Соңғы кездегі әлеуметтік желідегі көптеген пікірталастан қазір қазақтың қамшысын ауызға алғанда алдымен әйелдің “жынын” қағатын құрал ретінде қабылдайтынын білідк. Алайда атам қазақ үшін қамшы – тек ер қаруы ғана емес, оның атқаратын қызметі әртүрлі болған.

Қамшының қасиеті

Ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп жүрген журналист Өмірзақ Ақжігіт қазақ үшін қамшының атқарар рөлі зор дейді. Оның айтуынша, қазақтың кез-келген салт-дәстүрінің астары бар.

– Қазақта тіл жете бермейтін немесе айтуға ауыз бармайтын сөздердің орнына қамшыны қолданатын әдет болған. Қашанда аталы сөзге тоқтаған қазақ үшін қамшының қолдану аясы өте кең. Қолында қамшысы бар қазақ айбарлы көрінген. Аттылы адам қамшысын үйіргенде одан сескенбейтін адам болмаған.

Қазақта айтар сөзі көңіліне келетінін білген кезде қамшыны қолданған. “Қамшының сабы сынса – қатын өледі, пышақ сабы сынса – күйеуі өледі” деген де ырым бар. Егер қайтыс болған адамның кім екенін сөзбен жеткізе алмаса да, қамшыны қолданған.

Сонымен қатар қызға құда түсе келген адам қамшысын төрге белгі ретінде іліп кеткен. Егер жігіт жақ кешігіп, не қыз жақ айнып қалса, қамшыны иесіне қайтарып беретін болған. Ал төрде ілулі тұрған қамшыны көрсе, айттырған адамы бар дегенді білдірген.

Жалпы үйге келген кісі қамшысын ала кірмейтін болған. Егер сыртқа тастап кетпей, үйге ала кірсе, дауласуға келгенін білдіреді. Ал ала кірген қамшыны ортаға тастаса, бітімге келуге шақырғаны, – дейді Өмірзақ аға.

Қамшы сыйлау сәнге айнала бастады

Қамшы сыйлау сәнге айнала бастады / Фото жеке мұрағаттан алынды

Қамшы – биліктің символы. Отбасында да

Өмірзақ Ақжігіт қазақтың салт-дәстүрлерінің көбі ұмыт бола бастағанына қынжылыс білдіреді. Өйткені халық дәстүрді емес, нан табумен басы қатып жүр дейді. Ұмыт болған дәстүрлерді жаңғырту мақсатында өзі қыздарын ұзатқанда күйеу балаларына қамшы сыйлаған екен.

– Қыздарым күйеуге шыққанда оларға кітап, ал күйеу балаларыма қамшы сыйладым. Қамшы – биліктің символы. Күйеу балаларыма “егер қызымның айтқаны дұрыс болмаса, жанжал шығарып, ұятқа қалмаңдар. Екі-үш рет жаймен ескертіп айт. Қайта тәрбиелеймін деп ойлама. Болмаса, мынаумен бір тартып жібер” дедім. Бірақ қанша жыл болды. Әлі қамшы жұмсағанын естіген жоқпын. Қамшы үйлерінде төрде ілулі тұр. Менде де үйде төрде портрет емес, қазақтың қара домбырасы мен әкемнен қалған тобылғы сапты қамшы ілініп тұр, – дейді Өмірзақ аға.

Тұсау кесудегі жаңа ырым

Қазақта уақыт өте келе тұсау кесу рәсімі де жаңара бастады. Бұрын қазақ ырымдап баланың тұсауын өзі құрметтейтін, елге белгілі азаматтарға ұқсасын деген ниетпен кестіретін еді.

Қазір ақ матаның үстінде тәй-тәй басқан баланың алдында қолын жайып анасы емес, бала таңдап алуға тиісті бірнеше зат қойылады. Оның қатарында ақша, қамшы, кітап бар.

Яғни, бала ақшаны таңдаса – бай, қамшыны таңдаса – ел тізгінін ұстайтын азамат, ал кітапты таңдаса – данышпан болады деген ұғым қалыптасып үлгерді. Алайда бұл жаңарған ғұрыптың қаншалықты ғұмырлы болатынын уақыт көрсете жатар.

Балгердің қамшысы саудаға салынбайды

Қамшы сыйлау құрметтің белгісі. Өзінен кіші болса, сол қолымен, қыз балаға өрім жағынан, үлкен кісіге сабынан ұстатқан. Елуге дейін тобылғы сапты қамшы сыйға тартса, елуден асқан соң тұяқ басты қамшы сыйлаған. Ал емші-балгерлердің қамшысы саудаға салынбаған. Өйткені жын-шайтанды қуатын қасиеті бар қамшы өте құнды, оның бағасы жоқ деп есептеген. Сондықтан бата берген адамға ризашылықпен сыйлаған.

Емші-балгерлер қамшысын қаскөй, зұлым күштерден қорғаушы әрі адамға жабысқан ауруды денеден шығаратын құрал ретінде пайдаланған. Әсіресе, жылқы тері сіңген қамшысыдан жын-шайтан, пері қатты қорқады деген ұғым болған. Ал аяғы ауыр әйел босанар сәтте қамшыны төріне іліп қойған.

Қазақ қамшысын төрге ілген

Қазақ қамшысын төрге ілген / Фото жеке мұрағаттан алынды

Қамшымен емдейтіндер де бар

Мұндай сенім әлі де бар. Жазира қамшының көмегімен емдейді. Ауру-сырқауды ғана емес, тіл-көз тигенде қамшының көмегі көп дейді.

– Қамшының басты қасиеті – адамның жон арқасынан бірнеше рет ұрған кезде ізі қалмайды. Мен де дүре соққандай ұрмаймын. Бірақ әсерін адам сезеді. Көп адам қамшыны сілтеген уақытта тиіп кетер деп қорқасоқтайды. Бірақ ешқашан тиген емес. Тек көздеген жеріңе ғана тиеді. Ал арқасына қамшы тиген адамның, құрыс-тырысы жазылып, жеңілденіп қалғанын сезінетінін айтады. Өйткені адам бойына жиналған тіл-көз, ауру – барлығы қамшының күшімен шығып кетеді.

– Маған бұл қасиет ата-бабамнан дарыған. Алғашында мән берген жоқпын. Бірақ қатты ауырып, мазам кетті. Қамшымен емдеу әдісін қолданбай тастап кеткен кезім де болды. Бірақ белгісіз бір күш мазамды алды. Ал адамдарды емдесем, өзімді жеңіл сезінемін, – дейді Жазира.

Қазақта қанша балаң бар деп сұрамаған

Керегеде ілулі тұрған қамшының санына, қалай жасалғанына қарап, сол үйдің қанша баласы бар, оның неше ұлы, неше қызы бар екені біліп отырған.

Мысалы, неке қамшысы. Үйленер алдында басына тас салғызған тобылғыдан жасаған жігіттің қамшысы қыздың көзіне бірден түсетін болған. Әрине, қыз таспен көмкерілген қамшыны таңдау арқылы келісімін берген.

Ал дойыр – жуан, салмақты таспадан өрілген қамшыны барымташы, жаугершілер ұстаған. Оның өрімі де ұзын болған.

Аңшыларға арналған қамшының ұшына қорғасын салынған. Өйткені ұзындығы екі құлаш қамшымен аңға шығуға да, сиыр айдағанда да ыңғайлы.

Ал үйір қамшы деген сабы үш буынды болған. Оны жылқы айдағанда шалма ретінде пайдаланған. Бұдан өзге де қамшының түрі көп.

Қамшының да түрі бар

Атап айтсақ:

1. Сүндет қамшы. 2.Бәйге қамшы. 3.Көкпар қамшы. 4.Дойыр қамшы. 5.Неке қамшысы. 6. Соп қамшы. 7.Үйір қамшы. 8.Ноғай қамшы. 9. Баптау қамшы. 10. Аңшы қамшы. 11.Барымта қамшы. 12. Бәсіре қамшы.

Қамшы

Әшекейленген сәндік қамшылар / Фото жеке мұрағаттан алынды

Қамшыны өріміне қарай пайдаланған

Қазақ қамшыны өрім түріне қарай да бөлген. Үшеуден бастап қырық өрім қылып өретін болған.

  1. Үш не төрт өрім. Ол қайыстан өрілген, бәйге қамшыға қолайлысы.
  2. Алты өрім.Осы орайда “Әй, алты өрім бұзау тіс, көп былжырамай аттан түс!” деп өрімшілер көп айтатын.
  3. Сегіз өрім, төрт қырлы. Бұл мал айдауға қолайлы қамшы. Осы өрімді соп, үйір, ноғай қамшыларға да қолданған.
  4. Он екі өрім. Сәндікке лайықты қамшыда пайдаланылады.
  5. Қырық өрім. Оған тарамыс қолданылады. Өрімшілер арасында қайыс таспадан қырық өрімді де жасағандар болған.

Қамшы қанша бөліктен тұрады?

Қамшы негізгі үлкен екі бөліктен тұрады: өрімі және сабы. Содан кейін бас, дүм, алақан, бүлдірге, орам, кежеге шежемей, айдар, мойнақ, бүркеншек, бунақ, бауыр, шашақ өзек, түйін, шығыршық, топшы, түйнек деп бөлінеді.

Қамшы сабы көбінесе 4-7 тұтам тобылғыдан, еліктің сирағынан, киіктің мүйізінен жасалып, барынша әсемделеді. Оның терімен қапталған қолға ұстайтын бөлігі – тұтамы (тұтқасы), оған тесіліп өткізген қайыс таспа – бүлдіргісі деп аталады.

Шеберлер қамшының сабына ерекше көңіл бөліп, оны жез бауырлап, мойнақтап, темір не жезбен, былғарымен, қайыспен орап тастайды. Қамшы өрімі алақанынан саптық мойынға бүркеншік арқылы жез, мыс шегелермен тойтарып бекітіледі немесе таспа арқылы мойнаққа бүркемелеу арқылы жалғайды.

Кейбір өрімшілер алақанның сап жағын әдейі ұзын етіп қалдырып, оны сапқа ұзына бойы “бауырлақ” етіп, сыртынан таспаны орайды. Өрім мен алақанның қосылған жері – шемежей. Оның үстінен түйнектеп қайыс шашақ тағып қояды.

Елік, киік сирағынан темір, жез, терімен мойнақтап, орам салып, шашақталған қамшы өте сәнді де бағалы болады.

Қамшы тарихы

Қамшы сөзінің шығу тегі туралы бірнеше нұсқалар айтылады. “Қамшы” сөзіндегі “қам” түбірі қазақ тілінде бірнеше ұғымға ие.

Қам – шикі, шылғи, шала, қам-қарекет, қимыл, айла, тәсіл, амал, қам-уайым, қайғы, қамығу, қам-қамдану, әзірлену, даярлану. Әрі қарай: қамба, қамау, қамал, қамту сөздері мен терісі құнды аңдар қама, қамар, қамшат; қымбат маталар – қамқа, қамқап болып келеді де, барлығының түбірі қам деген сөзден түзіледі.

Қамшы өрімі иленбеген шикі, шылғи теріден де өріле беретіндіктен әрі кейде бір ұғым беретін осы сөздер қосарлана айтыла беретіндіктен: қам – шикі, қамшы, қам – шылғи-қамшы түрінде қамшы сөзі қалыптасты деген тұжырым бар.

Қамшы – ат-көлік, мал айдауға арналған жабдық. Қамшы – қорғануға, қарсыласын ұрып-жығуға арналған суық қару. Қамшыгерлік – қорғана білетін және әбжіл қимылдап, жауын жайратып салатын да шеберлік.

Көшпелі тірлік салтына байланысты қазақтың еңбектенген баласынан еңкейген кәрісіне дейін қамшы ұстаған, ат-көлік мінетін. Әркімнің өзіне лайық, өзіне тән қамшылары болады.

Атқа мінгенде қолында, қонышында, білегінде, белінде, тақымында, ерінің алды-артында, үстінде ілулі тұрады. Кейде тіпті қарбалас сәтте ауызға да көлденең тістейді.

Ал үйде отырған кезде қамшы керегенің басында, көгінде, уық қарында, сыртқы дөдеге мен белдеуде немесе ашада қыстырулы тұрады. Қарбалас кездері киіз-сырмақ астында, тіпті тізенің астында жатады. Әркімнің қамшысы өзі қойған жерінде тұруға тиісті.

Әйелге қамшыны қай кезде жұмсаған

Әйелге тек жауынгерлік заманда қамшы жұмсаған. Ұрысқа кетіп бара жатқанда, артынан ілесіп, күйеуін қимай, жылаған әйелді ері аттың үстінде тұрып, қамшымен салып қалған. Шайқас кезінде ері жазым болса, “өлеріңді біліп, көңілің суысын” деп қамшы сілтеген екенсің деп жоқтау айтса, аман-есен оралса “мен жоқта өзгеге көз салмасын дегенің ғой” деп ұғады екен.

Ал жай, елде тыныштық кезде атына мініп, жолаушылап бара жатқан ерінен әйелі “Қайда барасың?” деп сұрамаған. Өйткені ол жаман ырымға саналған. Сондықтан әйелі ерінің қай жаққа жол жүретінін күні бұрын сұрайтын болған. Ал, атқа мініп, дәл жол жүретін кезде сұрса, қамшымен салып жіберетін болған.

Қамшы қалай жасалады?

Қамшының сабы еліктің тұяғынан, тауешкінің мүйізінен, тобылғыдан жасалғанда төрт тұтам, тауешкі, еліктің сирағынан жасалса, үш тұтам болып жасалады. Ал мал қайтарғанда, арба, шана айдағанда екі-үш құлаш болады.

Қамшы жасауға деген қызығушылығы студент кезінен басталған Ақжол Жабағиев – қазір өз ісінің шебері. Ол ұлттық дүниеге деген сұраныс артты дейді.

– Мен басында тек домбыра жасайтынмын. Қамшы жасауды кейін үйрендім. Бірақ қамшыны не үшін қолданғанын білмесең, оны жасау бекершілік. Мен кез келген түрін жасаймын. Бірақ бағасы да соған лайық. Ең арзаны 8 мың теңге тұрады. Соңғы кездері сұраныс арта бастады. Бұрын тек көрмеге ғана шығаратын болсақ, енді естелік ретінде сыйлайтын болған. Өйткені қамшы сыйлау үлкен құрмет белгісі. Сондықтан көбіне үлкен кештерде сыйлы адамдарға құрмет көрсету үшін қамшыға тапсырыс беріп жатады. Тіпті қытайлар арнайы тапсырыспен келіп жасатты.

Киіктің сирағынан жасалған қамшы

Киіктің сирағынан жасалған қамшы / Фото жеке мұрағаттан алынды

Қадірін білген адам ғана қамшыны үйінде ұстаған жөн дейді шебер

– Өйткені оның жасалу әдісі де оңай емес. Негізінен сиырдың мүйізінен жасаймын. Ал екі мүйізді біріктіру үшін ішіне ағаш салынады. Киіктің сирағынан да жасаймыз. Бірақ оның бағасы 30 мың теңгеден жоғары тұрады.

Алдымен қамшының басын жасап алады. Сабының басынан сиыр терісінен үш таспадан 40 таспаға дейін өреді. Иленген теріні үш елі етіп кеседі де ұзындығын оның саласына қарай сыдырғыдан өткізеді. Сосын жалпақтығын, енін, қалыңдығын реттейді.

Осындағы сыдырғыны үш тұтам тобылғыдан жасап алады. Өрім әбден дайын болғанда оған алақан жасайды. Тобылғы сапты қамшыға бауырымен өрілуге тиісті. Бауырын тобылғыға орап ұстатқан қамшының атауы – “Қазақтың ала қамшысы”.

Жазушыға бұйырған қамшы

1960 жылы Сәбит Мұқановтың 60 жылдық мерейтойы өтеді. Кенен Әзірбаев та мерейтойға жиналғандарды Қордайға қонаққа шақырады. Сол жерде Сәбитке күмістелген ер тұрманы бар сәйгүлік мінгізіп, қолына күміс сапты қамшы сыйлайды. Оған мінген Сәбит шалқақтап, аттан түспей қояды.

Бұл қылығын көрген Хамит Ерғалиев қамшыны білдіртпей ұрлап алып, Сафуан Шаймерденовтің көлігіне тығып қоюын өтінеді. Сәбит қамшысын іздеп, шарқ ұрғанда екеуі сыр білдірмей отырады. Екеуі де тойдан соң, қамшыны иесіне қайтаруды ұмытып кетеді.

Кейін қайтарып беремін деп жүргенде, үйінің төрінде ілулі тұрған қамшыны Сафуанның баласы өрімін жазып, конькиге бау етіп тағып алады. Сол бала Саян Шаймерденов кейін атақты хоккейші, жеті дүркін КСРО чемпионы атанады.

Сафуан баласының спортта үлкен жетістікке жетуіне Сәбиттің қамшысының әсері болған шығар деп еске алады екен. Қазақ осылай ел алдында жүрген жақсы адамдардың қамшысын ырымдап, қалап алып отыруды бұрыннан әдетке айналдырған.

 


Ләйлім ӘУБӘКІРОВА
informburo.kz