• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Балдырған » Боқ жинаған қоңыз

    Боқ жинаған қоңыз

    Бүгін Қоңыз жұмысқа күндегісінен ерте шықты. Інінен шыға бере мұрнына өзіне ұнайтын бір иіс келді. Құлдыраңдап солай қарай жорғалай жөнелді. Онысы жаңа ғана тастап кеткен сиыр жапасы еді. Шетінен кертіп ала сап артқы аяғымен оп оңай итеріп кетті. Кеш батам дегенше сиыр жапасын ініне түгел тасып алды.

    Көктемнің алғашқы күндері күн шуақты болғанымен қайта қыс түскендей қақап кетті. Қоңыз жылы ін ішінде арқаны кеңге сап жатыр. Алдындағы олжасына ырза. Бір уақытта қабырғаны тесіп бір қоңыз ін ішіне екпіндей кіріп келді. Қоңыз өзінен екі үш есе азығын кіп кішкентай арқасымен жауып әлек. Әлгі Қоңыздың дәу мүйізі бар екен. Мүйізімен дөң айбат көрсете келген Қоңыздың түсі де бұл Қоңыздан бөлекше. Қоңыр қызыл түсті. Қоңыр Қоңыз қара Қоңызға:

    – Мынау азығыңнан біраз бере тұр. Көктем шығысымен қайтарамын, – деді.

    Қоңыз әрі ойланып, бері ойланып, бермеудің амалын жасап:

    – Бір уысын берейін, бірақ көктем шығысымен екі уыс етіп қайтарсаң, –  деді. Ондағы ойы екі уыс боқты қайтара алмаймын деп әлгі Қоңыз кетіп қалар деген еді.

    Қуанып кеткен дәу Қоңыз келісе кетті. Жуан қолымен боқтың шетінен молырақ қамтып алған ол:

    – Біздің көрші Қоңыздардың бәрі ұйқысынан оянды. Көктемнен бұрын ояныппыз. Енді азық керек, соларға да айтсам қайтеді. Оларға да бір бір уыстан берсең көктем шығысымен қайтарар, – деді.

    Егер ұмытпай қайтаратын болса берем, әйтпесе жоқ! – деп дәу Қоңыздың қолындағы бір уыс боққа жалтақ-жалтақ қимай қарай сөйледі.

    Арада аз ғана уақыт өткенде қоңыр Қоңыз кірген қабырғаның ту талақайын шығарып жан жақтан көршілер анталай келіп жатты. Олар да бір-бір домалақты домалатып қуанып кетіп жатты, кетіп жатты.

    Көктем де шықты. Біздің бақытта қара Қоңызымыз бұл жазда қара терін төгіп еңбектенбей ақ мал тапты. Қоңыр Қоңыздар отряды қара Қоңыздың қоймасын сірестіріп қысқы азыққа толтырып берді. Күн шуақта аяқты аспанға көтеріп қойып әндетіп жатқан Қоңызға мынадай ой келді: «Ала жазды босқа өткізбейін. Іннің екінші қапталынан тағы бір қойма қазып алайын да оны да азыққа толтырайын. Көктем шыға ашыққандар болса менен кеп екі есеге қарызға алып тұрсын. Бұл бір пайдалы іс екен. Осыны кәсіп қылайын». Ол жаз бойы екінші қойманы да лық толтырды.

    Арада біраз жыл өткенде қара Қоңыздың қоймасы көбейген үстіне көбейе түсті. Бірақ бір ғажабы қара Қоңыздың қоймасы көбейген сайын ол тойымсызданып, көңілі тарылып кетті. Біреу міреу келе қалса бір домалақ боққа екі, кейде аса қиналып тұрғандарынан үш домалақ боқ талап етті. Қарызын қайтаруға ғана шамасы жеткен көрші, ағайындарынан үстеме боғын аяусыз қанап ала бастады.

    Бір күні қарызын көптен қайтара алмай жүрген ауылдасының ініне қатты ашуланып барған ол қоймасындағы қалған-құтқан азығын сылап сыйпап жинап ап көтеріп кете барды. Көңілі сәл пәл басылғандай тыныштық тауып марқайып келеді. Кенет, кенет ғайыптан тайып белі кілт ете түсті. Арқасындағы өзінен бес алты есе үлкен боққа әлі келмей қалды. Іні де сәл пәл биіктеу жерге орналасқан еді. Міне, міне ін аузына жақындадым дегенде қол құрғырдың да әлі кетті. Сол-ақ екен дәу сасық, қара боқ Қоңыздың басын шыр айналдырып, домалатып ала жөнелді. Боқ екі үш домалап барып тоқтағанда қара Қоңыздың дәл жуан белін майыстыра тоқтап еді. Сөйлеуге әлі келмей, аузынан қан аралас көбігі шығып жатып көз алдына өзінің қоймасын жан-жақтан ту талақай етіп талап алып жатқан ауылдастары елестеді. Боқ жинағанға боқ өлім келетінін түсінуге мұршасын келтірмей дәл өкпеден басқан боқ ауырлаған үстіне ауырлап оны жаншып өлтірді.


    Әдина ӘБДІБАЙҚЫЗЫ

     

     

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Мектептерде робототехника сабағы ашылды

    «Бүгінгі таңда ғылым мен техника саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында елорда мектептерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту ...