындағы музыкалық мектепте дәріс алып, 1993 жылы Ленин атындағы ор­та мектепті бітірдім. Мектеп қа­бырғасында жүрген кезде оқу­шылар арасындағы, аудандағы мәдени іс-шараларға көп қаты­сатынмын. Сарысу ауданы Мә­де­ниет үйінің директоры Рәтбек ағайымыз мектепке келіп, менің дауысымды тыңдап, аудандық деңгейдегі концерттерге жиі шы­ғаратын болды.

    Ал мені өнер жолына баулып, тікелей ұйытқы болған бірден-бір адам ол — мектеп директоры, балалар жа­зу­шысы Пернебай Дүйсенбин еді. Ол кісі Жәнібек Кәрменов, Ақселеу Сейдімбековтермен ара­ласып, қатар жүрген, үзең­гі­лес достарының бірі. Сол Пер­небай ағайым мені еңбек, дене шынықтыру сияқты сабақтардан босатып, өзінің кабинетіне кір­гізіп алып, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Жәнібек Кәрменовтердің пластинкасын тыңдатып қоятын. «Сенің алда­ғы мақсатың — осы кісілердің әнін айтып, ізін жалғастыру бо­лу керек. Халық әні мен халық композиторларының мұраларын насихаттауға тиіссің» деп ертелі-кеш халық музыкасына бағыт­таудан шаршамайтын.

    Бірақ шыны керек, ол кезде ұлттық классикалық өнерді аса түсіне бермейтінмін. Өйткені біздің өңірде Арқа, Сыр, Жетісу, Батыс мектебі сияқты әншілік мектеп қалыптаспаған. Үйрететін де ешкім жоқ. Әйтеуір өз бетімше халық әндерін, Майлықожаның термелерін, Алтынбек Қораз­баевтың көпшілікке танымал, теле-радиодан естіп жүрген шығармаларын орындаудан ас­пай­тынмын.
    Ең алғаш шыққан үлкен сах­нам — Тараз қаласында өткен Ке­нен Әзірбаев атындағы облыстық оқушылар арасындағы байқау болды. Ойламаған жерден үшінші орын алып, осы сайыстан кейін Пернебай ағай «Сен қалайда Құр­манғазы атындағы консерва­то­рия­ға оқуға түс. Ол жерде Жәнібек Кәрменов жұмыс істейді. Сол кісіден тікелей сабақ алуың керек» деп күнде құлағыма құйып отыра­тынды шығарды. Өкінішке қарай, мен 11 сыныпқа көшкен жылы Жәнібек Кәрменов өмірден өтті. Бәрібір, бір жылдан кейін сол кісі сабақ берген, жұмыс істеген ка­федраға құжат тапсыр­дым. Бек­болат Тілеухан ағамыз жаңадан консерватория бітіріп, оқыту­шылық қызметке қалып жатыр екен. Қабылдау сынағын Қайрат Байбосынов ағамыз алып, «Дауы­сың жақсы екен. Кішкене тәрбие­леп жіберсек, сенен түбінде жақсы әнші шығады» деп мені Бекболат ағаның класына «Арқа мектебіне» бөлді. Сөйтіп, бес жыл консер­ва­торияда оқыдым. 2-курс­тан бас­тап Бекболат аға мені Ал­матыдағы концерт-фестиваль­дерден қал­дыр­ған емес. Ешқашан жанынан тастамайтын. Тіпті апта сайын той­ларға шығарып, топтың ал­дында ән айтқызатын. Мұның бәрі сахнаға төселіп, елдің алдына емін-еркін шығуыма, кәсіби ән­ші­лік өнерді меңгеруіме оң әсер етті. Қазір ойлап отырсам, сол кездегі концерттердің көптігінен жан-жағымызға қарайлауға ша­мамыз келмепті.
    Бекболат аға әлі күнге кездесіп қалған жерде «Ардашок» деп өзіне тартып, жылы ұшырап тұрады. Өзім әкеден ерте айырылған адам­мын. Өмірдегі әкем — Бек­мұрат болатын болса, өнердегі әкем — ұстазым Бекболат Тілеу­хан.
    – Бір кездері «Гүлдер» ансам­білінде жұмыс істедіңіз. Бұған да Бекболат ағаның көмегі тиді ме?
    -1997 жылы соңғы курста оқып жүріп, Бекболат ағаның ай­туымен Президент оркестрінде бір жыл жұмыс жасадым. Келесі жылы Қарағанды қаласында Жү­сіпбек Елебеков атындағы І рес­публик­алық конкурс ұйымдас­тырылып, тағы да сол Бекболат аға­мыздың кеңесімен, ағалық ақылымен барып қатысып, 1 орын иелендім. Байқау аяқ­тал­ғаннан кейін қазылар алқасы­нын­да отырған профессор Есмұ­хан Обаев «Сен бала өзі қайда оқисың?» деп сұрады. Мен «Кон­серваторияны енді бітірдім» деп едім, «Жұмысың бар ма?» деді. Жоқ екенін жасырмадым. Содан не керек, «Болашағы бар, өсіп ке­ле жатқан бала екенсің. Сені «Гүл­дер» ансамбліне жұмысқа тұрғызайын» деді. Қуанып кеттім. Алматыға келгеннен кейін Есмұ­хан аға уәдесін жұтпай, жұмысқа орналастырды. Онысымен қой­май «Тұратын жерің бар ма?» демесі бар ма? Жаңа оқу бітірген жас маманда пәтер қайдан бол­сын?! Жағдайымды білген соң, мәдениет қызметкерлеріне арнал­ған жатақханадан бір бөлме алып берді. Сөйтіп, ойламаған жерден жолым болып, «Гүлдер» мемлекет­тік ансамблінде 7 жыл тер төктім. 2000 жылы Бекболат аға «Мен Ас­танаға қызметке бара жатырмын. Сені консерваториядағы орныма ыңғайлы деген сеніммен ұсыныс жасап отырмын. Үмітімді ақтар­сың деп ойлаймын» деп шақырған соң, сөзін жерге тастамай, осында келдім. Содан бері 11 жыл өтіпті. Бастапқыда екі жылдай «Гүлдер» мен консерваториядағы жұмы­сым­ды қатар алып жүрдім.
    – «Гүлдерден» кетуге не себеп болды?
    – Негізі, «Гүлдерден» кетем деген ойым болған жоқ. Жасым отызға енді толғанда басшылық тарапынан «Өз еріктеріңізбен арыз жазыңыздар. Орындарыңыз­ға жастар келсін» деген ашық әң­гімелер айтылды. Бірақ ешқандай өкініш жоқ. Оқытушылық қызме­тім де жаман емес. Талай шәкірт тәрбиелеп шығардым. Алды та­ны­мал болып үлгерді.
    – Атап айтқанда, олар кімдер?
    – Ең бірінші шәкіртім — Ерлан Рысқали. Қазір Т.Жүргенов атын­дағы өнер академиясында сабақ береді. Халықаралық, республи­калық байқаулардың жеңімпазы. Одан кейін Перизат Тұрарова, Астанадағы Президенттік мәде­ниет орталығында, сондай-ақ Әй­герім Нартүйеева Чайковский атындағы Алматы музыкалық кол­­леджінде, Талғат Әбуғазы Жү­сіпбек Елебеков атындағы эс­трада және цирк колледжінде жұ­мыс істейді.
    – Шәкірттеріңізден ең бірінші нені талап етесіз?
    – Ең бірінші әнді бұзбай, бұр­маламай, өз қалыбында орында­ғандарын қалаймын. Ұлттық клас­сикалық өнерді эстрадамен араластырып, жөн-жосықсыз «был­ғаудың» қажеті жоқ. Дәстүрлі ән өз дәрежесінде, өз деңгейінде, өз биігінде айтылуы керек. Кейбір балалар «дәстүрлі әнді әуелі ха­лыққа жетуі үшін эстрадаға қосып тыңдатсақ» деген ойларын айта­ды. Мен бұған түбегейлі қарсы­мын. Ешкімге де мұндай кеңес бер­мес едім.
    Өзімді қатал, қабағын аш­пай­тын мұғаліммін деп айта алмай­мын. Бауырларыма қалай қарасам, студенттеріме де солай қараймын. Бірақ бетімен жіберіп те қоймай­мын. Керек жерінде еркелетіп, керек жерінде талап етемін. Қазір оқып, үйреніп, игеріп алмаса, ертең үйлі-баранды болғаннан соң, «кейін керек уақытында жа­сап аламын» деу бекер әурешілік. Уақытында жасалмаған дүние, уақытында іргетасы қаланбаған білім, кейін миға қонады дегенге сене бермеймін. Жас кезіңде жинаған қор, жатталған репертуар өмірбойы азық болары сөзсіз. Жалпы, балалардың талабы, аяқа­лысы жаман емес. Консерва­тори­я­ны кезінде 7-8 бала ғана бітірсе, қазір 14-15 балаға дейін қабыл­данады. Соның асып кетсе, төрт-бесеуі ғана өз орнын табады. Қал­ғандары той қуалап, басқа жолмен кетеді. Бір әттеген-айы, осы. Кең­ес үкіметі кезінде қолы бос адам болмаушы еді, қазір керісінше жұмыс істейтіндерден «екі қолға бір күрек таппай», бос жүргендер көп. Жастар арасындағы жұмыс­сыздық жанға батады.
    – Шығармашылық кешіңізді қашан тамашалаймыз?
    – Осы уақытқа дейін бір кон­церт өткізген емеспін. Оның қа­шан жүзеге асатыны да белгісіз. Жеке шығармашылық кеш өткізу­ге әншілік жағынан қауқарым жет­кенімен, қаржылық тұрғыда қауқарым жетпейді. Өзіме-өзім продюсермін. Өзіме-өзім демеу­шімін. Әндерімді өз қаражатыма жаздыртып, киімдерімді де өз тапқан тиын-тебеніме тіккіземін. «Қаржы жағынан көмектесіңіз» деп ешкімнің алдынан өткен жоқ­пын. Өткім де келмейді. Концерт қою үшін жарнама жасап, афиша шығарып, залды жалға алып, билетті де өзің сатуың керексің. Маған дейін де концерт қойған аға-апаларымыздың кешіне ха­лық жиналмай жатқанын көріп жүрміз. Зиялы қауым болса да тө­бе көрсетпейді. Топырлаған мек­теп оқушысы мен студенттің ал­дында есеп бересің. Осыны көріп отырып, ойланасың. Көзсіз баты­рлыққа бара алмайсың. Жеке концерт қоймасам да Құдайға шүкір, өнерде өз орным бар. Ха­лықтың алдында жүргеніме он бес жылдан аса уақыт болыпты. Жыр­шы Ұлжан Байбосынова екеу­міз Американың ең ірі он штатында, Испания, Италия, Франция, Қы­тай, Сингапур, Гонконг және ТМД елдерінде өнер көрсетіп, республиканың түкпір-түкпірін араладық.
    2001 жылы үнтаспа шығарып, біраз әндерімді тыңдармандарыма ұсынған едім. Құдай бұйыртса, осы жылдың аяғында тағы бір диск шығарғым келеді. Елу шақты әнім дайын тұр. Оның барлығын бірдей жарыққа шығармасам да, шамама қарай міндетті түрде бір альбом қолдарыңызға тиетін бо­ла­ды. Жалпы, шығармашылық кеш, альбом дегенде айтпай кетуге болмайтын тағы бір үлкен мәселе бар.
    – Қандай?
    – Мәселен, бізде корей, орыс, ұйғыр, неміс театрлары бар. Оған Абай атындағы опера және балет театрын қосыңыз. Әркім өз ұлт­тық өнерін, мәдениетін, әдет-ғұ­рып, салт-дәстүрін дамытып, өр­кен­детіп, өз алдына отау тігіп отыр. Бірақ қазақтың ән-күйін дәріптейтін, көнеден келе жатқан құнды жыр-дастандарын ұлықтай­тын Ұлттық классикалық өнер орталығы жоқ. Неге? Біз өз өне­рі­мізді өркендететін, ешкімнен тентіреп, арендаға зал сұрамай­тындай өз ошағымыз, өз ғимара­ты­мыз, өз концерттік залымыз ашылса деп армандаймыз. Есігі­нің алдында «бүгін пәленшенің концерті екен ғой» деп көлденең кетіп бара жатқан кісі көз тоқ­та­тып қарайтындай жарнамамыз ілініп тұрса, шетелдіктер келіп көріп, біріміздің әнімізге, бірі­міз­дің күйімізге таңдай қағып кетіп жатса, жаман ба? «Бүгін кімнің ке­ші екен?» деп халық іздеп, сұ­растырып жүрсе, дәстүрлі өнердің қарқынды дамуы деген осы емес пе? Тәуелсіздік алғанына 20 жыл толған егеменді елдің әлі күнге Ұлттық классикалық өнер орта­лы­ғының болмауы қалай? Осы жайттарға жоғары жақтағы құзыр­лы орындар ойланса екен!
    Бір телеарнаны дәстүрлі өнер­ге беріп қойсақ та артық етпейді. Корей, ұйғыр, татар халықтары азаннан-кешке дейін ұлттық өнерін, қолөнерін насихаттап жа­тады ғой. Біздің олардан неміз кем? Жалғыз «Қазақстан» арна­сында бір-екі бағдарламамыз бар. Оның өзінің жұмыс істеуіне кейде шек қойылады. Ұлттық классика­лық өнер орталығымен қатар, қан­ша арна болса, солардың әр­қай­сысында ұлттық өнерге қатыс­ты бағдарламалар ашылуы міндет деп білемін.
    – Үкіметтік деңгейдегі концерт­терге жиі шығатын әншілердің бірі­сіз. Осы ұсыныстарыңызды жауап­ты мекемелерге жеткізудің сәті түспеді ме?
    – Үкіметтік концерттерге көп шығамын деп айта алмаймын. Кейде ұйымдастырушылар «Жас қыздар керек» деп іздеп жатады. Сыпайылап «Сіздер сахнаға шы­ғып жүрсіздер ғой» дегенге кел­тіреді. Әрине, жастардың шық­қа­нына қарсы емеспіз. Бірақ әнші 25-30 жасында кәсіби түрде қалыптасып, толысып, кемеліне келеді. Сахнадағы тәжірибең ұл­ғая­ды. Әнге деген көзқарасың өзгеріп, дауысың да әбден орнық­қан уақытта, керек болмай қала­тының жаман. Қазір мен 35 жас­тан астым. Нағыз ән айтатын кезіміз ғой. Адамның жасына ем­ес, кәсіби шеберлігіне көңіл бөлу­дің орнына, «Түрі қандай, фигура­сы қандай?» деген де әң­гіме айтылып қалады. Ол жерде қыз сынын өткізгелі жатқан еш­кім жоқ қой. Білген адамға бұл маған емес, өнерге жасалған қиянат.
    Ол аз десеңіз, бір жарым сағат­тан асатын үлкен концерттерде дәстүрлі өнерге 10-15 минут-ақ беріледі. Сол уақыттың ішінде 4-5 қыз шығып, халық әнін орындап, бір оркестр күй тартып, дом­бырашылар тобы поппури ойнап үлгеруі қажет. Төрт-бес әнді бір шумағы мен бір қайырмасын ғана қайырғанда бес әніңіз, екі жарым ән болып шығады. Не басы жоқ, не аяғы жоқ. Одан да әр мектептен кезектестіріп, екі әншіден шақы­рып, бір-бір әннен толықтырып орындатпай ма? Осындай дүние­лер қарнымды қатты аштырады. Жоғарыдағылар мұны өздері көр­мейді, төмендегілер айтса, екінші концертке жолатпайды.
    – Осындай келеңсіздіктерге жабырқап қалатын сәттеріңізде кім­дерге жүгінесіз? Кімдермен сыр­ла­сып, кімдердің пікіріне құлақ асасыз?
    – Көзі тірісінде марқұм Қар­шыға аға «Сенен үлкен үміт күте­мін» деп қатты қолпаштайтын. Мұхиттың әні «Айнамкөзді» ке­зін­де Күләш Байсейітова оркестр­мен орындаған екен. «Соны мен оркестрге түсіріп, сен шырқасаң» дейтін. «Аға, менен басқа да «Ай­намкөзді» айтып жүрген апай­лары­мыз көп қой» деген сөзіме, «Сенің орындағаныңды қалай­мын. Бірге жасайық осыны» деуші еді. Асанәлі Әшімов, ақын Жа­рыл­қасын Аманов және өзге де бетке ұстар азаматтар үнемі «Ай­на­лайын» деп арқамнан қағып жүреді. Дегенмен, әншінің өзіне ешқашан көңілі толмайтын тәріз­ді. Мүмкін, өзін кереметпін деп ойлайтындар бар шығар, мен «бол­дым-толдым» деп айта алмай­мын. Ескі үнтаспаларды тыңдап отырып, «Шіркін-ай, неге мен осы аға-апаларымыз сияқты айт­паймын» деп ойланып қаламын. Сондайда өнерде бірге жүрген достарым «Әркімнің өз орны бар» дегенде сабама түсемін. Еркін Шүкіманов, Тілеулес Құрман­ға­лиев, Ұлжан Байбосынова, Мұрат Әбуғазы сынды әріптестерім өне­ріме қатысты сын-ескертпелерін немесе жақсы лебіздерін білдіріп жатады. Оның барлығын ес­ке­ре­мін. Бір-біріміздің артықшылы­ғымызды айтып, кем-кетігімізді жанашырлықпен түзейміз. Маған сын айтқан адамға ешқашан «өзің­ді жөндеп ал» деген емеспін. Ал орынсыз артық кетіп бара жат­қан­дар болса, орнына қоямын.
    – «Сегіз қырлы» ойын-сауық бағдарламасында қатысушыларға кейде батырып, кейде мерейін асырып, көтермелеп жатасыз…
    – «Сегіз қырлы» бағдарла­ма­сында қазылар құрамында отыр­ғаныма екі жылдан асты. Басында Арқа мектебінен Қайрат ағамыз төрелік ететін. Ол кісі отырған жерде әділетсіздік болмайды. «Ақ деге­ні алғыс, қара дегені қарғыс». Қайрат аға қызмет бабымен Ас­танаға ауысқаннан кейін Сағатбек Қалиев қолқа салып, мен келістім. Балалардың бағасын әділ беруге тырысамыз. Кейде көтеріп, кейде төмендетіп береміз. Біздің төмен­деткенімізден төмендеп, көтерге­німізд­ен керемет болып кетпейді. Осындай бағдарламаларға қатыс­қандары өздеріне пайдалы. Мен шәкірттеріме әрдайым «Теле-бағдарламаларға, конкурстарға қатысып отырыңдар» деп кеңес беремін. Жеңу, орын алу міндет емес, есесіне тәжірибе жинақтап, орта көріп қайтады. Шамаларын бағамдайды. Серпін пайда болады. Өзін-өзі тәрбиелеуге мүмкіндік, жол ашады.
    – Есмұхан Обаев алып берген жатақханада неше жыл тұрды­ңыз?
    – Бес жыл консерваторияның, 7 жыл «Гүлдердің» жатақханасында тұрдым. 2005 жылы ұлым Бекбол­ды босанып, перзентханада жат­қан күні «ертең кілтіңізді алып ке­тіңіз» деп әкімшіліктен хабар­ла­с­ты. Сөйтіп, менің орныма сіңі­­лім барып, Иманғали Тасма­ғам­бетовтің қолынан екі бөлмелі пәтердің кілтін алып қайтты. Құ­дайға тәубе, қазір сол үйімде тұрып жатырмын. Жұмыстан бос уақытта гүл өсіргенді жақсы көре­мі­н. Үйім гүлбағына көбірек ұқ­сайды. Бір терезенің алдында бірнеше гүл өсіп тұрады. Өсім­­дік­терімді қарап, су құйып, сар­ғайған жапырақтарын үзіп, сүртіп жүр­ген­нен жаным ләззат алады.
    Қолым қалт еткенде сахналық костюмдерімнің эскизін сызғанды ұнатамын. Бас киімдерімнің үкі­сін қолдан жасаймын. Бұл менің ақшамның жоқтығынан емес, өзім­нің жан қалауым, көңілім сүйе­тін іс.
    Әкем өмірден ерте кетті. Шешем бар. Бір ұядан тараған бес баламыз. Алтын асықтай ұлым өсіп келеді. Биыл мектепке барды. Күндіз-түні сол балам жақсы азамат болып өссе екен деп ойлай­мын.


    Әңгімелескен Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ, «Айқын».

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    «Күлтегін» мультфильмін көруге асығыңыздар!

    Толықметражды анимациялық «Күлтегін» мультфильміндегі негізгі кейіпкерлерді еліміздің театр және кино актерлері дыбыстаған. Олардың қатарында: Қазақстанның ...