Анвара Садықова алғаш рет 9 жасында Балқаштағы “Ветерок” би ансамбліне бүлдіршіндер таңдалып жатқанын көріп, анасына қатысып көргісі келетінін айтады. Хореографиядағы үлкен жолы осылай басталды.

– Анам менің биге қатысатынымды естігенде оған онша мән берген жоқ. 1-2 күн барады да, қояды ғой деп ойласа керек. Себебі мен ол кезде гимназияда оқып, музыка мектебінің скрипка сыныбында сабақ алып жүрдім. 2-3 күннен кейін ұстаздарым анамды шақырып, мені Алматыға жіберуді ұсынды. Ұстаздарымның айтқанына құлақ асып, 1992 жылы анам екеуіміз Алматыға келдік. “Ветерок” би ансамблі туралы сөз болғанда сол балалық шағым мен алғаш биге барған кезімді ерекше әсермен еске аламын. Иван және Людмила Струсинскийлер – Балқашта “Ветерок” ансамблін құрып, талай жасөспірімнің қабілетін көріп, бұлақ көзін ашқан хореограф-педагогтар. Олар қабілетімді байқап, Александр Селезнев атындағы Алматы хореография училищесіне жіберді. Өмірімде алдымнан жақсы адамдар көп кездеседі, бұл жағынан жолым болады. Училищеге тапсырғанда менің сол жерде оқуым үшін басшылық анамды жұмысқа қабылдады. Менің хореографиялық білім алуыма, анамның қасымда болуына жағдай жасады. Бұл – ешқашан ұмытылмайтын нәрсе. Училищеде маған Қуаныш Жақыпова, Людмила Ли, Раиса Көрпешева, Светлана Наурызбаева, Сара Көшербаева, Александр Медведев, Бақыт Сүлеева, Алила Әлишева, Ғайникамал Бейсенова, Ольга Шубладзе, Жанат Байдаралин, Гүлнара Саитова, Тойған Iзiм сияқты кәсіби ұстаздар сабақ берді.