• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
    Home » Айдарлар » Адырнама » Азаттық әуендері шырқалды

    Азаттық әуендері шырқалды

    Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауы­мен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі мен «Тіл» орталығының ұйымдас­тыруымен «Азат рухтың алдаспандары» атты ән мен күй кеші өтті. Тәуелсіздіктің 21 жылдығы мен Жел­тоқ­сан оқиғасының 26 жылдығына орай­ластырылып  ұйымдастырылған концерттің ерекшелігі – мұнда азаттық жолында құрбан болған, қудаланған, жер айдалып, атылып, абақтыға жабылған композитор­лардың шығармашылығы көрініс тапты. Азаттықты аңсаған Махамбет, Иманжүсіп, Жаяу Мұса, Мәди, Қапез, Сары, Құрман­ғазы, Тәттімбет, Қазанғап, Әбді, Қанапия, Кенен, Әбікен Хасенов сияқты саңлақтар­дың шығармаларымен қатар, Тәуелсіздік тақырыбындағы халық әндері мен күйлері, кейінгі заман композиторларының туын­ды­­лары сахнаға жол тартты.

    Өнертанушы Ерлан Төлеутай азаткерлік музыка тарихын баяндап, әр шығармаға қысқаша түсінік­теме беріп отырды.  Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы мен Тілдерді дамыту басқармасының қол­дауымен өткізіліп отырған кештің шымыл­дығы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Құрмет орденінің иегері, режиссер Сағыз­бай Қарабалиннің сахналауында азаттық­тың азапты жолын бейнелейтін шағын қойылыммен түрілді. Ахмет, Мағжан тәріз­ді Алаш арыстары, Әлия мен Мәншүк­тей қазақтың батыр қыздары, Қайраттай жі­гер­лі боздақтардың бейнелері сомдал­ған көрініс әсері бүкіл елді орнынан тік тұрғы­зып, қошемет пен құрметке бөледі.

    Белгілі күйші Біләл Ысқақов Әбікен Ха­сеновтің «Қоңыр» күйімен жұртты тол­ған­дырса, танымал әнші Жоламан Құжи­манов «Алаш маршын» орындап, алаш­тық­тар­дың рухын аспандатты. Осы орын­даудағы Хасен Қожа-Ахметтің әні мен тоталитарлық жүйе құрбаны Бүркіт Ысқақовтың сөзіне жазылған «Душар боп бейнет сорыма» ат­ты әні көңілдерді толқытты. Халық ком­пози­торларының ішіндегі Махамбеттен кейінгі құрбандарының бірі Батақтың Сарысының әнін орындаған жас әнші Елза Қарабалина да жұртшылықтың қошаме­тіне бөленді. Ерлан Төлеутайдың шыр­қауын­дағы Мәдидің «Қаракесек» әні, Тілеулес Құрманғалиевтың орындауын­дағы Қапездің қоштасуы мен Кененнің «Бұлбұлғасы» қалың көрерменді бейжай қалдырмады. Көмейіне құт ұялаған әнші Еркін Шүкіманов Рамазан Елебаевтың «Жас қазағы» мен Серік Қалиевтің «Алаш арыстары» атты әндерін жоғары деңгейде шырқады. Ал Ерлан Рысқали Жаяу Мұсаның «Ақ сисасы» мен Қанапияның әнін құйқылжыта салып, қалың тыңдарман қошеметіне бөленді. Бармағынан күмбір күйлер төгілген шебер күйші Мұрат Әбуға­зы тартқан халық күйі «Ел айырыл­ған» мен Махамбеттің «Жұмыр қылышы», Құрман­ғазының «Төремұраты» мен Тәт­тім­беттің «Көкейкестісі» елдің көңілін қозғаса, талантты жас күйші Нұркен Әші­ров төкпе­летіп төгілткен Қазанғаптың «Шырылдат­пасы» жұртқа жігер бере түсті. Сыбызғының құлағында ойнайтын сы­бызғышы Талғат Мұқы­шев халық күйі «Заман-айдың»  терең толғамды сазы­мен ой иірімдеріне жетелесе, жас әнші Тал­ғат Әбу­ғазы халық әні «Он алты­ның зарымен» тарихтағы зобалаң жыл­дарды көз алдымызға әкел­гендей болды. Ақын Әбубәкір Қайран­ның сө­зіне жа­зыл­ған Жоламан Құжи­мановтың «Айнал­дым се­нен» әні Ерлан Құжи­манов­тың орын­дауын­да өз әншісін тап­қан­дай әсер қал­дыр­ды. Соғыс жылдары шыққан Қасым Аманжоловтың «Дариға, сол қыз» әнін нақышына келтіріп айтқан әнші Еркін Нұр­ханов пен Сәтма­ғам­беттің «Қанаттал­ды­сын»  шебер орындаған жас әнші Саят Нұрғазин де халықтың ризашылығын алды. Жас талантты әнші Жақсыгелді Мая­сар мен Болат Құсайынов­тың орындауын­дағы отаршылдық жүйенің құрбаны Иман­жүсіптің әндері батыр бабамыздың аруа­ғын қайта тірілткендей күй кешіртті.

    Бұған дейін Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай әндерінен лекция концерттер ұйымдастырған «Адыр­на» ұлттық-этнографиялық бірлес­тігі жыл сайын Тәуелсіздік мейрамы мен Желтоқсан оқиғасын еске алу күні қарса­ңында «Азат рухтың алдаспандары» атты концертті өткізуді дәстүрге айналдыр­мақшы.


    Арман СЕРІКҰЛЫ

    Пікір жазу

    Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

    *

    x

    Check Also

    Қазақ күресінен Ербол Сыпатаевты еске алуға арналған турнир өтті

    Қазақтың спорт және туризм академиясында студенттер арасында қазақ күресінен Ербол Сыпатаевты еске алуға арналған турнир ...