• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Ұлттық ойын » Ұлттық спорт түрлерi заманға сай икемделсе игi едi…

    Ұлттық спорт түрлерi заманға сай икемделсе игi едi…

    Ұлы даланы мекен еткен көшпелiлер орта ғасырдың орта шеніне дейінгі тарихта адамзат өркениетіне қосқан жарқын үлесімен өз заманында жаһандану үрдісіне өшпес із қалдырды. Ең әуелі, жылқының қазақ жерінде жаңа тас дәуірінде қолға үйретілгендігін бүгінгі археологиялық қазбалар дәлелдеп отыр. Олар сол дәуірлерде ойлап тапқан атқа мінуге икемделген ауы кең шалбар мен екi өңiрi алдынан қаусырынатын киiм және үзеңгіге тебінетін аяқ-киім жабдықтары көшпелі шаруашылық-мәдени талаптарынан туындаған жаңалықтар ретінде бағаланады.

    Ерге мініп-түсуге, ат үстінен ұрыс салуда үлкен міндет атқаратын етік өкшесі, оған қоса жүрдек ету үшін аттың бүйіріне тебінетін батқы (шпор), таяныш қызметі атқаратын қонышының артына салынған металл тіреме, берік болуы үшін салынған сіріөкше қатарлы етік детальдары салт атты мәдениет өкілдеріне тән жаңалықтар орта ғасырдан бастап Еуразия аумағына жаппай таралды.

    Қазақ түсінігінде қару-сайманның кө­мегімен олжа алу аңшылық, ал тірі хайуан­ның жәрдеміне сүйеніп, аң алуды саятшы­лық деп түсінді. Сайын далада өткен әскери демократия заманынан бері келе жатқан ұжымдық аң аулау түрі – салбурын дәстүрі­нен қалған іздерді әлі де байқауға болады. «Қасымхан Сарайшыққа келіп, әкесі Жәні­бекке арнап ас беріп, той жасап ат бәйгесін өткізген. Бәйге аттары Сарайшық пен Үй­шіктің арасында жосылыпты. Қыс түсе Еділ мен Жайықтың ортасында ханның салбурыны өтіпті. Қырық сан Қырымнан, Қазақ пен Созақтан 1000 құсбегі қатысыпты деген аңыз бар. Сарыарқада құлан, киік, ақбөкен аулауға арналып қазылған орлар сол заманнан қалған белгі деседі.

    Құсбегілер, қырағы мерген, қағушы мен дабылшы, жылбұрынды атшы, ыспар қазаншы, т.б. алуан түрлі кәсіпшілер, өнер­лілер қауымы қызу қатысатын бұл үрдісті бүгінгі заман талабына сай икемдеп, қайта жандандыру ұлттық спорттың машығы ға­на емес, мәдени-спорттық туризмнің, қы­зық тамашалауды сүйетін саяхатшылық саласына таптырмайтын ноу-хау деуге болады. Бір ғана мысал, мажарлар (венгрлер) спорттың бұл түрін ғана емес, шығыстық атбегілікті және сайыс өнерін батыс жұрт­шы­лығына туристік, спорттық қызмет ре­тінде ұсынып табыс тауып келеді. Олар, тіпті қазақ жерінен апарған көшім, жабы жылқы тұқымдарын жергілікті тұқыммен араластыра өсіріп, Еуропа жұртшылығына «шығыс атбегілік ойыны» деген жобаны тұрақты ұсына бастады.

    Көкпар. Көкпар жаппай тарту, дода тарту деген екі түрге бөленеді. Жаппай тартуда жеке адамдардың тақымдасып, қол қайра­тын, тақым күшін, батылдығын, еп­ті­лігін толық көрсетуіне мүмкіндік бар. Ойында кімге болсын: кәрі-жас, үлкен-кі­шіге шектеу болмайды, жаппай тарту деп аталуы да сондықтан. Мұнда әркім лақты өзі иемденуге тырысады. Сайысты жинал­ған қауым сол майданнан жаппай көріп, тамашалайды.

    Дода тартуда жүйелі және тұрақты тәртіп сақталмайды. Үлкен жікке бөлінген топтар тұтас сайысады. Бұрын мұндай тар­туға көбіне аталы ауылдар, руларымен түскен. Осындай жағдайда көкпар кімнің қолына түссе, сонда қалады. Кейде бұл түрді «марта тарту» деп те атайды.

     

    Айналма көкпар – көк лақты бір ғана белгіленген жерге апарып тастау, мәре көк­пар екі шеттен мәре жер белгілеп, сер­кені әр жақ өз мәресіне апаруға таласады.

     

    Күрес. Спорттың классикалық түр­лері сияқты қазақша күрес адамның тәндік және моральдық қасиеттерін шы­нықты­ра­ды. Күресте киетін киім спорт­тық жа­рыс­тардың негізгі ереже­леріне икемдей отырып, ұлттық құндылықтарға негіздел­ген кейбір толықтыруларды кі­рік­тіру шарт. Атап айтсақ, палуандардың аяқ­киімін ке­біс негізінде жасап, кеуделік киімін қазақы өрнектер салып, берік материалдан тігіл­ген бешпент түрінде да­мытуға болар еді.

    Күрес дегенде ерекше ескеретін нәрсе, түркі халықтары болып ортақ бірегей кү­рес туралы концепциялық мәмілеге келгеннен соң, оны халықаралық деңгейге, олимпиадалық спорт деңгейіне жеткізу мүмкіндігі бар.

    Жамбы ату. Көшпелi әскери өне­рінде алыс қашықтықтан атуға арналған садақ­тың ежелгі атауы жақ, саржа, оның салып жүретін қабының атауы садақ екен­дігі белгілі. Тас дәуiрiнде пайда болған қара­бай­ыр түрлері уақыт өте келе толысып, бiрнеше ағаштан жасалып, тоз, тарамыс, сүйек және мүйізбен беріктігін арттыра түскен. Скиф садағы салыстырмалы түрде қысқа, ұзындығы 70-80 см, жебесі де сонша болды. Ал, ғұн садағының ұзындығы әдет­­те 150-160 см, түркі-моңғол садағында жақтың ұзындығы қысқарып, иiндерiнiң серпiнiн сақтау үшiн адырнаның иiнiнде сүйек, кейiн мүйiз қолданылды. Орта ға­сырдың соңын ала жақтың iшкi жағынан мүйiз бен тарамыс тартылып бес бөліктен құралған күрделі құрама жақ дүниеге келді.

    Садақшылардың бәсеке сайысы үлкен той мен ас беру кезінде өткізілетін. Оның мақсаты – сырық басына ілінген алтын қабақты немесе күміс жамбыны жаяу, не ат үстінен шауып өткен бойда нысанаға дөп тигізу.

     

    Бұл спорт ойынын жаңғырту – жастарды мергендік пен шапшаңдыққа баулып қана қоймай, патриоттық тәрбие, этника­лық мәдениетке құрметпен қарауды үй­ретеді.

     

    Бізде енді қолға алғалы отырған ұлт­тық спорт түрлерінің шетелдерде ертеден жүзеге асқан, нарыққа бейімделу тәжіри­бе­сіне қысқаша тоқталсам деймін.

    Мажарстанда түрлі көшпелі мәдениет элементтерін жаңғыртып, жасауды 1970 жылдардан бастап қолға алған іс қазір өз нәтижесін беруде: киіз үйді ғана емес са­дақ, қылыш, найза, айбалталардың сан алуан түрлерін жасаудың тәсілдерін олар игерген. Айталық, садақтың скиф, ғұн, авар, қыпшақ, мадияр, түркі-моңғол, ос­манлы, парсы деп аталатын түрлі жұрт­тарда кең таралған түрлерімен қоса, ХІІ ғасырға тән бүкір садақ, ХІІ-ХІІІ ғғ. ұзын­ша садақтар адырнасы мен басының иіні, пішіні, орналасу бұрышына қарай өзгеше болып келеді. Археологиялық, тарихи, бей­нелеу өнері деректері саласын­дағы қа­ру-жараққа қатысты зерттеу нә­тижелерін арқау ете отырып, өмірге әкел­­ген cадақтар­дың түрлерін табиғи және жасанды материалдармен өндіретін бірнеше кәсіпорын­дар бар. Олардың бір бөлігі органикалық әйнек пастадан садақтың формасын құйып дайындаған соң садақтың екі басын ағаш­тан салып, синтетикалық жіппен бекітеді де, ту сыртынан терімен қаптайды. Сыртқы пішіні тарихи садақтарды қайта­ла­са, оның серпімділігі мен кірісін тарту күшіне қа­рай бала, жасөспірім, орташа, қатты, кә­сіби садақшыларға арналған түрлері на­рыққа ұсынылады.

    Соның бастауында тұрған Кашшай Лайош – ат үстінен садақ тартудан үш мәр­те әлемдік рекорд жасаған шебер, ат үстінен садақ тартудың әдісін, ғылыми-практикалық негіздемесін жасаған маман және әлемнің 22 елінде өз мектебін ашқан ұстаз, сондай-ақ садақ жасайтын фабрика­ның негізін қалағандардың бірі. Оның ат үстінен садақ тартудағы бірінші әлемдік рекорды 1998 жылы арнайы жабдықталған ипподромда аттан түспес­тен 286 айналым жасап шапқан 12 сағат ішінде 1000 жебе тартып, барлығы 4238 ұпай жинаған. Екінші рекорды 2002 жылы дәл солай 12 сағат ішінде 323 айналым жасап, 3000 жебе атқан және 7126 ұпай жинаған. Мұнан кейін Гиннестегі рекордын қайта­дан 2006 жылы жаңалады: бұл жолы Кашшай 24 сағат бойы үздіксіз шауып ипподромда 661 айналым жасап, осы уақыт ішінде 5412 жебе атып, 15596 ұпайды рекорд ретінде тіркеді. Кашшай­дың Балатон өңірінде садақ түрлерін жасайтын зауыты және шабан­доз-садақшы­лар мек­те­бі бар. Онда Еуропа елдерінен басқа, АҚШ, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия ел­дерінен келген садақшылар оқып үйре­неді. Әрине, Каш­шай­дың рекорды мен оның шәкіртте­рінің жетістік­тері мықты дене жаттығуы­мен, психоло­гия­лық дайын­дық­пен бірге асқақ арманда, ескіні жаңғыртуға деген рух пен жігерінде болып отыр.

    Қорыта айтқанда, Еуропа төріндегі оты­рықшы халық мажарлар көшпелі әлем­нің ойын-сауықтарын қайтадан сәтті жаңғырта білген. Ал, ат құлағында ойнап, бүгіндері де саятшылықпен шұғылдана­тын халқымыз өз өнерін заманға сай икемдесе, этнотуризм саласында табысқа жете­тін тетік болады деген ойдамыз.

     


     Бабақұмар ХИНАЯТ, тарих ғылымдарының кандидаты

     

    Пікір жазу

    Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

    *

    x

    Check Also

    «Арлан сайысы» жеңімпазары анықталды

    Алматыдағы «Алматы-Арена» спорт кешенінде өткен ЖОО студенттері мен спорт клуптарының шәкірттері қатысқан (18-29 жас аралығы) ...