• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Дала даналығы » Халық композиторы Үкілі Ыбырай /1860-1930/

    Халық композиторы Үкілі Ыбырай /1860-1930/

    Үкілі Ыбырай қазақ мәдениетіне өз үлесін қосты, оның бір ғана «Гәкку» әні «Қыз Жібек» операсының арқауы болып, Күләштің есімін әлемге паш еткені баршамызға белгілі.

    Әнші бар Көкшетауда талай ірі,

    Ыбырай топ жарғанның о да бірі.

    Қаңбақша қыз-бозбала қағып алып,

    Жайылған талай әсем ән мен жыры.

    Өзі ақын, ән шығарғыш, домбырашы,

    Сауықтың жан думаны, болған пірі.

    Ақырып арыстандай ән салады,

    Ыбырай жүйрік тарлан әлі тірі.

    Кең алқым, кең көмейлі, даусы керней,

    Ақырмай ән салмайды, көкірек кермей,

    Астына алты қырдың естіледі,

    Шырқаса екіленіп құлаш сермей, -деп Сәкен Сейфуллин жырлағандай, Ыбырай Сандыбайұлы халқымыздың теңдесі жоқ дарынды ақыны, сұлулық пен жастық шақтың жыршысы.

    Бас киіміне үкі тағып, жасынан серілік жолға түскен балаң жігіт Үкілі Ыбырай атанады.

    Ыбырай бұрынғы Көкшетау, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданына қарасты «Жалғызтау» бөктерінде 1858 жылы дүниеге келген. Ыбырайдың арғы атасы Сәбден батыр.

    Әкесі Сандыбай да сегіз қырлы бір сырлы өнерлі болғанмен кедейліктің мехнатын көрген жан еді. «Әке балаға сыншы» демекші, бойында өнердің ұшқыны бар баласына зергерлікті мирас етіп қалдырам деген ойы іске аспай, әнші Ыбырай ойын-тойда ән салып, серілік құрғанды тәуір көреді. Сұлу қыз, құмай тазы, жүйрік ат пен қыран бүркіт жастық шағының құмары болған ол кезі келгенде бірер ауыз өлең шығарып, жүрген ортасын думанға бөлейді.

    Ел қыдырған серілік шақта Хакима атты қызға ғашық болып, айдай аруды аққуға теңеп, «Гәкку» әнін шығарады. Қызға көңілін білдіргенде Хакима:

    Ақынға неге керек құр мырзалық,

    Сүйгенін жаутаңдатып, ойға салып,

    Айт-тағы сертіңе жет-деген мақал,

    Болмай ма шырқаса ән өмірге азық – десе, Ыбырай оған былайша жауап қайтарады:

    Таусылмас дариясы әзіл-наздың,

    Мамығы жақсыға ем, қоңыр қаздың,

    Қыл арқан ер мойнында шірімейді,

    Періштем, жәннәбіңе қарыздармын,- депті. Сөйтіп, жүректі тербеген әдемі әуен әнге айналған деседі.

    Аңыз бойынша Ыбырай сегіз жасында түс көреді. Ел Сасықкөлдің жағасында екен. Көлдің маңында біреудің айғайлаған даусы естіледі. Қараса, қолына домбыра ұстаған ақсақалды шал. Ол Ыбырайға жақындап: Шырағым, мынаны саған сыйладым,- деп домбырасын ұсынады. Ыбекең ақсақалдың сыйын қабыл алады. Сол күннен бастап ән шығарғыш болып атағы елге жайылған деседі.

    Ыбырай жасы үлкен Орынбай, Біржан, Ақандардың жолын қуған ізбасары.

    Аққумен аспандағы үн қосамын,

    Шығарсам ащы күйді түптен тартып,- деп толқындата ән салған Біржансалға арнап Үкілі Ыбырай «Шалқыма» деген әнін шығарған.

    Кезінде Қарауыл ішінен шыққан Шөбек балаларының бірі Мәмбетәлі Үкілі Ыбырайды Петербор қаласына апарып, музыкалық білім алуына қамқорлық жасаған. Бірақ әлдебір себеппен ол оқуын жалғастыра алмаған.

    «Қазақтың халқына аты шыққан ақындардың бірі Қалмағамбеттің Тайжанының түр-тұлғасы, бет-бейнесі аумаған Ыбырай сияқты» деген екен бір естелігінде халық жазушысы Сәбит Мұқанов.

    Тайжан Ыбырайдың апасы Бөпіштің баласы. Нағашысынан бата алған өнерлі жиен өзінің Көкшеден елге оралар шағында:

    Халқым сүйіп атымды қойған Тайжан,

    Егіз туған анадан Арғын,Найман,

    Осы арада бөтен еш жұмысым жоқ,

    Бата алғалы келіп ем Ыбырайдан.

    Он екі ата-Атығай, сегіз ата-Қарауыл,

    Жиенге ұмытпайтын тиді пайдаң, – деп алғысын білдіреді. Тек Тайжан ғана емес, Иманжан Жылқайдаров, Молдахмет Тырбиев сынды сол өңірдің халық ақындары Үкілі Ыбырайды ұстаз тұтқан.

    Ыбырай Атбасар өңірінде жүріп сұлу да жібек мінезді Алтынай есімді қызға ғашық болады. Екі жас бірін-бірі ұнатқанмен біреуге айттырып қойған қыз ата салтын бұза алмайды. Сол жолы ғашықтық сезіммен «Алтыбасар» әні туады.

    1923 жылы Иса Байзақ Қызылжарға келеді. Исаның осы елге келгенін естіп, Сәбит Мұқанов Үкілі Ыбыраймен жолықтыру үшін Ыбекең түскен үйге оны алып келеді. Одан әрі әңгімені Сәбит атамыз жалғастырады. Бұл естелік Қазақ радиосының алтын қорынан алынды.

    Сәбит Мұқанов:

    «Мен Исаны 1922 жылы көрдім. Қызылжар қаласында Аққатынның Қалиының үйінде Жанпейіс дейтін жақын адам пәтерде тұратын. Үкілі Ыбырай ақын келіп сол үйде жатыр екен. Кешкісін бір саба қымыз алып сол үйге қонақ шақырды. Жұрт жинала бастады. Мен жасым кішірек болған соң Исаны алдырайық деген соң арбакеш алып, ақынды іздеп сол кездегі Ақмола губерниясының атқару комитетінің төрағасы Мұқаш Орынбаев деген жігіттің үйіне келдім. Облыстық атқару комитетінің қара арғымағымен мен фаэтон арбасына қатар мініп келе жатырмыз. Иса психолог болатын. Кескініме қарап болжап қойды. – Сәбит, сенің кескініңде бір сұмдық бар, бір жерге ұрындыруға әкеле жатқан жоқсың ба? Түсің соған келеді – деді. – Ел жиналып, сіздің Үкілі Ыбыраймен айтысқаныңызды қалап отыр, ақынмен қағысқаныңызды қалап отыр – дедім.

    – Жоқ, әкемдей кісімен қағыспаймын. Ақындық жолға түскендегі ұстазым, пірім Құдайбергенді жеңген адаммен айтысқаным жараспайды:

    Сұрасаң менің атым Құдайберген,

    Халқыма айтқан сөзім ұнай берген.

    Түсіме Қызыр Ілияс кірген шақта,

    Қол созып домбыраны сұрай бергем, – деп Құдайбергенді жеңген жуан сіңір ақын ғой, Ыбырай» деген сонда Иса Байзақов.

    Үкілі Ыбырай екпіндете өлең айтқанда дауылдатып, астан-кестен ғып жіберетін.

    Болат деген байдың үйінде өлең бастап «әу» дегенде сол үйдегі күлін алып тастаған нан пісіретін пештің қасында ұйықтап жатқан мысық шошып кетіп, ыстық пешке кіріп кеткені әлі есімде. Ыбырайдың дауысы күшті болушы еді.

    Есіктен кірген Исаны көріп, Ыбырай: « Кеңес келбіріңкеден, жүйрік бестіден» деуші еді, маңдайы, мұрны, ернінің бітуі алдына қарай шауып тұр екен. Мынау нағыз өрен жүйрік болар -деген.

    Иса айтысудан бас тартып,Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әнінің әуенімен қырық ауыз арнау поэмасын сол арада шығарып, көпшілікті тәнті еткен.»

    1927 жылы жазда Сәкен Сейфуллин Қызылордадан Көкшетау өңіріне жер бөліс науқанын өткізуге барады. Сәкен Ыбыраймен Бурабайда кездеседі. «Көкшетаудың биігі-ай» деп ән бастап, шарықтау шегіне жеткенде: – «Япырай, мұндай да биік, көркем дауыс болады екен! – деп әншіні құшақтап бетінен сүйген де бірер ауыз өлең арнаған еді:

    Туса егер өнерлі елдің бақтарында,

    Білім алып жүрсе де баптарында,

    Біржан сал, Ақан сері, Ыбырайлар,

    Алмас еді, Шаляпинді қапталына,- деп ойын түйіндеген.

    Үкілі Ыбырай алпыстан асқан шағында «Қалдырған» әнін шығарады. Ыбырай тағы да түс көреді. Түсінде сұлу келіншек күлім қағып, оң шырай білдіріп, әсем ән салады. Ояна келсе әлгі ән ойында сайрап тұр екен. Қолына домбырасын алып тартып көрсе ән сазына өлең иірімдері келе бастайды. Осы кезде жан досы Сұраған есіктен кіріп келсе керек. Сондағы шыққан әнді Қапаш Құлышева орындап жүр.

    Мен Үкілі Ыбырайдың әндерін бала кезімнен көп тыңдадым. Қызылжар өңірінде Шалақын ауданынан қарасты Қоскөл аулы бар. Сол ауылда серілерді көзін көрген айтыс ақыны, әнші атамыз Игібай Әлібаев тұратын. Бұл ауыл біздің ауылға үш шақырым жерде еді. Игібай ақын біздің үйге жиі келетін. Сондағы сүйіп айтатын әндерінің бірі – Үкілі Ыбырайдың «Қызыл асығы» еді. Бұл ән мың құбылған әуезділімен, жарасымды әзілімен әсерлі.

    Ыбырай ертегі, дастандарды жатқа білетін. «Тотының тоқсан тарауы», «Алтын балық», «Мұңлық-Зарлық», «Қыз-Жібек» дастандарын, Сәкеннің «Көкшетау», «Оқжетпесін» жатқа айтады екен.

    … Көкшетауда күзгі жәрмеңке өтіп жатқан шақ. Салт атты адамдар қоршаған ортада Үкілі Ыбырай ән салып тұр. Сақал-шашы аппақ қудай. Үстінде барқыт жағалы, әдемі тігілген кең түйе жүн шекпен.Ұзын балақты қоңыр шалбарын етіктің сыртынан жіберген, басында құндыз бөрік. Қолында үкілі домбыра. Халық тым-тырыс әншіні тыңдап тұр.

    Дүниені жаңғыртқан атақты әншінің құдіретті даусы бірде шырқай биіктей қалықтаса, енді бірде сезім иірімдерімен өрнектеле әсер береді. Сол бір ән сарайынан күңірене шыққан дауыс тыңдаушысын ұйыта түскендей.

    «Уә, пәлі, өркенің өссін, Ыбырай» деген дауыстар тұс-тұстан алғысын жаудырды,- деп еске алады өз естелігінде белгілі ғалым Есмағамбет Ысмайылов.

    Ыбырай өнер иесіне тән ойнақы да ерекше мінезімен жұртқа жаққан. Бірде өткір, бірде әзіл аралас сөздерімен, терең ойлы әндерімен тыңдаушысын баурап, жүректерге жол тапқан.

    Ыбырай Сандыбайұлы Кеңес заманында қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыздан-жазықсыз халық жауы атанады. «Басқа пәле тілден» демекші, қазақта жер дауы, жесір дауы деген болған ғой. Шабындық жер үшін Молдахмет Күдербековпен сөзге келген Ыбырайдың соңынан сыныққа сылтау іздеген аңдушылар көбейеді. Ол аздай Кәден деген кісінің келіншегі сүймей қосылған соң күйеуін менсінбей, Ыбырайдың туған інісі Шалғынбаймен көңіл қосады. Бұл іске де Ыбырайдың көп көмегі тиеді.

    Мінекей, осыдан бастап ОГПУ- әнші-композитор Үкілі Ыбырайды қудалай бастайды. Сөйтіп, өкпеге қиса да өлімге қимайтын ағайын ел еркесі, арқалы айтыс ақыны Ыбырай Сандыбайұлының 70-тен асқан шағында көп мұңлықтың бірі болып ақ түрменің торынан телміруіне себепкер болады.

    1959 жылы Жоғарғы Кеңестің депутаты, халық жазушысы Сәбит Мұқанов сол кездегі Қазақстан Орталық комитетінің хатшысы Жанділдин жолдасқа Ыбырай Сандыбайұлының ақталуы жөнінде жазған хатында: «Атағы кең тараған қазақтың ақынын, әрі сазгері Ыбырай Сандыбайұлы 1929 жылы «істі болып» кулак есебінде сотталып ұзамай өлген. Ол тамаша өлеңдерімен көпшілікті думанға бөлеуші еді. Үкілі Ыбырай қазақ мәдениетіне өз үлесін қосты, оның бір ғана «Гәкку» әні «Қыз Жібек» операсының арқауы болып, Күләштің есімін әлемге паш еткені баршамызға белгілі. Нақақтан жала жабылып, қуғын-сүргін құрбаны болған халық ақыны Ыбырай Сандыбаевтың ақталуын шындық талап етеді. Осымен қоса мен Ыбырайдың 1924 жылы түскен суретін тапсырамын» деген екен Сәбең.

    Осы хаттан кейін Орталық Комитет Ыбырай ісін қайта қарауды тапсырады.

    1959 жылдың 22 желтоқсанында Үкілі Ыбырай ақталады.

    Халқымыздың ұлттық өнеріне үлес қосып, «Гәкку», «Сүйгенім кетіп барады қасыма еріп», «Қаракөз», «Қарақат көз», «Жиырма бес», «Жаймақоңыр», «Қараторғай», «Шалқыма», «Қалдырған», «Алтыбасар», «Аңшының әні», «Қызыл асық», «Сұлу Көкше» сынды әндерімен есімі ел ішінде жатталған қайталанбас дара тұлға, табиғи дарын иесі осылайша жарық дүниемен қоштасады. Шындық үшін шырылдаған ғазиз жан әділетсіздік пен саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болады.

    Осы орайда өмірінің қырық жылын халқымыздың әйгілі әншісі, айтулы ақыны Ыбырай Сандыбайұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеуге арнаған Қызылжарлық журналист Сәркен Аяпбергенұлы Құлмағамбеттің еңбегін ерекше атау абзал.

    «Қайран Гәкку» атты зерттеу жинағында ел ішіндегі Үкілі Ыбырай жайлы айтылған аңыз-әңгімені жинап, тергеу орындарындағы, облыстық мұрағаттағы іс қағаздарды зерттеп көп еңбек сіңірген ағамыз артына құнды дүние қалдырған өнер жанашыры.

    Біз әуе толқынынан әнін тыңдап, жан азығына балаған Үкілі Ыбырайдың өнері мен өмірі жайлы тарих осылайша сыр шертеді.

    Киелі өнерімен аты аңызға айналған Үкілі Ыбырай сынды тұлғаның уақыт өткен сайын халық қазынасына қосқан әндері келер ұрпаққа баға жетпес мұра екені сөзсіз.


    Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

    ҚР Мәдениет қайраткері

    Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

    Алтын ИМАНБАЕВА,

     

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Мағжанның Мәскеудегі шағармашылығы…

    Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, шебер аудармашы, қазақ әдебиетінің жарық жұлдыздарының бірі – Мағжан Бекенұлы Жұмабаевтың ...