• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Алаш ұлдары » “Зұлмат жылдар қасіреті” атты дөңгелек үстел өтті

    “Зұлмат жылдар қасіреті” атты дөңгелек үстел өтті

    Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 1933-33 жылдардағы ашаршылық пен 1937-38 жылдардағы саяси қуғын-сүргінге арналған «Зұлмат жылдар қасіреті» атты дөңгелек үстел өткізді.

    Алматы қаласының Орталық мемлекеттік мұрағатының конференция залында өткен дөңгелек үстелге тарихшылар, көрнекті ғалымдар, қоғам қайраткерлері, саяси қуғын-сүргінді көрген қайраткерлердің ұрпақтары және танымал ҮЕҰ өкілдері қатысты. Іс-шарада Х.Әбжанов, А.Тоқтабай, Ә.Ғали, Ф.Шамшиденова, Д.Мұхамедхан, Б.Сатершинов сынды ғалымдар сөз сөйлеп, зобалаң жылдардың қазақ халқына тигізген зардаптарына тоқталды. Сонымен қатар іс-шара аясында тақырыптық кітап көрмесі өтіп, онда тарих тағылымынан сыр шертетін кітаптар қойылды.

    Дөңгелек үстелдің мақсаты – Кеңес Одағы кезіндегі Қазақстан жерінде болған ашаршылық, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу, олардың тарихын, ұлт зиялыларының ел мүддесі үшін күресін, сол кезеңдегі тарихи шындықтың бетін ашу, еліміздегі ғалымдардың, зерттеушілердің талдаулары мен ой-пікірлерін ұсыну, сондай-ақ аталған нәубеттердің залалын дәлелдеу болатын.

    Бірінші болып «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеу орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов сөз алды. «Зұлмат жылдардың қасіретіне біз ашаршылық пен саяси қуғын-сүргінді жатқызамыз. Осы екі зобалаңның кесірінен біз жер бетінен жоғалып кете жаздадық. Ашаршылық – бұл табиғи апат та, жұт та емес. Кеңес өкіметінің қылмыстық саясатынан, асыра сілтеуінен болған зұлмат еді. Ал репрессия мен қуғын-сүргін біздің ұлттық кодымызды қатты әлсіретіп жіберді», – деді ол.

    Жиынға қатысқан тарихшы-ғалым Ахмет Тоқтабай қазақ халқының қазан төңкерісіне дейінгі хал-ахуалы мен отызыншы жылдардың соңындағы жағдайын салыстырды. «1913 жылы Ахмет Байтұрсынов «Әлхамдулилла, 6 миллион қазақпыз» деп дүйім елге жар салды. Сол жылы алаштың тағы бір ардагері Отыншы Әлжанов «Алты жарым миллион алашпыз, 45 миллион малымыз бар» деп жазады. Содан кейін большевиктер билікке келіп, дүрсін-дүрсін қырғын ұйымдастырып, 1938 жылы қазақ даласында 2 миллиондай ғана адам, 4 миллиондай ғана мал қалды», – дейді А.Тоқтабай.

    Саясаттанушы Әзімбай Ғали ашаршылық пен қуғын-сүргінге әлі күнге дейін құқықтық баға берілмей келе жатқанына қынжылыс білдірді. Оның айтуынша «Армян геноциді», «Холокост қырғыны» сияқты қазақ қырғыны да әлемдік деңгейде талқылануы керек. Америкада «Холокост қырғынын» жоққа шығарсаңыз, сізді бірден қара тізімге кіргізеді. Әкімшілік жауапқа тартып, айыппұл төлеттіреді. Зұлмат жылдарында қазақ халқы ең аз дегенде 55 пайызынан айырылды. Біздің көрген қасіретіміз еврейлер мен армяндардан бір елі кем емес. Сондықтан ашаршылықты геноцид ретінде мойындайтын уақыт жеткен».

    Ғалымдар аштық пен репрессия жылдарында қырылған адамдардың саны туралы әртүрлі деректер ұсынады. Қазақ даласында сол жылдары ең аз дегенде 1 миллион 800 мың адам қырғынға ұшыраған. Кеңес өкіметінің қасақана жүргізген аграрлық саясаты болмағанда, осы күні қазақ халқының саны 30  миллион шамасында болар еді.

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    “Алаш танымы” клубы Сәкен Сейфуллин мұражайына барды

    Бүгін Алаштың ардақтысы – сұңқар Сәкеннің дүние есігін ашқан күні. Осы атаулы күнге орай Еуразия ...