• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Ұлттық тәрбие » «Әлди, әлди, ақ бөпем…»

    «Әлди, әлди, ақ бөпем…»

    Кез келген өркениетті қоғамда тәрбие тұрақты сипатқа ие болып, әртүрлі институттардың: отбасы, білім беру, БАҚ іс-әрекеті арқылы жүзеге асатыны көпшілікке белгілі. Оның ішінде жас ұрпақ мәдениетінің қалыптасуында отбасылық тәрбие басты рөл атқаратыны сөзсіз. Қай халықты алсақ та шаңырақ көтерген жас отбасы баласы болуын арман етеді. Себебі бала – өмірдің жалғасы, отбасының жеміс берер гүлі, ерлі- зайыптылардың тіреу-діңгегі.

    Сондықтан, қазақ халқы «Бесіксіз үйде береке жоқ», «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» деп тегін айтпаса керек-ті. Отбасылық тәрбиенің ауқымы қашанда кең. Оның негізі – баланы өмірге әкелу ғана емес, оған бойына жақсы қасиеттерді сіңіру, аға ұрпақтың тәжірибесін үйрету, өз қоғамының толыққанды мүшесі қылып тәрбиелеу.

    Ұлттық тәрбиеге көп нәрсе байланысты болып келеді. Ең бірінші – атадан балаға мұра болып келе жатқан салт-дәстүріміз, үлгі-өнегіміз. «Тәрбие тал бесіктен басталады» деген қағиданы берік ұстана отырып, әрбір жас сәбидің бойына ізгіліктің нұрын молынан құя беру керек. Сонда ол елінің жақсы азаматы болып өсеріне кәміл де берік сенуге болады.

    Осы орайда, жас баланың іңгәлап дүниеге келуі – халқымызда шілдехана тойына ұласып жатады. Бұл да – өнегесі мол дүниенің бірі. Шілдехана тойынан бесікке бөлеу салты жасалады. Салт-дәстүрімізде ата-ана өз баласын бесікке бөлеп, аялап өсірген. Өйткені бесік – көшпелі халықтың тұрмыс-тіршілігінде өте ыңғайлы нәрсе. Бірақ ол тек қана ыңғайлы емес, сонымен қатар бесіктің жас бала үшін берері мол. Сонымен бірге бесік – тазалықтың кепілі. Жататын орыны әрдайым құрғақ болып тұрса бала ашушаң болып, мазасы қашпайды. Бесікті қайың ағашынан жасалады. Салт-дәстүрімізде бесікті жасауға арнайы ұста белгіленеді. Ұсталар бесіктің ыңғайлы болуын, баланың өсіп-жетілуіне еш кедергі келтірмеуін қадағалайды. Баланы кіші дәретке отыруына ыңғайлы етіп, қойдың асық жілігінен тесіп – шүмек, ал үлкен дәретке арнап киізден түбек жасайды. Баланы бөлеген бесіктің үстіне жеті нәрсе жабады. Әр жабылған нәрсенің өзіндік мәні бар. Бірінші етіп бесік көрпе, одан кейін шапан, кебенек, тон жабу, жүген мен қамшы сияқты бұйымдар қоса жабылады. Тон, шапан жабу – «ержеткенде бала халыққа қадірлі болсын» деген тілек, жүген – ат ұстайтын азамат болуына тілеу, кебенек, қамшы – «ел қорғайтын батыр болсын» деген тілек. Жас баланы бесікке жатқызған соң, оны тербете отырып, аяулы ана көңіліндегі ой-арманын, жақсы тілегін білдіреді. Мұны халық «Бесік жыры» деп атайды. Бесік жырында айтылатын тілек, ақыл-өсиеттерден ата-ананың нені аңсап, нені көксегендігі көрінеді. Бесік жыры «Әлди, әлди, ақ бөпем» деп басталады да, халық жас баланың болашақта кім болып өсуін, қандай қызмет атқаруын қалайтындығын ана сөзімен баяндайды. Сонда:

    Құрығыңды майырып,
    Түнде жылқы қайырып,
    Жаудан жылқы айырып,
    Жігіт болар ма екенсің?
    Айыр қалпақ киісіп,
    Ақырып жауға тиісіп,
    Батыр болар ма екенсің?
    Бармақтарың майысып,
    Түрлі ою ойысып,
    Шебер болар ма екенсің, – дейді.

    Отбасылық тәрбиеде бесік жырымен бірге батырлар жыры да үлкен танымдық-тағылымдық мәнге ие. Халқымыз батырлар жырын балаларды елді, Отанды сүюге, бүкіл дәуір рухын бойына жинақтаған төл дүниені баланың санасына сіңдіріп, халыққа деген адал қызметін, ыстық махаббатын, жанын салуға тәрбиелейтін құралдың бірі есебінде пайдаланды. Жырдағы батырлардың ел қорғаудағы ерлік істерін жастарға үлгі, елге ұшқан оққа кеудесін тосатын тәрбиені өнеге етті. Әрине, бұл ретте де батырлар жырының тәрбиелік мәні болған.

    Сонымен қатар, балаға ертегі айтып, оның дүниедегі жақсы мен жаманды танып білуге үйретіп отыру да салтымызда бар.
    Халқымызда жаңа туған баланы жақсы азамат етіп өсірудің барлық алғышарт­тары қалыптасқан. Өкінішке қарай, қазір солардың көбі уақыт өте келе ұмытылып бара жатқаны ойландырады. Қазір жас балаға «Бесік жырын» айту мүлдем ұмы­тылып барады. Ол тұрмақ, шілдехана өткізудің барлық талаптары, жөн-жорал­ғысы да сақтала бермейді. Әйтеуір, үлкен­дерден естіген-көргендерімізді ғана қай­талап жасаумен күн кешіп келеміз. «Сол себепті бұл мәселеге тереңірек барып, «Шілдехана», «Бесік тойы» қалай өтеді, қыз-келіншек­терге, болашақ аналарға осыларды түсіндіретін орталық та керек пе» деп ойлайсың кейде. Бауыржан Момышұлының «Бесік жырын айтпайтын аналардан қорқамын» дегені біздің уақытқа қарата айтылған ба дерсің… Шынында да, бесіктің тәрбиелік маңызы, жас баланың дүниеге келуіндегі ғибраты мен тәлімі мол салт-дәстүрімізді ұмытпай, қазақ халқының байырғы дәстүрімен жасасақ, үйренсек, зерттесек деген тілегім бар.


    Шынар Ибраимова,
    Шиен орта мектебінің бастауыш
    сынып мұғалімі
    Шиен ауылы, Алматы облысы

    Пікір жазу

    Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

    *

    x

    Check Also

    Әке бейнесі

    (Жәкім Қоңқайұлының рухына) Асқар тау Әке, ардақты ата, ел ықыласына бөленген құрметті азамат, өмірден түйгені ...