• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Қазақ хандығы » Мемлекеттің әлсіреуі және қайта жаңғыруға бет алуы

    Мемлекеттің әлсіреуі және қайта жаңғыруға бет алуы

    15-ші ғасырдың соңғы жиырма жылдығынан 16-шы ғасырдың алғашқы жиырма жылдығы бойы Қазақ хандығының іргесі едәуір ұлғайды. Нығайды. Бұл үдеріске Бұрындық ханнан кейін, 1511–1521 жылдары билікте болған Қасым хан зор үлес қосты. Ол өз кезінде қазақ жер-суы мен халқын жинастырып, біріктіру шараларын жедел жүзеге асырды. Алайда хандықтың өркендеуінде тұрақты үдеріске қол жеткізу мүмкін болмады…

    Қазақ халқының қазіргі заманда мекен етіп жүрген  аумағы негізінен, шынтуайтында, сол жылдары қалыптасты. Сол жылдары Мәскеу мемлекетімен, Қазан, Орта Азия, Сібір хандықтарымен сауда және елшілік байланыс жасалды. Батыс Еуропа да қазақ мемлекетін Қасым хан тұсында танып білді. Дегенмен хандықтағы  билік құрылымы тек Қасым ханның беделі арқасында ғана тұтастық көрсетіп, абыройы асқақтап тұрған еді. Ал оның беделі Бұрындық хан тұсында көтеріле бастаған-тын. Қасым сұлтан өз иелігіндегі Арқа жеріне Шайбан тұқымдарының бірнеше рет жасаған шапқыншылығына хан әскерінің қолдауынсыз-ақ тойтарыс берген. Елеулі  қарсылық көрсетіп қана қоймай, дұшпанды тас-талқан етіп жеңген. Осынау жеңімпаз жасақтың сардары ретінде, тиісінше, ел ішіндегі атақ-абыройы өскен болатын. Қасым сұлтанның жеңілісті білмейтін қалың қосындары ол хан сайланғаннан кейін де айбындылығын арттыра түсіп, елдегі тыныштықты, көрші хандықтармен бейбіт қатар өмір сүруді қамтамасыз етіп тұрған. Ханның осындай айбарының арқасында ел ішінде шаруашылық және әлеуметтік-тұрмыстық өзара байланыстарды жақсарту, әдет-ғұрып заңдарын қолдануды ретке келтіру мәселелерін көздеп жасалған күллі реформа кідіріссіз жүзеге асып жатты.

    Мұхаммед Хайдар Дулати әйгілі «Рашид тарихында» Жошы ханнан кейін оның дәрежесіне парапар үлкен билікке Қасым хан ғана жетті, одан басқа ешкім де қол жеткізе алмады деп атап көрсеткен. Қасым хан өте құдіретті билеуші болды.

    Қысқасы, Қасым ханды аса ірі мемлекет қайраткері, саяси тұлға, қаһарлы әмірші ретінде мойындаушылық – хандықта ұйымдастырылған маңызды шаралардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етті. Яғни биік пәрменнің ел ішінде ойдағыдай жүзеге асырылуына мемлекеттік жүйенің, әкімшілік бағыныс құрылымының қатаң орталықтандырылуынан гөрі, жоғары дәрежелі әміршінің қаһары, айбары шешуші рөл атқарды.

    Алайда мемлекеттің мықтылығын тұрақтандырып, мемлекеттік тәртіптің бұлжымастығын қамтамасыз  ету үшін оның басшысы құрған әкімшілік жүйе де өміршең болуға керек. Елді басқару құрылымы биліктің түрлі деңгейлерінде жоғарылы-төменді өзара тәуелділікті, бағыныштылықты қамсыздандыруға тиіс. Бірақ нақты жағдай олай болмай шықты. Қасым хан 1521 жылы Сарайшықта мәңгілікке тыншығаннан кейін мемлекетте билікке таласушылар бой көрсетіп, бұл орайдағы кемістікті тез ашып берді.

    Таққа мұрагерлік жолмен Қасым ханның үлкен ұлы Мамаш отырған, бірақ хандықтағы өзге сұлтандарға оның айдындылығы кем көрінді. Едәуір жасқа келіп қалған Мамаш ханның айналасына бірден әкесіндей әсер ете алмауы түсінікті жәйт, алайда тағдыр оған өзінің билеушілік қабілетін толық ашуына уақыт жағынан мүмкіндік бермеді. Ол хан тағында бір-екі  жылдай ғана болып, әлдебір шайқас кезінде қаза тапты.

    Содан кейін Жошы тұқымдары арасында қазақ еліндегі бас билеушінің орнына таласу әрекеттері үдей түсті. Хан болудан дәмесі бар сұлтандар өзара қырқысты. Тіпті болмаған соң олар өз өлкелерінде жеке-дара билікке ұмтылып, хандықты бірнеше ұсақ ұлысқа бөлшектеп жіберді. Не керек, Керей мен Жәнібек құрған, Қасым тұсында кемеліне жеткен хандық айналасы бірнеше жылдың ішінде бірін бірі мойындамайтын аймақтық хандықтарға бөлінді. Сырт жұрт та Қасым хан кезіндегі Қазақ еліне құрметпен қараушылығын жиып қойып, қазақ билеушілеріне қарсы жорықтарға шықты, сол жолда өзара одақ құра бастады.

    Осындай аласапыран кезеңде Қасым ханның кіші ұлы, Созақ қаласының әміршісі Хақ-Назар (Хақназар, Ақназар) сұлтан батыл түрде елді біріктіру шараларын жасауға кірісті…

    Мамаш хан ұрыс үстінде опат болған соң, сұлтандар арасында ел тізгінін қолға алу үшін тағы біраз талас-тартыс өткен де, ақыры, 1523 жылы таққа Қасым ханның немере інісі Таһир (Тайыр) отырған. Ол 1532 жылға дейін билікте болды, бірақ, мемлекет басқару ісінде шын мәнінде қайраткерлік қабілет көрсете алмаған сияқты. Атақты қазақ тарихшысы Қадырғали Жалайыр өзінің әйгілі «Жылнамалар жинағында» («Жәми ат-тауарих») ол жайында: «біраз уақыт хандық құрғанмен, патшалықтың сырын білмеді» деп жазған.  Зерттеушілер Тайыр ханның бойында ерекше бір мәмілегерлік, сондай-ақ айта қаларлықтай  әскербасылық қасиеттің болмағанын айтады.

    Шынында да ол елеулі  қолбасы қабілетін танытпады, ең бастысы, бас хан ретінде, елдегі билеушілермен екі арада өзара түсіністікке қол жеткізе алмады. Жетісу билеушісі Бұйдаш, Сығанақ әміршісі Ахмет секілді ықпалды сұлтандар оны елең қылмады. Оларға  өзін мойындатуға мұның шамасы жетпеді. Сондай ахуалдың салдарынан шығар, Таһир ханның билікте болған кезінде қазақ мемлекетінің сыртқы қатынастары да күрт нашарлады. Қасым хан тұсындағы ноғайлармен арада орнаған татулық әскери қақтығысқа ұласты. Ташкент билеушісі Келді-Мұхаммедпен түсінісе алмағандықтан,  өзбектермен де шайқасуға тура келді. Түркістан маңында жеңіліске ұшырады. Оның билікте болған кезінде Моғолстан хандарымен арадағы жарасымды қатынас та бұзылды.

    Не керек, осы кезеңде Қазақ хандығы оңтүстіктегі және солтүстік-батыстағы жерінің бірер бөлігінен айрылды.

    Дегенмен Тайыр хан Жетісуды және Ыстықкөл аймағын сақтап қалуға көп күш жұмсады. Қырғыздармен одақтасып, елді моғолдар мен қалмақтардың шапқыншылығынан қорғады. Шамамен 1532 жылы қаза тапты.

    Одан кейін қазақ еліне Тоғым сұлтан хан сайланды. Бірақ Жетісу әміршісі Бұйдаш  пен Сығанақ әміршісі Ахмет сұлтандар  оның да билігіне мойынсұнбай, өз аймақтарында өздерін хан сайлатып алды. Тиісінше,  Тоғым ханның тұсында да өзара қырқысулар тоқталған жоқ. Осы тұста қазақ мемлекетінің болашақ құтқарушысы  Қасымұлы Ақназар сұлтан көріне бастаған. Ол Созақ әміршісі болатын. Бірақ, хандықты бөлшектеген Жетісу әміршісі Бұйдаш пен Сығанақ әміршісі Ахмет секілденбей, бірден Тоғым ханның билігін мойындап,  оған қолдау көрсетті.

    Бұл кезде іс жүзінде бірнеше хандыққа бөлініп кеткендіктен, қазақ жерінде сыртқы жауға бірлесіп қарсы тұру қиындап кеткен. Бірігіп қимыл үйлестірудің орнына, хандар өз беттерінше әрекет еткен. Тоғым хан мен Бұйдаш хан Жетісу мен Сырдария өңірін моғол және өзбек хандарының шапқыншылығынан сақтап қалу үшін күресті. Ахмет хан қазақ елінің орталық және батыс өңірін қорғамаққа Ноғай  Ордасына жорыққа аттанды. Сол жорықта тұтқынға түсіп, 1435 жылы маңғыт Орақ батырдың қолынан қаза тапты. Өңірдің біраз бөлігі ноғайлардың билігіне өтіп кетті. Моғолдардың өзбектермен біріккен әскеріне қарсы шайқаста, шамамен 1537 жылы, Тоғым хан қаза тапты. Бұйдаш хан Ыстықкөл маңында ұрыс жүргізіп жатты.

    Осындай ахуал кезінде Ақназар сұлтан әуелі оңтүстіктегі Ахмет хан билеген аумақты, сосын Бұйдаш хан билеген Батыс Жетісуды Қазақ хандығына қайта қосты. Өстіп, бөлшектену салдарынан әлсіреген мемлекетті қалпына келтіру ісін қолға алды. Нығаю жолына түсіре бастады.

    Сөйтіп, игілікті ісімен көзге түскен Хақ-Назар, елдегі байырғы хан сайлау салтына сай,  1538 жылы ақ киізге отырғызылады. Молда тиісті діни жоралғы жасайды. Содан соң билер хан отырған ақ киізді жан-жағынан ұстап жоғары көтереді. Таныстыру рәсімінің талабына сәйкес, жиналған жұртшылықтың алдынан алып өтеді. Елдегі берекесіздіктен қажыған халық жаңа ханға үлкен үміт арта қарайды…

    Ішкі және сыртқы саясатта Хақназар хан әкесі Қасым ханның жолын жалғастыруды мұрат тұтты. Ол хан тағында отырғанда Қазақ хандығы бірлікке, тұтастыққа иек артқанмен, өз территориясының жартысына жуығынан айрылған күйде еді. Елдің батысы – ноғайлардың, шығысы – ойраттардың, солтүстігі – Сібір хандығының, Моғолстан мен Ташкент – Бұхара хандығының қол астына түскен болатын. Қасым хан тұсында хандық шекарасы Ұлытау мен Балқаштан асқан, Жайық пен Сырдарияға кеткен, жобалап айтқанда бүгінгі Қазақстан территориясының шамасындай еді.

    Мемлекеттің аумағын әкесі қалыптастырған көлемге жеткізуді Ақназар хан ел тізгінін қолға алысымен армандады. Қазақ руларының ата қоныстарын өз қалыптарында, бөтен жұртқа тигізбей сақтауға, хандықтың көрші елдер алдындағы ықпалын қалпына келтіруге күш салды. Елді Қасым хан кезінде 1511 жылы қабылданған «Қасқа жол» заңдар жиынтығын («Қасымның қасқа жолы») басшылыққа алу арқылы басқарды. Мемлекеттің байырғы аумағын қалпына келтіруге тырысты. Алайда бұл орындалуы қиын шаруа болып шықты. Әйтсе де Хақназар хан мүмкіндігінше  қазақ мүддесі үшін күресті. Оның тұсында Қазақ хандығы қайта бірігіп, дами түсті.

    Ол мемлекеттік билікті нығайтуға және күшейтуге қажырлы қайрат жұмсады. Өзінен бұрын бытыраңқы жағдайға түскен Қазақ хандығын қайта біріктірді. Қазақ-қырғыз одағын одан әрі нығайтты, сол заманның тарихи деректерінде оны «қазақтар мен қырғыздардың патшасы» деп атаған. Хақназар осы қазақ-қырғыз одағына сүйене отырып, Моғолстан хандарының Жетісу мен Ыстықкөл алабын жаулап алу  әрекетіне тойтарыс берді.

    Хақназар хандық құрған кезде Қазақ хандығының сыртқы жағдайында аса ірі тарихи оқиғалар болып жатты.

    Мемлекеттің солтүстігінде Мәскеу князьдігінің шекарасы қазақ даласына қарай едәуір тақалды. 1552 жылы Қазан, 1558 жылы Астрахан хандықтарын басып алған Мәскеу патшалығы Еділ өзенінің барлық аңғарын, бұрынғы Алтын Орда қағанатының бас қалалары орналасқан  аумақты иеленген. (Сонау бір басқа күн туған шақтарда қоныс аудара беруге мәжбүр болған, тағы да жер-суынан айрылған жұрттың: «…Бұрынғы өткен атамыз Көшемін деп өлді ме, Қырымды тастап Еділге Ақылы жоқтан келді ме… Еділ менен Жайыққа Ешбір жердің теңі жоқ!..  Мекен еткен қонысын – Еділ менен Жайықты Қатын-бала сағынар», – деген өкінішті жыр жолдары біздің заманымызға жетті). Мәскеу жиһангерлері Башқұрт және Сібір хандықтарын князьдік құрамына енгізді. Еділ мен Жайық арасындағы өңірді мекендеген Ноғай Ордасын ыдыратып, халықты қырғынға ұшыратты. Аман қалған ноғайлардың дені Кавказға, одан түрік еліне кетті.

    Ұлыстың едәуір халқын  (бұлардың дені қазақ ру-тайпалары болатын, ел ішінде ноғай мен қазақтың айрылуынан көрініс беретін түрлі жыр, күй сақталған) Хақназар хан мемлекетіне қаратып алды. Соған орай Хақназар «қазақтар мен ноғайлардың ханы» деп аталды. Сөйтіп, ноғайлармен аралас-құралас тұрып келген қазақ тайпалары 1560-шы жылдары этностық территориясымен бірге Қазақ хандығына бірікті.

    Бұрындық пен Қасым хандар билеген замандардан басқа уақыттарда Ноғай Ордасының астанасы болып келген Сарайшық қаласы Қазақ хандығы құзырына өтті.

    18-ші ғасырда Орынбор өлкесінде қызмет істеген тарихшы Петр Рычков Хақназар хан тек ноғайларды ғана емес, башқұрттарды, Қазан, Сібір және Астрахан хандықтарын, Бұхараны, Хиуаны, Ташкентті және басқа көптеген қалаларды өз билігіне қаратып, олардан алым-салық жинатып тұрды деп жазды.

    Қазіргі зерттеушілер Хақназардың тұсында қазақ мемлекеті тап ондай дәрежеге жетпегенін, алайда аумағының кеңейіп, қуатының арта түскенін, хандықтың едәуір нығайғаны даусыз рас екенін айтады.

    (Жалғасы бар)


    Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

    жазушы, тарих ғылымының кандидаты

     

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Отан соғысындағы ірі жеңістер

    Жоңғарлар қазақ жерінің шығысы мен Жетісуды және Сырдарияның орта ағысы өңірін басып алғаннан соң  Ұлытауға ...