• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Алаш ұлдары » Бейбіт Қойшыбаев. Шырмауық

    Бейбіт Қойшыбаев. Шырмауық

    (Алаш қозғалысының бастауынан)

    Күллі империя буырқанып жатқан. Бірақ жер-жердегі, әсіресе империя астанасындағы ереуілдер жұмысшыларды дүрліктірушілер күткендей нәтиже бермеді. Саяси тіміскілеу саласының байырғы қызметшісі Щеглов мұны жақсы біледі. Сол шақта алыста, Омбыда болғанымен оған Санкт-Петербург жұмысшылары өтініштерін патшаға тікелей білдірмекке бір діни қызметшінің ақылымен және соның бастауымен ниеттенгені де белгілі-тін. Ол полициямен байланысты болған тәрізді, бірақ сол жолғы қайғылы салдарға ұшыратқан әрекеті қадағалаудан тыс қалған  көрінеді. Нәтижесінде жұмыскерлердің қалың тобы шеруге шықты, олардың мұқтаждықтарын тізген ұжымдық петиция тақ иесіне бейбіт жағдайда тапсырылмады. Шеруді үкімет әскерлері Қысқы сарай алдында атқылап, қырғынға ұшыратып тарқатты. Бұл – қаралы атағы жер-жаһанға жайылған оқиға болды.

    Екінші Николай патша

    Қанды жексенбі. 1905 жылғы 9 қаңтарда*  Санкт-Петербургте жұмысшылардың ІІ Николай патшаға петиция тапсыруды көздеген бейбіт шеруі от-қару қолданып қуылғандықтан, осылай аталды. Не керек, Қанды жексенбі ең маубас дегеннің өзінің ұйқысын шайдай ашты. Бұған құпия полиция сарбазы Щеглов сенімді.

    * 9 қаңтар – сол заманғы Юлий күнтізбесі бойынша, ал қазіргі қолданыстағы Григорий күнтізбесімен бұл күн 22 қаңтарға сай келеді.

    Иә, осы оқиғадан Бірінші орыс революциясы бастау алды. Ашынған жұрт жер-жерде түрлі қарсылық шараларына шықты. Толқу тіпті Дала өлкесін де қамтыды. Әрине, бірінші кезекте жұмысшылар шоғырланып тұрып жатқан қалаларды… Есіне Омбы теміржол жұмысшыларының жиналыстары түсті. (Мейманхадан шығып, Петербургтің дымқыл суық ауасын елең қылмай, Фонтанка жағалауымен  полиция департаментіне келе жатқан). Олар Қысқы сарай алаңындағы қанды оқиға жайындағы хабар жетісімен дүрліккен еді. Сібірдің бас қаласы Омбы өз алдына, басқа қалаларда да билік тарапына наразылық сөз айтқан жиындар бой көрсетіп жатты. Құпия полицияға жұмыс көбейген. Щеглов сол бір кезеңде өңірдегі жасырын агенттер мен астыртын мәлімет беріп тұрушылар қатарын көбейтуге атсалысқан. Күдікті сөздер мен іс-әрекеттерді дер кезінде біліп отыруды қамтамасыз ететін жүйе торын мұқият тоқып алу арқылы қандай да бір крамоланың алдын алуға болады. Биылғы революциялық қозғалыс шартараптағы барша жұртшылықты мазасыздандырып тұрған шақта саяси тіміскі жұмыстары бір сәтке де толастамауға тиіс. Осы тарапта оған департаментте де талай пайдалы пайым айтылды…

    Священник Гапон

    Қанды жексенбі күні император Санкт-Петербургте емес, Царское Селодағы сарайында болған. Оқиға қарсаңында, 8 (21) қаңтарда күнделігіне түсірген жазбасында: «Кешегі күннен бері Петербургте барлық зауыттар мен фабрикалар ереуілдеді. Гарнизонды күшейту үшін қала сыртынан әскер шақырылды. Осы уақытқа дейін жұмысшылар өздерін тыныш ұстаған еді. олардың саны 120.000 адам. Жұмысшы одағының басында әлдеқандай священник – социалист Гапон тұрған көрінеді. Кешкісін Мирский келіп, қолданылған шаралар жөнінде баяндама жасап кетті», – деген жолдар бар. Ертеңіне, 9 (22) қаңтарда, Ішкі істер министрі Петр Святополк-Мирскийдің «сақтық шараларының» қорқынышты нәтижесін естігенде, ІІ Николай күнделігіне: «Ауыр күн! Петербургте жұмысшылардың Қысқы сарайға жетпек болған тілегінің салдарынан елеулі тәртіпсіздіктер орын алды. Әскерлер қаланың әр жерінде оқ атуға тиіс болды, өлтірілгендер мен жараланғандар көп болды. Құдайым-ай, қандай жанға бататын ауыр жәйт бұл!» – деп жазып қойыпты… Патшаның оңашада отырып жазған осы бір сыр ашуы кейбір ойларға жетелейді. Ол жұмысшылар петициясын мұқият оқыды, әрине. Қойған талаптарының да жаны бар екенін зерделеді, сөз жоқ. Бірақ император самодержавиелік биліктің бір пұшпағын өкілдік жиналысқа ауыстыруға ешқашан жол бермек емес.  Әлгі Георгий Гапон деген священник өзін тым көсем сезініп кеткен екен. Жұмысшылардан одақ құрған. Сол одақ арқылы қаладағы барлық зауыттардың жұмысшыларын патшаға мұң-мұқтаждарын айтқан жазбаша тілектерін тікелей апарып беру үшін сап құрып алаңға баруға көндірген. Оларға тіпті петицияны да өзі жазып беріпті. Патша айтса болды – шешіледі деп үміттендірген.  Тілек-хаттарында экономикалық қажеттіліктерді тізбелеуден асып, саясат тұрғысындағы талаптарды да қосып жібергенін қарасайшы! Императордың қытығына тиетін талаптар кілең. Құрылтайшы жиналыс шақырылса дейді, оған баршаға бірдей, құпия және тең дәрежеде дауыс беру жолымен өкілдер сайланса дейді. Өкілдер капиталист пен жұмысшы да, чиновник пен священник те, доктор мен мұғалім де болса, яғни барлық таптан, барлық сословиеден болса дейді. Халық өкілдігі керек дейді, халық өзін басқаруға өзі көмектесуге тиіс дейді. Елді тек қана чиновниктердің басқаруы қисынсыз екенін өмір көрсетіп отыр дейді. Россия тым алып, жері ұлан-ғайыр, халқы көп, тиісінше оның мұқтаждықтары да сан түрлі, көп мазмұнды, көп салалы дейді. Халықтың шынайы мұң-мұқтажын тек халықтың өзі ғана біледі дейді. Сондықтан да Жаратқан Жалғыз маңдайына май жаққан Ұлы Мәртебеліні оның көмегінен ешбір бастартпауға үндейді. Осы петицияны оқысымен, бір сәт те аялдамастан, орыс жерінің шартарабынан өкілдер шақыруға пәрмен бер дейді. Әне қандай талаптар тұжырымдаған олар. Бұлар, сөз жоқ, патшаға ұнамады. Алайда үдей түскен революциялық оқиғалар жұмысшылардың петициясында қойылған мәселелердің өзектілігін дәлелдей түскен. Сондықтан патша еркінен тыс шегініске барды, мұнысын күнделігіндегі мына жолдар растайды: «18-ші ақпан. Жұма. Менде Министрлер кеңесінің мәжілісі өтті. Мемлекеттік Кеңеске енгізілетін заң жобаларын қарауға қатыстырылу үшін жергілікті өкілдерді шақыру әдісін жасауға байланысты Булыгиннің атына жазылған рескриптке қол қойдым. Құдай оңдап, осы маңызды шара Россияға пайда мен табыс әкелсін ылайым».  Осы күні ол бұдан басқа тағы бір маңызды құжатқа қол қойған. Сенатқа Пәрмен берген. Онда Министрлер кеңесіне «мемлекеттік жақсы жайластырушылыққа қатысы бар мәселелер бойынша» жеке адамдар мен мекемелерден түсетін ұсыныстарды қарастырумен шұғылдану тапсырылған болатын. Дәл осы күні аталған екі құжаттан бөлек, «Сыртқы дұшпанды жеңуде, ішкі басыбұзықтықты жоюда және бұлғаққа қарсы әрекет жасауда самодержавиелік  билікке жәрдем берсін деп өкімет пен халықты шақыру туралы» Манифест жарияланды. Елдегі тәртіпті күшейтуге бағытталған бұл құжатқа патша зор мән берген болу керек, өйткені күнделігіне 17-ші ақпанда: «Жаратқан, ертең менің манифесімнің жариялануына батаңды бер», – деп жазып қойыпты. Алайда жер-жердегі, әсіресе саяси тіміскі қызметінің агенті Шегловқа біршама таныс киргиз өлкесіндегі жұртшылық санасына бұл емес, алғашқы екі құжат қатты әсер еткен-тін. Манифесте айтылған қағидалар мен тәртіп сақтау шарттарына құлақ аспай,  жиналыстарын өткізе берген. Сөйтіп, үкіметке мұқтаждықтарын жеткізуді көздеген петиция науқаны қырда тез өрістеді.

    Петербургте болған уақытының бәрінде құпия агент Василий Щеглов өзі қызмет атқарып жүрген аймаққа байланысты мұнда жинақталған мәліметтермен толық танысуға тырысты. Әріптестерімен, жақын дос-жарандарымен сырласты. Дала өлкесінен империя астанасындағы биік құзырларға жолданған түрлі шағымдарды көрді, Ішкі істер министрлігінің полиция   департаментіндегі, оның Ерекше бөліміндегі саяси тіміскі ісімен шұғылданушылардың ақыл-кеңестерін тыңдады. Бақылаудағы далалық тұлғалардың осында жинақталған істерін қарады. Және жыл басынан бері тоқталмаған дүрбелеңдер ішіндегі өзі қызмет атқарып жүрген өлкеге қатысы бар  мұсылмандардың кейбір істеріне де қанықты. Революция өрістеген сайын полиция департаментінің саяси тіміскі жүргізетін құрылымдық органдары әрі көбейтіліп, әрі жетілдіріле түскен болатын. Ресми түрде бұл орган Қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қорғау жөніндегі бөлімше деп аталатын еді. Қысқаша Қорғау бөлімшесі – Охранное отделение, ел аузындағы атау бойынша – охранка, яғни жасырын бақылау орнату бөлімшесі дейтін. Солардың саны арттырылған. Онда тікелей істейтін агенттерден басқа штатқа кірмейтін, мұқият сұрыпталып, таңдалып алынған, қысқаша  сексот делінетін құпия қызметкерлер, күдікке алынғандар үстінен тысқы бақылау жүргізетін агенттер, яғни филерлер саны күрт өскен. Солардың күшімен, охранка атты бұл құрылым империяның мемлекеттік басқару жүйесіндегі аса маңызды орындардың біріне айналған еді. Елдегі ішкі тәртіпті бақылап тұру, саяси сақшылық пен құпия іздестіру жұмыстарын жүргізу, революциялық қозғалыспен күресу үшін құрылған айрықша қызметтің осындай кең торланған жүйесі революция өрістеген сайын қоғам ішін, тіпті исі мұсылманды да түгел шырмай бастаған. Өйткені олар биыл империядағы бүлікшіл басыбұзықтардың айтақтауына еріп,  айрықша көтеріліп кеткен еді. Әлде араб, әлде осман жағынан оралған, киргиз өлкесіндегі медреседен білім алған, діни қызметін де сол жақта бастаған, кейін Түркия, Жапонияға дейін аралап, орыс мүддесімен жараспайтын қызмет істеп қайтқан Ғабдірәшид Ибрагимов дейтін мұсылман белсендісін биылғы көктемде Одесса портынан көптеген тілектестері қарсы алған. Портқа қалың топ құрып барып, Ибрагимовты полиция бақылауынан көзбе-көз қашырып әкетіпті деседі. Кейін белгілі болғанындай, ол және оның жақтастары орыстың сол кезде Манчжуриядағы соғыс майданына санитарлық сала бойынша өкілдік етіп барып қайтқан Михаил Стахович секілді белгілі саяси қайраткерімен және соның үзеңгілестерінің земство одағы сияқты ұйымдарымен тығыз байланыс орнатқан екен. Мұсылмандар ішіндегі бөтен ойлылардың өзара жасырын бас қосулары оның қатысуымен әр жерде күні бүгінге дейін тұрақты түрде өтіп жүрген көрінеді.

    Бақытжан Қаратаев және грузин князі отбастарымен. Кутаиси. ХІХ ғасырдың аяқ кезі

    Сондай кездесулерде қандай әңгіме қозғалып жүргенін саяси іздестіру агенттері тәп-тәуір-ақ біліп алған болатын. Олардың есіл-дерті империядағы күллі мұсылман қауымынан өкілдер шақыртып, саяси жиын өткізу болып шыққан еді. Щегловтың Петербургтегі достары, департамент пен охранкада істейтін өзімен таныс-біліс қызметкерлер одан сыр бүккен жоқ. Дала өлкесінен келген әріптестері біле берсін, бәріне мәлім, бұған ұлы мәртебелі патша ағзамның өзі де септесті. Өкілдік мекеме құру жобасын жасау және ел-жұрттың талап-тілегін қарау жайындағы әйгілі рескрипті мен хаты ше, солар арқылы төмендегілердің еркінсуіне мүмкіндік жасап, биліктегілерді босаңсытып қойды ғой. Тек Щеглов қызмет атқарып жүрген киргиз өлкесінен қаншама петиция жазылып, сан мыңдаған қол қойылды да, түрлі жолмен үкімет кеңсесіне жөнелтілді. Әрі кейбір өзге тектілер петиция жолдаумен тынған жоқ, талап-тілегін ұлы мәртебелінің тікелей өзіне айтудың да ебін келтірді. Бұл ретте олардың жолы бола кетуінің себебі бар. Себебі – аса жоғары мәртебелі қабылдаудан үміттеніп келген туземдік делегацияның жетекшісі сұлтан Қаратаев императордың сенімді адамдарының бірімен туысқан еді. Сол жәрдемдесті. Щегловтың таңырқағанын көрген құпия полицияның қарт қызметкері Қаратаевқа көмектескен императордың сенімді адамының атын мәнерлеп тұрып атады:

    – Султан Хаджи Губайдулла Джангер-оглы князь Чингисхан! Сізге бұл есім таныс емес пе?

    Щеглов қасын керді. Шынында да бейтаныс…

    Генерал Ғұбайдолла Шыңғысхан

    Қарт қызметкер мұртының шалғысын шиыра сипап қойып, Сұлтан Қажы Ғұбайдолла Жәңгірұлы князь Шыңғысхан жайын сүйсіне әңгімеледі.

    О, кезінде императордың свитасында қызмет еткен генерал Сұлтан Шыңғысхан орыс-түрік соғысы кезінде айрықша көзге түсіп, орыс қаруының мақтанышы болды ғой!  Ол армиядағы телеграфтарды, кейін империядағы телеграф байланысын басқарды. Ал жалпы, жеткіншек кезінде болашақ генерал Оның Императорлық Ұлылығының Паж корпусында оқыған. Білесіз бе, Щеглов мырза, Паж корпусы – империяның дворян балаларына арналған ең беделді де абыройлы әскери оқу орыны ғой,  Губайдулла Джангерович Букейханов бала күнінен сонда тәрбиеленген. Есіңізде болсын, киргиз түгіл, бүткіл азиат бұратаналар ішінен Бөкейханов пен оның туған бауырларынан басқа ешкім паж корпусына оқуға алынған емес.

    Неге Бөкейханов дейсіз бе? Оның атасы Бөкей деген киргиз ханы болған. Әкесі Жәңгір де хан болыпты. Сондықтан да ол дворян баласының мәртебесімен Паж корпусының есігін Ғұбайдолла Жәңгірханұлы Бөкейханов болып ашқан. Кейін, ұлы мәртебелінің свитасында қызмет етіп жүргенінде ме екен, бәлкім одан бұрынырақта да болар, ата тегінің шежіресі әлемді тітіреткен жаулап алушы қаһан, яғни хандардың ханы  Шыңғыстан басталатындықтан, фамилиясын ұлы мәртебелі аса жоғары әміршіміздің өз рұқсатымен өзгертіп алыпты. Содан біз оны орыс армиясының генералы князь Сұлтан Шыңғысхан ретінде танимыз.

    Айтпақшы, Щеглов мырза, сөз реті келгенде айта кетейін, егер дәулетті сарайларда өтетін балдарға  бара қалсаңыз – князь Чингисханды зайыбы, әйгілі Ушаковтардан шыққан потомственная дворянка*, атақты опера әншісі Феодосия Николаевна Велинскаямен** бірге көре аласыз. Осыны айтқанда қарт қызметшінің даусы толқып, көзі жасаурап кетті.

    * Тұқым қуалаған дворяндар ұрпағы.

    ** Сұлтан Ғұбайдолла Жәңгірұлы Шыңғысхан 1909 жылы қайтыс болғаннан кейін Феодосия Велинская императордың атына күйеуінің фамилиясын алуға рұқсат сұраған өтініш береді, сөйтіп, Сенаттың шешімімен, фамилиясы ерінің сойына Шыңғысхан деп өзгертіледі. Зерттеушілер сұлтанның жесірі Феодосия Шыңғысханның өзінде сақталып келген бірқатар Бөкей ордасына тән этнографиялық бұйымдарды 1919 жылы музейге тапсырғанын анықтаған.

    – О, Феодосия Никола-авна! – деп басын шалқайтты да, тәтті естелікке берілді.

    Ол бұл әншіні Мария театрында қойылған операларда, әлденеше камералық концерттерде талай тыңдаған екен. Сөз жоқ, генерал Сұлтан Шыңғысхан да император театрларының осы тамаша актрисасына өткен ғасырдың 80–90-шы жылдары сонда ғашық болды! Көздің жауын алатын сымбатты Феодосия Велинская Римский-Корсаковтың  «Снегурочкасында» Снегурочка боп шырқағанда генералдың тұла бойы балқып кетпеді деп ешкім айта алмас! «Мамыр түнінде» Панночка-Русалка, «Кавказ тұтқынында» Фатима рөлдерін келістіре орындап, әсем әндерімен жүрек қылын тербейтін еді ғой! О, ол «Князь Игорьден» Ярославнаның жоқтауын да жеріне жеткізе әндетті емес пе! «Тангейзердегі» Бақташы әндерін айтқандағы толқындаған даусының тембрін айтсайшы! Ах, қандай дауыс десеңізші! Таңғажайып Феодосия жайында Цезарь Кюидің өзі тамсана жазды емес пе! Білесіз бе, бұл тамаша композитор әйгілі әдебиет және музыка сыншысы Стасов құрған «Қуатты шоғыр» атты композиторлар қауымдастығына атақты Балакирев, Мусоргский, Бородин, Римский-Корсаковпен бірге мүше болған. Білгір маман.

    Жә, негізгі тақырыптан алыстап барады екен, Щеглов мырза айып етпесін. Сонымен, генерал Ғұбайдолла Жәңгірханов Шыңғысхан күллі империяны революция дүрліктіріп тұрған осы жазда Петербургке арнайы мақсатпен келген туземдік делегацияның жетекшісі сұлтан Қаратаевты құшақ жая қарсы алды, өтінішін екі етпей, көмектесті. Себебі олар туысқан болып келеді. Сұлтан Шыңғысхан, жалпы, үнемі Сарай маңында жүргенмен, қандастарын ешқашан ұмытпаған. Қырдан келген бұратана балаларының оқуға түсуіне ұдайы қамқор болып жүреді, тіпті кей істі болған туземдік тұлғалардың ісі оң шешілуіне араласқан жайы да бар. Есте ұстайық, ол Ұлы Мәртебелінің киргиз істері бойынша кеңесшісі. Ал Қаратаевқа келсек, екеуі де орыс патшалығының протекциясын он сегізінші ғасырда бірінші боп қабылдаған киргиз патшасы Әбілқайыр ханның ұрпағы. Қаратаев, міне, сонысын арқа тұтып, Патша Сарайына жақын жүрген өзінің ағасына өтініш айтса керек. Сараймен тығыз байланысы үзілмеген Жәңгірханов, әрине, көмектескен. Цесаревичтің* туған күніне орай бодан киргиз халқы атынан құттықтау айта бару желеуімен кіргізген. Императордың жазғы сарайында сән-салтанатты қабылдау болған. Сонда айтылған тілектер мен өтініштер нәтижесінде өзге тектілер мүддесіне сай келетін біраз шараға ұлы мәртебелім оң қабақ танытқан деседі.

    *Тақ мұрагері – ІІ Николайдың төрт қыздан кейін көрген жалғыз ұлы 1905 жылғы шілдеде бір жасқа толып жатқан.

    Қаратаев мұнымен тынған жоқ. Араға ай салып, тамыз айында мұсылмандардың Нижний Новгородтағы жасырын съезіне қатысты. Яғни, құпия қызмет күдікті қайраткер ретінде ұдайы бақылап жүруге тиіс адам екенін өзі дәлелдеді. Білесіз бе, ол Императорлық Санкт-Петербург университетінің түлегі ғой. ИСПУ-дің заң факультетін кіші алтын медальмен бітірген. Студент шағында түрлі сходкаларға қатысып жүргендіктен, біздің назарымызға баяғыда-ақ іліккен, бірақ аса басбұзарлығы байқалмаған болатын. Сондықтан да, үздік те үлгілі түлек екендігінің арқасында, Билік етуші сенаттың екінші департаментіне  қызметке алынған. Сератта екі жыл істеген соң Кутаисиге жіберілген. Әбілқайыр ханның тұқымы, Әбілқайырдың немересі Қаратай ханның шөбересі боп келетін бұл сұлтан сол жаққа отбасымен, жақындарымен, қызметшілерімен үлкен ауыл болып көшіп барды, ұзақ жылдар тұрып, тергеушілік жұмыс істеді. Шамасы, жәй ғана қызметтік міндеттерін атқарумен шұғылданып қоймай, сондағы ойы бұзықтармен күдікті байланыстар да орнатқан. Оны әлгі рұқсат етілмеген съезде сөйлеген сөзінен аңғаруға болады. Біздің агенттеріміз бізге сол жиын жайында толық мәлімет жеткізген. Танысуыңызға әбден болады.

    Мұсылмандар (шетелден келгендері бар, өз еліміздегілері және олардың  басшылары бар) империяның шартарабынан бас қосқан өкілдерімен құдды саяхат құрып сейіл-серуенге шыққа демалушылар іспеттеніп, Ока бойымен жүзетін кемені жалдап алған да, сонда құпия мәслихаттарын өткізген. Сізге бұлардың көсемдері жайында да біле жүрген дұрыс. Олар әлгі Қырымда барша империя мұсылмандарына арнап газет шығаратын Исмаил Гаспринский басында тұрған топ. Іштерінде мана еске алған Абдурашид Ибрагимов, сосын Аяз Исхаков, Алимардан-Бек Топчибашев, Махмуд Бехбуди, тағысын тағылар бар. Көп өздері. Өзіміздің Питерден, Қазаннан, Бакуден, Ташкенттен жиналғандар. Киргиз өкілдері ішінде саяси қылмысы үшін жер аударылып, сол съездің алдында ғана босанған Шаймардан Кощегулов, Түркістан делегациясымен бірге келген Сер-Али Лапин және, әрине, қазір тілімізге тиек болып отырған беделді юрист Бахиджан Каратаев бар.

    Серуен құрушылар бала-шағаларын, әйелдерін палубаға, ойын көрсетушілерді қызықтауға қалдырып, өздері пароход ресторанына жайғасқан да, крамолалы ойларымен бөлісуге кіріскен. Сөйлеген шешендер қазіргі ахуалды әр қырынан қозғап, үкімет саясатын сыни талқыға салып жатқан. Бір кезде мінбеге  Бақытжан сұлтан Қаратаев шықты. Ол күні кеше, осыдан бар болғаны бір айдай уақыт қана бұрын, қазақ депутациясымен патшаның қабылдауында болғанын айтты. Петербург сапары алдында поштамен премьер-министр Витте мырзаның атына өз өңіріндегі халық атынан петиция жолдағандарын аян етті.  Енді сол тілек-хатқа қол қойған қырық-елу адам ішінен он шақтысы таңдалып, арнайы депутация жасақталыпты. Депутациясына кімдер кірген десеңізші! Діни қызметшілер! Басым көпшілігі солар. Қаратаев сөзінің басында соларды таныстырып, патша ағзамға құлдық ұра келулерінің   жайын қысқаша әңгімеледі. Ұлы мәртебелі императордың діни еркіндікті жария еткеніне, халықтың таңдаулы адамдарын өкілдік жиынға шақыру ниетіне қуанғандарын айтты. Орыс өкілдік жиналысына қатысуға қазақ, яғни киргиз бодандары да мүдделі екенін білдіріп, тілектерін тұжырымдады. Не керек, депутация тақ мұрагерінің туған күніне орай құттықтауларын айтып, ел тілегін аян етті де, еліне қайтты. Шүкір, нәтижесі жаман болған жоқ. Осы таяудағы, алтыншы тамыздағы заң* сол сөздердің шынға айналғанын көрсетті деді ол. Демек, ендігі міндет – алдағы қызу саяси тіршілікке күллі мұсылман қауымының осы бастан мұқият әзірленуіне атсалысу…

    * Ішкі істер министрінің атымен «Булыгин заңы» деп аталған Мемлекеттік дума шақыру жайындағы заң.

    Сұлтан Қаратаев едәуір уақыт, ХХ ғасырға дейін созылған ұзақ мерзім бойы Кутаисиде заң қызметінде істеген-ді. Ол грузиндердің бас адамдарымен жақсы таныс-тын. Көбімен байланысын үзбеген екен. Қазіргі ағымдағы жалпыға ортақ саяси ахуал кезінде олардың не істеп жатқандарынан, хал-жағдайларынан жақсы хабардар болып шықты. Елеулі бір әрекеттері жайында әңгімеледі. Үлгі алуға болатын мысал ретінде соны ортаға тастады.

    – Мына дерекке ой жүгіртіңіздер: Кутаисидің қалалық думасы осыдан екі ай бұрын облыстық автономия мәселесін қарады. Елестетіп көріңіздерші? Біз ол кезде петиция науқанымен бас қатырып жүрген сияқты едік қой? – деді де,  төрдегі Ысмайыл Гаспралыдан бастап, залды айнала қарап шықты. – Мырзалар, бірақ бізге ондай кезеңнен де өту керек еді. Құдайға шүкір, өттік. Енді бізге одан ілгері жылжу керек. Ол үшін империяда бой көрсетіп жатқан пайдалы іс-әрекеттерге құлағымыз түрік болғаны жөн. Ал мен сіздерге аян еткелі тұрған мәлімет тура сондай кәдеге асыруға сұранып тұрған тәжірибені көрсетеді. Сонымен, Кутаиси думасы… Ол Екінші Николайдың белгілі рескриптінен кейін өз іштерінен, қаладағы белгілі ел азаматтарын тарта отырып, айрықша комиссия сайлапты. Оған мемлекеттік оң құрылымды жетілдіре түсу және халықтың жағдайын жақсарту жөніндегі мәселелерді зерттеуді тапсырыпты. Зерттеген жәйттерінен қорытып, оңтайлы ұсыныстар әзірлеуге міндеттепті.  Міне сол арнайы сайланған ерекше комиссияның мүшелері өздерінің қорытындыларын биылғы 15-ші маусымда өткен қалалық дума мәжілісінің қарауына ұсынған екен. Маған грузин достар құжаттарының көшірмесін берді, сондағы кейбір тұжырымдарды оқып берейін, назар аударыңыздар…

    Қалтасынан бүктеулі қағаз алып, асықпай жазды да, дөңгелек көзілдірігін түзеп, сөзін жалғастыра берді:

    – Тыңдаңыздар, мырзалар, осы ерекше комиссия ең бірінші етіп мынандай ұсыныс қорытыпты: «біздің халқымыздың еркін түрдегі ұлттық-мәдени дамуын қамтамасыз ету мақсатында – басқаруды орталықсыздандыру қажет». Түсінемісіздер? Түркілердің көкейіндегісін дөп басып тұрғандай емес пе? Екінші етіп сол децентрализация* ұғымының қандай мазмұнда түсінілетінін тұжырымдапты. Міне: «Шет аймақтарға қатысты айтқанда, орталықсыздандыру – оларға кең өрісті саяси тұрғыда өзін өзі басқару құқын беруден  көрінуге тиіс, яғни Россия империясының құрамына кіретін барлық бөліктердің арасындағы мемлекеттік бірлікті сақтай отырып, облысқа автономия енгізу». Қараңыздаршы, бұл біз сияқты отарларды қайтадан нағыз мемлекеттілікке апаруды дәйектейтін  пайым ғой!

    *Орталықсыздандыру.

     

    Демдерін іштеріне алып, тым-тырыс тыңдап отырған делегаттар арасынан, ақыры, күдік білдірген үн қатулар естілді.

    – Сұлтан, сіз тым аңқау қуаныш білдіріп тұрсыз ба деймін…

    – Сіз қазіргі үкіметтің билігін орталықсыздандыруды шынымен мүмкін деп ойлаймысыз?

    – Мырзалар, ұмытпаңыздар: патша ағзамның өзі ел тіршілігін жетілдіруге қатысты ұсыныстар беруге пұрсат берген…

    – Жарайды, мырзалар, сөзді бөле бермейік. – Құрылтай төрағасы үстелді тықылдатты. – Айтыңызшы, сұлтан, дегенмен, грузиндердің ойы қалай? Олар автономияны қалай жүзеге асырмақшы екен?

    Сұлтан оны айтуға әзір тұрған. Қолындағы қағазын көтеріп, жұртқа көрсетті де, сөзін сабақтай берді:

    – Бұл жөнінде әлгі аталған комиссия өз ұсыныстарының үшінші тармағында былай деген: «Грузия автономиясының Тифлисте жұмыс істейтін сеймі* бар, ол жалпыға бірдей сайлауда, құпия және төте дауыс беру арқылы сайланатын халық өкілдерінен құралатын болады, ал автономия жергілікті ұйысушы-құрылтайшы жиналыста жасалатын органикалық статутқа** сүйенуге тиіс».

    *Мемлекеттік биліктің жоғары органы, парламент.

    **Автономияның ішкі мәніне, негізіне қатысты, онымен ажыратылмайтын байланыстағы ішкі жарғы, ереже.

     

    – Ал автономия аумағы қандай болмақ екен? – деген сауал естілді залда.

    Қаратаев іркілмей:

    – Ол жәйт былай көрсетілген, – деді де, қағазын оқыды: – «Грузия қазір Тифлис және Кутаиси губернияларынан, Закатальск және Сухуми округтерінен, сондай-ақ Батуми облысынан құрылған, осының бәрі бір автономиялық бірлікті құрайды». Бұл бесінші тармақта. Енді әлгінде айтқан Россия империясының құрамында болу деген қағидаға келейік. Онысы төртінші тармақта былай деп шегеленген көрінеді: «Грузия автономиясының конституциясы жалпыорыс парламентінде бекітіледі»…

    – Мынау шынында да қызықты үлгі екен. – Төралқа үстелінде шынтағын тіреп отырған Рәшит қазы Ибрагимов шекесін ойлана сипады. – Қазір түркі жұрты бөлшектеніп жатыр, – мойнын бұрып, жанында жиынды басқарып отырған Гаспралыға қарады, – сондықтан бізге тап сондай құжат жасап ұсынудың қисыны келмес. Қалай ойлайсыз, Исмаил бей? – Анау үндей қоймады, бұл да жауап тосқан жоқ. Ойына келіп қалған тағы бір шүбәсін Қаратаевқа бағыттап айтты. – Ал грузиндер қанша тұтастанып отырғанмен, Бақытжан сұлтан, олардың арасында да біздің бауырларымыз бар, өзге де қаншама ұлыс өкілдері тұрады…

    Бақытжан сұлтан мүдірмей тіл қатты:

    – Ондай ахуал мына құжатта былай ескерілген, құлақ салыңыз. – Мәнерлей оқыды. – «Грузияда тұратын, бірақ азшылық болып табылатын барлық ұлыс грузин халқымен тең құқтарды пайдаланады». – Қағазын бүктей бастады. – Жалпы, Әбдірәшит әбзи, әлден ауызды қу шөппен сүрту жарамайды. Мен ойласуға себеп болады деген оймен – осынау біз секілді отар кейпін киіп отырған, бізден әлде-қайда жері де, халқы да аз елдің тірілік, елдік белгісін қалай көрсетіп жатқанын айтып отырмын… Бұл ұсыныстар ғана ғой. Оның өзін өкімет қызметкерлері емес, әлгінде айтқанымдай, оқуы, тоқуы, еліне сіңірген еңбегі бар беделді адамдардан сайланған комиссия жасаған. Мынаған назар аударайық: сол ұсыныстарды қалалық дума талқылаған. Оларды негізінен заман талабынан туындаған, орынды, дұрыс деп бағалапты. Мазмұнына пәлендей әсері жоқ ішінара ғана түзетулер енгізген екен. Сосын зиялылардың ақыл қосуынан туған  сол жазбаны империяның министрлер кеңесіне ұсыну жайында қаулы алыпты. Бізге осы жәйттердің тәлімді тұстары бар емес пе, мырзалар?

    ИСПУ студенттері (сол жақтан): Мәмбетәлі Сердалин, Жансұлтан Сейдалин, Барлыбек Сыртанов, Бақытжан Қаратаев. Санкт-Петербург. 1888 ж.ш.

    Бақытжан Қаратаев

    Мырзалар мысалдың тәлімділігіне келіскеннің белгісі ретінде қол соққан екен. Осы тұстан құпия полиция қызметкерлері мұсылман съезі жайындағы әңгімені доғарды да, мәселені Щегловқа тікелей қатысы болатын киргиз қайраткерлері жайына көбірек тоқталды. Қазір киргиз халқы жайлаған өлкеде Қаратаевпен бірге Санкт-Петербургте білім алған бірқатар жоғары оқу орындардың түлектері бар екенін, соларды құпия қызметтің айрықша есепке алуы қажет екенін еске алысты. Қаратаевтың студенттік жолдастарының өзі әр тарапта еңбек етуде және жәй жүрмей, ел ішіне шүбәлі пікірлер таратуда. Мәселен, Сырдария облысындағы Серәлі Лапин, Жетісудағы Барлыбек Сыртанов, Троицкідегі Жансұлтан Сейдалин, Көкшетаудағы Мәмбетәлі Сердалин, Омбы мен Семейде белсенділік танытып жүрген Әлихан Бөкейхановты алайық. Қай-қайсысы да полиция тарапынан елеусіз қалдыруға болмайтын тұлғалар. Олар күні кешегі Аса жоғары дәрежелі 17 қазан манифесіне ерекше елеңдеді. Петербургте конституцияшыл-демократтар партиясының құрылғанына да айрықша желпініп қалды. Осылардың Москвадағы земство қайраткерлерінің съезіне келген біразын жақында Оралда Қаратаев өз үйінде қонақ етіп, оңаша сырласты. Крамолалы ой-пікір қозғалғанына шүбі жоқ. Мұндай жәйттер саяси іздестіру саласының жұмысын жандандыра түсуге міндеттейді…

     

     

    Щеглов саяси тіміскінің әдіс-тәсілдерін жетілдіре түсу жайындағы нұсқаулар мен кеңестерге жіті құлақ түрді. Үкімет тарапынан губернияларға тиісті тапсырмалар жолданып жатыр, министрлік, департамент өз бағыттары бойынша нақты мәселелердің тез және оң шешілуін талап етеді. Ендеше бірінші кезекте ойы бөтендер охранкадан, құпия полиция назарынан қағыс қалмайтындай етіп, бұратаналардың арасынан мәліметшілер мен жасырын қызмет көрсетушілерді кеңінен тарту арқылы ел ішін шырмауықша шырмауға мән беру қажет. Бұратаналардың 17 қазан манифесін арқа тұтқан ой еркіндігін дамытуына мүмкіндік қалдырмау керек. Олардың іс-әрекеттері самодержавие негіздеріне қауіп төндіретіндей қозғалыс деңгейіне жетуге тиіс емес. Осыны Щеглов мырза мықтап есте ұстасын. Бұл үшін аталмыш белсенділердің ел ішіндегі беделін түсіру қажет. Және олардың араларына іріткі салып, өзара араздасуларына қол жеткізуді ойластыру керек. Осындай мақсатты көздейтін іс-шаралар кешенін мұқият ойластырған жөн. Революцияның өрістей түсуі құпия қызметтің де одан бір кем емес дәрежеде жетілдіріле беруін тілейтінін ұмытпасын Щеглов мырза.

    Сосын полиция департаментіндегілер оған жол болсын тілеп, киргиз өлкесіндегі қызметі табысты болсын айтты…


    Бейбіт Қойшыбаев

    Abai.kz

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    “Зұлмат жылдар қасіреті” атты дөңгелек үстел өтті

    Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ...