• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Ұлттық тәрбие » Дәстүр мен ұрпақ тәрбиесі – ұлттық идеологияның негізі

    Дәстүр мен ұрпақ тәрбиесі – ұлттық идеологияның негізі

    Қазақстан сияқты тәуелсіздігін жаңа алған жас елге идеология әбден керек және ең алдымен, ол мемлекеттің ұлттық сипатына, тәуелсіздігіне қызмет етуге тиіс. Ұлттық идеология дегеніміз — халықтың, бүкіл елдің әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, санасын ғасырлар бойы дамытып, жетілдіру арқылы ұрпақтан-ұрпаққа берілетін ережесі, ол сол халықтың тілін, ділін, мемлекетін қалыптастыруға қызмет етеді.

    Әр халықтың өзіне тән, қоғамның дамуына байланысты ерекшеліктері болады. Мысалы, Қазақстанның ұлан-байтақ жерді алып жатуының өзі ғасырлар бойы халқымыздың бойындағы, батырлық, ерлік дәстүрді тудырған. Отанын сүю, елін қорғау ер азаматтардың міндетіне кірген. Ауыз әдебиетіндегі батырлар бейнесі осылай туған. Осыны болашақ ұрпақтың бойына сіңіре отырып, ұлттық идеология қалыптастырған. Сондықтан да халқымызды азаматтыққа, батырлыққа, шешендікке, көрегендікке тәрбиелеу де ұлттық идеологияның міндеті. Біздің билеріміз, жырауларымыз жырлап, үлгі тұтқан әділеттілік те халықтың шынайы қасиеті. Қазақ – ұлттық дәстүр дегенге ерекше мән беретін халық. Ата-баба аруағын сыйлау, оған жүгіну – ежелгі салтымыз. Солардан қолдау тілеп жатамыз. “Өлі риза болмай, тірі байымайды” деген мақалды да жиі қолданамыз. Ал, осы дәстүр дегеніміздің өзі не? Меніңше, ол – халықтың ұзақ өмірінде қалыптасып, сұрыпталған жақсы қасиеттердің тұтас бітімі, көзқарасы, түсінігі, шындықты тану өрнегі. Дәстүрге халықтың әдет-салты, күнделікті тіршілігінің ауқымы, адамдардың қалыптасып үйренген мінез-құлқы – бәрі де кіреді. Олар жинақтала келіп, ұлттық белгілерді анықтайды, ұлттық сипатты танытады. Әрине, өмір бір қалпында тұрмайды, жаңарып, жалғасып жатады. Соған байланысты ой-сана, ұғым-түсінік, талғам жаңарады. Жаңарып, өзгеріп жатқан қоғам, қоғамдық қатынастар дәстүрге белгілі дәрежеде әсер етеді. Оны өзгертуге, әлемдік көз-қарастардың ырқына бағындыруға тырысады. Әр халықтың бойында жаңаны қабылдау қасиетімен бірге кертартпалық та болады. Осы кертартпалық, ең алдымен, дәстүрге қатысты. Біз жаңаны қабылдай тұрып, ескі әдетті, мінез-құлықты, яғни дәстүрді сақтауға тырысамыз. Ұлттың ұлттылығын сақтау үшін дәстүрдің озық үлгілерін тұрақтандырып, ол үшін күресу қажеттігі де осыдан туады. Қазақ мемлекетінің ұлттық идеологиясы да, менің ойымша, халқымыздың осындай жолмен қалыптасқан әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, тілін, дінін сақтап дамытуға, осы жолда жаңа заман ұсынып отырған қажеттіктерді өз сараптауымыздан өткізе отырып, қабылдауға құрылуы керек. Дәстүр әр халықтың өмірі мен сол қоғамның өзіндік ерекшеліктері негізінде қалыптасады. Ол да дәстүрге кіреді.

    Қазақ халқы адам санының аздығына қарамастан, Еуразияның дәл орталығында ұлан-байтақ жерді иемденген. Осының негізінде отаншылдық, елін қорғау жолындағы ерлік істері жатыр. Кең даланы мекендеген халық жауласса – найза ұстайтын батыр, дауласса – сөзден жеңілмейтін шешен болған. Халықтың осы мінезін заманы, өмір сүрген ортасы туғызған, ол жақсы дәстүрге айналып жалғасқан. Сол кең байтақ даланы мекендеген халықта бір тіл, бір әдет-салт, бауырмалдық, қонақжайлылық қалыптасқан. Қалтасына бір құрт салмай, ұзақ жолға шығып, жолшыбай түскен ауыл адамдары оны танымаса да құдасындай күткен. Жердің кеңдігі мен шаруашылығын, кәсібін даралайтын ерекшеліктердің бәрі де ғасырлар бойы сұрыпталып дәстүрге кірген. Менің ойымша, осы дәстүрлер халықтың идеологиясының негізі болып табылады. Ендеше, қазақтың ғасырлар бойы жинақтаған осы жақсы дәстүрлерін сақтау керек. Оны жаңарта отырып, негізін бекіту қажет. Жасыратыны жоқ, ғасырлар бойы қазақ жерінде орыс тілінің үстем болуы, біздің ой-санамыздың соларға табынуы әлі де жалғасын тауып келе жатыр. Бұл қазақ тілінің аясының тарылуына, дәстүр мен ұлттық тәрбиенің өзгерісіне әкеліп отыр. Қазіргі тәрбиенің барлығы да болашақ ұрпақты ұлттық салт-санаға, дәстүрге қиғаш жолдарды ұстануға құрылған. Сөйтіп, өркениетті елдердің жасығына еліктеп, қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрпына қауіп төндіріп отырмыз. Кейбір саясаткер азаматтарымыз қазақтың әдет-ғұрпының мағынасына, мәнісіне бара бермей, ұлт тәрбиесінің негізін түсінбей, оны ғаламдық тәрбиеге үйлестіруді ойлайды. Бұл — қазақ халқының қалыптасқан ұлттық тәрбиесінің негізін әлсіретеді.

    Идеология қай қоғамда болсын, оны бекітуге қызмет етеді. Социалистік идеология кешегі коммунистік режимді қалай көтергенін, дүние жүзін тітіреткен алып империяның негізін бекіткенін жақсы білеміз. Сталин өлгеннен кейін Брежнев сияқты солақай басшылар өндіріс өркендесе, астық болса, идеология шешуші рөл атқармайды деп санап, мемлекетті әлсіретіп алды. Аяғы немен біткенін тағы да көрдік.

    Сондықтан жас мемлекетті идеологиялық жағынан да өркендету әбден қажет. Экономика болса, қалғандары өзі құралады деп қарау жетімсіз. Оның үстіне бізді қазір жаһандық өзгерістер жан-жақтан қоршап жатыр. Бір жағынан, әлемдік дамудың шеңберінен шығып қалмау, екінші жағынан оның ұлттық сипатымызға жасап жатқан қысымынан өзімізді арашалау – екі жақты үлкен міндет. Жаһандану өзгерісіне бой алдыратындар ең алдымен, жастар. Олар ұлттық дәстүр дегенге онша мән бере бермейді. Сөйтіп, қазақы мінезден біртіндеп алыстап бара жатыр. Қазақ тілін мемлекеттік тіл есебінде орнықтыруға кедергі болып отырғандар да солар. Қазақтың ұлттық әдет-ғұрпын сақтамай, әдетімен есептеспей, сыртта не көрсе, соны қайталайтын да солар.

    Қазір жастардың көшеде, жол үстінде тұрып сүйісетінін жиі көреміз. Біздің заманымызда сүйіспек түгілі, жұрт көзінше қыз бен жігіттің онаша тұруының өзі ерсі болатын. Өзіміз көріп жүргендей, жастар сезімін жалаңаштап, “ғашықпын, өштім-өлдім”, деп жатады. Шын ғашықтар айғайлап жұртқа жар салатын ба еді? Абайдың “ғашықтың тілі — тілсіз тіл, көзбен көр де ішпен біл” дейтіні қайда? Сезімді жасыра білу, ұстамдылық қазаққа тән мінез. Ғаламдық “тәрбие” жастарды осы дәстүрден айырып жатқаны тым өкінішті. Олар жат жұрттардың салтын қабылдап, “Валентин күні” дегенді тауып алып, көшеде жаппай сүйісіп жатқаны. Басқа елдің салтын қабылдауды лайықсыз көргендер “неге біз өзіміздің Баян сұлу күнін тағайындамаймыз” деп күпсінеді. Осының бізге керегі бар ма? “Ғашықтар күні” қазаққа керек пе? Сезіміңді жалаңаштап, жұрт алдына шығудың қажеті бар ма? Осының бәрі жастар арасында жүргізілуге тиісті идеологиялық жұмыстың міндеттеріне кіреді. Ұрпақ қамын ойлаған ата-бабаларымыз балаларын дәстүр сыйлауға, үлкендерге ілтипат жасауға, арын былғамай, өнегелі ортадан тәлім алуға үйреткен. Ұлды – дала тіршілігіне, қызды – үй ұстауға, ел бірлігін, ошақ бүтіндігін сақтауға баулыған. Қыз намысы дегеннің орны үлкен. Қыз бала отырған жерде абайлап сөйлеу, бейпіл сөз айтпау – оны әдептілікке тәрбиелеу емес пе?! Қыз намысын сақтап, оның адалдықпен жаңа босаға аттауын аналар қатты қадағалаған. Болашақ отбасының тұрақтылығы да қыз арының тазалығымен байланысты саналған. Бүкіл әдебиет, фольклор адал махаббатты, сезім тұрақтылығын бақытты болудың кілті санаған. Қыздың барған жерінен қайтып келуі жай ғана ұят емес, масқара деп есептелген. Сондықтан ата-ана қызын ұзатарда, барған жеріңе “тастай батып, судай сің” деп бата берген. Осындай үлкен тәрбиеден өтіп, ел анасы атанған. Домалақ ана, Қарашаш, кешегі Шоқанның әжесі Айғаным, ел билеген Томирис сұлулық пен әдеміліктің, адалдықтың үлгілері болып ел есінде сақталған. Осы арада белгілі қоғам қайраткері Бәйкен Әшімовтың отбасы туралы да айта кетсек. Сол үйдегі Бақыт апамыздың ерлі-зайыптының арасындағы сыйластықтың үлгісі, айналасы мен отбасының мықты тірегі, көне мен жаңаны жалғастырушы міндетін өз бойына тоғыстырып, ұлын – ұяға, қызын қияға қондырып бүкіл елге ана атанып отырғанын көреміз. Ел арасында осы үлгідегі аналар аз емес. Белгілі қоғам қайраткері Қаратай Тұрысов ағамыздың үйіндегі Әскеркүл жеңгеміздің де ұрпақ тәрбиесіне беретін үлесі мол. Талдықорған, Алматы облыстарында ұзақ жылдар қызмет атқарған Аймұхамед Мансұров деген ағамыз болды. Мен ол кісіні 1944 жылы Талдықорғанда көрші болып тұрған кезден білемін. Өзі де жайсаң азамат еді, екі облыстың көп аудандарын басқарды, елге де, өкіметке де жақты. Республика көлемінде беделді басшы бола білді. Соның еңбегіне, қызметінің абыройлы болуына, балаларының тәрбиесі мен болашақтарына жол сілтей білген, көп бала өсірген Мәкең апайымыздың қазақ әйеліне тән мінез-құлқы кейінгі жас аналарға үлгі етіп ұсынуға әбден лайық. Иә, ер-азамат отбасында сыйлы болса, бала да содан үлгі алады. Қай жерде еркек сыйлы болса, сол жердің отбасы түгел, баласы аман, қызы тәрбиелі, дұрыс отбасы қалыптасады. Қазақ халқының дамуында, қалыптасуында осы дәстүрлер идеологияның негізі болып табылады. Әсіресе осы ұлттық идеологияның барлығына тән жері — бала тәрбиесі, соның ішінде қыз тәрбиесі. Олар халықтың үлкен тәрбиелік мәні бар, жолы өрісті, бірі мен бірі жалғасып жататын идеологиясын құрайды. Тіршілік толып жатқан тараулардан тұрады. Солардың ішінде “Жаман қатын” деген ұғым да болған. “Атың жаман болса, сойып құтыларсың, қатының жаман болса қайтып құтыларсың” деген сөзді қазақтың тағдыры әйелдермен байланысты екенін өмір тәжірибесінен алып айтқан. Ағайын арасын біріктіріп, ел намысын қорғап, балаларын соған бағыттап, ерімен тіл тауып одақтасқан әйел ешқашан жаман атанбайды. Осы дәстүр бізге әлі де керек. Елдігімізді, қазақтығымызды сақтау үшін қажет. Бүгінгі жастардың үйленбей жатып айырылысуы көбейгенін көргенде, қыздарды болашақ өмірге дайындау өз деңгейінде еместігінен осы дәстүрлеріміздің әлсіреп кеткенін танимыз.

    Қазақ дәстүрінде қыз балаға көбірек көңіл бөлген. Өйткені, қыз — өмір көркі, әсемдік, тіршілік көзі. Халық ұғымы жақсы көріністердің бәрін қызға теңеген. Қазақ халқында қалыптасқан қызға берілген анықтама, оларға қойылған талап-тілектер, қызды еркелету, қызды тәрбиелеудің үлкен жолға қойылғанын көрсетеді. “Қыз елдің көркі” — дейді халқымыз. Ақын, жазушылар өмір бойы қыздарды жырлап, ару деп ардақтап, болашақ ана деп аялап үлкен құрметпен қараған. Нәзіктік, тапқырлық, ойлылық, сұлулық, адамгершілік, қайырымдылық сияқты жақсы мінездерді алдымен қыз бойына дарытуды көздеген. Қызды ардақтаған қазақ басқа шығыс халықтарындай, оның бетін бүркелемей, ер балалармен тең ұстаған. Бойжеткенді әсемдіктің, әдеміліктің символы аққуға теңеп жырлаған ақындар қыздың бойындағы құпия сырды терең түсінген. Өзім қаншама шет елдерде: Англияда, Францияда, Италияда, Әзірбайжан мен Арменияда, Қырғызстанда, Өзбекстанда болып жүргенде қызға деген мұндай құрмет дәл біздегідей емес екенін байқадым. Кез келген жігіттің алдауына түспеу үшін, қыз ең алдымен намысты болу керек, өз намысын қорғай білуі керек. Қыз баланың махаббатының алдында бас имейтін адам жоқ. Сол кездегі қазақ халқының қыздарға берген беделі қайда кетті? Жаңа қоғам құруда қазақтың қалыптасқан идеологиясының көнесін жаңартып, дамытып, болашақ ұрпақтың бойына ұлттық идеология тәрбиесін сіңіру міндетіміз. Осы айтылған мысалдар арқылы қыз баланың бойында ұлттық психологияны қалыптастыру керек. Бүгінгі қыздардан да біз осы жақсы мінездің көріністерін іздейміз. Біздің өткен жолымызда қателіктер аз болған жоқ. Социализм ерлер мен әйелдерді теңестірді, әйелдердің оқуына, қоғамдық істерге араласуына жол ашты. Бәрі де дұрыс. Қоғамнан өз орнын тапқан, үйде де, түзде де сыйлы апа-сіңілілеріміз, құдайға шүкір, баршылық. Бірақ осыны пайдаланып, үйді ойламай, түзді ойлаумен жүріп, ошақ иесі рөлін әлсіретіп алған әйелдер де жеткілікті. Осындай әйелдердің қыздары да осы жолмен жүре бастады. Тәуелсіз ел болып, ұлттық қазыналарымызды жинастыра бастағанда, ұлттық дәстүрімізді аяқасты етуге жол беретін осындай мінездерге қарсы күрес ашу керек емес пе? Олар өзімен кетпей, ұрпаққа да әсерін тигізіп жатыр.

    Қыздардың болашақта отбасын құруға дайын еместігі, адалдығын сақтамай, жетім, тастанды балаларды көбейтіп жатқаны жасырын емес. Иә, біздің ұлтымыздың дәстүріне жат жезөкшелік, тастанды бала, әке-шешесін сыйламау, дүниеқұмарлық, тек қана өзін күйттеп, сырт жұртқа еліктеген жастарымыздың көбейіп бара жатқаны ойлантады. Соның үлкен бір көрінісі – қазіргі біздің эстрада музыкасы. Бұлай дейтініміз, осы күні қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан әуенін, классикалық өнерін әлсіретіп, кеудесін, кіндігін ашып киінетін, етегі жырым-жырым әртістер сахнадан жиі көрінетін болды. Осы бір сахна көрінісі бүкіл қазақ жастарын еліктіріп барады. Осыны басқарып жүрген орта буындағы азаматтардың өзі халықтың әдет-ғұрпын, дәстүрін, елдің көкейкесті ойын түсінбейді. Сондықтан, әлі де жоғалып кетпеген ұлттық дәстүріміздегі жақсы мінез-құлықты, отбасының бірлігі мен ағайынның тұтастығы үшін қызмет ететін ақылгөй аналарды дәріптей отырып, қызға ана сүтімен, мектептен бастап тәрбие берілуі керек. Жасыратыны жоқ, өтпелі кезеңде, әйелдер тамақ табу үшін сауда жасауға шығып, отбасының бірлігі де, бала тәрбиесі де ананың ойынан да, көзінен де тыс қалды. Бұған уақыт, Қазақстандағы уақытша экономикалық дағдарыс кінәлі дейміз. Жоқ, екінші дүниежүзілік соғыс жылдары көрген аналардың қиыншылығы осының қасында қандай еді. Сол аналар Ұлы Отан соғысы кезінде-ақ жігерлі болды, намысты болды, аузындағы нанын жырып берді. Ал енді қазір біз жезөкшелік, тастанды бала, қыздардың осындай жағдайға жетуін кімнен көреміз? Осының бәрі біздің қоғамдағы идеологиялық жұмыстың олқылықтары. Бұл айтылғандардан қыз тәрбиесі, әйелдер арасындағы жұмыс жүрмей жатыр деген ұғым тумайды. Қазақтың қыздар педагогикалық институтында бойжеткендерді болашақ маман болуға тәрбиелеумен қатар, жақсы мінез-құлыққа, отбасылық өмірге үйретуде үлкен істер істеліп жатыр. Қазақтың ақылды, ойлы қызы Шәмша Беркімбаеваның институттағы осы саладағы істерге тікелей мұрындық болып араласып жүргенін байқаймыз. Қыздармен жұмыс онда кездейсоқ шаралармен шектелмей, белгілі бір бағдарлама бойынша жүргізіледі. Онда студент қыздардың әдебиет-өнер, қоғам қайраткерлерімен, ардақты аналармен кездесуі жиі өтеді. Осының бір мысалы ретінде айтатын болсақ, ұлағатты ана Ділда Тасмағанбет келіні ұлттық дәстүр жайында өзінің өмірлік тәжірибесінен жастарға арнап әңгіме өткізді. Қадірлі ананың газет, журнал беттерінен жиі көрінетін мақалалары да жастарға ой салары даусыз. Жастарды адамгершілікке, балажандылыққа баулитын, оларды жан-жақты білімді, мәдениетті болуға, кітап оқуға үйрететін, озық мәдениет үлгілерімен таныстыратын шаралар да институтта жиі өткізіледі. Осындай игі істердің тек бір институтта ғана жүргізілмей, барлық жастар жиналған ортада, оқу орындарында бұқаралық сипат алғанын қалаймыз. Экономикалық қиындықтан өтіп, қазір өркениетті елдердің дәрежесіне қосылуға тырысудамыз, бірақ рухани жағынан біз әлі де өте жұтаңбыз, әдет-ғұрып, салт-сана, ұлттық психологиялық ойдың жетілуіне рухани байлығымыз жетпей жатыр. Тәрбие мәселесіне көп жағдайда көңіл бөлмей, уақыт жетпей, ақша табу керек дей жүріп, біз ұрпағымыздың рухани әлеміне көңіл бөлмеуге айналдық. Рухани байлық – ұлттың тірегі, мемлекеттің тірегі, елдің қалыптасуының тірегі. Қазақ қыздарын сонау атам заманнан қалыптасып келе жатқан дәстүрді бойына сіңіріп, ұлттық рухпен сусындатуымыз керек. Рухани сусындамаған жерде тұрақтылық, сезімталдық болмайды.

    Кей кезде біз отбасы бірлігін жиі айтамыз. Ажырасу, тастанды баланың көбеюінің барлығы да рухани жұтаңдықтан туады. Біздің қазақ халқында қай ана баласын тастап кеткен, қай ана баласын босағаға байлап кеткен? Ендеше, біз болашақ аналардың бойына рухани байлықты тәрбие арқылы сіңіруіміз керек. Қазақ қыздарының сымбаты, ақындар жырлаған “ботакөз”, “қиғаш қас”, “алма мойын”, “қыпша бел” — осының барлығы қыздарға берілетін рухани азық болуы керек. Қыздың сұлулығы арқылы, қыздың мүсінін дәріптеу арқылы, болашақ ұрпақтың бойында: “Сондай болсам екен-ау” – деген рухани ұрық себілуге тиіс. Қазақ топырағында, қазақ отбасында тәрбиеленген қыз өрескел мінез көрсетпей, болашақ ұрпақтың анасы болуға тырысады. Адам бойындағы бүкіл адамгершілік қасиет анадан тарайды, ана елге тоқтау айтады. Бүгінгі қыз ертеңгі ана. Биыл Президент жанындағы Отбасы және әйелдер ісі жөніндегі ұлттық комиссия бұрынғы жұмыстарын қорытындылап, атын өзгертіп, құрамын толықтырды. Қазір ол Президент жанындағы Отбасы және гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссия деп аталады. Бұл ұйымның (төрайымы белгілі қоғам қайраткері Айткүл Самақова) қоғамдағы әйелдердің рөлін көтеруде атқарып жүрген жұмысы ұлан-ғайыр. Кешегі бір өтпелі кезеңде, шаруашылық күйзеліске ұшыраған, аналар зейнет-ақысын уақытында ала алмай, отбасын асырау салмағы әйелдерге түскен тұста, олар қазақ әйелдеріне демеу көрсетті. Ақыл-кеңесімен де, жекелеген отбасыларына нақты көмегімен де, әйелдерді іске тартып, тіршілікке араластыруға жәрдемге келді. Әйелдерді қоғамдық істерге, кәсіпкерлікке баулуда, ел экономикасын көтеруге қатыстыруда көп жұмыс атқарды, әлі де атқарып келеді. Шағын және орта бизнесті дамыту өркениетті елдерде экономикалық тұрақтылықтың кепілі болса, біз де соған қол жеткізе бастадық. Әзірше, бұл салаларда әйелдер көп емес. Бірақ өсіп келеді. Әсіресе білім, ғылым саласында жаңа талапқа сай тұжырымдар мен оқулықтар жазу, білім беру жүйесін қалыптасыруда әйелдердің қосып жатқан үлесі мол. Ұлттық комиссия жыл сайын әр түрлі көрмелер (іскер әйелдер еңбегінің, білім дамуының, жаңа технологияны игерудің, өнер қайраткерлері шығармаларының) ұйымдастырып, конкурстар өткізуге қатысып, бизнеспен шұғылдануға ынталы адамдарды қолдауда. Қазір комиссия осы бағыттағы жұмыстарын жалғастырып, Елбасының болашақта Қазақстанды дамыған 50 мемлекеттің қатарына қосу жөніндегі бағдарламасына сәйкес жүргізілетін жаңа шараларды белгілеуде. Соған орай оның міндет ауқымы да кеңейді. Былтырғы және биылғы Жолдауларында Елбасы әлеуметтік саланы көтеруге, қарт адамдардың зейнетақысын, тұрмысы нашар отбасыларға жәрдемақысын, мұғалімдер мен дәрігерлердің, қатардағы жұмысшылардың еңбекақысын, студенттердің стипендиясын көбейтуге көп көңіл бөлді. Осының бәрі – тәуелсіз еліміздің аяғынан тұра бастағанының белгісі.

    Жасыратыны жоқ, бұл жағынан біз көршілес елдердің бәрінен де ілгері тұрмыз. Тіпті кешегі өзіміз бағынып, өзіміз қызмет жасаған Ресей қазіргі жағдайда біраз мәселені шешу жағынан бізден сабақ алып жатыр. Осыған әйелдер қауымының қосқан үлесі де аз емес.

    Рас, әйелдер қауымында ылғи басшылыққа қарай ұмтылатын мінез бар. “Әкімшілікте, Үкіметте, Парламентте әйелдер аз” деп айтып жатады. Мен оны желеу сөз деп ұғынамын. Білім беру саласында — 90%, денсаулық сақтау саласында 80%-ға жуық әйелдер қызмет жасайды. Бұл – үлкен күш. Ендеше, осы екі саладағы туындап отырған күрделі мәселелерді шешуге осы әйелдер жауапты емес пе? Әркім өз орнында, өз еңбегімен отанын нығайтуға қызмет етсе, соның өзі бақыт.

    Солардың ішінен “жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар” шығып, басшы қызметтерге ұсынылып жатуы да заңды. Оның үстіне әйелдердің мойнында отбасы бірлігін ұйымдастыру, бала тәрбиесі сияқты жауапты міндеттер тұр. Жақсылық пен жамандық отбасында берген тәрбиеден шығады. Жауапсыз еркек, безбүйрек әйел, маскүнем болып анадан туатын ешкім жоқ. Бәрі де адам бойында тәрбиемен байланысты дамиды. Бұл – ұрпақтың болашағын ойлау деген сөз. Бізде қазір жетім балалар көбейді. Балалар үйлері жетіспейді. Бұрын қазақта осындай үйлер болып па еді? Көрші Өзбекстанда ондай үйлер әлі де аз. Өзбек отбасылары жетім балаларды асырап алып, өз балаларына қосып, кішкентай кезінен еңбекке, табыс табуға үйретеді.

    Егемендік алуымызбен байланысты мемлекетіміздің белгілі қайраткерлері, көненің көзін көрген, елі жайлы ащы болса да шындықты айтып, ұлтының рухани идеологиясының көп мәселелерін қозғап жүрген азаматтар баршылық. Бірақ олардың қолдау таппай жүргені ешкімге жасырын емес. Депутаттардың кейбіреулері өзінің жеке басының тіршілігін тұрақтандыру үшін күресуден аса алмай келеді. Әйтпесе, тастанды балалардың шет елдерге асып, елді есірткі жайлап бара жатқаны, арақ есеңгіреткен жандар мәселесі неге жеткіліксіз көтеріледі. Кейде ұлттық идеология ерекшелігін, елдің тарихын, тағдырын түсінетін адамдардың аз да болса, барлығына шүкіршілік етесің. Ертең олар кеткен кезде, орнын жаңа қазақ басса, біздің ұлтымыздың тағдыры не күйге ұшырайды деген қорқыныш та бар. Қазақ жерінің радиациялық аймағында туған кембағал балалардың көптігі, олардың тағдыры жайында кім не ойлайды? Ұлт намысын арқалаған зиялы қауым, Парламент мүшелері, қалталы азаматтар осы балаларды асырап алып, отбасындағы өз балаларымен қоса тәрбиелеуді неге ойланбайды, осы арқылы халыққа неге үлгі-өнеге көрсетпеске. Жетім балаға жылы әкелік алақан, аналық мейірім керек қой. Ол да ел азаматы болып өседі. Біздің шетелге кетіп жатқан балалардың қарғысы кімнің мойнында. Иә, әйелдің ат үстінде көбірек жүруі, оған өзге бала түгілі, өз баласының тәрбиесіне көңіл бөлуге мұрша бермейді. Жесірін сыртқа жібермей, жетімін телміртпеген қазақ бұл күнде жоққа тән. Бақылаудың жоқтығынан балалар қаңғыбас, қыздары жезөкше болып жатыр. Туу азайды. Бұрын бала тууды жоспарламай, Алланың бергенін қабылдай беретін қазақ әйелдері бүгінде бір-екеуден артық сәби сүймейтін болды. Мемлекетіміздің іргетасының нығаюы, экономиканың тұрақтылығы, демографиялық мәселелердің шешілуі мен ұлттық идеологияны дамытуда аналардың қосатын үлесі ұлан-ғайыр.


     

    Авторы: Әлия БЕЙСЕНОВА,

    ҚР Ұлттық ғылым академиясының

    академигі.

    Пікір жазу

    Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

    *

    x

    Check Also

    Әке бейнесі

    (Жәкім Қоңқайұлының рухына) Асқар тау Әке, ардақты ата, ел ықыласына бөленген құрметті азамат, өмірден түйгені ...