• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Адырнама » Кеше мен бүгінді жалғастырған тарих

    Кеше мен бүгінді жалғастырған тарих

     

     

    Жақын күндерде Алматы қаласының Сән және дизаин колледжінде аталған оқу орнымен «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігінің бірігіп ұйымдастырған, саяси қуғын-сүргін күніне арналған «Алаш арыстары» атты әдебиет пен руханиятты, тарих пен мәдениетті ұштастырған танымдық еске алу кеші өтті. Оқу орнының залында жиналған студентер мен оқытушылар және кеш қонақтары сол бір зұлмат жылдарының құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.

    Бұндай сәтттерде арманда кеткен қандастарды ойлағанда небір сезімдер бір бірімен толқындай жарысып биікке көтеріледі. Осындай толқулы тыныштық орнаған сәтте сахнаға шыққан жігіттің дауысы жай шыққанмен бүкіл әлемге айтылғандай естілді:

    «Қазақстанның 1920-1940 жылдардағы қоғамдық-саяси жағдайы. М.Голощекин 1925 жылдың қыркүйегіндегі республикаға өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болып келгеннен кейін ақ, істі қазақтың интеллегенциясымен күресуден бастады. 1926 және 1959 жылдар аралығындағы Қазақстандағы Қазақ зиялыларына қарсы бағытталған іс-әрекеттер мен репрессиялау науқаны немесе «халық жауы» ретінде саяси репрессиялық жазалау; ату, асу, жер аудару, кінәсіздерді жазықсыз тұтқындап түрмеге жабу іс-шаралары кең көлемде 1929-1932 жылдары және ресми түрде 1926 жылдың өзінде-ақ басталған еді».

    Бір сәт үнсіздіктен соң жас қыздың дауысы қаза блғандарды жоқтағандай сезімді қайсар дауысымен алғашқы жүргізушінің сөзін жалғастырғандай: 

    «Осы аралықта Қазақ интеллегенциясының қатары Мәскеу қаласында орналасқан басшылықтың саясаты мен идеологиясына сай қатаң бақылауда болғаны өз алдына, үздіксіз репрессияға ұшыратылып отырды. Кеңестендіру жылдарының зерттеу аралығында қазақ зиялылары саяси репрессиялық жазалаудың үш толқынын бастан кешкен екен. 1). 1929-1932 жылдары Алаш интеллегенциялары түрмеге қамалды, сотталды. 2). 1937-1938 жылдары «халық жауларын» жою науқаны өтті. 3). 1946-1953 жылдары «буржуазиялық ұлтшылдар» космополиттер жазаланды деген қайғы қасіреттерге душар болды. Тек 1937-1938 жылдары 135 мың қазақ интеллегенциясы саяси репрессия зобалаңының құрбаны болып атылды. Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні 1997 жылдан бері 31 мамырда атап өтіледі. 1993 жылы 14 сәуірде Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң қабылдады».

    Жиналғандардың көз алдына жазықсыз атылып жатқан қазақ азаматтары, жарынан айрылып балаларын құшақтап көзінің жасын көл етіп көшеде қалған аналар, бәрін қырып-жойыңдар деп атқыштарға бұйрық беріп тұрға билік иелері елестеді…

    Жоқ, бұндай қасірет ешқашан ұмытылмақ емес. Бірінші болып сөзді колледж директоры Яковлева Надежда Николлаевна мен қонақтарды бастап келген «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің директоры Арман Әубәкір айтты. Екі шешен де залда отырған жастардың жүрегіне жетердей сөздер тауып айтты.

    Өз кезегінде 1курс, 17-5 тобының студенті, Айдосқызы Сәбина өз жанынан шыққан, бабалар рухына деген жүрек жарды сезімін «Құрбандар» атты өлеңімен жеткізді:

    Айналысқан ағартушылық саламен,

    «Халық жауы» деген жалған жаламен,

    Зиялының түгел бәрі атылып,

    Әйелдері қалып жатты баламен.

    Бірін ұрып, бірін жаншып атқанын.

    Дұрыс көрмей елі үшін шапқанын.

    Шындық айтса үн шығармай өлтірді,

    Қазағыма айтамын ғой батқанын.

    Көпшілігі өлгеннен соң ақталды.

    Тәуелсіздік алғаннан соң жақталды.

    Ұзақ жылға созылған бұл қаскөйлік

    Мәңгілікке жүрегімде сақталды.

    Қазақ деген қандай шерлі халық еді,

    Заман талай аяқтардан шалып еді.

    37 қанды жыл боп тарихта,

    Көңілдерде қызыл сызат қалып еді.

    Жас ақынның сезімі тыңдармандарға да жетті. Көпшіліктің көздерінде қаншама жыл өтсе де құрбандарға деген аяушылық сезімі ұялағаны анық көрініп тұрды. Әсіресе бүгінгі техникалық құралдарды үздік деңгейде меңгерген  студенттердің  минуттық «Алаш арыстары: соңғы сөз, соңғы сурет» атты заманауи бейне көрінісіндегі суреттердің әсері тіптен де бөлек болды.

    Міне сөз көпшілік күткен қонаққа, атақты абайтанушы Қайым Мұхамбетхановтың қызы Дина Қайымқызына берілді. Жұрт сілтідей тынып қонақтың әр сөзін  өзгеше ықыласпен тыңдады. Қазақстанның гимнінің сөзін жазған Қайым ағаның түрмедегі көрен қиыншылықтары ешкімді де бей-жай қалдырған жоқ. 

    Бұл кеште көптеген өлеңдер оқылды. «Сәнгер-құрастырушы» мамандығының 1курс, 17-15 тобының студенті, Атамқұл Динара, Ахмет Байтұрсыновтың түрмеде отырып Файзолла досына жазған «Соңғы хат» өлеңін, «Сәнгер–суретші» мамандығының 1курс, 17-17 тобының студенті: Қайдар Назерке, Мағжан Жұмабаевтың түрмеде отырып жазған «Сағындым» өлеңін, «Сәнгер-құрастырушы» мамандығының 1курс, 17-15 тобының студенті Каирова Диана, Міржақып Дулатовтың «Мұң» өлеңін, «Сәнгер-құрастырушы» мамандығының 1курс, 17-15 тобының студенті Муратова Малика, Сәкен Сейфуллин мен әйелі Гүлбахрамның түрмедегі соңғы кездесуіне байланысты «Гүлбахрам монологын» оқыды.

    Азынаса ақ түтек боран сыртта,

    Көк сүңгі мұз қатырып, қас пен мұртқа.

    Ішімде де уілдеп ысқырып тұр,

    Қалшылдатқан қарлы ызғар ала бұлт па.

    Тызылдатқан бет қару жайына қап,

    Тән тоңуы сырттағы айығар-ақ

    Жан тоңуын қайтерсің ішкі өзекте

    Жүргізіп пе ойға оңай, айы санақ

    Тізбектелді көз алдан қызыл қырғын

    Атқан, асқан, сабаған, қуғын-сүргін

    Тауды, тасты паналап, сай сағалап

    Аш қылжиған өліктер құмай құзғын

    Елестеді қым-қуыт қамалғандар

    Тіс, жақ қирап, бет ісіп қабарғандар

    Еткен еңбек, төккен тер желге ұшып

    Пәле, жала, қиянат жамалғандар

    Елестеді Сібірге айдалғандар

    Өкінішпен бармағы шайналғандар

    Сенген көсем сендіріп, кеш те болса

    Ыза-кегі бойында қайралғандар!

    Таусылар ма шұбырған нөпір тізбек

    Өте берді көз алдан мыңдап, жүздеп.

    Қасат қарға малтығып соларға ердім.

    Арасынан Атамды, Көкемді іздеп,

    Арасынан Атамды, Көкемді іздеп.

    Жиын бітіп жұртшылық тарап бара жатса да сол бір жылдардағы қазақ халқын қырғынға ұшыратқан қайғылы кезеңнің естен шықпай, ендігі уақытта қайталанбасына деген сенім мол екені жастардың жүздерінен көрініп тұрды.

    Бердалы ОСПАН,

    “АДЫРНА” ұлттық порталы

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Жастарды әлеуметтендіру жобасына Оралдың мектептері де қатысады

    Орал қаласындағы нөмірі 38 мектеп-лицейінде “Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының” Қазақстан жастарын әлеуметтендіру және дамыту жобасы ...