• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Алаш ұлдары » Ағайынды Сәрсеновтер: бір әулеттің тағдыр-талайы

    Ағайынды Сәрсеновтер: бір әулеттің тағдыр-талайы

    Жанахмет Сәрсенов, жұбайы Зылиха.

    “Егемен Қазақстан” газетімізде әдебиетші, сыншы Құлбек Ергөбектің «Әуезов ғашық болған Ғайыпжамал» атты мақаласы (№82, 2017 жыл, 28 сәуір) шыққаннан кейін көп уақыт өт­пей Семейден бір кісі хабарласып, «Әміртай Жанахметов» деп таныстырды. Бұл кісі әйгілі қалам­герді өзіне тәнті еткен қа­зақ қы­зының өмірлік серігі бол­ған Дә­лел Сәрсеновтің туған аға­сы Жа­нах­меттің немересі болып шық­ты.

    Жұрты үшін істеген жақ­­сылығы көп болса да, бүгінде есі­мі ел жадынан өше бастаған Алаш­тың ардақты ұлдарының бірі Дәлел Сәрсенов пен оның жан жары Ғайыпжамал туралы сәл кейінірек тоқталамыз. Әуе­лі біз көп біле бермейтін Сәр­сеновтер әулеті жайында аз-кем­ сөз етуді жөн көріп отырмыз. Өйт­кені жоғарыда есімдері атал­­ған ағайынды Жанахмет пен­ Дә­лел Алашорда үкіметінің көр­некті қайраткері болған Биахмет Сәрсеновтің ту­ған інілері.

    Не­ба­ры 36 жасында өмірден өт­кен Биахмет әуел­де Семейде об­лыстық қа­зақ комитетінде, «Алаш» қала­лық думасында еңбек ет­кені, облыстық земствоның де­путат­тығына сайланғаны, кейін Орын­борға шақырылып, ұлт ұс­тазы Ахмет Байтұрсынов 1919-1921 жылдары халық ағарту комиссары қызметін атқарған кезде бір жылдан астам уақыт оның орынбасары болып, аталған комиссариаттың әлеу­меттік тәрбие секторы мен қазақ мектептері бөлімін бас­қар­ғаны белгілі. «Төңкеріс за­манға душар болып, әлеумет ісіне оқы­­ғаны аздықтан қазақтың ана жұ­­мысы да, мына жұмысы да Бия­шты керек қылды, сүйреді. Оның араласпаған қызметі болмады. Қандай жұмысқа кіріссе де, тереңнен біліп, тез бітіретін Бияш болатын. Оқу комиссариа­тында қандай іс болсын бір өзі басқарып бара жатыр еді. Хә­кім­шілік жұмыста арқасы бо­са­ған­дай болып, Ахаң Бияшқа сеніп отырушы еді» деп жазған еді Жүсіпбек Аймауытов «Бияш» атты мақаласында замандасының кенеттен келген қазасына қатты қайғырып.

    Осы Биахметтің ту­ған інілері Жанахмет, Дәлел, Ха­лел жайында не білеміз? Алаш ар­дақтысының ұрпағы Әміртай Жанахметовпен кездесіп, уақыт табы сарғайтқан құжаттарға көз салғанымызда маңдайға басар марғасқаларымызды мансұқтаған кер заманның ызғары бойымызды қарып өткендей болды. Бір қуанып, бір мұңайдық. Қуан­ғанымыз – бір әулеттен шыққан төрт азаматтың ұлт мүд­десі жо­лын­да қалтқысыз қызмет ет­ке­ні. Мұңайғанымыз – олар көр­ген, олардың ұрпағы, үрім-бұ­тағы тартқан азап, шеккен қор­лық-зорлық, қуғын-сүргін. Рет-ретімен баяндайық.

    Жанахмет Сәрсенов (екінші қатарда оң жақтан бірінші) Семей кооперативтік техникумының студенттерімен бірге, 1932 жыл, 1 қаңтар

    Жанахмет

    Құжаттарынан аңғарғанымыз, Жанахмет Сәрсенов саналы ғұ­мы­рын ұстаздыққа, ұрпақ тәр­биелеуге арнаған секілді. 1927 жы­лы 29 қарашада өз қолымен тол­тырған жеке ісқағазында 1886 жылы Зайсан уезінің Нарын болысында (қазіргі Тарбағатай ауда­ны, Ақсуат ауылының ма­ңы)­ дү­ниеге келгенін, Нарын ауыл­­дық мектебінде 3 жыл, Се­мей­дегі 4 жылдық қалалық училищеде 4 жыл және осындағы мұ­ға­лімдер семинариясында (қа­зіргі М.Әуезов атындағы пе­да­гогикалық колледж) білім ал­ғанын, педагогикалық жоғары оқу орнына түскенін, 1912-1913 жыл­­дары Өскеменде, 1913-1917 жылдары Зайсанның Қа­ра­­­бұлақ ауылында мұғалімдік қыз­­мет атқарғандығын жазыпты.

    Ерекше атап өткіміз келе­тіні, Ж.Сәрсеновтің 20 өзге ұлт өкілінің ара­сынан шолпан жұл­­дыз­дай жар­қырап жалғыз қазақ болып се­минарияны бітір­гені. Бұдан әрі өзінің 1924-1926 жылдары Семей уездік ат­­­қару комитетінің халыққа бі­­лім беру бөлімінде инспектор, 1926 жылдан осы қала­дағы тұ­ты­нушылар одағында мә­дени нұс­­қаушы болып еңбек ет­кенін көрсетіп, 1917 мен 1924 жыл­дар аралығындағы атқарған қыз­меттерін айналып өтіп, «Сіздің революциялық және қоғамдық жұмысқа қатысуыңыз?» деген сұраққа: «17-ге дейін мұғалім, 17-ші жылдан кейін әртүрлі ме­кемеде қызмет істедім» деп қыс­­қа ғана қайырыпты. 1917 мен 1924 жылдардағы қызметін айт­қысы келмегені түсінікті се­кіл­ді. «Алашордашы» деп айып тағып, қу­ғын-сүргінге сала ма деп қауіптенген. Қауіптенетін жөні де бар. Өйткені Ж.Сәрсенов Алаш­орда үкіметі шындап жұмысқа кіріс­кен 1918-1919 жылдары Алаш қайраткері Ахметжан Қо­зы­­­ба­­ғаров жетекшілік еткен, Се­­­мейде құрылған уездік зем­­­­­ство басқармасының халыққа бі­лім беру бөлімі меңгерушісінің кө­мекшісі қызметін атқарғаны белгілі.

    «Тар заманда таудай қайрат көр­сеткен» (М.Дулатов) Әли­хан Бөкейхан бастаған Алаш қайрат­керлерімен тізе қосып, ұлт мүддесі үшін жан аямай қызмет қылған тұлға 1928-1931 жылдары (1931 жылдан кейін де жұмыс істеуі мүмкін) Семей кооперативтік техникумында орыстілді студенттер­ге қазақ тілі­нен сабақ беріпті. Қа­зақ ті­лінен бөлек, арасында арифмети­кадан да дәріс оқыған секілді. Пе­дагогтің 1928-1929 және 1930-1931 оқу жылдарында өз қолымен жаз­­ған есебін (есептің орыс ті­лінде жазылғанын ескертеміз) оқы­ғанымызда ана тілімізге деген алғаусыз құрметін, өзге ұлт өкіл­деріне тілімізді үйретуге де­ген өзгеше ынта-ықыласын аң­­ғар­­ғандай болдық. «Біз Шо­нановтың қазақ тілі оқулығы бо­йынша әр сабақта 10 сөзден үй­­реніп, 23 сабақ өткіздік. Яғни біз­дің сөздік қорымыз 230 сөзді құ­райды.

    Қазақ тілі сабағы басқа пән­дерден әлдеқайда кешігіп басталды. Бағдарламамызда да олқы тұстар көп. Әйтпесе, сабақ санын 25-30-ға дейін жеткізуге болар еді. Сабақ беру барысында оқушылардың білім деңгейінің әртүрлілігі мен дайындығы бір­шама қиындық тудырды. Топта қазақ тілінде сөйлей ала­тын 2 адам болды, 5-6 адам түсінетін, сөйлей алмайтындар да болды. Мұның бәрі жұмысқа әсер етті. Сабақты өткізу барысында мынадай әдістерді қолдандым: оқу, хат жазу, сөздерді жаттау жә­не әңгімелесу. Үй тапсырмасы­на сөз­дерді жаттауға бердім. Бі­рақ үй тап­сырмасы жөнді орын­дал­мады, бос уақыт жоқ деп түсін­діреді. Әуел­­де араб қар­пімен жаз­дық, сабақ аяқталуға бір ай қалғанда жаңа әліпбиге – латын қарпіне көш­тік. Бұл әліп­би көп қиындық ту­дырған жоқ. Тез арада меңгеріп ал­дық», – деп жазыпты 1929 жылы 9 мау­сымда жазған есебінде. Соңына «G.Sәrsen» деп қол қо­йып­ты.

    Әлімхан Жанахметұлы өз қолы­­мен толтырған автобио­гра­фия­сында әкесінің 1934 жылы көз жұм­ғанын, соңғы жұмыс орны Се­мейдегі коммунистік жоғары оқу орны болғанын жазыпты. Ж.Сәрсеновтің немересі Әміртай атасының дүниеден өтерден біраз уақыт бұрын абақтыға қамалып, сырқатқа шалдығып, сол бойы оңалмай 48 жасында өмірден озғанын айтады. Содан тура екі жыл уақыт өткенде, яғни 1936 жылы бір күні оның үйіне үш әріптің өкілдері баса-көктеп кіріп келіп: «Жанахмет Сәрсенов қайда?», деп сұрапты дейді. Жесірі Зылиха екі жыл бұрын қайтыс болғанын айғақтайтын құжаттарын көрсетіп, әрең дегенде құтылса керек.

    10 жыл Қарағандыда айдауда болған Әлімхан Жанахметұлы

    Әлімхан

    Биахмет те, Жанахмет те ста­­лин­­дік зұлматтың тырна­ғына ілігіп үлгермей өмірден өткенімен, қуғын-сүргін олар­дың ұрпақтары мен туған-туыс­тарын айналып өтпеді. Мә­селен, Жанахмет Сәрсеновтің 1919 жылы дүниеге келген, кейін Жезқазғандағы кен бас­қармасында, Қазақ КСР Ғы­лым академиясында қызмет іс­теген ұлы Әлімхан 1943 жылы 30 шілдеде тұтқындалып, РСФСР ҚК-нің 58-10 бабы бойынша 10 жыл­ға сотталып, Қарағандыдағы До­линка лагерінде жазасын өтеп, 1950 жылы күзетпен босатылады. 1950-1952 жылдары Шар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде жер құрылысшысы, 1952-1963 жылдары Шұбартау аудандық атқару комитетінде аға жер құрылысшысы қызметін атқарған ол 1958 жылы саяси айыптаудан ақталып, 1976 жылы өмірден өтіпті. «Әкем, бәлкім, сотталмас та еді. Жақын араласатын бір орыс жолдасы үйленіп, кейін өзінің анасына соқ­тығып, үй­ден қуып шық­пақ бол­ғанда ара­ша тү­с­кен әкемнің сыр­­тынан «Алаш­орданың тұ­қымы» деп арыз жазыпты. Әкем марқұм көп ашы­лып сөйлемейтін. Қор­­қыныш, үрей бойын әбден жай­­лап алған ғой. Ағайын, жа­қын-жуықтары үй­­­­ге келгенде­ есік­­ті жауып алып, сыбырлап сөй­лесетін. Та­лай дүние, талай құ­пия ішінде, өзі­мен бірге кетті деп ойлаймын.­ «Түрме авто­­ри­тетінің арқа­сында аман қал­дым. Оның әке­сі ақ гвар­дия­шы болып­ты. Түрмеден шы­ғарда «артымда ұлым қалды, соны тапшы» деп аманаттап еді»,  деп отыратын әкем жарықтық. Бірақ таба алмады. Соған өкініп отыратын. Зиялы отбасынан шық­қан ол кісі әкемді ерекше жақ­сы көріпті. Өзінің камерасына шақырып, әңгімелесіп, шер тарқатады екен. Әкем сауатты кісі болған. Түрмедегі адам­­дардың кешірім хаттарын өз­дерінің атынан жазып беріп отырыпты. Қаныш Сәтбаевтың қол астында Ғылым академиясында қызмет істеген кезінде өзі құралпы студенттермен бірге күн сәулесін пайдалануға қатысты жоба әзірлеген екен. Со­дан көп өтпей өзі де қудалауға ұшырап, жобасы жайына қалған секілді. Әлімхан Жанахметұлы әйгілі геолог ғалым, тау-кен инженері Ақжан әл-Машанимен бірге Жезқазғанда геологиялық экспедиция құрамында да болыпты. Біздің үйде «Ә.Сәрсенов КСРО Ғылымдар академиясы Қа­зақ филиалының геологиялық отрядының қызметкері екендігін куәландырамын» деп ғалымның өз қолымен толтырылып, соңына «отряд бастығы Машанов» деп қолы қойылған құжат сақталған. Әкем осы экспедицияда жүріп тұтқындалған секілді. Кейде ойлаймын, сталиндік тоталитарлық режімнің зардабын тартпағанда ұстазы Машановтың ізін басқан үлкен ғалым болар ма еді»,  дейді Әміртай Әлімханұлы.

    «Сәрсенов» деген тегі үшін осы әулеттің бір емес, бірнеше ада­мы қуғын-сүргін көріп, жұ­мыстан, оқудан шығарылып, абақ­тыға қамалыпты. Тіпті, жа­зық­сыздан жазықсыз атылғаны да бар. Мәселен, Мәскеудегі түсті өндіріс бас басқармасында ин­женер болып жұмыс істеген Би­­ах­мет пен Жанахметтің ту­ған інісі Ха­лел Сәрсенов тегін Тонин деп әйелінің фамилиясына ауыстырса да, әпербақан, әміршіл жүйенің құрығынан құтылмай, 1937 жылы КСРО әскери коллегиясының үкімімен ату жазасына кесіліпті. КСРО Жоғарғы сотының әскери кол­ле­гиясының 1958 жылы 16 жел­тоқсанда Х.Сәрсеновтің ақ­талуына байланысты берген тіл­дей анықтамасының үш жерін­де Тонин деген сөздің жанына /он же Сарсенов/ деп жазылыпты. Ал Халел Сәрсеновтің жұбайы Е.Н.Тонина-Николаева 1959 жылы Мәскеуден Шұбартауда тұра­­тын Әлімхан қайнысына хат жол­­дапты. Хатта не жазылғанын еш­кім білмейді. Бүгінде сол хат­­тың шеттері жыртылған, сырт­қы беті ғана сақталған. Жа­­н­ахметтің тағы бір інісі Ша­р­ахмет­тің Сейілжан деген ұлы да түр­меге қамалыпты. Бұрынғы Қаз­ПИ, бүгінгі Абай атындағы қа­­зақ ұлттық педагогикалық уни­вер­ситетінде оқыған, кейін оқу ағарту министрлігінде қызмет істеген Әлімханның туған әпкесі Нағима да «Алашорда тұқымы» деп оқудан шығарылмақ болғанда аудандық партия комитетінің хатшысы араша түсіп, кейін ол кісінің өзі де қуғынға ұшырапты. «Ол заманда Сәрсенов деген­нің бәрін жау көріп, қолы жеткен­дерін ұстай берген ғой. Содан да болар, әкеміз Әлімхан біздің отбасындағы бала­лардың фамилиясын әртүрлі етіп жаздыр­ған секілді. Үлкен апайым және мен Жанахметов, та­ғы бір апа­йым Әлімханова, қал­ғандары Сәрсенов. Әйтеуір біреуі аман қалар деген оймен осылай істе­ген болуы керек»,  деген тек­­ті­нің тұяғы, атасы Жанахметке қатыс­ты құжаттарды мұрағаттан 2012 жылы тауып алғанын айтты.

    Ғайыпжамал Құтымованың өмірлік серігі Дәлел Сәрсенов

    Дәлел

    Ал енді ұлы Мұхаң ғашық болған Ғайыпжамал Құтымованы өзіне тәнті етіп, кейін жұп жарас­тырып, аз уақыт бақытты ғұмыр кешкен Дәлел Сәрсенов кім? Ең әуелі оның Алаш қайраткері Биахмет Сәрсеновтің туған інісі екенін баса айтқымыз келеді. Екінші, Д.Сәрсенов те ағасы секілді Алашорда үкіметінің құ­ры­луына, Алаш идеясының на­­сихатталуына біршама еңбек сіңірген адам. Құлбек Ергөбек жоғарыда аталған мақаласында Дәлел Сәрсеновтің Том универ­ситетінің заң факультетін бітір­генін, сонда М.Әуезовпен, Қ.Сәт­баевпен бірге оқығанын, кейін Ғ.Құтымовамен қол ұстасып Таш­­­­кентке келіп, Орта Азия уни­­­верситетіне оқуға түскенін, осы қалада ашылған тұңғыш Қазақ ағарту институтының директоры болғанын, кейін Орта Азия мал шаруашылығы ғылыми- зерт­теу институтында жұмыс іс­теп жүріп, 1932 жылы сүзектен қай­тыс болғанын жазады. Ал Ғайыпжамалдың (туыстары Ға­лия деп атаған екен) Орта Азия университетінің медицина факультетін үздік бітіріп, аға оқы­тушы, доцент, кейін Таш­кенттегі Ана мен баланы сақтау басқармасын басқарып, 1938 жылы Денсаулық сақтау халық комиссарының орынбасары, Өзбек КСР-і Жоғарғы Советінің де­путаты болып сайланып, 1947 жылы докторлық диссертация қорғағалы тұрған жерінде жүрек талмасынан көз жұмғанын атап өтеді. Бүгінде есімдері көп айтылмайтын қазақтың қос зиялысы – ерлі-зайыпты Дәлел мен Ғайыпжамалдың Ташкенттегі өмірі мен қызметіне қатысты бас­қа қандай мәліметтер бар? Тым көп болмаса да там-тұмдап бар екен. Оған да шүкір дедік.

    Тарбағатай ауданының Ақ­суат ауылының тұрғыны Төлеу­ғазы Нұрғалиұлы Сәрсеновтер әулеті жайындағы «Бияхмет Сәр­сенұлы хақында» атты мақа­ласында Д.Сәрсеновтің 1932 жылы 4 жел­­тоқсанда дүние салып, 6 жел­тоқсанда Ташкент қаласында жер­­ленгенін тілге тиек етеді. «Дә­лелдің мезгілсіз қазасына жоғары оқу орнының студенттері, институттың оқы­тушылары мен профессор, докторлары, алыстағы ел-жұрты, туған-туысқандары, дос-жаран­дары қатты қайғырып, аза тұ­тады. Қатысқандар қосағы Ғалия­ның аза тұтуы ерекше көзге түс­кен еді деседі. Лек-легі­мен қош­тасқан елдің қарасы толас­тамағандығы қазақ халқы үшін орны толмайтын қаза екендігінің көрінісі еді дейді көзкөргендер», деп жазады автор.

    Семейдегі қазіргі заман­ та­рихын құжаттандыру ор­та­­­лы­­­ғындағы архивтік деректер­ Д.Сәрсеновтің ағасы Жан­ах­мет­пен бірге уездік земство бас­қар­масының жер бөлі­мінде іс жүр­гізуші, ал үлкен ағасы Би­ахметпен бірге облыстық қазақ комитетінің мүшесі болып әрі осында хатшы қызметін атқар­ғанын айғақтайды. «Список организаторов Алашского конного партизанского полка, участников организации против Советской власти 1918 года Правительства Восточной Алаш-Орды» атты ресми құжатта Б.Сәрсеновпен қоса Дәлелдің де есімі аталады. Сонда ағайынды үш жігіттің бір мезетте бір қалада Алашорда үкіметінің құрылымдарында ұлт үшін аянбай қызмет еткенін аңғарамыз.

    Бір өкініштісі, Дәлел Сәрсеновтің соңында ізін жалғар ұрпағының қалмағаны. Ташкенттің қай жерін­де жер­лен­генін де нақты ешкім біл­мейді. Тұлғаның жан жары Ғайыпжамалдың осы қаладағы «Минор» қабірханасында жер­лен­гені белгілі. Алайда ол жер жермен-жексен болып, үстінен үйлер салынып кетіпті. Бізге осыны айтқан Әміртай Жа­нахметов Дәлел Сәрсеновтің бұрын ешқайда жарияланбаған екі фотосуретін көрсетті. Түй­меленген пиджак киген суреті жас кезінде, ал екін­ші оң жақ бөлігі қиылған, кәс­төм шалбармен отырған, зиялы болмысын танытатын суреті Таш­кентте қызметте жүрген кезінде түсі­рілген секілді.

    Әміртай Әлімханұлының әң­­гі­­ме­сінен естіп, білгеніміз, Ше­ге­дектің кіндігінен Биахмет, Жан­ахмет, Халел мен Дәлелден бө­лек Шарахмет, Бірахмет, Қо­жахмет, Салық деген ұлдары мен төрт қыз тараған екен. Әулеттің кенжесі Салық ағалары секілді ел басқару, оқу-ағарту ісіне араласпаса да, семинарлық білім алған, ел ішінде беделді, көзі ашық жан болғанға ұқсайды.

    Ал 1937 жылы Мәскеуде атыл­­­ған Халел Сәрсеновтен Ар­ка­дий деген ұл туып, одан Миша (шамасы Михайл болуы керек) өмірге келіпті. Мишадан ұрпақ бар ма, жоқ па, ол да белгісіз. Сәрсеновтер әулетінде тек Халелдің немересі Мишаның бала кезінде күлімдеп түскен жалғыз суреті ғана сақ­талған.

    Түйін

    Өкініштісі сол, Алаш үшін аян­бай қызмет еткен ағайынды Сәр­сеновтерді бүгінде жұрттың көп­шілігі білмейді. Біздің біле­тініміз, Тарбағатай ауданының Жән­тікей ауылында Биахмет Сәр­сеновке көше беріліп, осы ауыл­да ұрпақтарының күшімен ескерт­кіш сынтас қойылғандығы, Семейдегі М.Әуезов атындағы педа­гоги­калық колледжде Б.Сәрсенов есі­мі­мен бір кабинеттің аталғаны. Алаш ардақтысының туған жері Тарбағатай ауданының орта­лығында қызмет еткен шаһары Семей мен Өскеменде бірде-бір көшеге, білім ошақтарына, өзге де нысандарға тұлға есімі берілмеген. Алдағы уақытта бұл олқылықтың орны толар, тұлғаға лайықты құрмет көрсетілер деп үміт етеміз.


    Азамат ҚАСЫМ, 

    «Егемен Қазақстан»

    Шығыс Қазақстан облысы 

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    “Алаш танымы” клубы Сәкен Сейфуллин мұражайына барды

    Бүгін Алаштың ардақтысы – сұңқар Сәкеннің дүние есігін ашқан күні. Осы атаулы күнге орай Еуразия ...