• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Өнер » Қарақат Әбілдина, әнші: Тойға қарап күн кешкен әнші емеспін…

    Қарақат Әбілдина, әнші: Тойға қарап күн кешкен әнші емеспін…

     

    – Астана тұрғыны атан­дыңыз­дар. Бірер күн болды еліміздің бас қаласы, алтын ордасы Ас­тананың туған күні тойланып жатыр. Тек бір өкініштісі, осы үл­кен мерекеде еліміздің өнер адам­дары, күміс көмей, жезтаңдай ән­шілері ат­салы­сып, шаһарды әнмен тербейді дегенге көңілімде күдік бар. Неге десеңіз, көше то­лы ілін­ген жарна­маларда кілең шетелдік әншілерді ғана байқа­дым. Теледи­дар, радио бәрі «шетелден мына­дай-мынадай жұлдыз­дар келеді. Тойдың көрігін қыз­дырады» деп қақсау үстінде. Ал отандық өнер жұл­дыздарын еске алып, айтып жатқанын ести қой­мадық. Сол кө­ше бойлап ілін­ген жарнама тақта­ларының ара­сынан қазақ өнері үшін өзіндік орны бар сізді еш жер­ден көре ал­мадық. Үлкен мерекеге шақыру болмады ма, не себеп? Неге Аста­намыз өз жұл­дыздары­мыз­ды өгейсі­тіп отыр?
    – Астананың туған күні осы шаһардың әрбір тұрғыны үшін үлкен мереке. Мен үшін де, ме­нің отбасым үшін де сондай. Са­ры­арқа­ның қақ төрінде, кү­ннен-күн­ге көркейіп келе жатқан бас қаламыз бәріміздің мақтаны­шымыз. Алайда өзіңіз айтқандай Астананың туған күн меркесінде отандық өнер адамдары, соның ішінде әншілер қауымы сырт қалып жатады. Өзіңіз байқаған боларсыз, жалпы қала күніне арналған бағдарламаларға көз жүгіртіп қарайтын болсақ, әдет­тегідей шетел әншілерінің үлесі басым. Енді «қонағын құдайын­дай сыйлаған» халықпыз ғой, Алла ниетімізге берсін!
    Өзіме келетін болсам, сіз бай­қағандай бізге ешқандай ша­қы­ру түскен жоқ. Оған өкініп, мұңайып жатқан мен емес. Әри­не, мерекеге өзімше даярла­нып жатырмын. Қалай айтсақ та бас қаламыздың басты мерекесі ғой…
    – Қалай десек те, әзірге Астана өнердің, ән-күйдің ордасы емес. Сондықтан екі күннің бірін­де әндетіп, тойлатып жататын, берекелі-мерекелі мекен — Ал­ма­тыдан кетіп, өнерден сәлде бол­са, қол үзіп қалған жоқсыздар ма?
    – Әрине, Астана шаһары өзі­ңіз айтқандай өнер ордасына ай­нала қойған жоқ. Ол үшін бір­шама уақыт керек екені ақиқат. Бірақ қол қусырып отырмай, тірлік жасаймын, Алла берген талантымды, өнерімді өркенде­те­мін деген жанға бұл жерде бар­лық жағдай бар. Содан болар өнерден алыстап кеттік, шет қалдық деп айту артық болар. Ша­һарда түрлі шаралар, мере­ке­лер өтіп жатады. Олардан сырт қалмай қатысып, бар мүмкін­ді­гімізді көрсетіп жа­тырмыз. Аста­нада тұрғанымызға төрт жылдай болды, осы уақыт аралығында ауыз толтырып айта­тындай біраз жұмыс атқардық. Таратып айтар болсақ, бүлдір­шін­дерімізге ұлт­тық өнерімізді дә­ріптеу мақсатын­да ашылған «Қа­рақат» мектеп сту­диясы өз жұ­мы­сын нәтижелі да­­мыту үстінде. Сондай-ақ тұң­ғыш қазақша сөй­леп, ән салатын «Балбала» ком­паниясының жұ­мысы қарқынды дамуда. Шығар­машылығымызға келетін болсақ, Астанадағы Қа­зақ­стан концерт залында мен және «Ұлытау» тобы­ның сахнадағы он жылдығын үл­кен концертпен атап өттік. Жа­қында ғана Франция елінде ұлт­тық арнаның ұйымдас­тыруы­мен өткен «Намыс дода» сайы­сына қатысып, бес мемлекет іші­нен I орынды иеленіп, жеңіспен оралдық. Сондай-ақ Дания елін­де өткен қазақ құрыл­тайына қа­ты­­сып, Еуропада туып-өскен қан­­дас­­тарымызбен қауы­шып қайт­­­тық. Өткен маусым ай­ында шә­­кірт­те­рім­мен бірге екі бей­небаян түсір­дік.
    Жақсы-жақсы әндер жазылып жатыр. Бос қарап отыр­ған жағ­дайы­мыз жоқ.
    – Дәстүрлі әндерді де, эстра­да­лық әндерді де қатар орындап жүр­ген жансыз. Қандай ән айтпаңыз, тың­дарманның ыстық ықыласына бөленіп жүрсіз. Жалпы, сізге қай­сысы жақын, қазақы қара домбыра ма, әлде эстрада ма?
    – Әнші Қарақат дегенде көрерменнің көз алдына ұлттық нақышта киінген, қазақы болмыс­тағы, жылы жүзді, әсем езу тарт­қан, қазақша ән айтатын ибалы-инабатты қыз елестері хақ. Ұлттық киім кию, өз ұлтымның зергерлік бұйымдарын тағыну, жалпы қазақ қызы, есік көрген тәрбиелі қазақ келінінің образы менің жаныма тән. Өзімді өте жақсы сезінемін.
    – Домбырам жүрегіммен үндес едің,
    Сенімен сырласымдай тілдесе­мін,
    Бабамнан қалған мұра сен болмасаң,
    Өнердің не екенін білмес едім, –
    деп ақиық ақын Мұқағали айтпақшы, мен өнердегі жолымды қолыма қазақтың қасиетті домбы­расын алудан бастадым. Өнерге қолыма домбыра ұстап келдім. Содан болар домбырамен айтыла­тын ұлттық әндер, дәстүрлі әндер, халық әндері менің жаныма өте жақын, ыстық. Ал эстрадаға келе­тін болсақ, оны танылу құралы ретінде қараймын. Тал бойымдағы әншілік қасиетті таныту үшін жа­рым, продюсерім Қыдырәлі ме­ні эстрадаға алып келді. Өйткені осы жанр арқылы халыққа танылу өте оңай. Себебі домбырамен айтыла­тын терме, дәстүрлі әндерді екінің бірі тыңдай бермейтіні белгілі. Эстрадағы қадамым сәтті болды. Жұрт таныды. Өзімді әнші ретінде мойындата алдым. «Ешкім эс­тар­да сенің теңің емес, домбыраңды құшақтап жүре бер» деп айтып көрген жоқ. Соған қарағанда кө­рерменнің, тыңдарманның көңі­лі­нен шыға білдім ғой деп ойлай­мын. Қалай десек те, эстрадамен қосылып ән айту бүгінгі күннің талабы ғой. Бірақ қай жанрда ән айтпайын, осы қарға тамырлы қа­зағымның жақсы жағын көрсет­сем, ұлтымның өнерін, тілін да­мытуға атсалыссам деген ой тұ­­ра­­ды. Сол мақсатта сахнада ж­үр­­мін деп айта аламын. Екі са­ланы да бөліп-жарып, «бірі жақ­сы, екіншісі нашар» деп айта алмаймын. Бұлар бір-бірін то­­лық­тырып оты­ратын дүние ғой. Қай жерде, қай қалада концерт бермейін, дом­бы­рамды ала жүре­мін. Өйткені дәс­түрлі әндерді тыңдайтын жандар жоқ деп айта алмаймын. Меніңше, эстрада уа­қыт­ша дүние. Өйткені мәңгілік жас болып қала алмай­сың. Эстра­да жастықты талап ете­ді. Ал жа­сың келген соң, сахнаның төрінде барабанның дүңкіліне қо­сылып шошаңдап жүру ерсі. Сол кезде домбырамен сахна төрінде дәс­түрлі ән айтып тұру әлдеқайда жа­расымды. Түбі домбырамен қа­латыным белгілі.
    – «Қарақат кәсіби білімі бар өнер адамы және сауатты, мәде­ниеті жоғары, тәрбиелі әнші» деп жатады. Расында, жұрт мақ­таған­дайсыз ба?
    – Ананың, әкенің һәм ауыл­дың тәрбиесін көріп өстік. Үл­кенге құрмет, кішіге ізет етуді де сол ауылда жүргенде бойға сіңді. Ұяттың, ар-намыстың не екенін де бүлдіршін кезімізден білдік. Қа­заққа ғана тән қасиеттерді қа­лып­тастырдық. Жалпы, тәрбиелі от­ба­­сында өстім. Содан болар, осы уақытқа шейін «пәленшенің қызы анадай екен» деген секілді сөзге қалып көрген жоқпыз. Әке-ше­шемнің атына кір келтірмедім. 1991 жылы Алматыда дарынды балаларға арналған К.Байсейітова атындағы музыка мектебіне оқуға қабылданып, оны қызыл дипломға бітіріп, емтихансыз консервато­рия­ның ән бөлімінде білімімді ұштадым. Аспирантурасын және оқыдым. Қысқасы, өнерге жолдан қосылған жоқпын. Бүгінде жұрт танитын әншіге айналдық. «Ха­лық айтса, қалт айтпайды» деген ғой, әрдайым сөйлеген сөзімнен, жүр­ген жүрісімнен, істеген ісім­нен өзгелер үлгі алса екен деп ой­лай­мын.
    «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп жатады емес пе, барды бар десе, несі айып!
    – Сізді жұрт, тұрмысы жақсы, бай әншілердің қатарына жатқы­за­ды. Табыс көзі қайдан келеді?
    – Құдайға шүкір, тойларға қа­рап күнін көріп жатқан әншілер емеспіз. Алланың берген ырыс-несібесі жеткілікті. Бізде қаражат және тұрмыс мәселесінде ешқан­дай проблема болған емес. Бәрін тек жарым Қыдыр табады. Асы­раушымыз сол. Оған Алла аман­дығын берсін. Тойларға бармай­мыз десем, өтірік айтқаным. Рас, бізді көргісі келіп, әнімізді тыңда­ғысы келіп шақыратындар бар. Бірақ біздің қаламақымыз жоға­ры­лау. Соған келіссе, баруға бола­ды. Бірақ ол біз үшін табыс көзі емес. Мәселен өзімнің мектебім және ұлттық қуыршақтар шыға­ра­тын «Балбала» компаниямыз бар.
    – «Қарақат» мектеп-студия­сы­ның жұмысы қалай өркендеу­де?
    – Ол мектеп ашылғанына биыл төрт жыл толып отыр. Алға­шын­да отыз шақты балаға ар­налған еді, қазір көбейе келе жет­­­­кін­шектердің саны жүзге жетті. Мұндағы мақсат асфальтта өсіп келе жатқан, тілі орысша шыға бастаған балаларға халық әндерін үйретіп, ұлттық музыка аспаптарында ойнатып, өз ұлты­мызға қарай бетін бұру, ана тілін үйрету еді. Құдайға шүкір, қазір алға қойған мақсатымыз орындала бастады деп айта аламын. Мәсе­лен, 10 жылдық есеп беру кон­цер­тімде сол шәкірттерім де сахнаға шықты. Ән салды, музыкалық ас­паптарда ойнады. Көрермен ыр­за болды. Осыдан кейін-ақ мектепке деген сұраныс арта түсті. Әрине, оқу тегін емес, айына отыз мың төлейді. 6-7 жастан бастап аламыз. Арасында одан да төмен жаста­ғылар бар. Ән-күйге үйретіп қана қоймаймыз, соның нәтижесін көр­сету үшін жылына бірнеше кон­церт ұйымдастырамыз. Теле­ди­дар келіп түсіріп жатады. Жұрт көрсін, білсін. Қандай өнерлі толқын жетіліп келе жатқанын. Сайып келгендегі мақсатымыз, бойында Алла берген ерекше қа­сиеті бар, талапты, талантты бала­ларға бағыт-бағдар беріп, үлкен сахнаға шығуына жәрдем ету.
    – «Балбала» деген қуыршақ шығарып жатырсыздар. Жалпы, өтімі көңілден шыға ма, сұраныс қалай болуда?
    – Бұл бұрын болмаған бизнес­тің түрі болған соң, оның дамып, жұртқа танылып, сұранысқа ие болуы үшін біраз уақыт керек. Үл­кен қаржы салынуы тиіс. Құдайға шүкір дейміз, қазір халық «Бал-бала» десе, оның не екенін біле бастады. Алпыстан аса дүкен бар, соны сататын. Компанияның бо­ла­шағы зор деп ойлаймын. Неге десең, өз ана тілімізде сөйлейтін, музыка ойнайтын жалғыз қуыр­шақ. Бүлдіршін онымен ойнай отырып, ана тілінің қадір-қа­сие­тін түсінеді, тіл сындырады, бірге ән салады дегендей. Жалпы, бұл идеологиялық тұрғыдан алып қ­а­ра­ғанда, үлкен бір игі істің бас­тамасы деп түсінемін.
    – Екеуіңіз де сахна төрінде жүр­ген өнер адамдарысыздар. Бас­та­рыңыз бір қазанға сыя ма?
    – Біздің арамызда түсіністік болмаса, бір-бірімізге сүйеу, қол­дау болмаса, өнерімізді бағалама­сақ, онда сахнада жүрмес едік. Мі­не, он жыл болды біз сахна төріндеміз. Демек ортамызда түсі­ністік бар. Оны біз іспен дәлелдеп отырмыз ғой деп ойлаймын. Ән де айтамыз, отбасын да ұмытпай­мыз, бала тәрбиесіне де не­м­құ­райды қарамаймыз. Мені үлкен сахнаға алып шығып, өнерімді танытқан, сол үшін бар қажыр-қайратын аямаған, қашанда сүйе­нішім, ақылшым болған жан жарым Қыдырәлінің алдында қарыздармын. Егер ол болмағанда менің бұлай жүруім мүмкін бе еді, қайдам? Мен оны оңашада да, үлкен сахна төрінде халық ал­дында да айтып жүремін. Қыдыр үлкен жүректі, парасатты азамат. Жақсы жар, жақсы әке. Бірге жүр­геннен кем болып жатқан жоқ­пыз. Сахнада бірге ән айт­қанымыз, өзге де жұптарға әсер етті ғой деп ойлаймын. Олар да ерлі-зайыпты болып сахнаға шығып әндерін айтып жүр. Бәлкім соларға бастау көзі болған Қыдыр екеуіміз болар­мыз.
    – Қазір әнші көп. «Әу» дегеннің бәрі сахнаға шығып кетті емес пе?
    – Мейлі көп болсын. Бұған қуанамын. Есің де ме, 90-жылдары өзіміздің әнші қаракөздерімізге зар болып қалғанымыз. Сахнамен теледидарды, радионы ұйғырлар, тәжіктер, кәрістер жаулап алды емес пе? Ал қазір жағдай түбірімен өзгерді. Қандай жанрда болмасын, қандай стильде айтпасын қазақ­тың әнін айтып, биін билеп жат­қандарға қуану керек. Көп деп айтуға болмайды. Тіл-көзден сақ­тасын. «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» дейді емес пе?.. Келсін, айтсын, жүрсін. Солардың арасы­нан халық өзіне керегін алады, дарындысын таңдап тыңдайды. Көрерменнің көңілінен шыға алмағандар уақыт өткізбей-ақ сахнадан кетеді. Ол заңдылық.
    – Сізді «Екі жұлдыз», «Саз әлемі» секілді шоуларға шақыра ма? Неге десеңіз сол байқауға түс­кендердің арасынан сізді көре алмадық.
    – Талай мәрте шақыру болды. Бірақ неге екенін қайдам, түрлі себептер киіп кетеді де бара алмай қаламын. Бірде бөпелі болып жатамын, сондай-ақ басқа қалада, яғни Астанада тұрамын. Сондық­тан болар бірде-бір рет шақыр­ғандарына бара алмадым. Бәлкім алдағы уақытта қатысып қалуым мүмкін…
    – Кімдермен араласасыз? До­сы­ңыз кім?
    – Досым да, араласатын жан­дар да көп. Бәрін тізіп шығу мүм­кін емес. Кіммен болмасын, жақсы сыйласамын. Сәлеміміз түзу. Мен үшін ең ыстығы — ауыл­да бірге өскен, бір ауаны жұтып, май топырағын бірге кешіп өскен достар. Солармен кездескенде бір жасарып қаламын.


    Сұхбаттасқан Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ, «Айқын».

    Пікір жазу

    Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

    *

    x

    Check Also

    Өскемендегі драма театрға Рүстем Есдәулеттің аты берілсін!

    Өскемендегі зиялы қауым өкілдері осындай ұсыныс айтып, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовке ұсыныс-хат жазды. ...