• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Әдебиет » Жүрсін Ерман: “Ұйықтап қалған жоқсыңдар ма, ей, жігіттер!”

    Жүрсін Ерман: “Ұйықтап қалған жоқсыңдар ма, ей, жігіттер!”

    ҚАРАҒАНДЫ

    Туған жерге талантыңды қишы бар,

    Өлең арна,

    Ән асқақтат,

    Күй шығар.

    Қарағанды – Қазыбектің шапаны –

    Шалғайында Сарыарқаның исі бар.

    Күдірейсе шахталардың жотасы

    Ауасынан көмір дәмін татасың.

    Қарағанды – көре білген кісіге

    Тәттімбеттің күйлерінің нотасы.

    Алмас қылыш, қында жатып жұқардың,

    Келер әлі балдағыңнан тұтар күн.

    Алба-жұлба ала бұлттың ішінде

    Елесі жүр буырқанған Бұқардың.

    Қарағанды – алғы сөзі ғасырдың,

    Нүркен болып атағыңды асырдың.

    Теміртаудың будақ-будақ түтіні –

    Шамырқанған шумақтары Қасымның!

    Қажет кезде – патшаға да тақсыңдар,

    Қажет кезде – аққа Құдай жақсыңдар.

    Қарағанды – замананың бетіне

    Былш еткізіп түкіретін С.Ақсұңқар.

    Алты алашқа азық болған ақылы

    Қарағанды – ол Ақбайдың Жақыбы.

    Қарағанды – Қарабастың түрмесі,

    Тауқыметтің темір құрсау тақымы!

    Кенші қазақ маңдай терін сыдырып

    Жатқан жерге келу қиын қыдырып.

    Қазағымның қатқан кезде қабағы

    Қарағанды – түйілетін жұдырық.

    Қарағанды – қасиетті ол Отан,

    Қарағанды – ескі тарих, жаңа таң.

    Қазағымның ашылғанда қабағы

    Қарағанды – аялайтын алақан!

    Айтарыңды жасқанбай айт, тіл өткір,

    Қарағанды – дүрсілдеген жүрек бұл.

    Қарағанды – қара бақан секілді

    Қазақстан шаңырағын тіреп тұр.

    Көптей көріп, құрметтеген аз ұлын,

    Қарағанды – маңдайдағы жазуым.

    Қарағанды – қадірімді іздесем –

    Қайта айналып тауып келер қазығым!

                                       

                                           ***

     

    Құлдың сөзін құрдым заман іріктер,

    Майданға әлі шығарсыңдар мініп кер.

    Әзәзілдің әлдиіне арбалып,

    Ұйықтап қалған жоқсыңдар ма, ей, жігіттер!

    МҰСТАФА ШОҚАЙ

    Қазақ елі – ел ғой деп енді іргелі

    Көңілімді күмәнсіз сендіргелі,

    Тарихыма тәу етіп,

    келіп тұрмын.

    Бейітіне Шоқайдың Берлиндегі.

    Үйірілді таңдайға жыр тәттісі,

    Үлгі болар кісі еді ұрпаққа ісі.

    Тәуелсіздік жолында тәуекел деп,

    Құрбан болған қазақтың бір тоқтысы.

    Бұлтқа кіріп барады ұрланып күн,

    Жетімсіреп бейіті тұрды алыптың.

    Бір уыс боп бүрісіп жатуын-ай,

    Қайта тумас көсемі бір халықтың.

    «Біз – бұлақпыз.

    Мұстафа Шоқай – теңіз,

    Түркістанмен есімін атайды егіз», –

    Деп тілмашқа жатырмын түсіндіріп,

    Ұқпады ма, ұқты ма ноқай неміс?!

     

    Таң еді ғой Мұстафа түрер түнді

    Маңдайдағы марғасқа маңғазымды

    У берген қасқырдай ғып кім өлтірді?

    «Қаһарманым қатарға қосылшы» деп

    Отырмады бір қазақ басын сүйеп.

    Оралғанмен рухы туған жерге,

    Жатыр әлі жат елде асыл сүйек.

    Қабыл болмай баяғы ақ батасы,

    Күңіреніп жатыр ма датқа атасы.

    Кіріп бара жатқандай қара жерге,

    «Мұстафа бей» деп жазған тақта тасы.

    Жайсыздау боп жатқаны-ай шіркін ердің, –

    Деп басыңа күмбездеп үй тігер кім?

    Терезеңді тең ұстап, түркімін деп

    Жетегіне жүрмеп ең Гитлердің.

    Қапияда мерт болған қырғи құсым,

    Көсемдердің аузына құм құйды шын.

    Шоқайұлы шабына шоқ түсірсе,

    Сталин де төрт бөлген түнгі ұйқысын.

    Талайлы тағдыры үшін алты Алаштың

    Азабын ақыреттің арқаластың

    Балапанын алдырған бозторғайдай

    Жер мен көк арасында жанталастың!

    Асыл еді Мұстафа.

    Сол асылдың

    Тәу етеді жат жерде моласын кім?

    Тасбауыр ел талпынып іздемеді-ау,

    Тағдырына тәуелсіз талас ұлдың!

    Қадіріне жетпесек бар асылдың

    Таусылады тасмаңдай шарасы ұлдың.

    Елейді деп ел қашан есіл ерді

    Сол бейіттің басында аласұрдым.

     

    Шоқай десе қалады тіл күрмеліп,

    Ештеңе айтып елге біз үлгірмедік.

    Қор еттік пе бұл сөзді жетесізге,

    Шығара алмай шылбырдан бүлдіргелік.

    Шенеуніктің тілінде шүлдірледік,

    Ел шетіне Шоқайды ілдір дедік.

    …Осы арманым аманат саған, Ұлым,

    Сен екеуміз кетпеспіз бір күнде өліп!

     

    АБАЙҒА ӨКПЕЛЕУ

    Жырымен жүрек дертін емдер кей күн,

    Мен Абайды ешкімге теңгермеймін.

    Ақиқатын айтқанда, ұлы ұстазды,

    Өзім туған әкемнен кем көрмеймін.

    Әкеңнен жақын сірә, кісің бар ма,

    Бастырса,

    Сол бастырар ісіңді алға.

    Өлең мені өгейсіп қалса,

    Абайдан

    Медет сұрап жүремін қысылғанда.

    Жыр-жарыста әркімге бас қайғы деп

    Абай-әкем жұмбағын ашпайды көп.

    …Қазақ бекер айтпаған:

    Әкенің де

    Жақындығы жездеден аспайды деп!

    ҚАЗАҚ БАЛАСЫН ҚАЙРАУ

    Шежірені шиырлап тарата алам,

    Тусақ, туған шығармыз әр атадан.

    Өзіңді өзің сүйрелеп, қатарға қос,

    Ей, қазақтың баласы қара табан!

    Қарындаспын, қандаспын, жүректеспін,

    Сол жүректен мен саған тілектеспін.

    Алп-алп басқан аталар әулетіміз,

    Сенен асып туған жоқ білекті ешкім.

    Көптен көмек күтпей-ақ,

    достан – қайыр,

    Тасмаңдайдан тағдырды жасқанбай ұр.

    Сен туғанда қуанған әке-шешең

    Берді ғой деп Тәңірім қошқардай ұл.

    Күнге қарап, қырандай қанатың кер,

    Сені көріп серпілсін қара түндер.

    Сұрамайды Құдайдан ұлды қазақ

    Жүрсе екен деп әйтеуір санатында ер.

    Жайсаңсың, сен,

    Жарқылдап жүр ендеше,

    Жігіт оңбас – жігерді шідерлесе,

    Үлесіңді тартып ал, сұрап алма,

    Ешкімнен де именбе.

    Жіберме есе!

    Сыр қадірі – тек қана сұрасқанша,

    Жат түгілі, жақынға сыр ашпа онша.

    Сен басқадан артықсың – анаң егер

    Қуанғаны қалжа жеп рас болса!

    Болу керек жігітте айла күшті,

    Парасатпен пайымда пайдалы істі.

    Барша қазақ елінің бақ-талайы

    Тағдырыңа бір сенің байланысты.

    Жігітсің бе, мақсаты, мұраты бар,

    Құз басынан құлжаңды құлатып ал.

    Жарқ ететін сағатың соғады әлі,

    Оқталмаған мылтық та бір атылар.!

    Өз жолыңды табатын жетті күнің,

    Алғырлығың көрінсін,

    ептілігің.

    Болсаң болып, болмасаң – бордай тозып

    Танылатын шақ осы тектілігің!

    Сен оңбасаң, оңады қайдан халық?

    Тойдан қалсаң қамықпа.

    Ойдан қамық.

    Аламанға түскенде бәйгеңді алып.

    Сен жүруге тиіссің жайраң қағып.

    Тауқыметін тартсаң да азаптың көп,

    Қуана біл, қарағым, қазақпын деп.

    Атыңды сәл оздырсаң, сол қазағың

    Жібереді мықты ғып.

    Өзі-ақ, Күндеп!

     

    АҚЫННЫҢ ЖАРЫ

    Түндердің енді серпі қанатын,

    Күн келді демді еркін алатын.

    «Келеді қайтып өлеңін айтып»

    Соғыстан тапқан дерті бар ақын.

    Тізгіні қолға тиген сәт енді,

    Сабаға түспек үйленсе әпенді.

    Сабылып іздеп,

    Сабырсыз жүрек,

    Сағынып құшты сүйген Сәпенді.

    Мойнына жар боп келіп асылды,

    Көңілдің шемен шері басылды

    Сәпен сұлу да серігім деді

    Сұр шинель киген сері Қасымды.

    Шерлі болмасаң, шерді ұғасың ба,

    Еркелесең де, ерді басынба.

    Серінің серттей сөзіне сеніп

    Тағдырын Сәпен берді Қасымға:

    – Айналсын, – деді; – сертіңе сертім,

    Дертіңді менің дертім етермін

    Әніңді сенің айтып өтермін,

    Күйіңді сенің шертіп өтермін.

    Бір ғана сөзді сұрасып алмақпын:

    Шын сүйсең – сертте тұрасың, ардақтым.

    Пейілін маған нәсіп ете гөр

    Айшаны сүйген Расул Аллаһтың!

    Жүр екен жүрек тек іштен жүдеп,

    Таптым-ау жебер періштемді деп,

    Сәпен сұраған сол ауыр сертке

    Сеніскен жүрек

    келісті елжіреп.

    – Дауасыз жалғыз себепке айналып,

    Тек ажал бізді бөлектей ме анық?

    Садағаң болсын Сәпенің онда,

    Өтейін сені бөбектей бағып!

    Қуантып көзін көрікті Ай, Күні,

    Қалар деп шошып сөніп қай күні,

    Қасымның жары қасында жүрді

    Бөліп бақытты, бөліп қайғыны.

    Көрсетпей көзден шық құлағанын,

    Уын да бірге жұтты қаланың.

    Қасыммен бірге жадырап күліп,

    Қасыммен бірге шытты қабағын.

    Торғын деп киіп ескі көйлекті,

    Қасыммен бірге кешті бейнетті.

    Тарпаңдау ақын тарыққан жардың

    Кейіген сөзін естімей кетті.

    «Қамығып келсем – күліп тұрасың,

    Дертімнің барын ұмыттырасың».

    Өлеңнің отын лаулатып жағып,

    Жаураған жарын жылытты Қасым.

    Азайды дерті, басылды мұңы,

    Көңілдің жайнап ашылды гүлі.

    Сақыпжамалы – Қасымның жары,

    Қасымның айы, Қасымның күні.

    Жарының көзі – сезім айнасы,

    Жалт ете қалған кезін ойлашы.

    Қасымның жары – өзі Лаурасы,

    Қасымның жары – өзі Ләйласы.

    Деген жоқ дертке басым байланды,

    Ақынды көрді досындай мәңгі.

    Зәредей селкеу арада қалмай,

    Сәпеннің өзі Қасымға айналды.

    Ақылын құяр арна табылды,

    Үйінде жұмақ орната білді.

    Махаббатының шырағын жағып

    Тәңірге емес, жарға табынды.

    Сөзбенен сомдап таза сымбатын

    Жүрекке мәңгі жазасың ба атын.

    Ақылман әйел – ақынның бағы

    Ақынның соры – мазасыз қатын.

    Желіксе ақын – жері көтерер,

    Желікпен жырдың жерігі өтелер.

    Тәңірім, барлық ақынға сондай

    Айнымас жарды серік ете гөр!

    Қосылып үні егіз бұлақтың

    Жемісін халал жегізді бақтың.

    Сегіз жыл бірге дәурен кешірді

    Салтанатындай сегіз жұмақтың.

    Өбектеп дертін, жарасын емдеді,

    Алдырды қолға анасын елдегі.

    Отқа да түсті пәруана жары,

    Ажалға бірақ шамасы келмеді.

    Өлеңін жазып хатындай мәңгі

    Қасымы өлмес ақынға айналды.

    Шарасы қайсы, шырағы сөніп,

    Хош айтар сәті жақындай қалды.

    Елестет көзге Қасым ажалын,

    Суалтты сырқат асыл ажарын.

    Өмірден өтер сағаты жетіп,

    Шақырды Қасым қасына жарын.

    Қалтқысыз сүйген қыз есінде еді,

    «Жастығымды өзі түзесін» деді.

    Сылқ ете қалды Қасымның басы

    Сақыпжамалдың тізесіндегі.

    Өмір таусылды. Сайран басылды.

    Ажал кеп алды қайран Қасымды.

    Ұйықтап кетті Айша анамыздың

    Тізесіндегі Пайғамбар сынды.

    Сөзінен сыпсың шошымай елдің,

    Келеді мен де осылай өлгім.

    Пейіште нұрын шалқытсын Аллаһ

    Ақынды сүйген асыл әйелдің!

     

    ТҰМАНБАЙ МОЛДАҒАЛИЕВ

    Қонардай бақыт құсы өзі-ақ қолға,

    Туғанмен жақын жерде – Қазаткомда.

    Батқан ол белшесінен бейнет-суға,

    Кешірген басынан көп азапты ол да.

    Ағаштың бұтағына жеміс байлап,

    Жанарын қуантқанмен келісті аймақ

    Қамығып он жасында жүретін ол,

    Кешіккен күнбатыста жеңісті ойлап.

    Қазатком арасында Қыр-Балтабай,

    Жар кешіп жалаңаяқ жүрді ол талай.

    Құйды оның кеудесіне дыбыстарын

    Әнші құстар салтанат құрған тоғай.

    Аймаласып аңызақ – аптаппенен

    Қыр асып, қырман жаққа кетті атпенен.

    Жып-жылы Жетісудің жаңбырлары,

    Құйғызып құлағына жаттатты өлең.

    Жазуға жаттықпаған саусағы әлі

    Сақаны шиыруға ауса-дағы,

    Ойынның баласының ойын жаулап,

    Сыбырлап сөз үйретті тау самалы.

    Толсын деп діңгегінен дарын-ынтаң,

    Себелеп жүрегіне жарығын таң

    Айналды қыз-келіншек сырласына,

    Құрдасына айналды кәрі-құртаң.

    Шуақтап шумақ қонып ши басына,

    Шара жоқ көздің жасын тыймасына

    Жұбатып өзін-өзі уілімен,

    Жейдесін жыр-жігіттің киді асыға.

    Қол бұлғап қиындықтың көп қамалы,

    Ауылдан шықпаса да соқпағы әлі

    Шырылдап бозторғайдай бала жүрек,

    Оның ақын болмауға жоқ-ты амалы.

    Өлең алған, ал десе – алтын алмай,

    Жыр үшін жаратылған қалпы қандай.

    Ілінді Әуезовтің ауызына,

    Аузынан өлең төккен сол Тұманбай.

    Бұл күнде алты алаштың болды ағасы,

    Жеміске жыр бағында толды ағашы.

    Жүр енді жыр елінде билік құрып,

    Кешегі Қазаткомның сол баласы!

    Пікір жазу

    Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

    *

    x

    Check Also

    СВЕТҚАЛИ НҰРЖАН. ӨРТ

    ӨРТ Өрт ішінде жанып жатыр бес бөбек!.. Не істеу керек? Не істемек жөн? Не істемек? ...