• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Адырнама » Естай әндері әуеледі

    Естай әндері әуеледі

      «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарманың қолдауымен Алматы қаласындағы Жазушылар одағының концерттік залында үлкен де қуанышты жиын өткізді. Бұл жиын барысында қазақ рухы аспанға әуелей көтерілген сәттер аз болған жоқ.
    Бұл қандай жиын еді дейсіздер ғой? Бұл жай жиын емес! Бұл қазақ әнінің асқақтаған кеші болды!
    Кеш болғанда да жай кеш емес, ән кеші!
    Ән болғанда, махаббат әнұранына айналған «Қорлан» әнін шығарған Естай Беркімбайұлының туғанына 150 жыл толуына арналған той болды деуге лайықты кеш болды. Сахнаны безендіріп тұрған қазақ оюларының ортасынан орын алған қазақтың домбырасының суретінің жанында жазылған бүкіл қазаққа белгілі Естайдың аты жазылған еді.
    Қазақ әнін сағынып қалған көпшілік, әсіресе жастар залға тез жиналып әншілердің сахнаға шығуын тағатсыздана күтіп отырды. Бұны олардың жиі-жиі қол шапалақтап концерттің басталуын талап еткендерінен білуге болатын еді.
    Міне, көптен күткен ән кеші де басталды. Концертті жүргізуші өнертанушы Ерлан Төлеутай Естай туралы қызықты тарихи деректерге сүйене отырып, керемет мәліметтерді келтіре отырып кешті жақсы жүргізді. Сахнаға шығатын әншілерді таныстыруда да мүлт кеткен жері болған жоқ.
    Естайдың әндері бірінен соң бірі орындалып тыңдаушыларды арманға толы сезімге бөлеп тәтті қиял әлеміне жетелеп алып кеткендей еді. Көрермен әр әншіні қалай қошметтеп қарсы алса, өнерлеріне риза бола отырып сондай қошеметпен қол шапалақтай шығарып салып отырды.
    Бұл ән кешінде өзін ғашық болған Естайдай сезінбеген жігіт, өзін Қорландай сезінбеген қыз қалмады деп айтсақ еш қателеспейміз.
    Бұл кеш шын мәнінде ән кеші болды! Ал енді осы кешке келіп көрерменнің жүрегіне жеткізе ән айтқан әншілер – Жоламан Құжиманов, Еркін Шүкманов, Нұржан Жанпейісов, Ерлан Төлеутай, Тілеулес Құрманғалиев, Амангелді Күзеубаев, Талғат Әбуғазы, Жасұлан Сақаев, Қанат Әмірханов, Саян Бөдесов, Диана Көшербай, Жандәурен Сіләмғали, Біржан Айтахметов, Жандос Сыздықов, Әділжан Аманжол.

    Кешке жиналған көрермен қауым осы есімдерді жүрегіне жақын тұтып жаттап алғаны сөзсіз.
    Әншілер атақты, лауазымды деп бөлінген жоқ. Жүргізуші айтқандай осы ән мейрамында өнер көрсеткендердің бәрі Естай ақынның немерелері мен шөберелері еді. Сол атаққа лайықты әнші-домбырашылар еді.
    Шындығын айтқанда осы кеш барысында, адамды тек өнер адамдары, оның ішінде тек қазақтың қара домбырасымен қосылып ән шырқайтын жандар ғана бақытты ете алады екен-ау деген ой келгені де рас! Осы кеш осыны дәлелдегендей!
    Міне, сахнаға әншілердің бәрі шықты. Бұл шынында да керемет көрініседі. Риза болған көрермен, осы шеруді бастап Естайдың өзі сахнаға шыққандай сезімде болып қол шапалақтады.
    Кеш соңында «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің басшысы Арман Әубәкір осы ән кешіне белсене қатысқан әншілерге, алтын уақытын қиып келгендерге алғысын жеткізді.
    Ән кешіне жиналған жұртшылық тез тарқай қоймады. Бірақ басталған әр ісің аяқталатыны да шындық. Жүректері жылылыққа толған көрермен, далаға шыққанда желтоқсанның суығын елеген жоқ. Естайдың әндерінің ұмытылмас әуендері Алматы кешінің аспанында қанатын кең жайған құстарша асқақтай қалықтап бара жатты.


    Бердалы ОСПАН

    Leave a Reply

    x

    Check Also

    Қазақстан – Ұлы дала мұрагері

    «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен ҚР Президентінің «Ұлы даланың жеті қыры» ...