Трамптың Таяу Шығысқа сапары. АҚШ пен Сауд Арабиясы тарихи келісімге қол қойды

1921
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/05/a508b874-529c-4a0f-b72f-ff63b3600d4d-960x500.jpeg?token=ab3201e3022becc447f2c7357f8a0287

13 мамырда АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің екінші президенттік мерзіміндегі алғашқы ресми шетелдік сапарын Таяу Шығысқа жасады. Бұл сапардың алғашқы күні АҚШ пен Сауд Арабиясы арасында қорғаныс, технология және энергетика салаларын қамтитын ауқымды келісімдерге қол қойылды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ВВС-ге сілтеп.

Ақ үйдің ресми мәліметіне сүйенсек, Сауд Арабиясына заманауи әскери техника мен қызметтерді жеткізу бойынша тарихи келісімге қол қойылды. Жалпы құны 142 миллиард долларды құрайтын бұл келісім АҚШ-тың 15-ке жуық қорғаныс компаниясын қамтиды. Қару-жарақ келісімі бес негізгі бағыт бойынша жүзеге асады:

  • Әскери-әуе күштері мен ғарыш саласын дамыту;
  • Әуе және зымыранға қарсы қорғаныс;
  • Теңіз және жағалау қауіпсіздігін күшейту;
  • Шекара қауіпсіздігі мен құрлық күштерін жаңғырту;
  • Ақпараттық-коммуникациялық жүйелерді дамыту.

Сонымен қатар, Сауд Арабиясы өз армиясының әлеуетін арттыру мақсатында әскери академиялар мен медициналық қызметтерге де инвестиция салмақ.

Сапар барысында екі ел арасында басқа да маңызды келісімдер жасалды. Сауд Арабиясы АҚШ экономикасына 600 миллиард доллар көлемінде инвестиция салуға міндеттеме алды. Бұл инвестициялардың бір бөлігі АҚШ аумағында жасанды интеллект деректерін өңдеу орталықтарын құруға бағытталады.

Өз кезегінде АҚШ-тың технологиялық алпауыт компаниялары — OpenAI, Nvidia, Alphabet, IBM және Qualcomm — Сауд Арабиясына 80 миллиард доллар көлемінде «алдыңғы қатарлы технологиялық шешімдерді» жеткізетін болды.

Энергетика саласындағы келісімдер де назар аударуға тұрарлық: АҚШ Сауд Арабиясына 14,2 миллиард долларлық газ турбиналарын және 4,8 миллиард долларлық Boeing 737-8 ұшақтарын экспорттамақ. Екі ел сонымен қатар энергетика мен тау-кен өнеркәсібінде ынтымақтастық орнатуға уағдаласты.

Трамп Эр-Риядта Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салманмен кездесіп, сауда және инвестициялық мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, ол сауд-америкалық инвестициялық форумға қатысып, онда Citigroup, IBM, Qualcomm, Alphabet және Franklin Templeton сияқты ірі компаниялардың басшыларымен кездесті.

Форум аясында Трамптың делегация құрамында оның кеңесшісі Илон Маск, OpenAI бас директоры Сэм Альтман, Nvidia басшысы Дженсен Хуанг, сондай-ақ FIFA президенті Джанни Инфантино болды. Бұл сапардың басты мақсаты – АҚШ-қа инвестиция тарту және Трамптың «Америка бірінші орында» деген ұранын нақты іспен дәлелдеу.

Трамп Таяу Шығыстағы сапарын Катар мен Біріккен Араб Әмірліктеріне жалғастырмақ. Оның сапары барысында АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, Таяу Шығыс бойынша арнайы өкіл Стив Уиткофф және қорғаныс министрі Пит Хегсет те бірге жүр.

Сапар барысында Трамптың Израильге бармауы халықаралық сарапшылар назарын аудартты. Израиль тарапы бұл шешімге наразы болғанымен, Ақ үй Таяу Шығыстағы саясатын қайта бағдарлап жатқанын байқатты. АҚШ-тың ХАМАС-пен тікелей келіссөздері, Йемендегі хуситтермен жасалған келісімдер және Иранмен ядролық бағдарлама бойынша қайтадан тікелей диалог орнатуы Израильдің қатысуынсыз өтіп жатқаны аймақтық басымдықтардың өзгергенін көрсетеді.

댓글
기타 기사