• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Ұлттық ойын » «Көмiлсем де кетер ме көкейiмнен, қалқаммен ұлыс күнi ойнағаным…»

    «Көмiлсем де кетер ме көкейiмнен, қалқаммен ұлыс күнi ойнағаным…»

    Ұлттық ойындар ертеден келе жатқан дәстүрге жатады. Оның әрқайсысының өз ережелері бар. Сондай-ақ, барлық ойындар баланың денсаулығына пайдалы. Оның дене тұрпатының жетілуіне, жылдам қимылдауына және тез ойлануына мүмкіндік береді. Адам бойына қажетті төзімділік, ептілік, сақтыққа да үйретеді. Сабырлы болуға дайындайды. Демек, баланың ойының да өрістеуіне үлесі зор. Халқымыз ойындарға тек балаларды алдандыру, ойнату әдісі деп қарамай, жас ерекшеліктеріне сай оларды көзқарасының, мінез-құлқының қалыптасу құралы деп ерекше бағалаған.

    Қой асығы демеңіз, Қолға жақса сақа қой!

    Көшеде келе жатырмыз. Әлде бір қабат үйдің алдындағы кішкентай алаңқайда үш бала асық ойнап жүр. Таңырқай қарадық. Байқасақ, ортаға үш асық тігіп, үш табан ойнап жүр екен. Біртүрлі балалық шақ есімізге орала кеткені… Ия, бүгіндері асық ойнау – «заманауи» балаларға бір түрлі ерсі көрінуі де ғажап емес. Себеп, ұлттық ойынның мәнін ұмытқалы қашан?

    «Асық ойнаған азар» деп атам қазақ қа­лай айтқанын кім білсін, ұзақ күнді «бүк-шікпен» өткізбесін деп, ойын баласына ескерткені шығар. Әйтпесе, асық ойнап азыпты дегенді естімедік. Қазір балалар үшін ойынның түрі көп, әсіресе компьютер­лік ойындардың саны есепсіз. Көбісі, атыс-шабыс, төбелестерден тұрады. Мұның бала денсаулығына, психологиясына қанша­лықты зиян екенін айтып, зар қағушылар көп. Сабақ оқитын уақытын ойын клубтарында өткізіп, таңға компьютердің алдынан шық­пай бозарып жүретін қала балаларын көр­генде, «асық ойнап, алшы тіккен» балалық шағыңа тәуба дегің келеді…

     

    Асық ойыны – қазақтың дәстүрлі ұлттық ойыны. Қой, арқар, құлжа, торпақ (тайынша) секілді жануарлардың асықтары арқылы ішінен үлкенін, оңқайын, алшы тұруға ыңғайлысын сақа етіп таңдап, түрлі ойын өткізуге мән берген. Мұнда асық ойынын ойнау үшін қолайлы жер таңдалады, ол көк мұздың үсті, яки қатқақ, тегіс жер болуы керек.

     

    Асық ойынының бас­ты мәні – атыс пен ұтыста. Атыс ойынында дәлдем­паздық пен сер­гектік, мергендік бірінші орында тұрады. Мұндай ойын түрлеріне үш табан, бү­гіп алу, жарып алу, мер­гендік немесе шеңбер жасап ату, сыпырмай, қа­сын­дағы асық­тарды қозғалтпай алу кіреді. Ойынды екі немесе одан да көп бала ойнауы мүм­кін, ойын түрі бала­лар­дың саны мен келісіміне қарай өз­геріп отыра­тындығы да бар. Бір айтар­лығы, әр өл­кенің, әр аймақтың асық ойыны әртүрлі болатыны да рас. Ал ұтыс түрлерін­де асық қағу, шұбырту, қаршу, ұпай жинау, ат жарыстыру, қошқар соғыстыру, мұз ойнақ, хан ойыны, асық табысу, бүк-шік, төрт шүкейт секілді біршама ойын түрлері қамтылады.

    Асық ойынын қағу, ату, тігу болып негізгі жақтан үшке жіктейді: қағу – сыр­маққа қалың асықты шашып жіберіп ойнау түрі, бұның да түр-түрі бар, соның ішінде кең тарағаны сақаны әуеге атып сырмақтағы шашылған асықтардың ішінен біріңғай бүк, шік, яки тайқы түскен жұп асықтарды ре­ті­мен қақшып алып, сақаны сол асықтарды жинаған қолына жерге түсірмей қондыру; асық тігу – белгілі бір жерді таңдап алып, сақамен ортаға тізілген асықтарды дәлдеу, шеңберден шығару, сол арқылы ортадағы асықты өз үлесіне қосу; асық ату – ортаға шашылған асықтың ұқсас ыңғайда түскен­дерін бірі-бірімен дәл көздеп, сол арқылы ұпай жинау. Мұндай ойын кездерінде сақаның алар орны ерекше. Сақа алшы түссе, барлық ойында жеңіске жетуге мүм­кіншілік зор. «Асығы алшысынан түсу» деген тіркес осындай себептен туған.

    Асық ойнаудың мәні – қыр баласында ойнайтын ойын түрінің аздығынан емес. Оның өзіндік салт-жоралғыны, бауырлас­тықты, достықты, бірлікті дәріптейтін тұс­тары да көп.

    Адам мінезінің төзімділігі мен шеберлігі, шыдамсыздығы мен өзім­шілдігі осындай ойын кезінде сыналады. Ойын­шының мергендік пен ептілігі, асық жинау, таңдау, күтудегі ұқыптылығы ел көзіне ертерек ілігетін қасиет. «Асық ойнап, алшы тігіп, мұзбалақ боп шапқылап» жүретіндерді сынайтын сынақтың да бір түрі.

     

    «Бес тас» – Бойжеткендер ойыны

     

    Ауыл балаларының сүйікті ойындары көп-ақ. Ұлдар асық атса, қыздар «бес тасқа» кірісуші еді. «Бес тас» ойынын өзімізден жасы үлкендерден үйрендік. Бұл ойын жылы жерде отырып ойнағанға ыңғайлы. Өйткені, суық күні далада тоңбайсың, ішің де пыспайды. Кішкентай болғандықтан біздің қолымыздың ебі де келе бермейтін еді. Оның қыр-сырын біліп алған ересек қыздар қол­дары майысып, барлық кедергі­лерді жеңіп шығатын. «Бес тас­тың» қы­зығына кіріп кетке­німіз сондай көрші әже де бізбен бірге жарыса кететін. Ол кісінің қолының жыл­дамдығына қайран қалушы едік. Бұл ойынның да өзге ұлттық ойындар сияқты қағи­далары бар. Мысалы, қыз бала өзінің қо­лына ың­ғайлы тастарды таңдап алады. Олардың пішімі де біркелкі болуы тиіс. Ең алдымен, «бес тастың» бастамасы саналатын «бірлік» түрінен өту керек. Яғни, бір тасты аспанға қарай лақ­тырып, жердегі қалған төр­теуін кезекпен бір-бірлеп жинайды. Одан сүрінбей өткен адам «май жалақ­қа» көшеді. Бұнда бір тасты лақты­рып, сұқ саусақпен жерді бір сылап, лақтырған тасты қағып алу қажет. Осы қа­лыппен бес тасты да кезектес­тіріп шығады. Бір қарағанда, же­ңіл көрін­генімен бұл ойын ептілікті, жылдам­дықты талап етеді. Ең қиыны «жаң­быр» еді. Аты айтып тұрғандай, алдымен бір тасты лақтырып, жердегі төртеуін қосып жинап алу керек. Одан кейін екі, келесіде үш сөйтіп лақтыр­ған топ тастарды жердегілерімен бірге алақанға жинап алып отыру қажет. Соңындағы лақтыры­латын төрт тастың басын қосып жинап алу ең қиын кезең болып табылады. Соңғы кезең «Ұяшыққа кіргізу­мен» аяқта­лады. Барлық кедергілерден өтсең, жеңім­паз атанасың. Бірақ бұл жеңіс оңайлықпен келе қоймайды. Қыздар өз тастарын көзінің қа­ра­шығындай сақтап қоятын. Балалар ойын­шықтарының арасында жататын бес тасты қазір кездестіре алмайсыз-ау…

    «АҚСЕРЕК – КӨКСЕРЕК»,

    БІЗДЕН СІЗГЕ КІМ КЕРЕК?

    Ұлдар мен қыздар бірігіп ойнайтын балалар ойынының бір түрі – «Ақсерек – Көк­серек». Онда жиырма шақты бала екі топқа бөлініп, қол ұстасып, бір-біріне қа­рама қар­сы тұра қалады. Аралықтары 5-7 метрдей алыс болуы керек. Сөйтіп екі жақ:

    – Бөлінейік екіге,

    Тұрайық жолдың шетіне,

    Қол ұстасып алайық,

    Ажырамастай бекіне, –

    деп екіге жарылады.

    Бірінші топ:

    – Ойынға бала көп керек,

    Қалмасын ешкім өкпелеп.

    Ақсерек – Көксерек,

    Сіздерге бізден кім керек?

    Екінші топ:

    Мықты біздің шебіміз,

    Бұздырмаймыз, тегі, біз,

    Болса сынап көріңіз,

    Күшіңіз бен ебіңіз.

    Біздің берік араны, –

    Екпінмен соғып қалады.

    Бұзса олжа алады,

    Бұзбаса тұтқын болады.

    Шақырамыз сынаққа,

    … – деген баланы.

    Осы кезде аты аталған бала қарсы беттегі топқа қарай жүгіріп, қол ұстасып тұрған балаларды бұзып өтуге талпынады. Бұза алмаса сол топта қалады. Бұзып өтсе, сол жақтан біреуін өз тобына ертіп келеді. Соңында саны азайып қалған топ жеңіліске ұшырайды. Бұл ойынның да қулықтары жетерлік. Қарсы топ шамасы жете қоймайды-ау деген нәзіктеуін шақыруы мүмкін.

    Тапқыр да алғыр, шымыр да епті, қай­ратты да қажырлы бала өсіруді армандамайтын отбасы жоқ. Демек, ойынның өзі бала үшін біліктің, тәлімнің қайнар көзі болып табылады. Балаларға ұлттық ойындарды үй­ре­тіп, оған өзгеше әр беріп, жаңартып өткізіп отыруды естен шығармайық!

     



    Ақерке МЕКЕТАЕВА, «Дала мен қала».

     

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    «Арлан сайысы» жеңімпазары анықталды

    Алматыдағы «Алматы-Арена» спорт кешенінде өткен ЖОО студенттері мен спорт клуптарының шәкірттері қатысқан (18-29 жас аралығы) ...