• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Асыл қазына » Бесік құдалар деп кімдерді атайды?

    Бесік құдалар деп кімдерді атайды?

    Қазақ халқының салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары ішінде өте бір ерекшелері және бүгінде қолданылмайтындары да бар. Ержеткен ұлды үйлендіру мен бойжеткен қызды тұрмысқа беру мақсатында жасалынатын «Құда түсу» атты белгілі әрі дәстүрлі салттың  бүгінде кейінде қалып, тек кітаптардан ғана оқып-білуге болатын бір түрі «Бесік құда» болу. Сондықтан бесік туралы қысқаша айта кетейін.

    Бесік нәрестеге арналып жасалған ағаш төсек. Баланы бөлейтін бесік киелі, қасиетті саналады. Бір қарағанда күрделі ештеңесі жоқтай көрінетін

    бесік ең кемі «арқалық», «бөген», «жорға», «сабау» сияқты сегіз құрамдас бөліктен тұратынын кейбіреулер біле бермейді.

    Ал «ши», «жөргек», «жаялық», «құс төсек» тағы да басқалай аталатын жасау-жабдықтарының жалпы саны он екіден аз емес.

    Бесіктің екі түрі болады. Бірі жерде тұратын бесік, екіншісі сирек қолданылатын аспа бесік, ол «шәңгілдек» деп аталады. Қазақ мәдениетін зерттеп жүрген Жәрдем Кейкіннің айтуынша бесік – сәбиді желдің өтінен, жердің сызынан, салқынның қаһарынан, аптап ыстықтың жалынынан қорғайтын киелі ұя.

    «Бірінші байлық денсаулық» деген ережені ұстанатын қазақ бесікке бөленген баланың дене сүйегі түзу өсетінін ерте заманнан білген. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген сөз де тәрбиенің баланы бесікке бөленетін кезінен бастау алатынын меңзейді.

    Өмірсүйгіш қазақ халқы тіршіліктің мәнін көп балалы болып, немере-шөбере, одан қалса шөпшек көру деп түсінеді. Сондықтан да балаларын тезірек «аяқтандырып» үйлендіріп, жеке отау етіп, қыздарын «құтты орнына» қондыру ата-ананың ең бірінші парызы саналады. Бұндай тілектің астарында балаларының өмірге тез араласып, қатарластарынан кем болмауына игі ықпал ету жатыр.

    Кім де болса құдаларым жақсы болса, силастығымыз жарасып, жақын араласып жастардың шаңырағы шайқалмай жақсы жанұя болып кетсе, деп тілейді.

    Қазақ ұл-қыздарының болашағын сәби туа салысымен ойлаған.

    Содан «Бесік құда» салты пайда болған.

    Бұл үлкен сыйластықтың нәтижесі. «Бесік құда» болу көңілі өте-мөте жақын, дос адамға ұсынылатын болған. Әдетте бұндай уағдаластық екі жақты бұрынғыдан жақындата түсетін болған. Бесік құдалардың ұлы мен қызы да өсе келе ата-аналарының сондай сөз байласып, қол алысып, төс қағысып уәделескенін біліп өскен.

    Егер бесік құдалалар арасы балалар өскенше жақсы болса, кәмелет жасына жеткен соң екеуін үйлендіретін болған.

    Қазақтың барлық салт-дәстүрін жасап, екі жасты қосып той жасаған.

    Кейбірде екі дос адамның жұбайлары бір кезде аяғы ауыр болса, жақсы тілекпен нәрестелер дүниеге келер алдында бесік құда болуға ниет білдірген. Осындай оқиға қазақтың белгілі жыры «Қозы Көрпеш Баян сұлу» жырында баяндалады. Дүние-малы көп екі бай Сарыбай мен Қарабай жапан түзде кездесіп танысады. Екеуінің де балалары жоқ. Екеуі бірі-біріне жағдайын айтып, мұңын шағысып достасады, құда болайық деп келіседі. Уәделесу өлең жолдарында былай деп жырланады:

    Екеуміз де шырағым жасқа жеттік,

    Дүниеден перзент сүймей арманда өттік.

    Ендеше ит айдаған бай екенбіз.

    Кел, дос болсақ қайтеді, қияметтік?!

     

    Алланың әміріне көніселік,

    Көздің қыры түскенін көріселік,

    Ұл туар да, қыз туар заман болса,

    Уағыдамен қалыңсыз беріселік.

    «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры қазақтың осы бір салты ғасырлар бойы күнделікті қолданыстағы салт-дәстүрлердің қатарында болғанын дәлелдейді.

    Бесік құда болу дәстүрі туралы қазақ театры мен киносының сардары саналатын Қанабек Байсейітұлының естелігінде былайша баяндалған: «Дәл шешем босанатын күні біздің үйге екі сыйлы қонақ түсіпті: бірі найман болысы – Қанабек, екіншісі Есенбай деген кісі. Халық әдеті бойынша, қуаныш үстіне келген жолаушы құтты саналады, оларға аса құрмет көрсетіледі ғой, ол дәстүрді менің әкем де аямай жасапты. Мал сойып күтіп, екі қонағына да бағалы сый атапты.

    …«Сыйға-сый, сыраға  – бал» – деген сөз бар, әкем көрсеткен сый-құрмет, сірә, қатты толқытса керек, Есенбай да өз тарапынан қарымта қайтаруды ойлап әрі әкем екеуінің ескі достықтарын бұрынғыдан да бекіту мақсатымен: «Екі-үш күн бұрын ғана менің де әйелім босанып қыз туып еді, екі баланың аман-есен ер жетуіне ырым болсын, құда болайық», – депті. Қанабек болысты куә етіп әкем мен Есенбай сол арада қол алысып, төс қағысқан құда болыпты. Сөйтіп, туа салысымен-ақ менің қалыңдығымның кім екені белгілі болған екен. Қазақ бұндайды бесік құда дейтін болса керек».

    Қанабек Байсейітұлының 1905 жылы дүниеге келгенін ескерсек «Бесік құда» болу дәстүрінің өткен жиырмасыншы ғасырда да өміршең болғанын білеміз.

    Бердалы ОСПАН,

    “АДЫРНА” ұлттық порталы

     

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Қазақтың болашағын жақындатқан азамат

    Өткен көктем менің есімде жылыған күнімен, жаңадан туып қаланы жасыл желекке ораған жапырақтарымен қатар Өзбекәлі ...