• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Қазақ хандығы » Қазақ мемлекеттілігіне қатер төндіретін сыртқы жағдайлар

    Қазақ мемлекеттілігіне қатер төндіретін сыртқы жағдайлар

    Қазақтың бірталай ру-тайпалары өзге де түркі тайпаларымен  бірге 15–16-шы ғасырларда Сібір хандығы құрамында болатын. 1563 жылы бұл хандықты Шайбан әулетінен шыққан Көшім хан басқаруға кіріскен. Осы  шақта хандық аумағы Ертіс, Тобыл өзендері алабынан Орал тауларына дейінгі кеңістікті алып жатты. Ол әуелде Қазан хандығымен шектесетін. Қаһарлы Иванның Қазанды басып алуына байланысты, Сібір хандығы енді Мәскеу патшалығымен шекаралас болып шықты.

    Мәскеу мемлекетінде алғашында кішігірім тұз кәсіпшілігін ашқан, сосын оны тез кеңейткен, одан аң терісімен, өзге де тауарлармен сауда жасау жолымен ірі дәулет жиған Строгановтар кәсіпкерлікпен шұғылданды. Жан-жақтан жұмысшылар шақырып, түрлі құрылыстар салу арқылы өзіндік «мемлекет ішінде мемлекет» құрып алған осынау атақты кәсіпкерлер әулетінің жерін шығыс жағынан төнген «жабайылар» шабуылынан жалдамалы қарулы жасақтары қорғайтын. Олар тек иелікті қорғаумен ғана шектелмеген еді. Қаһарлы Иоанн патшаның өзінен бата алып, Строгановтар кәсіпшілігінің жерін кеңейту үшін, Тас белдеуден (Оралдан) асқан да, Сібір хандығының батысындағы иелігіне сұғынды. Бірақ жергілікті қазақ ру-тайпаларының тайсалмай қақтығысудан тартынбауына, тіпті, жиі-жиі кері шабуылдап көрсеткен қарсылығына кезікті. Сондықтан, Мәскеудің қолдауына арқа сүйеген аталмыш кәсіпкерлер Еділ бойында қарақшылықпен шұғылданып жүрген казактардан «патшалықтың шығыс шекарасын кеңейту үшін» жаңа күш жинады. Олардың атаманы Ермакқа үлкен жасақ құрғызып,  оны от-қарумен, соғысқа қажет барша жарақпен жабдықтады. Сөйтіп казактарды «Сібір патшалығын бағындырып, Орыс Державасына қосу үшін» жорық жасауға мықтап дайындады. 

    Ермак жақсы қаруланған 600 казагімен Сібір әміршісі Көшім ханның әскербасылары бастаған жасақтарына қарсы 1581–1585 жылдары табысты жаулаушылық ұрыстар жүргізді. Ертіс, Обь өзендеріне жетіп, хандықтың ірі қалаларын алды. Сосын Сібірдегі соғыс барысын, әскери жетістіктерін баян етіп, кәсіпкер Строганов пен Қаһарлы Иван патшаға 1583 жылы жаушы жөнелтті. Қарақшы казактардың орыс жерін кеңейткен ерліктеріне дән риза патша оған сыйға қос дулыға жіберді. Ермак дулығаның екеуін де басына қабаттап киіп жүрді. Ақыры 1585 жылғы жазда Көшім ханның сарбаздары қолынан қаза тапты. (Қазақ ішінде сақталған «Сәтібек батыр» жыры оның өлімі жайынан қызық дерек береді). Осы жылы Тәуекел ханның інісі Ораз-Мұхамед сұлтан Көшім хандығына келген. Ол екі жылдан кейін ұстазы Қадырғали бимен бірге орыс тұтқынына түседі. Сол 1587 жылы Тобыл мен Ертістің құйылысына  орыс патшалығының Сібірді жаулап алудағы басты орталығы ретінде Тобольск қаласы салына бастайды.

    Батпақ пен тартпаға орналасқан шап-шағын Мәскеу князьдігі күні кеше ыдыраған империя (Алтын Орда, Жошы ұлысы, Ұлығ Ұлыс) орнында өзімен қатар ұйысқан  мемлекеттік құрылымдардың біразын бас-аяғы бір мүшелдей уақыт ішінде басып алды да, басқыншылық аранын аша түсіп, осылай, Жошы ұлысының ұлан-ғайыр аумағына қожайын болуға ұмтылды. (Патшалықтың тарихшылары мұны кейін «орыс жерін жинау» ретінде бағалайды.  Бұл баға өміршең болып шығады, соны және сол мәскеулік мемлекеттік құрылымның отаншылдыққа балаған күллі жаулаушылық, басқыншылық жорықтарын ешкім терістемейді. Қуатты Мәскеу мемлекеті күштінің құқымен орнықтырған біржақты ұғымдар бойынша, оның әрбір жаңа ел-жұртты басқыншылықпен жаулап алуы  сол жаңа боданына жасаған қамқорлығы ретінде насихатталады және осы ұстаным ұрпақтан ұрпақ ауысқан сайын жеке-дара, жалғыз да дұрыс шындық ретінде санаға бекем сіңіріле береді).

    Сібір хандығына 16-шы ғасырдың соңына қарай орыс жасақтарымен бірге ойраттардың бір бөлігі (торғауыттар) шабуылдар жасады. 1598 жылы Көшім хан елінен кетті. Хандықты патша әскері толығымен басып алды. Ертіс бойымен көтерілген торғауыт-қалмақтар біртіндеп қазақ жерінің терістігі арқылы Еділге қарай өтті. Еділдің төменгі ағысында қазақтармен, ноғайлармен қақтығыстарға барып, жаңа жерге қоныстанды. Кейін олар орыс қызметін қабыл алып, патшалықтың жауынгер жасағына айналады (жасалған келісімшарттар бойынша, патшалық қалмақты – Еділге келген ойратты – өз боданы деп есептеді, ал олар келісімшартты өздерінше түсініп, орыстармен тек уақытша әскери одақ құрдық деп санады).

    Қалмақтардың өз отанынан көтеріле көшуінің себебін тарих дәл айта алмайды, ыңғайы, ішкі кикілжіңдердің үдей түсуі салдарынан болуы ықтимал. 15-ші ғасырдың ортасында ойраттар қуаты артқан моңғол елін басқарған. Олардың қытайлармен  сауда қатынастарына байланысты екі арада кикілжіңдер орын алып тұрды да, ақырында ойрат-қытай соғысын тудырды. Сонда монғолдардың іс жүзіндегі серкесі ретінде мойындалған ойрат Есен тайшы Қытайды мүлдем жаулап алуға ниеттенді. Ол моңғолдың Құбылай хан заманындағы Юань империясын жаңғыртуды ойлаған еді. Содан 20 мыңдық моңғол-ойрат әскері қытайдың жарты миллиондық орасан зор армиясын Туму деген жерде тас-талқанын шығарып жеңді (қытай тарихында ол оқиға «Туму апаты» деп аталады). Қытай императоры Ин Цзунды тұтқынға алды. Сосын Есен тайшы әскери қимылды тоқтатып, қонысына оралды. Қорғаусыз қалған Бейжиңге шабуыл жасамады. Императорды қолға түсіруінің өзі  зор оқиға еді, сондықтан Есен қытай жағымен асықпай келіссөздер жүргізді. Мол олжа алудан дәмеленді. Алайда Бейжиң қорғанысын ұйымдастырумен шұғылданып жүрген жас та жігерлі қытай әскербасы Юй Цзянь жығылмады. Тез арада таққа императордың інісін отырғызды. Сөйтті де, Есен тайшының тұтқын императорды сатып ал деген ұсынысын кері қақты. «Императордың өмірінен ел тағдыры маңыздырақ» деп мәлімдеді.

    Жоспары орындалмаған Есен сәтсіз жүргізілген келіссөздерден біршама уақыт өткеннен кейін, тұтқынында отырған қытай елбасын босатып, еліне достық көңіл-күймен шығарып салды. Одан, 1454 жылы, өзін моңғол ханы етіп сайлатты.  Ол әскери қолбасшы ретінде Мин Қытайына ауыр соққы беріп, қытай императорының өзін тұтқынға алған, Шыңғыс ханнан кейінгі дәуірде төре емес әулеттен тұңғыш рет Моңголияның қаһаны болған аса көрнекті тұлға еді. Алайда бүкілмоңғол ханы тағында Есен тайшы бір жыл ғана отырып, өз еліндегі қарсыластары қолынан 1455 жылы  қаза тапты. Ол дүниеден көшкеннен кейін империясы да ыдырай бастады. Шығыстағы моңғолдар тайпа-тайпаға бөлшектеніп, ойрат империясынан бөлініп кетті.

    Қазақ хандары ойрат билеушілеріне қарсы күресте осы шақта және одан кейін де – 16-шы ғасырдың орта шені мен оның 2-ші жартысында –олардан едәуір басым түсіп отырған. Өйткені бұл кезде ойраттар елдің өз ішіндегі алауыздық салдарынан едәуір әлсіреген болатын. Қазақтардың күштілігі және олардың ойраттарды бағындырғаны жайында Мәскеу патшасы Қаһарлы Иоанн өз елшісі арқылы біліп отырды. 1594 жылы оның ұлы Федор патшаға барған Тәуекел ханның елшісі де  өз ханын қазақтар мен қалмақтардың патшасы мәртебесінде атады. Осындай жағдайлардың нәтижесінде, Есім ханның тұсында  қазақ сұлтандарының көбі ойрат тайпаларының ықтимал күш-қуатын елемеген еді.

    Дегенмен бұл жәйтке Есім хан мән беріп, елді ойрат тайпаларының шапқыншылығынан қауіпсіздендіру шараларын ойластырды. Оның саяси көрегендігінің, алыстан болжағыштығының арқасында қазақ жасақтары ойраттарды залалсыздандыратын, қауіптің алдын алатын соққылар берді. Соғыста айнымалы табысқа жетіп тұрған уақытша жеңістер өз алдына, Есім хан ойрат тайпаларын біраз уақыт өзіне бағындырды да. Дегенмен, бұл үстемдік баянды болу үшін қазақ елін құрайтын ру-тайпалардың бірлігін арттыра түсу маңызды еді.  Мұны Есім хан айқын ұқты. Оның ел басқаруды жетілдіру мақсатында жасаған  реформасы осынау аса қажет бірлікті көздеген болатын.

    16-шы ғасырдың соңында ойраттарда төрт тайпалық бірлестік бар еді. Торғауыттар Табағатайдан шығысқа қарай созылған аймақта, хошоуыттар  қазіргі Үрімші (көне Дихуа) қаласының маңындағы ауданда, дүрбіттер Ертістің жоғарғы ағысы бойында, чоростар Іленің  бастауында болды. 1528 жылы Есім хан дүние салған шамада ойрат тайпаларының бірігуге бет алған  үдерісі  басталған. Бірігу үдерісі қиян-кескі күрес үстінде жүрді. Есен империясынан бөлінген моңғол аймақтарын манчжурлар күшпен қосып алған да, 1616 жылы Цин империясын құрған. Осы империямен кескілескен күрес барысында ойраттар күш біріктіру жолын іздеді.   20-шы жылдардың соңы мен 30-шы жылдардың бас кезінде ойраттардың бір бөлігі Ертістің оң жағасына шоғырлана түсті. Ақыры, «Төрт Ойрат одағы» ұйымдастырылды. Оны «Төрт Ойрат мемлекеті» деп те атаған. Ал ол ғылым әлемінде Жоңғар хандығы делінеді. (Қалмақ тілінен аударғанда, «жуң ғар» – «сол қол, сол жақ қар» ұғымын береді. Шыңғыс ханның кезінде ойраттар моңғол әскерінің сол қанатын құраған, сондықтан да осы фактіні жаңа мемлекеттің атауына шығаруды хош көрсе керек. Хандықтың жаңа атауына байланысты, ойрат пенделері жоңғарлар деп атала береді. Оған дейін де солай айтылып жүретін). Жаңа жоңғар мемлекетінің 1635 жылы сайланған алғашқы әміршісі Ердени-Батыр қонтайшы бірден қазақ жеріне жортуылға шықты…

    Жоңғарлардың жаңа хандық құрғаннан кейін қазақ жерін жаулап алу мақсатымен жүргізген үздіксіз жорықтары Жәңгір ханның әскербасы болып жүрген кезеңіне сай келді. Жәңгір – Есім ханның кіші ұлы. Есім хан 1628 жылдың күзінде дүние салып, Қожа Ахмет Йассауи кесенесі жанына қойылғаннан кейін тақта біраз жыл ағасы Жәнібек отырған, одан соң ел билігі тізгінін Жәңгір алған болатын. Ол ойраттарға қарсы шайқастарға әкесімен бірге әлденеше қатысқан, батырлығымен көзге түскен, жекпе-жектерде салқынқандылықпен қимылдап, ұдайы жеңіске жетіп келген (қалмақта Жәңгірді жеңетін батыр болмаған), ағасы хандық құрған тұста да әскердің бас қолбасшы болған, әрі бойы аласа, толық денелілігіне орай да Салқам Жәңгір аталып кеткен көрнекті тұлға еді.  Ол ойраттардың қазақ еліне шапқыншылық жасай беруінің себебін жақсы білетін…

    (Жалғасы бар)


    Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

    жазушы, тарих ғылымының кандидаты

     

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Отан соғысындағы ірі жеңістер

    Жоңғарлар қазақ жерінің шығысы мен Жетісуды және Сырдарияның орта ағысы өңірін басып алғаннан соң  Ұлытауға ...