• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Ұлттық тәрбие » Арулар клубы ашылды

    Арулар клубы ашылды

    Қызды қырық үйден тыйып, келінді босаға аттағаннан-ақ тәрбиелейтін отбасының діңгегі соңғы жылдары босап барады. «Бетінен қақпай» өсірем деп бетімен жіберіп алғандар да бар. Ақтөбеде осы олқылықтық орнын толтыру мақсатында «Руханият» мұражайы жанынан «Сырласу» клубы ашылды. Клуб бойжеткендер мен келіндерге арналған, болашақ ана мен бір отбасының ұйытқысы болатын отананы тәрбиелейді.

    Қазақ қызы мен келінінің болашағын ойлаған ақтөбелік мамандардың жоспары үлкен. «Сырласу» клубының ұйымдастырушысы Зейнеш Сәлменнің айтуынша, жоғары сынып оқушылары мен студент қыздардан құралған клубта гинеколог, косметолог, психолог, ұстаздар болады. Бірі — тазалық, денсаулық күтімі туралы дәріс оқыса, екіншісі — бет-әлпеттің бабын айтады. «Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» десек те, психолог мамандар шыдамдылыққа, ұстамдылыққа, сабырлы болуға тәрбиелейді.

    Қазақ халқының этномәдениетін, тарихи мұрасын, дәстүрі мен ерекшеліктерін сақтай отырып, дінмен сабақтастыра үйретуді жөн көрдік. Жастар ұлттық патриоттық сезімін жоғалтпаса екен дейміз. Олар ана тілін, ділі мен дінін білуі шарт. Біз ізеттілікті, үлкенге құрмет, кішіге қамқор болуды, мейірімділік пен қарапайымдылықты бойға сіңіре білуіміз қажет, — дейді З.Сәлмен.

    Отбасындағы тәрбие ақсап тұрған кезде, ана мен әженің үй ішін таза ұстау, тамақ әзірлеу секілді ақыл-кеңесін, енді білікті мамандар алмастыра алады. Ол үшін ақтөбелік бойжеткендердің арнайы клубқа келіп жазылуы қажет. Кейін мамандар оларға тегін дәріс оқып, өмірлік маңызды мәселелерді талқыға салады, шешімін табуға септігін тигізеді. «Мұндай клуб бойжеткендер үшін өте қолайлы. Білікті мамандарға сұрақ қойып, жауап алуға мүмкіндік бар. Әрі сыр ақтарып, ойда жүрген бар мәселені айта аламыз деп үміттенемін. Кеңес берілсе, өмірлік проблемалардың шешімі табылары сөзсіз» дейді Жанар Қоштанбекова.
    «Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле» деген. Иманды қыз, ибалы келін тәрбиелеуді қолға алған клуб мүшелері айына бір мәрте бас қосады. Кейін оқып, үйренгендерін сынға салып, өзара сынға түседі. Алғашқы түлектер мамыр айында қолдарына куәлік алады деген жоспар бар. Сол шақта клуб мамандарының тәрбиесін көрген қазақтың бойжеткені мен келінінің үлгісін көруге мүмкіндік бар.


    Алтынай САҒЫНДЫҚОВА

    Ақтөбе

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Әке бейнесі

    (Жәкім Қоңқайұлының рухына) Асқар тау Әке, ардақты ата, ел ықыласына бөленген құрметті азамат, өмірден түйгені ...