• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Қазақ хандығы » 550 жылдықты тойлау – халықты тарихпен тәрбиелейтін маңызды шара

    550 жылдықты тойлау – халықты тарихпен тәрбиелейтін маңызды шара

    Қазақ мемлекетінің тұңғыш рет өз атымен тарих сахнасына шығуының 550 жылдығын тойлау жайында аса биік дәрежедегі шешім жария болды, ең бастысы осы. Мемлекеттілігіміздің айтулы даталарын атап өту арқылы халықты тарихпен тәрбиелеуге, еліміздің әр азаматының бойындағы отансүйгіштік сезімін ұштауға   бағытталған маңызды қадам жасаймыз. Осы мерейтойға дайындық кезеңі әркімнің өзін өзі тануына кең жол ашады, соған жәрдемдесу ләзім. 1465 жылы Қазақ Ордасы керегесін кеңейтіп, әлемге дербес хандық ретінде танылды. Бұл мерзімді қазақтың өз атымен аталатын мемлекетінің құрылған уақыты деп атау оның туу тарихын зерттей беруге еш кедергі келтірмейді. Осы жолдардың авторы «Біз – қазақ ежелден… Өзіңді өзің тану тәжірибесінен» деген жұмысында (Б.Қойшыбаев. «Рух-Сарай», 5-ші том, А., 2012, 73–400-бб.) мемлекеттігіміздің іргесі 1456 жылы қаланғанын дәйектеуге едәуір көңіл бөлген еді. Оның сығындысы «Елдігімізге – 555 жыл!» деген тақырыппен мерзімдік басылымдар үшін 19.07.2011 ж. әзірленген болатын. Қазіргі таңда көрініп жатқан әртүрлі ой-пікірге орай, айталық, белгілі оқымысты ініміздің ондай деректі «Түркістан» газетінде (20.11.2014) «ойдан құрылған сөз» деп бағалауына байланысты, соны көпшілік назарына қайта ұсынуды жөн көріп отырмын…

     

    Қазақ мемлекеттігінің  негізі қаланғалы 555 жыл болды. Тәуелсіздіктен бері оның 540 және 550 жылдық екі дөңгелек мерейтойы атап өтілуі керек еді. Бірақ бір-де-біріне мемлекеттік дәрежеде мән берілмеді. Демек биылғы үш бестікпен өрнектелген дата да елеусіз қала береді… Мұның бір себебі – ресми тарихтағы солқылдақтық. Зерттеушілер өздерінше түрлі датаны дәйектеген болады, ал солардың ой шарықтауларының квинтэссенциясы іспетті «Қазақстан тарихы» дәл датаны атамай, келтірілген қилы дәлел «Қазақ хандығының ХV ғасырдың 60-жылдарының ортасында Батыс Жетісуда құрылғанын көрсетеді»  деп мәймөңкелетеді (2-том, 344-б.).

    Шынтуайтқа келгенде, елдігіміздің тамыры ғасырлар тұңғиығында жатыр. Тек кейінгі орта ғасырларда қазақтар ірі-ірі этностық топтар ретінде моңғол империясының күйреген орындарында қалған Ноғай Ордасы, Сібір хандығы, Ақ Орда, Көк Орда, Әбілқайыр хандығы, Моғолстан секілді мемлекеттерге қарап тұрған. Бұл саяси бірліктердің бәрі, оларды Шыңғысхан тұқымдары билегенмен, «жергілікті тайпалар одағының негізінде» (Қазақстан тарихы. 2-т., 326-б.) пайда болған, қазақ мемлекеттігінің ізашары іспетті еді. Олар  іс жүзінде ХІІІ ғасырда жаңаша қалыптасқан қазақ халқының әр аймақтағы бөліктерінің түрлі көріністегі саяси бірлестіктері, хандықтары болатын.

    Орта ғасырларда түркі ру-тайпалары жайлаған Ұлы Даладағы әр жаңа саяси құрылымның өмірге келуі немесе өмір сүруін тоқтатуы биліктен кетірілген бір әулеттің орнына екінші бір оны жеңген әулет өкілдерінің орнығуына байланысты жүзеге асып жататын-ды. Осы ретпен, Шайбан ұрпағы Әбілқайырдың мемлекеті,  құрамынан Ежен-орда ұрпақтары Керей және Жәнібек шығып кеткеннен кейін он шақты жыл өткенде,  «әр рудан қосылған …қазақ  (мағынасы – «тағы, өз еркімен жүрген») деген ел» (Шәкәрім. ІІ-т., 140-б.), жаңа саяси  бірлікке негіз болып, Қазақ хандығы түрінде жаңа сапаға ауысты (Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан. Летопись трех тысячелетий. – Алма-Ата, 1992. – 215–240-бб.; История Казахстана. Т.2., 312–319-бб.). Біз үшін аса маңыздысы – қазақтың тарихта тұңғыш рет тарих сахнасына өз этностық атауымен мемлекет құруға шыққан шыққан тап осы кезі.

    Бұл тарихи оқиғаны мүмкін еткен қозғаушы күш – Ұлы Далада орныққан билеуші әулеттер әрекеттері. Түп атасы –  Жошы.

    Одан соң ұлыс әміршілігі оның ұлы Батуға өткені белгілі. Өтеміс қажы Дешті-Қыпшақтағы жоғарғы билікті Шыңғысханның Батуға қалай бергенін былай әңгімелейді: қаһан «төрт түлігінің» үлкенінен қалған ханзадаларды қабылдарда арнайы үйлер тіктірген – Сайын-ханға, яғни Батуға «алтын босағалы ақ үргэ», Орда-Еженге «күміс босағалы көк орда»,  Шибанға (Шайбанға – Б.Қ.) «болат босағалы боз орда»…  Әбілғазы, Рашид ад-Дин деректеріне қарағанда, Бату-хан Шығыс Европаға жасаған жорығынан оралғаннан кейін, әкесі тұрған жер-суды күллі халқымен өзінің ағасы Орда-Еженге берген,  ол Жошы әулеті армиясының сол қанатын құраған. Ал өз иелігі мен Орда-Ежен үлесі арасындағы жер-суды және «байырғы елінен төрт басты ұрықты» (қосшы, найман, қарлық, бұйрақ тайпаларын) Шайбанға ұсынады, оның әскері армияның оң қанатына кірген. Тағы бір бауыры Тоқай-Темірге әскердің артықшылыққа ие бөлігінен үлес (мың, тархан, үйсін, ойрат) бөлген. Оның ұрпақтары Қажы-Тарханға (Астрахан қаласына) да билік жүргізген. Олар қосындарымен армияның сол қанатына енді (Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан. Летопись… 187–189-бб.).

    Орда-Ежен Жошы Ұлысының сол қанатын 1226–1253 жылдары басқарып, «Алтын Орда құрамына кіретін, ішкі-сыртқы саясаты тәуелсіз Ақ-Орда мемлекетін құрды».

    Оның саяси рөлі тек өз ұлысында ғана емес, күллі моңғол империясында жоғары болды. Алтын Орда әміршісі Бату ханның қолдауымен 1251 жылы ұлы хан болған, Шыңғысханның әйгілі «төрт күлігінің» кішісі Төленің ұлы, империяның төртінші әрі соңғы ханы Мөңке (1208–1259) өзінің заңнамалық жарлықтарында – Ақ-Орда билеушісі Орда-Ежен есімін Алтын Орда әміршісі Бату есімінің алдына қойып отырған (Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 7-т., 174-б.;  6-т., 577-б.; Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан. Летопись… 190-б.).

    Орда-Ежен мен Шайбанұлыстарының жер-суын алып жатқан аумақты  ХІV–XV ғасырларда шығыс авторлары біресе Ақ Орда, енді бірде Көк Орда деп атап жүрді. Өйткені Орда-Ежен әулетінен шыққан билеушілер қосұлысты да басқарған. Содан  да шығар, дереккөздер бұл кезеңдегі Ақ Орда жері ретінде Жайықтан Батыс Сібір ойпатына, Сырдарияның ортаңғы және төменгі ағысына дейінгі аумағын (яғни екі ұлыс алып жатқан жер-суды) ұққан. Тілі бір, өмір сүру салты бір жергілікті этностар негізінде шаңырақ көтерген қазақ жеріндегі тұңғыш ірі мемлекеттік құрылым осы Орда-Ежен мен оның әулеті билеген Ақ Орда еді. ХІІІ–ХV ғасырлардағы Ақ Орда хандарымынандай ретпен билікте болды: Орда-Ежен (1226–1253) – Сартақ – Қоныша – Баян – Сасы-Бұға – Ерзен – Мүбәрәк – Шымтай – Орыс(1361–1377) – Қойыршақ – Барақ (1426–1428) (История Казахстана. Т.2. 103–104-бб.; Қазақстантарихы. 2-т.108–109-бб.).  Орда-Ежен мен оның ұрпақтары (АқОрданы ХІV ғасырда билеген Орыс хан және ХV ғасырдың екінші ширегінің басында басқарған оның немересі Барақ хан) сол шақта ешқайсысының ойына келе қоймаған, бірақ ұзамай,  ХV ғасырдың ортасында жүзеге асатын ірі тарихи бет бұрысты нобайлады.

    Орысханның немересі Барақ хан шамамен 1410-шы жылдардан Шығыс Дешті-Қыпшақтағы өзата-бабаларының билігін қайтарып алу үшін күресті.  1422 жылы Еділдің төменгі ағысы алқабында өткен шайқаста үміткерлер әскерін жеңіп, Алтын Орда тағына отырды.  Одан 1426 жылы айрылды. Сол жылы Ақ Орда билеушісі болды. Сырдария бойындағы қалаларға, Мавераннахрға жорықтар жасады. Ғасыр басында ӘмірТемір басып алған Ақ Орда астанасы Сығанақты иелену құқын қалпына келтірді.  Орда-Ежен мен Тоқа-Темірдің Түркістан Өлкесіндегі иеліктерін Әмір Темір әулеті билігінен қайтарып алуды көздеген оның жігерлі әрекеттері ұлыстың байырғы қуатын жаңғырта алмағанмен, Қазақстанның оңтүстігіндегі саяси ахуалдың белгілі-бір дәрежеде өзгеруіне алып келді (История Казахстана. Т.2. 538-б.; Қазақстан.Ұлттық энциклопедия. 2-т.147-б.).

    XV ғасырдың алғашқы ширегінде Ақ Ордада Жошы тұқымы (Орда-Ежен, Шайбан, Тоқа-Темір) ішіндегі әулеттік күрес жиілеген-ді. Соның салдарынан ұлыста бүліктер мен кикілжіңдер толас таппай жалғасқан. 20-шы жылдардың соңына қарай Алтын Орда мемлекетті құрылымы бөліктерінің көпшілігінде Шайбан балалары билікке келді. Ал Орда-Ежен ұрпақтары өздеріне бабаларынан мұраға қалған иеліктерін олардан қорғап қалуға тырысты. Солардың бірі Барақ-хан, жоғарыда айтылғандай, ұлыстың оңтүстік бөлігін қайтарып алу үшін соғысты.  Ол өлгеннен кейін Ақ Ордадағы билік Орда-Ежен – Орыс хан әулетінен Шайбан әулетіне өтті.

    Шайбан ұрпағы Әбілқайыр 1428 жылы Батыс Сібірдегі Тура өңірінде хан тағына отырғызылған-ды. Оның хандығы Қазақстанның солтүстік-батыс және орталық аймағын алып жатты. Хандық жері геосаяси тұрғыда батыстағы  НоғайОрдасы, солтүстіктегі Сібір хандығы және шығыстағы Моғолстан мен оңтүстіктегі Әмір Темір тұқымдары мемлекетінің араларында, батысында – Жайық өзеніне, шығысында – Балқаш көліне дейін, оңтүстігінде Сырдарияның төменгі ағысы мен Арал теңізі өңіріне, солтүстігінде Тобылдың орта ағысы мен Ертіске кеткен алып аумақты алып жатты. Әбілқайыр хандығының құрамына қазақ руларының көпшілігі, өзге де көшпенді түркі тайпалары кірді. Мұнда ол қырық жыл әмірші болды. (Оны ХVIII ғасырдағы Әбілқайыр ханнан ажырату үшін болар, қазақ тарихи әдебиетінде есімін Әбілхайыр деп жазу орын алған. Дұрысында, екеуінің де есімібір – Абу-л-Хайр-хан, ендеше, екеуі де  Шыңғысхан – Жошы хан тұқымы болғандықтан,  ХV ғасырдағы әміршіні  – Бірінші Әбілқайыр, ХVIII ғасыр тұлғасын – Екінші Әбілқайыр деген жөн болар еді).

    Әбілқайыр хан басқарған уақыт ішінде елдің саяси жағдайын да тұрақтылық пен тыныштық болмады. «Сегізжүз елу бесінші жылы (1451 жылшамасы) Шыңғыс-ханның ұлы Жошы-ханның жұртында, немесе, бұл да сол ұғымды білдіреді,  – Дешті-Қыпшақта Жошы ұрпағынан Әбілқайыр патша болды. Сол уақыттарда бұл жұртта одан қуатты билеуші болған жоқ», – деп жазды Мұхаммед Хайдар  (Из истории казахов. Алматы, 1999. 32-б.).Ол күші кемеліне келгенде Сырдария бойындағы аймақтарға бет бұрды, сөйтіп,  сонда көшіп-қонып тұрмыс кешіп жүрген Жәнібек пен Керейдің және олардың бодандарының мүдделеріне тиіп, нұқсан келтірді. Осы жәй тәрәулет билеушілері арасындағы тайталасты одан сайын шиеленістірді де, ақыры, Орыс-хан оғландарын өздеріне қарастыру-тайпаларды бастап Моғолстанға – Шуға көшіп кетуге мәжбүрлеген өте маңызды себеп болды.

    Моғолстанда бұл кезде, Есен-Бұға-хан тұсында, билік құрылымы әлсіреген-ді. Одан бөлініп кеткен әмірлердің әрқайсысы өз беттерінше қамал салып алып жатты. Қалмақтар онда орталықтандырылған биліктің жоқтығын пайдаланып, Жетісуға шабуылын жиілеткен. Олар Ыстықкөл аймағына барды, 1452 жылы Шуға жетті. Есен-Бұға сонда оларға елеулі қарсылық көрсете алмаған-ды. Міне осы шақта оған Әбілқайырдың билігінен аразы Керей мен Жәнібек сұлтандар келді…

    Олар бірқауым елімен «қазақтық» жасауға, яғни тыныс-тіршілікке қолайсыз билеуші құзырынан қашып, еркін ұйысуға бел буған-ды. Ондай әрекеттер түркі тайпалары ғұмырында бұрындары да әрәдік кездесіп тұрған, бірақ тап осы жолғыдай жаңа мемлекет құруға бағытталған тарихи сипаталған емес-тін. Алтын Орданың атақты әміршісі Өзбек-ханның құрметіне «Көшпенді өзбектер мемлекеті» аталған Әбілқайыр ұлысынан бөлініп, Моғолстан аумағына кіретін Шу өзенінің төменгі ағысы алабына көшіп келген аз жұрт іс-жүзінде қаза қмемлекеттігінің іргетасы болыпқаланды. Болашақ қазақ хандығының іргесі түркілер өміріндегіқатардағы жәйт саналатын наразы топтың еркіндік сүйгіштік, басыбостық, өзгенің озбырлығына көнбеушілік көрсетіп, яғни қазақ болып өзбеттерінше отау тігу оқиғасы мен қалана бастағанын тап солжылдары ешкім бажайлай алмаған болар.

     

    ***

    Біз Әбілқайыр хандығындағы осынау екі жарылу мен бөліну орын алған шақты Қазақ хандығының негізі қаланған уақыт деп санаймыз. Алайда сол мерзім тарихи әдебиетте әр түрлі көрсетіледі. Бұл жайындағы дау-дамай ғылымда күні бүгінге дейін толастаған жоқ.  Мәселен, шығыс дереккөздерін тауып, аударып, зерттеп, ғылыми айналымға бірінші болып қосқан ағылшын ғалымдары (айталық, Г.Ховарс) аталмыш ханзадалардың бөлініп шығуы 1451 жылы орын алды деп есептейді. А.Чулочников пен Б.Ахмедов бұл оқиға 1455–56 жылдары болды деп санайды. Ұлыстағы келіспеушілік және Керей мен Жәнібектің Әбілқайырдан бөлініп көшіп кетуі 1450 жылы, тіпті 1465 жылы  болды дейтін көзқарастағы авторлар да бар (Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан. Летопись… 190-б.). Ал Шәкәрім осы оқиға қарсаңындағы жағдайды: «…Шибан (Шайбан – Б.Қ.) нәсілінен Әбілқайыр хан деген 1452 жылы Қазан ханына да, Қырымға да қарамай, өз алдына Жошы ұлысының күншығыс жағын түгел билеп тұрды. Сонда қазақтың ханы Әз Жәнібек хан еді, Әбілқайырға қарап тұрушы еді. Әз Жәнібектің шын аты Әбусағид  (тарихи әдебиетте Абу-Сайид, Бу-Саид деп те жазылады – Б.Қ.) еді. …Барақ хан баласы еді», – деп баяндай келе, оқиғаның мән-жайы мен өткен уақытын былай деп хабарлайды:  «1455 жылы Әз Жәнібек хан немере інісі Шаһгерей хан (Керей хан – Б.Қ.) менен тамам қазақты алып, Әбілқайырға өкпелеп, Шудағы Шағатай нәсілінен Есен Бұғаның баласы Тоқлұқ Темірханға қарады» (Шәкәрім. ІІ том. 143-б.).

    С.Г.Кляшторный мен Т.И.Сұлтанов «Қазақстан. Үш мыңжылдық жылнамасы» атты өздерінің белгілі еңбегінде сол замандағы тарихи оқиғаларды өзара салғастырып талдай келе: «…Керей мен Жәнібектің көшіп кеткен, дәлірек айтқанда, ұлыс адамдарымен бірге моғол ханы Есен-Бұғаның иелігіне көшіп келген уақытын 864/1459–60 жылдармен белгілеу керек» (233-б.), – деп қорытады. «Қазақстан тарихының» авторлары: «Жәнібек пен Керей… өз төңіректеріне басқа да Жошы әулеті мен соларға тәуелді көшпелі және жартылай көшпелі қазақ далалары тұрғындарының рулық-тайпалық топтарын жинастырып алды да, 1458–1459 жылдары Әбілқайыр хандығынан тысқары, Моғолстанға, Батыс Жетісу жерлеріне ертіп кетті» (2-т., 232–233-бб.), – деп жаза келе, Қазақ хандығының құрылған уақытын нақтылауда, одан отыз шақты жыл бұрын (1979) жарық көрген «Қазақ ССР» тарихындағы «1465–1466 жыл» деген мерзімді шүбәсіз қабылдайды (2-т. 337-б.).  Бұл түсінікті де, себебі «Рашид тарихы» еңбегінің авторы  қалдырған мәлімет негізінде, «тарихи әдебиетте 870/1465-66 жж. – Қазақ хандығының негізі қаланған жыл деп есептейтін пікір толығымен қалыптасқан» (Султанов Т. Поднятые на белай кошме. Ханы казахских степей. Астана, 2006. 126-б.) болатын. Және бұл жыл, «Қазақстан тарихы» авторларының айтуынша, «Моғолстандағы саяси жағдай (Есен-Бұға ханның… өкімет билігі үшін інісі Жүніс ханмен жүргізген күресі, 1462 жылғы оның өлімі… осы кезеңде Моғолстанда өкіметтің мүлдем болмауы) …қазақ хандары билігінің нығаюына, …шын мәнінде дербес саяси бірлестік құруларына толық қолайлы» болған. Бұған қосымша, олар сондай-ақ, «Жәнібек пен Керейдің асықпай Әбілқайыр мемлекетінің күйреуін күтуі ешқандай ақылға сыймайтын іс» екенін де атап айтады (2-т., 343-б.).

    Белгілі дәрежеде қисыны бар бұл сөздер Мырза Мұхамед Хайдардың: «Қазақ сұлтандарының басқаруының басы – сегіз жүз жетпісінші жылдан» (Из истории казахов. – 29-б.), – деген мәлімдемесімен сөзсіз келісушіліктің дәлелдері ретінде келтірілген. Алайда Мұхамед Хайдардың өз еңбегінде тарихи жылдарды есте қалған деңгейде, жобалап қана қойып отырғанын шығыстанушылық әдебиетте академик Бартольдтан бастап талай ғалым атап айтқан болатын. Сондықтан да қазіргі заманғы зерттеушілердің біразы сол дәуір оқиғаларының хронологиясын өзге материалмен салыстырып қарай отырып, Қазақ хандығы 1470-1471 жылдары құрылды деп санайды (Султанов Т. Поднятые на белай кошме… – 126-б.).

    Біз бұл анықтаулардан туатын қорытындының дұрыстығына өз тарапымыздан күмән келтіретінімізді мәлімдейміз. Мұхаммед Хайдар қазақ хандарының билігі қай жылы басталғанының анығын «бір Алла жақсы біледі» дейді (Прошлое Казахстана… 116-б.). Сондықтан да  870-шы (1465-66 жж.) жылы қазақ сұлтандарының билігі басталды деп ойша атаған мерзімнің туралығына, оның өзі де дұрысы бір құдайға ғана мәлім деп отырғанда, шүбәмен қарауға әбден болады.

    Қазақ тарихы үшін аса бағалы дереккөз қызметін атқаратын «Рашид тарихының» авторы Жәнібек пен Керейдің «сол кезде Дешті-Қыпшақта Әбілқайыр билеп-төстеп тұрған» және «Жошы тегінен шыққан сұлтандарға көп жайсыздық келтірген» әрекеті салдарынан Моғолстанға көшіп келген уақытының «моғол әмірлерінің әрқайсысы Есен-Бұға ханнан бөлініп, өздеріне қамал салып алған» шаққа сай келгенін айтады  (Из истории казахов. 29-б.). Осы оқиғалар уақыт жағынан ХV ғасырдың орта тұсында орын алған деп жобалауға болады. Бұл кезде Орыс-хан ұрпақтары Керей мен Жәнібек Қазақстанның оңтүстік аудандарын билеп тұрған-ды. Олардың екеуін де өздері басқаратын аумақта хан лауазымымен атайтын, оларға кезінде Жәнібектің әкесі Барақ-ханды қолдаған ру-тайпалардың Сыр бойы қалаларымен байланысып жатқан едәуір бөлігі бағынатын-ды. Ал Әбілқайыр Сырдария қалаларын 1446 жылы алған. Демек, осы жылдан Жошы-хан әулетінің екі бұтағы өкілдері арасындағы қарсы тұрушылық өрши түскен.  Сол шамада Әбілқайыр ұлысындағы билікке наразы  қазақ сұлтандары мен өз еліндегі дүрдараздықтан күші әлсіреген моғол ханы арасында келіссөз жүрген болса керек…

    1935 жылы шыққан «Қазақстанның өткені дереккөздер мен материалда» жинағындағы мәтінге көз жүгіртейік.  «Тарих-и Рашидиден» алынған үзікте:  «…Ал бұл кезде (860 = 1456 ж. шамасында) Дешті-Қыпшақта Әбіл-Қайыр-хан билік жүргізіп тұрған еді; одан Жошы тұқымы сұлтандары өте қатты қысастық көрді, содан олардың екеуі, Жәнібек-хан мен Керей-хан Моғолстанға қашты. Иса-Бұға-хан қашқындарды жақсы қарсы алып, оларға Моғолстанның батыс шет аймағын құрайтын Джу (Шу – Б.Қ.)  және Қозыбасы өлкесін бөліп берді. Сонда олар тыныш өмір сүре берді», – делінген (Прошлое Казахстана в источниках и материалах. Сборник І (V в. до н.э. – XVІІІ в.н.э.). Под редакцией проф. С.Д.Асфендиярова и проф. П.А. Кунте. 2-е изд. Алматы, 1997. 116-б.).  Байқалып тұрғандай, онда Әбілқайыр ханның билеп-төстеуінен қатты қыспақ көрген Жәнібек пен Керейдің екеуінің де хан деген лауазымы болғанын Мұхаммед Хайдар Дулати куәландырады. Дешті-Қыпшақ әміршісі Әбілқайыр Сыр мен Қаратау өңіріндегі жекелеген ру-тайпа хандары  Жәнібек пен Керейге шүйілгенде, олар мұсылманша 860, христианша 1456 жылы  Әбілқайыр құзырын тастап кетеді… 

     

    ***

    1457 жылы ойраттар Моғолстанның шығыс бөлігі арқылы Жетісуға өтіп, Түркістанға ұмтылды. Сығанақ маңындағы Көккесене деген жерде Әбілқайыр әскерімен  шайқасты. Әбілқайыр ханның әскері жеңілді, бірнеше жошылық сұлтан (Бахтияр-сұлтан, Ахмет-сұлтан және басқалар) қаза тапты. Ойраттар Сырдарияның ортаңғы ағысындағы қалаларды талан-таражға түсірді. Әбілқайыр хан қалмақтармен қорлаушылыққа парапар (қалмаққа кіріптарлығын мойындап, ұлын аманатқа беру секілді) шарттар бойынша келісімге келуге мәжбүр болды (Қазақстан тарихы. 2-т. 147–148-бб.).  Тарихи әдебиетте Жәнібек пен Керей осы шапқыншылықтан кейін бөлініп кетті делінеді. 

    Біздің ойымызша, 1457 жылғы соғысқа Жәнібек пен Керей қатысқан жоқ. Егер өз дәстүрлі мекендерінде жүрген болса, олар, сол тұстағы  жекелеген ру-тайпа хандары ретінде, отан қорғау ісінен сырт қалмас еді. Жоғарыда айтылған «жошылық  Бахтияр-сұлтан, Ахмет-сұлтан және басқалар» секілді, қалмақтардың жаулаушылықтарына қарсы шығар еді. Демек, олар Әбілқайыр құзырынан қалмақтар шапқыншылығы басталардан бұрын, 1456 жылы шығып кеткен де,  ойраттар Сыр бойын ойрандап жатқанда, Шу сағасы өңірінде жаңа мемлекет іргесін қалаумен айналысып жүрген…

    Сығанақ түбінде күйрей жеңіліп, қалмақ шартына мойынсұнған Әбілқайыр хан бірер жылда ес жияды, сосын өзінің шапқыншылықтан күйзелген иеліктерінде тәртіп орнатуға кіріседі. Ішкі жағдайын біршама реттегеннен кейін, құзырынан бөлініп кетіп өз алдына хандық құрған Жәнібек пен Керей хандарды жуасытып алмаққа, Моғолстанға аттанады. Сол жорық кезінде, 1468 жылы, Жошының бір ұлы Шайбан  әулетінің қырық жыл әмірші тағында болған өкілі Әбілқайыр-хан қаза табады. Осы оқиғадан кейін Жәнібек пен Керей өз жақтастарымен «өзбек ұлысына қайта оралып, ондағы жоғарғы билікті басып алады» (Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан. Летопись… 238-б.). Содан бастап Жошы ұрпағының басқа бұтағы – Шайбанның ағасы Орда-Еженнен тарайтын Орыс-хан әулетінің оғландары басқаратын жаңа саяси және мемлекеттік құрылым –Қазақ Ордасы,Қазақ хандығы – Ұлы Далада іргесін батыл кеңейтіп, кең қанат жаяды.

    Көне шығыс қолжазбаларының деректері мен соларды негізге алған зерттеулерде айтылған күллі ой-пікірді талдай келе, «Қазақстан тарихы» авторлары біріншіден, «Ақ Орда хандарының билігі іс жүзінде Қазақстан аумағының бір бөлігінде… 1428 ж. Барақ хан қаза тапқаннан кейін де» және «Көшпенді өзбек мемлекеті» делінетін Әбілқайыр хандығы тұсында да үзілмегенін дәлелдей келіп, «Ақ орда да Қазақ мемлекеті болып танылуы керек» (2-т. 339-б.) деп тұжырады, екіншіден, «XV ғасырдың 50–60 жылдарында Жетісуға көшіп келген қазақ тайпаларының» «бүкіл аймақтың саяси тарихына және бүкіл жергілікті қазақ халқының тағдырына өзгеріс енгізгенін», Қазақ хандығының негізі Батыс Жетісуда қаланғанын атап айтады (2-т. 341–342-бб.).

    Енді дербес мемлекеттікті көздеген сол тарихи оқиғаның бұдан 555 жыл ілгеріде, 1456 жылы орын алғанын мойындау ләзім…(19.07.2011).

     

    ***

    Сонымен, менің белгілі ғалым інім қазақ хандығының негізі қаланған шақ пен құрылған кезін бір 1465 жылға орайластырып қателесті ме деймін.  Қазақтың өз атымен жарыққа шығатын мемлекеттілігінің алғашқы іргетасы Жәнібек пен Керей сұлтандардың қарамақтарындағы жұртын бастап Әбілқайыр хандығынан бөлініп кетуінен,  олардың Моғолстан ханы Есен-бұғаның (ол 1462 жылы дүние салған) рұқсатымен Шудың төменгі ағысына қоныстануынан қалана бастады. Бұған ешкім қарсы уәж айтпайтын сияқты. Ол заманда Моғолстан шекарасы Тәңіртау (Тянь-Шань), Көкшетеңіз (Балқаш көлі), Ертіс, Сырдарияөзендеріне дейінгіараларын, оңтүстігінде Ферғана, Тұрфанды алып жататын. Шу өзені де қазіргідей тартыла қоймаған, төменгі ағысы Қаратаудың солтүстік сілемдері мен Бетпақдала аралығындағы Ащысу ойысы көлдеріне еркін жетіп жатқан болуға керек.Ал Шу арнасынан бір көш қашықтықта қазақ хандығы алғаш ту тіккен деп саналатын көне Созақ қаласыжатыр…


     

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Отан соғысындағы ірі жеңістер

    Жоңғарлар қазақ жерінің шығысы мен Жетісуды және Сырдарияның орта ағысы өңірін басып алғаннан соң  Ұлытауға ...