• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Алдаспан » Әмір Темірді терістеуді қашан қоямыз?

    Әмір Темірді терістеуді қашан қоямыз?

    Герасимов қалпына келтірген бет-пішініне және терісінің ақ түстілігіне қарап, кейбір ресейлік зерттеушілер: «Ақсақ Темірдің тегі еуропалық болған» дегілері келеді. Олардың мұнысы Темірдің Ресейді Алтын Орданың езгісінен құтқарғанына да байланысты болар. 1402 жылы Әмір Темірдің Анкара түбінде Баязит сұлтанды тұтқындап, Осман армиясын күйрете жеңуі — түріктердің Константинопольді (Стамбулды) жаулап алуын жарты ғасырға кейінге шегергені мәлім. Рим папасын тағында қалтыратқан Әмір Темірге сол ескі заманда Парижде де «Христиан Әлемін Құтқарушы» ретінде ескерткіш қойылған екен.

    Осыған байланысты бір жай, 1996 жыл ЮНЕСКО-ның шешімімен Әмір Темір жылы деп жарияланып, сол жылы әміршінің 660 жылдығына байланысты Париж қаласында арнайы апталық өткенде, өзбек басшысы Ислам Каримовтың «Еуропаны құтқарып қалған — өзбектер» деп гәпіргені де бар. Ислам әлеміндегі қос мұсылман империясының соғысы неден туындады? Ғалымдар бұл қырғын Темірдің Баязитке жазған хатынан, оған Баязиттің қызбаланып қайтарған жауабынан басталғанын айтады. Ұлы Осман патшасы Ілдірім Баязит сұлтан (1389-1402) Әмір Темірге тұтқынға түспес бұрын Кіші Азияны толық, Еуропаның біраз жерін, Болгария мен Молдавияға дейін жаулап алған болатын. 1394-1401 жылдары Константинопольді (Стамбул) қоршап, жаулап алуға сәл-ақ қалған. 1396 жылы Болгарияда мұсылман әлеміне қауіп тудырып келген крестшілерді толық талқандаған осы Ілдірім Баязит. Осы сұрапыл соғыстан кейін еуропалықтар талай жылдарға дейін Шығысқа қарсы қару кезенуге қорқып келді. Ал бұл арада Ирак астанасы Бағдатты жаулап алған Темір Еуропаның тізесін қалтыратқан Баязитке тап берді. 1402 жылы шілде айының 20 жұлдызында Анкара түбінде 1 миллион мұсылман әскері бір-біріне қарсы тұрды. Австрияны жаулап алған соң Баязит Византия королінің қызына үйленген болатын. Анкара түбінде Әмір Темірдің әске­ріне қарсы сербиялық рыцарьлар да сақадай сайланып, қарсы тұрды. Үш күн, екі түнге созылған қанды қасаптан кейін ұрыс алаңында 240 мың өлген жауынгердің денесі қалды. Баязит сұлтан қолға түсті. Шығыс Рим императоры мен Египет сұлтаны Темірдің билігін тез мойындап, алым беруге асықты. Ағылшын королі Генрих IV, Франция королі Карл IV Азияның ақсақ барысы атанған әміршіні ұлы жеңісімен құттықтап, тарту-таралғы жіберді. Испания королі Генрих III Кастильский Темірге елшілерін аттандырды. Еуропаны түгел бағындырмақ болған Баязитке тұтқиылдан соққы берген Темірдің әрекетінен соң, түркі әлемінің еңсесі төмендеп, ақыр түбі Еуропа Осман империясын бөлшектеп, Ресей қалған түркілерді қырық жапыраққа бөліп тастады. Егер Темір мен Баязиттің соғысы болмағанда, Баязит бүкіл Батыс Еуропаны бағындырып, Тоқтамыс Шығыс Еуропаны таптап, Темір Қытайды жайпар еді, сөйтіп, күллі әлем түркілердің қол астында болар еді деп өкінеді тарихшыларымыз. Мүмкін солай да болар ма еді, бірақ тарихтың дөңгелегі басқаша бұрылған жоқ па?! Сайыпқыран Әмір Темір көреген туралы тарихта жөнсіз бұрмаланған жайлар жетерлік. Осы уақытқа дейін жазылған сансыз жазбалар әміршінің шын бейнесін бере алды деп айта алмаймыз. Дана тұлғаның бейнесін уақыт бізге осы күнге дейін қисық айнадан көрсетіп келді. Кешегі орыс патшалығы мен кеңестік заманда Шыңғыс хан секілді Әмір Темірді де масқаралап, қаралау мемлекеттік идеология деңгейінде ұйым­дастырылғаны бекер емес, нәтижесінде адам басынан тау тұрғызған қанішер, тұтас халықтарды жер бетінен жойып жіберген сұмдық жексұрын адамның образы жан-жақты сомдалып жатты. Сөйтіп, тұтас ұрпақтар санасына күштеп сіңірілді. Жақында бір жас жазушының Темір туралы осындай өтірікті шындай етіп жазған көркем дүниесін оқып, бетімізді басуға тура келді. Әмір Темір турасындағы ойдан шығарылған мұндай қисынсыз өтіріктер ата буын қазақ ақын-жазушыларының шығармаларында да өріп жүр. Олардың бір парасы мынадай: 1.Ақсақ Темір туғаннан ақсақ болып туған. Ал шын мәнінде 1352 жылы Сеистанда болған соғыста әміршінің бір аяғы садақ оғынан жараланған. 2. Ауғанстанда 20 мың адамды тірідей кірпіш пен тастың арасына қалап жіберген және Үндістанда 1 миллион адамды қырған. Мұның бәрі — ойдан туған жай ертегілер. 3. Баязит сұлтанды қолға түскен құс сияқты темір торға қамап, қайда барса да өзімен бірге масқаралап алып жүрген. Сұлтан Баязиттің әйелін көзінше зорлатқан. 27 мемлекетті ақыл-парасатымен билеген, Исламның алмас қылышы атанған, тірі кезінде-ақ «сайф-уд-дин», «сайф ул-Алла» деген ат алған мұсылман патшаның осындай жексұрын әрекетке баруы мүмкін бе? Темір шын мәнінде өзімен теңдес түрік сұлтанына барынша құрмет-сый көрсетіп, патшаға сай күтіп-баққан, бірақ намысқа шыдамаған Баязит өзі у ішіп өлген. «А, Баязит, патшалық та, адам да Тәңірінің қасында түк емес. Мына жарық дүние бір ақсақ пен бір соқырдың қолына қарап қалар деймісің» (Темір ақсақ, Баязиттің бір көзінің ағы болған) деп, өз қолымен Құран мен таспиық сыйлаған деседі. Темір өзі Самарқанға қайтарда, түрік билігін Баязиттің балаларының қолына тапсырып кеткен. 4. Түркістандағы Қожа Ахмет әулиенің басындағы кесенені Әмір Темір дала көшпенділерін (қазақтарды) өзіне тарту мақсатында саясат үшін тұрғызған. Хақ Әулиені ардақ тұту дәстүрі қайда қалады сонда? Әмір Темір турасында жөнсіз ойдан шығарылған хикаяттардың дені — орыста.

    Орыстар тудырған жазбаларда Ақсақ Темір жастайынан тауық, қой ұрлаған баукеспе ұры болған, адамдар ұрлығының үстінен түсіп, бір аяғын сындырған, Сталин сынды бұл да етікшінің баласы болып суреттеледі. Одан да зоры Еуропа жұртына тиесілі. Себебі белгілі. Найзағай атанған Баязиттен асатын жер бетінде қаһарлы күш болуы мүмкін емес деп есептеген Батыс әлеміне Темірдің қайтпас түрік сұлтанын күйрете жеңіп, өзін тірідей қолға түсіруі, сөйтіп, Еу­ропаны түрік езгісінен құтқарып қалуы сұмдық әсер еткен. Сөйтіп, Темірді жолындағының бәрін жайпап жүре беретін алып қара диюмен салыстырып, сансыз қиял-ғажайыпқа толы аңыз-ертегілерді үсті-үстіне тудырған және ол өзге тілдерге тез аударылып отырған. Мәселен, Иоан Шильтбергер деген зерттеуші ғалым Темір Исфаһанды жаулап алған кезде, 14 жастан асқан еркек кіндіктінің бәрін қойша бауыздатып, 7 жасқа дейінгілерін тірідей ат тұяғына таптатып өлтірген деп жазады.

    Сирияға басып кіргенде отыз мың адам тығылған мұнаралы мешітті өртетіп, мұсылмандардың қанын судай ағызған деседі. Осыған сенуге бола ма? Ал Темірдің өз жазбаларында әмірші: «Мен қайда болса да Алла мен оның елшісі Мұхаммедтің дінін таратуды, хақ жолын ұстануды бұйырдым» деп жазады. Ағылшындар Шығыс әміршілерін жамандағанда алдарына жан салмаса, бір өлтірілген еуропалық үшін жүз үндістің басын алу принципін жүзеге асырған өздері туралы жұмған аузын ашпайды. Наполеон Бонапарт 1799 жылы Египетті басып алғанда, 4 мың жауынгер тұтқынға түседі. Өмірлеріңді сақтап қаламыз деген соң, олар тегіс қару-жарақтарын тапсырған. Бірақ Наполеон сөзінде тұрмай, бәрін өлтірген. Жалпы, Наполеонның армиясында миллион адам өлімге бұйырылған. Ресейге 700 мың әскерімен кірген оның кері қашқанында 30 мыңға жетер-жетпес әскері қалған. Темір турасында құнды тарихи мәліметтер қалдырған Ибн Арабшахтың өзі эмоцияға беріліп, қара бояуды барынша қалыңдатып жіберетінін Темірдің өз жазбаларымен салыстырып оқыған адам бірден түсінеді. 1636 жылы латын тіліне, 1658 жылы француз тіліне аударылған Арабшахтың кітабының мазмұны бұрмаланып, екі түрлі болып шығуын да ескеру керек. Әрине, біз мұны жазғанда Темірді судан ақ, сүттен таза деп отырғанымыз жоқ. Заманы, дәуіріне байланысты патшалардың қан төкпеуі ол кезде мүмкін емес. Соғыстың аты — соғыс. Темір де өз уақытының адамы. Қысқасы, жазармандардың шылғи өтірікке илана бермей, Әмір Темірді терістеуді қоятын кезі жетті.


    Төреғали ТӘШЕНОВ,

    «Айқын».

     

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Бабалардың соғысу тактикасын Бауржан Момышұлы білген бе?

    Ежелгі көшпелілердің, сақтардың, ғұндардың, көне түріктердің, моңғолдардың, тіпті кейінгі қазақтардың соғыс тактикасы жаһан тарихында жоғары ...