• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Алдаспан » Ақ туы төбесіне төңкерілген

    Ақ туы төбесіне төңкерілген

    Алаш жұртының арын арлап, елдік туын көкке көтерген Ұлт-азаттық көтерілісінің қаһарманы Жанқожа Нұрмұхаммедұлы туралы әр кезеңде жазылған көркем шығармалар, эсселер мен ғылыми мақалалар, монографиялық еңбектер мен тарихи-ғұмырбаяндық зерттеулер аз емес. Батыр бабаның болмыс-бейнесін сомдап, ол өмір сүрген дәуір суретін қанықтыра түсетін Зейнолла Шүкіровтың «Сыр бойы» романы, Бекділда Алдамжаровтың «Ұлы сел» тетрологиясы, Молдахмет Қаназдың «Жанқожа» кітабы, Әбсаттар Оспановтың «Жанқожа батыр» деректі хикаяты мен шежіреші қарт Өмірзақ Ахметов шығармаларында байтақ тақырыпты әркім өзіндік таным биігінен игеруге талпыныстар жасаған.

    Әйтсе де, біртуар батырдың барша болмысы мен кісілік келбеті, ерлікті жорықтары мен елдікті сақтаған бітімгершілік қасиеттерін сөз ететін халық ауыз әдебиеті үлгілері – реальді тарихи жырлар мен поэмалардың орны бір төбе.

    Алаш тарихшысы М.Тынышбаев Жанқожа Нұрмұхаммедұлын Үш жүзге даңқы жайылған батыр деп бағалайды. Рас, Жанқожа батырдың ерлікке толы тағдыры шытырман әрі қасіретті. Бұл зерттеуші қауымның жауапкершілігін еселей түседі. Бір ғана батыр киген сауыт пен оның қазасына қатысты қисынды-қисынсыз аңыз-деректердің өзі қаншама? Сондықтан осы уақытқа дейін айтылған ой, жазылған мәлімет-деректерді тең салмақтағанда, таразы басын әлі айтылмаған сөздердің батпаны баса түсетініне куәміз.
    Бір заманда Сыр бойындағы Табын мен Шөмекей руларын қол астына қаратып отырған полковник Ермұхаммед Қасымовтың әу бастағы ізгі арманы байтақ жатқан Шектіні де қоса билеп, өзінің жайлауы мен қыстауының көлемін кеңейту еді. Бұл мысықтілеу мақсатының іске асуына Жанқожа батыр жол бермеді. Өйткені, батыр әуел бастан-ақ жапсарлас Хиуа, Қоқан хандығына, айдаһардай қаһарын төгіп отырған қоңсыласы Ресей империясына, тіпті, жеке мүддесінен алыстай алмайтын қазақ төрелеріне де сенімсіздікпен қараған.
    Ермұхаммед сұлтан Сыр бойында шексіз билікке қол жеткізу үшін жасаған құйтырқы әрекеттерінде, әуелі Хиуа хандығынан беті қайтқанымен, жымысқы саясатын ақырына дейін жеткізуде қолдауды Ресей империясынан тапты. Жанқожа батырдың Ресей мен екі ортадағы алғашқы «достығы» кейін әуелгі уәдесінен тайқып, бір жамбасынан екінші жағына оңай аунай салған орыстардың Аралдан бекініс-қала, Райымнан порт салғанын, қоқандықтардың Ақмешіттен қамал тұрғызғанын, Хиуа ханының Сыр бойы қазақтарынан ретті-ретсіз зекет-ұшыр жинап, бейбіт халықты тонай бастағанын көргенде бітіспес жаулыққа айналып сала берді. Жанқожа батырдың барлық мақсаты мен ой-арманы Алаш ұлының басын қосып, бағзы бабалардан қалған байтақ даланың барша байлығы мен дәулетін жау пиғыл жат жұрттың қолына бермей, келер ұрпақтың үлесіне адал аманаттау болатын. Бірақ…
    Жанқожа Нұрмұхаммедұлы бастаған Ұлт-азаттық көтерілісі, сол кезеңдегі тарихи және саяси ахуалды бажайлаған Н.Веселовский, И.В.Аничков еңбектері, Э.Мейер, Н.Маев, А.И.Макшеев, П.Иванов жазбалары қай кезде де ізі суып үлгермеген уақиғаларға уақытын тап басып шолу жасалған құнды мәлімет көзі болып қала бермек. Кейін, қазақ фольклорының эпостану саласының тарихи жырлар мәселесін әр кезеңде түрлі аспектіде сөз еткен Е.Бекмаханов, С.Сейфуллин, Т.Шойынбаев, Ә.Қоңыратбев, Р.Бердібай, С.Қасқабасов, Н.Төреқұлов, Е.Тұрсынов сияқты ғалымдар тарихи танымымыздың көкжиегін мүмкіндігінше кеңейткенін ерекше айту парыз. Әсіресе, профессор Жұмат Тілепов «Елім деп еңіреп туған ерлер жыры», «Тарих және әдебиет» атты монографиялық еңбектерінде Жанқожа батыр туралы халық жырларын, батыр өмір сүрген қоғам мен заман тынысын, бодандық дәуірде туған азаттық көтерілісін бейнелейтін жырлардағы тарихи шындықтың табиғатын жан-жақты талдап, байыпты таразылады.

    Бір жылдары Қазақстан үкіметі тарапынан Сыр бойына арнайы тарихи-этнографиялық экспедиция шығарылып, ел арасынан Жанқожа батыр туралы деректер мен жыр-дастандар жиналған. Әйтсе де, көп кешікпей солақай саясат салдарынан бұл саладағы зерттеушілердің дені жазықсыз жазалана бастап еді. Осыдан кейін-ақ Жанқожа батыр тақырыбын сөз етуге құзырлы орындардан арнайы тыйым салынбағанымен, аталған бағыттағы ізденістер ілби берді. Дегенмен, батыр туралы жазылған тарихи жырларды жарыққа шығару ниеті сол кездің өзінде там-тұмдап болса да қолға алына бастағаны аңғарылады. Мұрағаттардағы кейбір қолжазбаларға түскен таңбалардың табынан бұл жырларды баспаға ұсыну үшін «редакциялауға» талпыныс жасалып, кер заманның идеологиясына томпақтау келетін қасиетті ұғымдар, жырдағы батырдың орыс бекіністеріне жасайтын қанды жорықтарын баяндайтын тұстарын ептеп түзеп-күзеуге мәжбүр болғандықтары байқалып отырады. Сонымен, бұл мәселелердің су бетіндегі бір батып, бір көрініп абыржы күйде тұратын қалтқы сияқты әркез қолдауы табылса да, қолданылуы табылмай, ақыры батыр туралы жырларды жарыққа шығару ісі кейінге сырғи бергенін көреміз.

    Жанқожа Нұрмұхаммедұлы хақында, ақ патша әскерінің Сыр бойындағы алғашқы қадамы туралы «Қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлы» атты тарихи очерк жазып, оны 1894 жылы Қазан қаласында бастырып шығарған И.В.Аничков осы еңбегінде сахарада өткен сайыпқыран баһадүрдің далалықтар арасындағы абырой-атағына таңқалып: «Осыдан елу жылдай бұрын қайтыс болған батырдың есімін, істеген істерін білмейтін, ауыздарынан суы құри отырып айтпайтын бір де бір ауыл, бір де бір үй жоққа тән», – деп жазыпты. Расында да, Сыр бойы жұрты қаһарман батыр, әулие баба туралы ақиқат пен аңызға тізгін берсе, ол сарқылмайтын сырға, таусылмайтын жырға бастайтыны рас.
    Жанқожа батыр туралы жазылған батырлық және реальді тарихи жыр-поэмалардың хронологиялық жүйесі де бір ізге түсірілмеген. Ендеше, ХIХ ғасырдың аяғында Қазан қаласында татар тілінде жарық көрген «Жанқожа батыр» деп аталатын қысқа эпостық үзіндіні Мұсабай жыраудың белгілі жырының алдына түсіруге мәжбүрміз. Жыр Жанқожа батырдың ата-тек шежіресін баяндаудан басталады. Ал, Мұсабай жыраудан жазылып алынған сюжетті ұзақ толғаудың орны бөлек екенін ерекше атап айтқан жөн. И.В.Аничков өз еңбегінде ел арасында ауызша тарап жүрген аңыз-әңгімелердің «…ең көбін батыр туралы әңгіме-аңызды төкпей-шашпай сақтай білген, оның ең жақын туысқаны боп келетін, барлық айтушылардың әр түрлі нұсқаларын түгелге жуық жинаған, Майдан аталығынан тараған атақты Мұсабай жыраудан есіттім», – дейді. Бұл да Мұсабай сияқты эпик жыршының эпикалық білімі мен жад қуатының өте жоғары болғандығын айғақтайтын құнды мәлімет.
    Ғылыми әлеуметке әзірге «Жанқожа батыр» деп аталатын жырлар циклынан Л.Кенжеұлы, Ж.Шаңғытбаев, Қ.Сұлтанұлы, Н.Жұбатұлы, І.Жалғасов, Т.Меңдібаев, т.б. жырлаған сегіз нұсқа белгілі. Жырдың Нұрсұлтан Жұбатұлы жазған нұсқасы аяқталмай қалған. Нұрсұлтан ақын вариантының басты ерекшелігі: жырдағы негізгі қаһарман – Жанқожа бейнесі батырлық эпостың жасалу принциптеріне негізделген. Жыр қаһарманы дүниеге келерден бұрын оның анасын «Жолбарыстың жүрегіне жерік болып еді» деп ұлғайта суреттелетін, барша халықтардың батырлық эпостарына тән көшпелі мотив осы нұсқадан берік тұғыр тапқан.
    ҚР Ұлттық Ғылым академиясының Сирек қолжазбалар қорларында Жанқожа батырға арналған жыр-поэмалар мазмұнын қайталамайтын бір бөлек аңыздар қордаланған. Ал, жазушы Молдахмет Қаназдың жеке мұрағатында аталмыш нұсқалардан басқа Әбу Сәрсенов, Балымбет Көптілеуов сияқты ақсақалдардан алынған Жанқожа батыр туралы авторлы-авторсыз жырлардың қалың көпшілікке беймәлім бірнеше қолжазбалары сақтаулы келеді. Бір ескерерлік мәселе: Жанқожа батыр туралы барша дәстүрлі эпикалық және тарихи жыр-поэмалардың көпшілігіне тән ортақ белгі – шығармалардан орыс әскерімен екі арада өтетін соғыстың толық сұлбасының көрінісі көлеңкелеу қалуы. Бұған әуелгі себеп, Жанқожа батырдың орыстың зеңбіректі әскерінен жеңілуі болса, екіншіден, жырлаушы ақындардың орысшыл саясат салқынынан жан сақтауы сияқты екі түрлі жағдаятты көлденең тартуға болатын сияқты.
    Бір таңқаларлығы, Жанқожа батырдың рухына жыр арнап, батыр бабаның ерлікті істерін қасиетті қара өлеңнің өзегіне өріп, өлмес тарихтың еншісіне табыстағысы келген сөз зергерлері аз болмаған екен. Бірақ солардың көбісі өмірлік мақсаттарына балаған ол ізгі армандарына жете алмай, ажалы жетпесе де дүниеден түрлі шым-шытырық себептермен өткен. Арал, Қазалы өңірінде өмір сүрген белгілі шайыр Нұртуған Кенжеғұлұлы мен Нұрмағамбет Қосжановты біз осы қатардан көреміз. Ел арасында күні бүгінге дейін айтылып келе жатқан есті сөздің бірінде: «Нұртуған ақын науқасы ұлғайып, дүние дидарынан көшер шағы болғанда көңілін сұрай барған елдің ақсақалдарына: «Ноғайлының батырларын жаза бергенше, ер Жәкемді неге жырламадым екен?», – деп, өмірінің ақырғы күндерін запыранды өкінішпен өткізген екен дейді. Шайыр фәниден бақи дүниеге көшкенде бар болғаны қырық бір ғана жаста екен. Ал, қырық деген жастың қырқасына шығар-шықпаста жалыны қазақтың барша зиялы қауымын шарпыған отыз жетінші жылдың ала құйынына ілініп, қыршынынан қиылған Нұрмағамбет Қосжанов «Сартай батыр» атты дастанының кіріспесінде:

    …Жанқожа батыр бұл өтті,
    Патшаға сілтеп қылышын.
    Николайға бағынбай,
    Тарылтты біраз тынысын.
    Ұстамай кетті қолына
    Алтын менен күмісін.
    Қисса қылып шығарсам,
    Екеуінің бұл ісін –

    деп, жан-дүниесін жегідей жеген ізгі арманын ағынан ақтарыла жырлайды. Амал нешік, арқалы ақынның білте шамның жарығындай келте ғұмыры сағымға бөленіп, бұлт асып көз ұшында бұлдыраған тәтті тілегін жалынды жырының отты құшағына бір орап өтуге ғана жетіпті…
    Жанқожа батыр туралы жыр-поэма жазып қалдырған кейбір ақындардың өмір жолдары мен шығармаларының тағдыры мүлдем қасіретті. «Жанқожа батыр» деп аталатын қомақты дүниенің авторы, жалындай лаулап отыз екі жасында дүниеден өткен қазалылық Лұқман Кенжеұлы сондай ауыр тағдырлы жандардың бірі. Бұл дастанның әр жылдарда қағазға түсіп, ұлттық мұрағаттарға тапсырылған Қаражан Рүстемов (1946), Нағымбек Қарабатыров және Қабыланды Көрегеновтерден (1945) қалған үш бірдей қолжазбасы бар. Соңғы қолжазбаны ҚР Ұлттық Ғылым академиясының ОҒК Сирек қорына тапсырушы, кейін үш мәтіннен ортақ нұсқа түзіп, шығыстанушы Серікбай Қосанға араб, латын графикасынан кириллицаға түсіртіп, жырды 1999 жылы «Жұлдыз» журналының №1 санына алғысөзімен жариялаған жазушы Молдахмет Қаназ. Бір қызығы, қолына қалам ұстаған күрмеуге келмейтін қысқа ғұмырында Лұқман ақын бұдан басқа бір де бір өлең-жыр жазбапты.
    «Жанқожа батыр» деп аталатын келесі шығарма иесінің қамшының қысқа сабындай қысқа ғұмыры, өлең өлкесіндегі алғашқы және соңғы қадамы, тіпті шуда жіптей шиеленіскен шым-шытырық тағдыры да ешкімге ұқсамайды. Жанқожа батырдың қаһармандық ерлікке толы істері жан дүниелеріне әсер еткендігі соншалық, көкірек түбінде булыққан шер бұл авторларды үлкен жүрек тебіренісі мен теңіздей ой толқуына әкелген сияқты. Соңғы екі автор да келте ғұмырларында дүнияуи шаруалардан бойларын аулақ ұстап, өздерінің негізгі өмірлік мұрат-мүдделерін әруақты батыр бабаның өнегелі істерін, ерлік-аманаттарын ұлықтау деп біліп, әсерлі өлең тілімен халыққа жеткізіп кетуді қастерлі міндеттеріне санаған. Екі ақынның да соңында «Жанқожа батыр» деп аталатын шығармадан басқа жыр-мұраның қалмауын, екеуінің де халық үшін жан қиған теңдессіз ерлік иесі – шаһидтің шырақшысы болғандығымен түсіндірген абзал.
    Орнықбай Сұлтанов шығармасы осы тақырыптағы жырлардың ішіндегі көркемдік дәрежесі жоғары, әрі көлемдісі болып саналады. Жырдың мазмұны негізінен, Жанқожа батырға қатысты болғанымен, мұнда сонау «ақтабан-шұбырынды» кезеңінен бергі жердегі Кіші жүз қазақтарының басынан өткен әр түрлі тарихи уақиғалардың іздері сақталған. Жырда Сыр бойы халқының тарихи жадында мәңгі жатталып қалған Хиуа, Қоқан, Ресей басқыншыларына қарсы жергілікті қазақ батырларының жанкешті ерліктері шынайы суреттелген. Әсіресе, Жылқайдар, Ақмырза, Жалмырза, Ақтан, Дабыл, Құлбарақ сияқты Шекті батырларының бейнесі эпостық дәстүр деңгейінде тамаша суреттелген. Сондай-ақ, Жанқожа бастаған Кіші жүз қазақтарының Кенесары Қасымұлының қозғалысына қатысып, Созақ қамалын алуда көрсеткен ерен қимылдарының жырдағы образының реңі қанық, өзге эпостық шығармаларға қарағанда деңгейі әлдеқайда биік тұр.
    Көзкөргендердің айтуларына қарағанда, Орнықбай Сұлтановтың бұл поэмадан басқа шығармасы жоқ. Мүмкін, болса да сақталмаған сияқты. Ақын поэмасын оқып отырып, Орнықбай Сұлтановты қолына қаламды «кеше-бүгін ұстаған» деген алғашқы екіұдай ойдан қайтып үлгердік. Әйтсе де, шындығы сол – Орнықбай бұрын өлең жазбаған! Сыр бойындағы үлкен ақындық ортада оның есімінің белгісіз болатыны да сондықтан. Жазушы Молдахмет Қаназға ашылып айтқан әңгімесі: «Түсіме Жанқожа бабам кіріп, қолыма кітап ұстатып кетті!» деген жалғыз ауыз сөз екен. Поэманың «Қыздаршыққан» деген тараушасында оны Орнықбайдың өзі былайша түсіндіреді:

    Өткен жоқ өлең жазып, сөзім сыннан,
    Шықпайды қиналсам да терме тыңнан…

    Орнықбай Сұлтанов батырлық жырларда жиі кездесетін дәстүрлі стереотиптер мен дайын кейіптеулерді көп қолданбаған. Аталмыш батырлық жырларда негізгі объектіде бас қаһарман образы жүруі жазылмаған заңдылық саналатын. Десе де, ақынның пайдаланатыны жеті-сегіз буынды жыр үлгісі, он бір буынды, төрт тармақты шумақ, кейде оннан аса жолмен түйінделіп отыратын шұбыртпалы, төкпе ұйқасты түркі ғазалы. Орнықбай шығармасының басқа тарихи жырлардан бір ерекшелігі: ақын өз поэмасында кейінгі кәсіби, суреткерлік поэзияның өлшемдеріне қол артқандықтан, жырдың реалистік сипаты басым. Ақын ірілі-ұсақты уақиғаларды сомдағанда да былайғы жұртқа «ұсақ-түйек» көрінетін дәстүрлі пейзаждық және сюжеттік детальдарды қалдырмай, тәптіштей суреттеп отыруды машық еткен. Бұл бұрын-соңғы эпос, тарихи жыр жырлаушыларында сирек қолданылған шеберлік тәсіл.
    Орнықбай шығармасында табиғат суреті, ішкі психологизм, этнографиялық көріністер сияқты поэмаға тән элементтер өте мол. Сондықтан бізге жинаушылар тарапынан айдарланған «дастан» деген жанрлық анықтама кемшіндеу көрінді. Ал, «Орнықбай ақындығының алды-артында басқа жыр жоқ» дегенге оның өлең өрімі мен сөз өрнегіне қарап отырып көңіл сеніңкіремейді. Ендеше, бір мезет Орнықбай ақын сомдаған бейнелі теңеулерге тізгін берелік. Ақын Жанқожа батыр бейнесін «Түнерген түнгі бұлттай түсі суық», «Сұрланып сабыр бұлты бетінде ойнап», «Ақ туы төбесіне төңкерілген» деп тың эпитеттермен айшықтайды. «Халық бүлінді хан үшін, Хан бүлінді жан үшін» деген контрастар да асқан шеберліктің жемісі екенінде дау жоқ. «Әкеліп Бабажанды көпке салды, Халық өзі шығарсын деп жаназасын», – деп Жанқожа батырдың Бабажан өлімін халыққа салатын жеріндегі жаудың бейнесін жасауы да соны серпін. Шығармада Аппаз құлға қаратып айтылатын «Қарттықтың кәдесімен өмірі өтті» деп келетін ақсақал болудың сипаты да биязы әрі жұмсақ берілген. Поэмадан бұдан да басқа: «Елден шықты бөлініп, Бөлінген бұлттай көрініп», // «Сусын ішіп, сұлы жеп, Сұлуланған семіріп» деген шендестірулер, өлеңнің сыртқы пішімін ойнату арқылы жасалатын омонимдік кейіптеулерді көптеп кездестіреміз. Мұндай хас ақынға тән ерек құбылысты сәтті сәйкестік деп қарағанның өзінде, тек адам-пенденің араласуымен болмаған тылсым екенін еріксіз мойындаймыз.
    Орыс мәдениетінде летопис-жылнамаларды түзу арқылы қоғамдық тарихқа альтернатива ретінде балама тарих жасалатын дәстүр бар. Ал, қазақ мәдениетінде Еуропа және Ресей тарихшыларының қасаң теориялық қағидаларына малшынбаған, қоғамдық тарихтың босағасынан бейкүнә қараған ұлттық танымдағы шежірелік аңыз-тарих ғасырлар бойы ауызша жырланып келе жатқан эпостық мұраларымызда бірсыдырғы жақсы сақталған. Мұнда фольклортанушы ғалымдарымыз күні бүгінге дейін жөнді назар аудармай, қосымша, күмәнді дереккөз ретінде ғана қарастырып келе жатқан эпик жыршылар мен ақындардың өткен тарихқа деген авторлық көзқарасы, уақыт пен кеңістік талабы, орындаушының тарихты таразылай білуі, көңіл көкжиегі таныған тақырыбын өз дәрежесінде меңгере алуы сияқты жайттер маңызды рөлге ие екенін айту ләзім.
    Ресей архивтерінде Жанқожа Нұрмұхаммедұлына қатысты тарихи құжаттар мен батыр өмір сүрген дәуірдің шындығын шыжғырып һәм шиырып айтатын айғақтар аз емес. Солардың басым көпшілігі Ресей патшалығына даланың шен-шекпенге құмар би-сұлтан, старшындары тарапынан жазылған рапорттар мен донесениелер. Бұл құжаттардың дерегін батыр баба туралы күні бүгінге дейін жазылып, хатқа түскен батырлық эпос, тарихи жыр-поэмалар, дастандар мен қолжазба күйінде сақталған кейбір айтыс өлеңдерінің үзінділері нақтылап, белгісін бекітіп, арқауын ширатып, барынша қуаттай түседі. Мұрағат сөрелерінің еншілі мүлкіне айналып отырған деректі құжаттар мен құнды қолжазбалар қай заманда да терістеуге көнбейтін, кім балталаса да қирата алмайтын қамал тәрізді. Олардың түптің-түбінде әйтеуір бір жарық көретіні тағы ақиқат. Сондықтан Жанқожа Нұрмұхаммедұлы өмір сүрген тұтас дәуірдің шым-шытырық тарихы, батырдың өмірі мен қазасының аңызы мен ақиқаты, жақаттас ағайын арасындағы сағымның діріліндей толқып тұрған нәзік тін – сонау оқиғалардан қалған аталар тарихының ұмытылмас іздері, бәрі-бәрі бұл байтақ тақырыптың болашақ зерттеушілеріне ауыр салмақ артып, жауапты сынақ жүктері хақ.
    Келер күндерде аталмыш деректер мен Жанқожа батырға қатысты барша тарихи жыр-дастандардың басын біріктіріп, фольклортану ғылымының озық теориялық талаптарына сай, әр жырды жеке вариант-нұсқа ретінде қарастырып, бас-аяғын түгендеп жарыққа шығару мәселесі тұр. Болашақтағы боямасыз, шынайы тарихқа алып баратын басты қадам да, батыр бабаның кесек тұлғасын аңыздар сорабынан арши түсетін құнды дереккөз де, талай ғылыми зерттеуге арқау болатын баян да осы болмақ. Ендеше, Жанқожа батыр туралы жазылған реальді тарихи жыр-поэмалардың басын қосып, әрбір жырды төлқұжат-түсініктемесімен, сипаттама-анықтамасымен, шығармада кездесетін жер-су атаулары мен тұлғалар тарихын толықтай жүйелеп, атадан қалған асыл мұраны дербес жинақ етіп бастырып шығару ісі сылтау көтермейтін, кезек күттірмейтін өзекті мәселе күйінде қала бермек.


    Берік ЖҮСІПОВ, фольклортанушы

     

     

    Пікір жазу

    Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

    *

    x

    Check Also

    Бабалардың соғысу тактикасын Бауржан Момышұлы білген бе?

    Ежелгі көшпелілердің, сақтардың, ғұндардың, көне түріктердің, моңғолдардың, тіпті кейінгі қазақтардың соғыс тактикасы жаһан тарихында жоғары ...