• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Ата дәстүрді жалғастырайық » Қыз келсе сыпырғы тығылып қалатын қазақ салты

    Қыз келсе сыпырғы тығылып қалатын қазақ салты

    Қазақтарда: «Қыз келсе сыпырғы тығылып қалады» деген әзіл-шыны аралас сөз бар. Тұрмысқа шыққан қыз ата-анасының үйіне келгенде қалаған нәрсесін алып кетуге ерікті. Дегенмен, қыздың айтқанын орындау мүмкін болмаған жағдайда қыз аяғын созып отырып жыласа «енді келмеймін» дегені. Бірақ та қазақтар бұндай жағдайға жеткізбеуге тырысады. Себебі қыздың қалауы жазылмаған, бірақ орындалуы тиіс заң.

    Қазақтар қыздарын өкпелеткісі келмейтін халық — себебі қыз бойжетіп туған шаңырағынан кететін болғандықтан ұлдан гөрі қызды жақсы көреді. Қыз туралы «жат жұрттық» деген сөз сондықтан пайда болған. Қазақ жанұясында қыздың орны бөлек. Қыз әрқашан ағасы мен жеңгелерінен биік отырады. Егер оны біреу өкпелетсе ол адамға: «Сен не, қыздың жат жұрттық екенін ұмыттың ба?» деп қатаң ескерту жасалынады.

    Қиын қоштасу

    Қазақтар қан араласпас мақсатымен қыздарын басқа ру өкілдеріне тұрмысқа береді. Әдетте қыздың кететін жері өте алыс, бірнше жүз шақырым  қашықтық аралықта болады. Қыздың туыстары күйеудің керуенін бірнеше күншілік жерге шығарып салған.

    Осы күндері, әсіресе жастар, жол бойы көштің көркін келтіріп көңіл көтеретін. Аттарымен жарысып, түрлі ойындар ойналып, әндер шырқалады. Осының бәрі туған үйінен жыраққа, жат жұртқа келін болып кетіп бара жатқан қыз қамкөңіл болмауы үшін жасалынады.

    Біршама уақыт өткен соң қыз туыстарына өзінің жағдайы туралы хабар беретін. Өз қолымен тоқыған шағын кілем, алаша немесе өзі басқан киізді туған ауылына жолдайтын. Егер ол заттардың оюы әдемі, ашық бояулы болса онда қыздың жағдайы жақсы болғаны. Керісінше кілем, киіздің немесе алашаның бояуы солғын, оюлары күңгірт болса онда қыз ата-анасына жағдайым өте нашар деген белгісі. Бұндай жағдайда қыздың ата-анасы барып қызын алып қайту керек екенін түсінген.

    Тұрмысқа шыққан қыздың туыс жағы «төркін» деп аталады. Бұл сөздің мағынасы «төр», демек қыз төрде отыратын сыйлы жақ деген мағынаны білдіреді. Егер қыз келін болып түскен ауылға келген жолаушы таныс болмаса да, бірақ қыздың ауылынан, немесе руласы болса онда қыз ол адамды «төркінім екенсіз ғой» жақын тартады.  Өз кезегінде күйеу жағы да ол адамды құрметпен күтеді. Ал қыздың ата-анасы мен жақын туыстарына күйеудің ауылында құда деп ерекше құрмет көрсетіледі.

    Ата-ананың үйіне келу

    Тұрмысқа шыққан қыздар туған үйіне жуық арада келе алмаған. Кейде туған шаңырағының табалдырығын аттау көптеген жылдардан кейін ғана мүмкін болған. Бұндай жағдайда қыз төркініне балаларымен баратын. Туыстары қыздың балаларын «жиен» деп атап, бұндай келісті «төркіндеу» деп айтаған.

    Төркіндеу әрқашан қуанышты оқиға. Балаларымен бірге келген қызды үлкен құрметпен күту қазақтың байырғы салты. Қыз туған шаңырағына жұбайының туыстарымен бірге, түрлі сый-сияпатын ала келетін. Өзінің үйінде қыз кезіндегідей еркін жүріп тұрады. Төркіндеу салты қазақтың туыстық қарым-қатынасының керемет көрінісі.

    Салт қазақ әдебиетінде

    Жазушы Бауыржан Момышулы «Ұшқан ұя» шығармасында төркіндеуді былайша суреттеген: «Біз үй іргесінде отырғанбыз. Алыстағы қырқадан төрт аттылы көрінді. Баяу жүріспен қатарласа тізіліп келеді. Орталарында ақ жаулықты жалғыз әйел. Бәрі сол кісінің ыңғайына қарайтын сияқты.

    – Бұл кім болды екен, ә, – деп әкем елең ете қалды. Қолын маңдайына

    апарып, тесіле қарады. – Шамасы, Айшалар, әпкемдер болу керек. Жүгір, Момынқұл, алдынан қарсы ал. Үйге киіз салсын де. – Осыны айтып, әкем тағы да жолаушылар жаққа көз тікті. – Иә, Айшалардың өзі екен. Әне, анау Жантөре ғой. Атқа отырысынан танып тұрмын. Ер үстінде еңкіштеу отырғаны Болат. Ал анау тыпыршып келе жатқаны Асқаржан ғой. Үлкен үйге түсіріңдіер. Бол-бол тез. Келіп қалады енді. Кіші үйге әпкем түспейді. Тез қамданыңдар.

    Жолаушылар ат шаптырым жерге жақындап қалды. Әкемнің айтқаны рас екен. Келе жатқандар әпкемдер болып шықты. Айша жирен биені жорға бүлкілге салып келеді. Өзгелері қоршай қаумалап, майда желістен ауар емес. Әпкем астындағы ат тұяғы туған жердің топырағы, баба жерін, ел мекенін басқанына масаттанып, кәрі кеудесін маңғаз көтеріп келе жатқандай еркін отыр. Сырт қараған кісіге әлдебір тәкаппар, қатал әміршіге ұқсайды. Ал төңірегіндегі ер кісілер соның қошеметшілері сияқты.

    Әкемнің жүзіне күлкі ойнап, әрең шыдап тұрды да, әлден соң елбелектеп жүгіре жөнелді. Сол күйі әпкемнің тізгініне жармасты.

    Кемпір лезде босап, еміреніп кетті де, иегі кемсеңдеп, інісіне телміре қарап тұрып қалды. «Айналайындар, алтындарым» дей берді.

    Әкем де тізесі қалтырап, түк сөз айта алмай, Айша әпкемді қолтықтады.

    – Аттан түсіңізші, әпке. Жол соғып, қажып қалмадың ба, айналайын қасқоршым менің. Арқалап жүріп өсірген едің. Келші өзім қолтықтап түсірейін, – деді әкемнің дауысы жарықшақтанып.

    Інісінің мына сөзі кемпірдің жүйкесін тіптен босатып жіберсе керек, көзіне жас алған күйі, әкемнің созған қолына аунай берді.

    …Әкем осынау қуанышты кездесудің әсерінен әлі арыла алмай отыр. Жантөре әпкем екеуінің бүгінгі қылығын мысқылдап қояды. Болат сөзге отқа-текте қосылып, әдеп сақтап отыр. Асқар әлі аузын ашқан жоқ. Көкем қонақтардың қамын ойластырып сыртта жүр.

    Бұл шаңырақта дүниеге ең алғаш өзім келгем!

    Шай алдында Айша әпкем өзімен келген қоржынын алдырып, аузын сөкті. Бала-шаға өрік, мейізге қарық боп қалды. Әйелдерге көйлек әкеліпті. Көкем екеумізге кестелі тақия кигізді. Әкеме қаракөл құлақшын тігіп әкеліпті.  Жанына отырғызып алып, жас балаша аузына өрік-мейізді тықпалай береді. Жиналғандар бұған ду күлісіп жатыр.

    – Кемпір-ау, мынауың не? – дейді Жантөре кеңкілдей күліп. – Онан да балаларға үлестірмеймісің, – дейді.

    Әпкем жездеме:

    – Алдымен Момышжанның тиемелісін өз қолыммен жегізейін. Өзгесін кімге берсеңдер де жұмысым жоқ…

    Әкем мәз болып күлді де, әпкемнің қолынан базарлығын алды.

    …– Қой, енді, сонша термелеп не көрінді саған, – Жантөре қатқылдау айтты. – …Аздап ұялсаңшы.

    – Сен үйтіп білгірсіме, былай! Мен сенің қатының емеспін – деп ықылықтады әпкем. – Өзімнің кіндік кескен шаңырағымда, ата-анамның құтқана мешітінде сен үйтіп қожаңдама. Төркінімде мен саған қатын емес, «қалыңдығыңмын». Соны да білмеймісің.

    Осыны айтқанда үйдің іші де ду күлісті. Тіпті Асқардың өзі ішін ұстап, домалап жатыр.

    – Әдепті күйеу болып, жөніңе отырсаңшы, – деді әпкем тағы да елді күлдіріп.

    …Мұнан кейін әпкем еліне кеткенше, біздің бәрімізді бір шыбықпен айдағандай, әмір беріп отырды.

    – Бұл шаңырақта дүниеге ең алғаш өзім келгем. Қуанышты ең алғаш әке-шешеме өзім бергем. Ең алғаш аялағаны да өзіммін. Сондықтан менен үлкен қайсың бар, кәне, – дейтін әпкем.

    Біздің үйдің адамдары бұл сөзге дәлел таба алмай, бәрі де сол тәмпіш кемпірді құрақша жапырылып күтетін».

    Қазақтар үшін «төркіндеу» бүгінде де жан жылытарлық, маңызды салт. Себебі қазақтар қыздарды ұлдарынан артық көретіні рас. Себебі қыздар шынында да «жат жұрттық».

    Бердалы ОСПАН

    “Адырна” ұлттық порталы

     

    Пікір жазу

    Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

    *

    x

    Check Also

    МЕШІТБАЙДЫҢ СҰРКИІГІ

    Салт пен дәстүрдің бірі – саятшылық Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі жасалып жатқан басты шаруалардың бірі ...