• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Ұлттық ойын » Көкпар қазақтікі екенін аты айтып тұр

    Көкпар қазақтікі екенін аты айтып тұр

    Бүгінде көкпардың өзі көкпарға түсіп кеткен жайы бар. Әркім таласып жүр. Ол қырғыздарда да, өзбектерде де, ауғандарда да, аргентиналықтарда да, ақыр аяғы «жаяу көкпар» америкалықтар­да да бар. Ал бірақ көкпардың атауының өзі оның қазақтікі екенін айтып тұрған жоқ па? Көкпар, этнографтардың айтуынша, «көк бөрі» сөзінен шыққан…

    Көкпар қандай ойын?

    Көкпар -жігіттердің күш-қайраты мен ептілігін сыналатын ұлттық ат ойыны. Көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан қаймана халық қасқырды соғып алғанда, өлігін ат үстінде сүйрелеп, бір-бірінен ала қашып, лақтырып ойна­ған. Кейін ол ұлттық ат спорты ойынына айналып, көк бөрі — көкпар аталып кеткен. Әлбетте бастапқы табиғи қал­пынан өзгерістер енген. Өйткені қас­қырды алып қашып ойнау — спорт емес болатын. Ол — тұрмыс. Ал спорттық көк­пар басқаша. Этнографтардың жа­зуынша, «көкпар аттылардың үлкен саны қатысатын «жаппай тартыс» және ойыншылары топқа бөлініп тартыса­тын «дода тартыс» болып екіге бөлінеді. Көк­пар ойналатын алаң көлемі қатысушылар санына сәйкес бекітіліп, онда басы ке­сілген серке тартылады. Көкпар десе делебесі қозып тұратын қазақ үшін бұл ойынның маңызы зор. Көшпелі елдің керемет мәдениетін үлгі еткен көкпар ойынының бәсекелік сипаты жастардың күші мен ептілігін арттырып, көшпелі шаруа мен батыр сарбаз үшін қажетті батылдық пен ерлік қасиеттерін дамы­тады». Мұнда ер жігіттер ғана емес, сәй­гүлік аттар да сынға түседі.
    Киелі және жасанды серке
    Көкпардың серкесі қасиетті санала­ды. Ойын аяқталғаннан кейін оны Құ­дайдан бала тілеп жүрген әйелдерге бер­ген.

    Мұндағы сенім — көкпарға түс­кен серке, жігіттердің мықты тақымына түскен серке — нәресте әкеледі.

     Қазақ халқы, міне, көкпарға тек ойын ретін­де емес, үлкен сенімнің құралы ретінде де қараған. Сол үшін де көкпарды бала күлкісін аңсаған шаңырақтың отаға­сылары беріп отырған. «Ұлттық ойындар» еңбегінде жазылғандай, «серкені сою­дың да өз тәртібі бар. Жарыс басталар алдында көкпаршылар серкені ортаға алып шығады. Ақсақалдар бата беріп, ойынның сәтті өтуіне тілектестігін біл­діреді. Бұдан соң көкпарға қатысатын аттардың аяғы тұсалмасын, шабысы кең, екпіні қатты болсын деген ниетпен құр­бандықтың аяғын матамай, төрт сирағын төрт жігіт ұстап тұрып, серкенің басын кеседі. Бұлшық еттері сіресіп қалмауы үшін алаңқайда ұзақ жатқызады». Бірақ бүгінде көкпар тағы да түрлену үстінде. Өйткені бұл ойынды қазақ қарап жүр­генде, қырғыздар патенттеп алған. Айыр­қалпақтылар командалық топпен серкені қазандыққа салу тәжірибесін енгізіп, қазір көкпар осылайша ойналып келе­ді. Оған батыс әлемінің қосқан үлесі де бар. Ол ереже бойынша, серкені — ту-тала­пайға салу — қатыгездік болып табылады. Соған орай, таза серке емес, жасанды серкені көкпарға салу — қолданысқа ен­ді. Ағайынды Жақып пен Нұрлан Спа­бековтің мұндай серкені жасап, патент алуға ұсынғанын «Халық сөзі» басылымы жазған еді. Ағайынды жігіттердің сө­зінше, бұл — көкпарды олимпиядалық ойындар қатарына қосудың бірден-бір жолы. «Жасанды серкені ойлап тапқан­дағы бар мақсатымыз, өзіміздің ұлттық спортымызды әлемге танытсақ деген ниет. Бір жағы мұндай үлгіде «оқу-жат­тығу» жұмыстарын жүргізудің өте тиім­ді. Себебі ересектер арасында тарты­ла­тын көкпарда серкенің салмағы 33 келі­ден, ал жасөспірімдер үшін 27-28 келіден аспауы тиіс (бұл қай ата-баба­сынан қалған ереже екенін біз біле ал­мадық). Алайда тірі серкені сойып тарту кезінде бұл мөлшерлер сақтала бермейді. Тағы бір айта кетерлігі, бұл үрдіс іске ас­қан жағдайда әр жаттығуға арнап серке «сою» тыйылады. Әрине, біздікі әзірше тек бастама ғана. Біз жасанды серкені сойылған серкеге 95 пайыздай етіп ұқ­сатуға тырысып бағамыз. Қазірдің өзін­де көкпаршылардың ұсыныстары бо­йын­ша «серкеміздің» белін «ойна­малы» қылу жағын қарастырдық» дейді өнер­тапқыштар.
    Алайда жасанды серке қай әйелге ұл таптырсын? Бұрындары серке көкпарға түсерде, жасы үлкен қариялар бата бе­руші еді, жасанды серкеге бата беру ақыл­ға сыяр емес. Көкпар — ойын ғана емес, ол — дәстүр. Демек, көкпарға өзге­ріс енгіземіз деп, дәстүрге қиянат жа­сауға болмайды.

    Жаяу көкпар
    Қазақта нағыз көкпардан бөлек есек көкпар және жаяу көкпар ойындары да бар. Есек көкпар — балалардың ойыны. Әлі үлесіне тай тимеген балалар ағала­рына еліктеп, бұйырған есекке мініп, қолдарына түскен теріні не кез келген затты тартысып ойнаған. Бұл — шын мәніндегі көкпарға жатпайды. Сонымен бірге жаяу көкпар ойыны бар. «Ұлттық ойындар» еңбегінде баяндалғандай, «Бұл ойын жазды күні, кең жазықта ойнала­ды. Ойын өтетін жердің ұзындығы 50-60 метр, көлденеңі 25-30 метрден кем бол­майды. Сол жазық алаңның бір шетіне шағын дөңгелек шеңбер сызы­лады да, ішіне құм түйілген ақ шүберек қойыла­ды. Алаңның екінші шетінен де сондай сызық сызылып, оны көмбе деп белгілей­ді. Ортадан сызық сызылады. Ойынға қатынасушылар екі топқа бөлі­неді де сол ортадағы сызықта сан құрып тұрады. Ойынды жүргізу үшін екі топқа ортақ бір басқарушы тағайындалады. Орамал жатқан және көмбе етіп бел­гіленген жерде екі ойыншы бақылаушы болып тұрады. Басқарушының берген белгісі бойынша ойын басталады. Әр топ­тың ойыншысы құм түйілген шү­бе­рекке бұрын жетіп, оны көмбеге жет­кізуге ты­рысады. Топтың қалған ойын­шылары оған көмекке келеді. Ал қарсы топ, одан шүберекті алып, өздері апаруға тыры­сады. Қызу тартыс басталады. Ойынға қатысушылар айла-амал қол­данып, алаңның ішінде бұлтарып қаша жүріп, өз тобының көмбеге бұрын әке­луін қарастырады. Бірақ белгіленген межелі жерден шығуға болмайды. Көм­беге белгіленген мерзімде жеткізген ойыншы ұпайды көбірек алады. Ойынға допты да пайдалануға болады. Ойын жастардың дене күшін, жүгіру қабілетін жетілдіріп, денелерін шыңдап, ден­сау­лықтарын жақсарта түседі». Жаяу көк­парды Аме­рика футболы немесе рег­биге ұқсата­тындар көп. Аса үлкен айыр­ма­шы­лығы жоқ. Әлбетте, Америка бұл ойын­да көш­пелі халықтан көріп алды ма, әлде өз­дерінің төл ойыны ма, бұл арасы — жұм­бақ. Қалай десек те, жаяу көкпар ойнап жүрген мұхиттың арғы жағында­ғы мемлекет тұрғындары қазақтың на­ғыз көк­парына қызығушылықпен қарап жүр­геніне көп болды. Бішкекте орна­лас­қан халықаралық «Көкбөрі» көкпар феде­рациясының атына жолданған ресми хатта америкалықтардың өз елін­де көкпарды дамытуға құлшынып отыр­ғандары баяндалған. Білетіндердің ай­туынша, америкалықтардың көкпарға қызығушылығы «Рэмбо-ІІІ» фильмінде Сильвестер Сталлоне ауған көш­пен­ділерімен көкпар ойнауынан кейін оян­ған.
    Қазақ көкпары қалай дамуда?
    Көкпарға енген түрлі өзгерістер оның дамуына да кедергі келтіріп, сипатын да басқа арнаға бұрып жібергені шындық. Мәселен, қазақ көкпары кең алаңқайда ойналған. Аттардың шабуына еркіндік берілетін. Бүгінде көкпар тар алаңдағы тартыс талабына бағындырылған. 1996 жылы Ат спорты қауымдастығы көкпар­дың алаңқайының ұзындығын — 320 метр, енiн — 150 метр етiп бекiткен бол­са, кейін алаңқайдың ұзындығы — 200 метрге, енi — 70 метрге қысқарды. Бұл біз жоғарыда әңгімелеген қазандықтың пайда болуымен байланысты. Соған орай, аттар еркін шаба алмайды, адым­дары қысқарып қалған. Алысқа шабатын алаңқай болмағасын, көбіне көкпар­шы­лар серкені алып қаша алмайды, тек бір-бірімен жекпе-жекке түсуге ғана мәжбүр. Бұл — әлбетте, нағыз көкпардың дамуына үлкен кедергі. Қазақстанда «Көкбөрі» қауымдастығы 2000 жылы құрылған.

    Дәлірек айтқанда, Ұлттық ат спорты федерациясы 2000 жылы «Көк­Бөрі» федерациясы болып бөлініп, оған көкпар, аударыспақ, қыз қуу, теңге ілу сайысы кірді.

     2001 жылы Спорт министр­лігімен бірігіп ересектер арасында чем­пионат Өскемен қаласында өтті. Биыл ересектер арасында 10 чемпионат көк­пар, теңге ілу, аударыспақ, қыз қуу өнері Астанада өткен болатын. Көкпар ере­сектер арасында 10 жыл, жасөспірімдер арасында 6 жыл қатарынан өткізіліп отыр. Команда үздік болса, әр шабандозға атақ беріледі. Жастар арасында 2004 жылы Қостанай қаласында алғашқы чем­пионат өткізілді. 4 мемлекет бірігіп «Көк-Бөрі» федерациясын ашты. Оған Ауған­стан, Ресей, Қытай мемлекеттері кірді. 2001 жылдан бастап Қырғызстан Рес­публикасы президентінің кубогын өт­кізіп жүр. Дегенмен көкпардың дамуын­да мемлекеттік деңгейдегі үлкен серпі­ліс әлі де болса жоқ…


    Нұрболат Аманжол, «Айқын».

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    ​Қазақ күресі федерациясы Ұлттық Олимпиада комитетінің сертификатына ие болды

    Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин instagram желісіндегі парақшасында мәлімдеді. ...