Қазақстанда ым тілі ресми тіл ретінде мойындалуы мүмкін

1307
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/05/illustration_largeimage_4de1d2011a3cc812c5bdb153fdd5638f-960x500.jpg?token=5fb4c3e1d7e563bf956439f4317ee8a7

Қазақстанда ым-ишара тілін ресми түрде тану мәселесі қарастырылып жатыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді.

«Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, Ұлыбритания, Исландия, Австралия, Жаңа Зеландия, Норвегия, Австрия, Испания, Швеция және Оңтүстік Африка Республикасында ым тілі ресми тіл ретінде мойындалған. Бірінші кезеңде Қазақстан Республикасы ым тілі дактиль әліпбиін тану бойынша шетелдік мекемелердің қатысуымен халықаралық тәжірибені зерделейтін болады», – деді Көшербаев жауапта.

Келесі кезеңде мүгедектігі бар адамдардың мүдделерін білдіретін мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қатысуымен қазақ ым тілі мен дактиль әліпбиін бекіту мәселесі қарастырылмақ.

Мәліметке сүйенсек, қазіргі таңда дактиль әліпбиі мектепке дейінгі, бастауыш және орта білім беру деңгейінде «Ана тілі» пәнінің құрамында қолданылады.

Білім беру министрлігінің алдағы жылдарға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектепке дейінгі және бастауыш білім беру бағдарламалары жаңартылмақ. 2025–2030 жылдар аралығында 36 оқулық пен оқу-әдістемелік кешен әзірленетіні атап өтілген.

«Бүгінде білім беру бағдарламаларының тізімінде «Арнайы педагогика», «Арнайы педагогика: аутизмі бар балаларды қолдау», «Сурдопедагогика», «Олигофренопедагогика» және басқа да бағыттар бойынша 60-тан астам бағдарлама бар», – делінген хабарламада.

댓글
기타 기사