• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Өнер » «Алпамыс батырды зынданнан қашан шығарасың деп жылайтынмын»

    «Алпамыс батырды зынданнан қашан шығарасың деп жылайтынмын»

    Баянғали ӘЛІМЖАНОВ, айтыскер ақын, драматург, жазушы, сатирик, жыршы, жырау, актер, әдебиет пен өнер зерттеушісі, сыншы, мәдениет қайраткері: 

    – Сізді мемлекеттік тіл мәселесі қаншалықты толғандырады?

    – «Қазақ тілінің болашағы бар ма, жоқ па?» дейтіндер бар. Ондайда «мен тұрғанда саспаңдар! Мен барда қазақ тілі де жасайды» деп жауап беремін. Бәріміз қазақтың баласымыз. Біз жүрген жерде ұлтымыздың да мәдениті жасай бермек. Құайға шүкір, қазақша сөйлейтін жастар жеткілікті. Олар ана тілінің ғұмырын кем дегенде 50-60 жылға ұзартады. Әрбір қазақ мүмкіндігі жеткен жерге дейін туған тілін тарату керек. Біз Кеңес үкіметінің кезінде оқыдық. Менің елім – Көкшетау облысына қарасты Степняк қаласы. Әйгілі Біржан салдың туған жері. Мен 1954 жылы тың игеру тұсында дүниеге келгенмін.

    Тың төсін тілген кезде түренімен,

    Қазақтың қан саулаған жүрегінен.  

    Рас қой? Түп тамырымызды қиратып, қопарып кетті. Ескі ата-бабамыздың зиратын асты-үстіне аударып тастады емес пе? Сонда ана тілінің мәселесі алғаш рет алдымыздан шықты. 60-шы жылдары домбыра «ескіліктің сарқыты» деп қараланып, ұлттық аспабымыздың дауысын естуге зар болып қалдық. Соған қарамастан, оқушы кезімізде «оллаһи-биллаһи» деп ант су ішетінбіз. Ата-ананың тәрбиесі солай еді. Мұсылман діні үйде отырып-ақ партияның ұрандаған саясатын жеңіп шықты. Бір күні қаладан ауылға қыдырып маңдайы торсықтай бозбала келді. Бәріміз қонақты айналсоқтап жүрміз. Ол айтқан сөзімізді түсінбейді. Бала көңіл қазақтың «қазақша білмеймін» дегеніне нанғысы келмеді. Бойымызды ыза буып, оны соққыға жыққымыз келді. Табиғи заңдылықтың бұзылғанын ішкі түйсігіммен сезінгендей болдым. Өйткені, жылқы кісінейді, ит үреді, мысық мияулайды. Сол сияқты қазақтың да қазақша сөйлеуі заңды деп есептейтінмін. Адам дүниеге келгенде ана тілімен бірге туады деп ойлайтынмын. Мектептердің өзінде қазақ балаларын әртүрлі ұлттармен бірге орысша оқыта бастады. Қазақ мектептері бірінен соң бірі жабылды. Степняктағы алты қазақ мектебінен ең ақыры бір-ақ мектеп қалды ма, қалмады ма, оның өзі белгісіз. Кейінгі жылдары мен мекен еткен Кеңащы деген таза қазақы ауылдың балалары орыс мектебінде оқытылды. Сондай-ақ, «қазақ мектебінде оқитын оқушылардың деңгейі төмен» деген түсінік болды. Қолымнан келгенше жақсы оқыдым. Осылайша, миығынан күліп қарайтын орыс ағайындардың пиғылына тойтарыс бердік.  Ол заманмен салыстырғанда қазір тәуелсіз елміз. Қазақ халқының тарихи тағдыры ерекше. Қос қапталымызда азуын Айға білеген екі империя (Қытай, Ресей) тұр. Әйтеуір, Алла қолдап аман-есен осы күнге де жеттік. Үйде «Қазақ эпосы» деген кітап жатты. Оның ішіне жеті батырлар жыры кіреді. Қыстың ұзақ кешінде әкем Тақан әлгі кітапты оқиды. Алпамыс батырды зынданнан қашан шығарасың деп жылайтынмын. Балалармен төбелесіп, таяқ жеп қалсам, батырлар жырын оқып-оқып алып, қайтадан сонда барып есе қайтаратынмын. 

    – Еліміздегі әскери оқу-орындарға батырлар жырын жаттатса, нұр үстіне нұр болар еді. Сонымен қатар, патриоттыққа үндейтін мақал-мәтедерді оқытып, қыл аяғы байырғы қару-жарақты бөлшектеп тұрып жас жауынгерлердің көкейіне сіңіру қажеттігі сөзсіз…

    – Бұл күнде жастар кітап оқудан қалды ғой. Сондықтан, жырларды дискімен тыңдатып, артистерге ойнатқан әлдеқайда ұтымды шығатын секілді. Оның рухани құны өлшеусіз. Нағыз ерліктің, батырлықтың көкесі сонда жатыр. Бұрын телеарнадан ұлттық рухты оятатын «Бес ғасыр жырлайды», «Халық қазынасынан…» деген секілді хабарлар жүргіздік. Ал енді тәуелсіздік алған уақытымызда жастарды дала дәстүріне тәрбиелейтін телехабарлардың болмауы ұлттығымызға сын ғой. Бұл мәселемен талай жерге хат жаздым, талай жерге табан тоздырып бардым да. Жоғары жақтағылардың біреуі селт етсеші… Телеарналардың басында қазақ балалары төл ертегімізді, төл аңыздарымызды көрмей, білмей өсуіне мүдделі топтар отыр ма деп те қорқамын.

    – Соңғы кезде әркім орайы келген салада жұмыс істеуге бейім. Армандап түскен оқуы жолда қалып, қаражаты дұрыстау әртүрлі қызметке ауысып кететіндер көп. Өзіңіз таңдап алған мамандық бойынша жұмыс істеп келесіз бе?

    – Менің екі арманым бар еді. Бірі – жазушы болу, бірі – футболист болу.Мектепті тамамдаған соң, қазақ тілі мен әдебиеті бойынша оқуға түспек ниетім көп кедергіге ұшырады. Үйдегілер «Қазақ тілінің болашағы жоқ» деп кері тартты. Мен де оңайлықпен райымнан қайтпадым. Шешем мінезді кісі еді, «көңілі қалаған оқуына барсын» деп батасын берді. Мен оқуға түскен 70-ші жыдары ҚазМУ-дың журналистика мен филология факультеттері қазақ руханиятының ордасы болатын. Сол кезде Алматыда қазақша жалғыз мектеп қана болды-ау деймін. Жастар ұлтымыздың өткені мен болашағы жайында сөз қылып егілетін, өз-өздерін қамшылап ширығатын. Сол азаматтар егемендікке қол жеткен жылдары белгілі бір дәрежеде әдебиетіміз бен мәденитімізге елеулі үлес қосты да.  

     М.Әуезов атындағы драма театрында Кенен Әзірбаевтың жүз жылдығына байланысты айтыс өтті. Бұл тұңғыш рет домбыра ұстап, айтысқа шығуым болатын. Сонда ана тілі туралы былай жырладым:

    Еліңе қылған енбегің,

    Мақтаусыз кетер деймісің?

    Жақсылық қылсаң халқыңа,

     Ақтаусыз кетер демісің?

    Төгіліп тұрған текті тіл,

     Жоқтаусыз кетер деймісің?!

    –  Парсы елінде ардақты ақындарының ескерткішінің түбінде сол ақынның өлеңдері оқылып тұрады екен. Жырауларға қойылған ескерткіш қасына арнайы техникалық құрылғы қойып, неге жұртты жырмен сусындатпасқа деген ой келеді кейде…

    – Оны қойшы. Біз тірілерге жырлап алсақ та жаман емес. Ата мұрамызды насихаттайтын арнайы мемлекеттік бағыт-бағдарлама жоқ. Әлемде жыраулық өнерді зерделеуге деген құлшыныс байқалады. Француздардың ең соңғы жыршысы осыдан 150 жылдай бұрын көз жұмған. Қандай озық ел болса да, ұлттық мұрасынан айрылып қалып отыр. Қазір Еуропа елдерінде жыраулық дәстүр мүлде жоқ. Шығыстың өзінде санаулы елдер ғана ұлы өнерін сары майдай сақтап қалған жайы бар. Менің Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасын жырлауым өте қызық болды. Ұстазымыз Рымғали Нұрғалиевтың айтуымен Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар бөлімінен «Батыр Баянды» алғаш оқығандағы әсерімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Ол кез Мағжанның әлі ақтала қоймаған тұсы еді. Содан поэманы жаттап алып, домбыраға қосып айтып жүрдім. Мағжан Жұмабаевтың 150 жылдығына сол поэманы пьесаға айналдырып, сахнаға қойдым. «Батыр Баян» – ұлт-азаттық жырлардың шоқтығы биігі.  

    – «Зиялы бар ма, әлде жоқ па?» деген сыңайдағы әңгіме жиі айтылады. Ал сіз не дейсіз?

    – Уақытында бізге «бай-болыстардың бәрі жаман» деп үйретті. Саясаттың сандырағына сендік те. Осы күні зиялы қауымды қаралап, олардың арасына от тастап қоюға құмарлар табылып қалып жүр. Мұның да артында сұрқия саясат жатқандай көрінеді. Тамырына балта шабылған ұлт өмір сүруін тоқтатады. «Сендерде қайраткер де, зиялы да жоқ» деген ұғымды сыналап санаға сіңіру түптің түбінде өзімізге қауіпті екенін түйсінетін кез әлдеқашан жетті. Әрине, орыстілділердің ел тізгінін ұстап отырғаны жаныма батады. Ел ортасына шыққан айтыста шенеуніктерді жақсылап тұрып сынап та аламыз.

    – Ақынның негізгі миссиясы да сол емес пе? Сыпыра жырау, Асан қайғыдан бастап, Бұқарға дейінгі, одан бергі зар заман ақындары ел үшін еңіреп, егіліп өткен. Бетің бар, жүзің бар демей ханның жүзіне тіке қарап тұрып айтқан толғауларын қалай ғана ұмытармыз…

    – Ой, айналайын-ау, бұлардың құлағына түк кірмейді ғой. Әйтпесе, сен жазған мақалаңнан бір шешім шығады деп күтіп жүрсің бе? «Сөз сүйектен өтеді» деген қазақ баласы едік. Қазір «айттым», «баяғыда айтып тастағам», «айтып жүрмін» дегеннен асқан кімің бар? Бүгінге дейін «айтып жатырмыз», «айтып жатырмыз», ал шын мәнінде істеп жатқан түгіміз жоқ. Өтірік деші?  

    – Жырау мен жыршы сөздерін бірінің орнына бірін қолдану үрдіске енген секілді. Жыршы дегеніміз жырды орындаушы, ал жырау жыр тудырушы адам емес пе? 

    – Негізі солай. Бірақ, біршама аймақта көне жырды орындаушының өзін «жырау» деп атайды. Жыр орындаушыларының көбі өз жандарынан өлең шығарады. «Жырау» деген әдемі сөзді олардан несіне қызғанамыз? Қазір «жыршы-жыраулар» деген сөзді қолданып жүрміз.

    – Айтыс өнерінен неге кеттіңіз?

    – Жас балалармен жүлдеге таласқандай болмайын деп ойладым. Сосын жастармен сөзіміз жараса қоюы да қиын. Мен сахнаға шыққанда қарсыласымды жеңуді көздеп, әдіс-тәсіл ойластырып жатпайтынмын. Әйтеуір, көкейімде жүрген аталы сөзді айтып қалуды мақсат тұтатын едім. Ең нашар деген айтысымда халықтың бір ауыз сөзін сөйлеп қалуға тырыстым. Менің айтысқа шығуыма себепші болған кісі – Шәрібек Алдашев. Ол Базар жырауды зерттеген адам.

    –  Алдын ала өлең жаттап алып айтысқа шығатын кездеріңіз болды ма?

    –  Бір ауыз өлең білмей шығатын кезіміз аз емес еді. Әйткенмен, алдын ала ойды жұптап та алған жөн. Құр жаттап алған айтыстан да мән қашады. Біздің алдымыздағы ағалардың дәптерін партия тексеріп, цензурадан өтсе ғана шығаратын болыпты. Ол заман өтті. Суырып салатын өнерің болмаса, айтыста шаршы алаңға шығыудың да қажеті шамалы. Бір айтқан өлең жолдарын барған жерінде қайталап жүре беретіндер де жеткілікті. Кейде өзіміз айтқан сөздерді басқаның аузынан естіп жатамыз. Оған не дейсің, енді? 

    – Осы күндері халықтың айтысқа деген көңілі суыған сыңайлы…          

    –  Мен өзім айтыс ақындарын сынауға қарсымын. Екеуміздің осы әңгімемізді өзгеріссіз қағазға түсірсең, көптеген сөйлемдердің дұрыс құрылмағанына көз жеткізер едің. Сенің қаламмен түзеп-күзеп жіберуге мүмкіндігің бар. Айтыскер сөз сайысына түсіп жатқанда түрлі қиындықтарға тап болуы мүмкін. Оның бәрін жеңіп шығу ет пен теріден жаралған адамға оңай емес қой. Шәрібек ағам «жеке басыңның өкпесін емес, халықтың өкпесін айт» деп отырушы еді. Айтыста сол ұстанымнан айныған емеспін. Қарсылас ақынның жанына жара салып, абыройын түсіргеннен не пайда? Меніңше, сөз жекпе-жегіне шыққанда ойланбай айтып қалған сөздеріне өкінетін ақындар көп шығар деп ойлаймын. Кейінгі кезде «айтысқа тыйым салынғалы жатыр» деген әңгіме шықты. Сонда қалай болғаны?

    – Қырғызстанда өткен манасшылардың халықаралық конкурсына қатысып, жүлделі оралғаныңыздан хабардармыз. Ағайын ел қазақтың манасшысын қалай қарсы алды?

    –  1993 жылы айыр қалпақы ағайындардың елінде қазақ-қырғыз ақындарының айтысы өтті. Мен тұңғыш рет қырғыз жерінде «Манас» жырын жырлаған едім. Осы жолы Манас батырдың мың жылдығына шақырту алып қайттым. Ондағы жұрттың Манас десе, көңілі ала бөтен. Манастың бізге жаттығы жоқ. Түбіміз бір көк түрік емес пе? Қала берді «Манас» жырын Шоқан Уалиханов ең алғаш ел аузынан хатқа түсірген, Мұхтар Әуезов оны Кеңес үкіметі кезінде қорғап қалған, Әлкей Марғұлан зерттеген ғой. Қырғыздың мәдениеттанушы ғалымдары маған «Манастың» ең бір нәрлі жерлерін дәл тауып айтады екенсіз» деп баға берді. 90-шы жылдары ел қиын кезеңді бастан кешірді. Сол тұста мен елді-мекендерді ақы-пұлсыз аралап концерт қойдым. Онда да ел сұранысы бойынша «Манасты» жиі жырладым. Қазір немерелерімді осы жырмен тербетіп жүрмін.

    – Драматургиялық шығармалаңыздан сатираның сарыны аңғарылады. Күлкінің өзінің алуан түрі бар. Сіз елді қалай күлдіргенді ұнатасыз?

    – Шығармаларымдағы әзілдер өмірдің өзінен алынған, ешқандай мысқылы, ішкі қыжылы жоқ. Сондықтан, қазақы қалжыңдар көңілге тек шуақ сыйлайды.

    – Әнге сөз жазады екенсіз…

    – Ермұрат Үсенов деген компазтор Көкшетауға келіп қалды. Сонда ол «Композитор мен ақын жолыққан жерде бір ән тууы керек емес пе?» деді. Не керек, сол жолы «Сырлы Көкше» атты ән дүниеге келді. Одан кейін балам Нұрлан «Ай Көкше» деген өлеңіме ән жазды. Әкелі-балалы бірігіп шығармашылық жұмыс істей бастадық. Мен өлең жазамын. Нұрлан ән шығарады. Бір күні балам «Айым атты қызға ғашық болып қалдым. Маған «Айым» өлең жазып беріңізші» дейді…

    – «Ғажайып күй» атты әндеріңіздің үшінші шумағы көңілге қонымсыз екенін айта кеткен абзал болар…

    – Республика деңгейінде жақсы тараған «Азия» тобының орындауындағы «Ғажайып күй» деген әніміз бар. Бірде Нұрлан хабарласып айтады: «Топ құрамында үш жігіт болғандықтан, өлеңге үшінші шумақ керек болып тұр» деп. Мен бір шумақ өлеңді оларға жолдағанымша, «Азия» тобының жігіттері үшінші шумақты өздері жазып жіберіп, содан ол сахнаға шығып кетті.

    – «Ән мен анаша» деген музыкалық комедия түсіріпсіз. Кино өнері үлкен күш-қуат, қаржы-қаражатты талап етері өз-өзінен түсінікті. Осы мәселені қалай шештіңіз?

    – Бір кездері «Қазақфильмде» жұмыс істегенмін. Онда ұлттық тақырыптағы бірнеше деректі фильмнің сценарийін жазғанмын.

    Марат Нәбиев деген кәсіпкер азаматпен таныстығым бар еді. Сол кісіге хабарласып, ойымды жеткіздім. Қарсы болмады. Киностудияға әйгілі Балуан Шолаққа бата берген Паң Нұмағанбеттің атын қойып, айдар тақтық. Марат камерасын, қажетті құрал-жабдықарды алып берді. Киностудияның кеңсесі өз үйімнің ішінде. Шопыры да, сценарисі де, режиссері де, бәрі – өзім. Бұған негізі Ақмола облысы театрының әртістері түсті.

    Басты рөлде Нұрлан ойнады. Ол өзі білім алып жүрген өнер академиясының бірінші курсында оқитын Жансая Байдарбекова деген қызды кинодағы басты рөлге дайындап жатырмын деді. Басты кейіпкерді көрмей таңдау деген режиссура тарихында болмаған шығар. Не де болса, балама сендім. Бір күні Нұрлан «Кино түсірілімі аяқталған соң Жансаяға үйленсем қайтеді?» деп қарап тұр. Мен қалай қарсы болайын. «Онда кино түсілілімі басталмай тұрып қосылып алындар» деп екі жастың некесін қидық. Қысқасы, бір мезгілде киноны да түсірдік, келінді де түсірдік. Одан кейін «Жер шоқтығы – Көкшетау» деген деректі фильм «Паң Нұрмағанбет» киностудиясы арқылы көрермендерге жол тартты. 1932 жылғы қазақ халқының тарихи трагедиясы – ашаршылық туралы «Ашаршылық жылғы махаббат» көркем фильмінің сценарийін жазып бітіргеніме де бірнеше жыл болды. Қазақтың кереметтігін паш ететін «Ұлы даланың аңыздары» деген киноның сценрийі жазылып бітіп қалды. Ал сценарийге «жан бітіру» –болашақтың үлесі. Тіпті қазақ ертегілерінен көркемфильмдер түсуруді де көптен армандап жүрмін.


    Әңгімелескен Арман ӘУБӘКІР

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Той емес, ой қуған Төлеген

    Ғылымнан, оқытушылықтан кейін қарай сырғыңқырап, қазақтың ұлттық өнеріне, оның ішінде, ақындық пен жазушылыққа, дәстүрлі әнге ...