• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Адырнама » Ұлттар бірлігі – ұлы байлық

    Ұлттар бірлігі – ұлы байлық

    Қазақстан халқының тілдері күні мерекесі қарсаңында ҚР Ұлттық кітапханасында «Ұлттар бірлігі – ұлы байлық» атты шығармашылық фестиваль ұйымдастырылды. Аталған іс-шараны «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе отырып Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен өткізді.

    Қазақстан халқының бірлігі ұраны негізінде «Бірлік – береке бастауы» атты жобаның аясында өткен фестиваль барысында этноауыл көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге этномәдени орталықтардың өкілдері ұлттық нақышта бедерленген бұйымдарын қойып, ұлттық тағамдарын көпшілікке ұсынды. Сондай-ақ, этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарының қойылымы көрсетіліп, өзге ұлт жастары арасында «Тіл – татулық тірегі» атты байқау болып өтті. «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің директоры Арман Әубәкіров: «Мемлекетіміздің негізгі тірегі – қазақ ұлты. Қазақтың мәдениетін, ұлттық құндылықтарын насихаттап, елімізде тұрып жатқан ұлт өкілдерін қазақ этносы аясында біріктіру мақсатында осы шара өткізіліп отыр. Осындай жұмыстардың негізінде елімізде татулықты, бірлікті, достықты сақтай аламыз және бір-бірімізге деген сыйластықтың, ынтымақтың қалыптасуына осындай фестивальдар, байқаулар себепші болады деп ойлаймын, – деді. Байқаудың шымылдығы Чайковский атындағы музыка колледжі студенттерінің өнерімен ашылды. Сайысқа қатысушыларды Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, қазылар алқасының төрағасы Ерден Қажыбек құттықтап, сәттілік тіледі. Байқауға Ерден Қажыбек, Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Нұрмұха Шаймерденов, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Театр өнері» факультеті, «Сахна тілі» кафедрасының доценті Айгүл Наремгенова, «Ұлан» газетінің бас редакторы Жадыра Нармахан, «Қамшы» ақпараттық агенттігінің жетекшісі Біләл Қуаныш төрелік етті. Сайысқа өзбек, орыс, түрікмен, ауған, тәжік, күрд, ұйғыр, түрік, неміс ұлтынан 15 пен 30 жас аралығындағы 10 талапкер қатысып, 3 кезең бойынша сынға түсті. Бірінші кезең бойынша биыл 125 жылдығын атап өтіп отырған Алаш қайраткері, ақын Мағжан Жұмабаевтың өлендерін жатқа оқу, екінші кезең бойынша «Ұлттарды ұйыстырған қазақ халқы» тақырыбында эссе оқу, үшінші кезең бойынша өз өнерлерін көрсету тапсырылды. Қатысушылардың барлығы мемлекеттік тілді жетік білетіндерін көрсетті. Қазақ тілінде таза сөйлеп, ойларын еркін жеткізе білген олар өз өнерлерін ортаға салды. Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен бірінші орынды орыс ұлтының өкілі, ҚР Ұлттық Ұлан қызметкері Александр Мамыкин жеңіп алды. Ұпай саны бойынша алға шыққан Александр ноутбукке ие болды. Өзбек қызы, қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенті Феруза Сұлтанмұратова екінші орынды қанағат тұтып, планшет иеленді. Ал үшінші орын түрік қызы Русалина Асиеваға бұйырып, фотоаппа- рат берілді. Русалина байқаудың ең жас қатысушысы болды. Жасы небары он бесте. 9-шы сыныпты қызыл аттестатпен аяқтап, 10-шы сыныпқа көшіпті. Алматыдағы №22 мектептің қазақ сыныбында оқиды. Анасы Фарида Асиева қызын алғашында орыс мектебіне бергенін айтады. Алайда Русалина қазақша оқитынын айтып, қиғылық салған соң қазақ сыныбына ауыстырған екен. Содан бері түрік қызы түрлі байқауларға қатысып, топ жарып келеді. Өзінің ана тілімен қоса қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді. «Мектепте алған білімім, ата-анамның берген тәрбиесі, атамның өнегелі ақылынан менің еліме деген сүйіспеншілігім арта түсті. Осында туып-өскеніме, мемлекеттік тілде сөйлеп, білім алып жатқаныма мақтанамын. 9-шы сыныпты алтын аттестатпен бітіргеніме қуанамын және 11-ші сыныпты да «Алтын белгіге» бітіріп, Астанадағы Назарбаев университетінде білім нәрімен сусындап, еліме пайдасы тиетін мамандық иесі болғым келеді. Отанымыз – Қазақстанның әрдайым бірлік пен тыныштықта өмір сүргенін қалаймын», – деді Русалина Алиева. Байқауға қатысқан барлық қатысушылар алғыс хатпен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ұлттық интеллигенция, БАҚ өкілдері, студенттер мен оқушылар қатысты.

    Айна ТӨЛЕУТАЕВА

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Азат рухтың алдаспандары

    Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Патриоттық рух – басты құндылық» жобасы аясында «Адырна» ұлттық-этнографиялық ...