Жапон музыканты Акира Такегучидің Токиодағы көше бойында домбырамен күй орындаған сәті түсірілген видео әлеуметтік желілерде қызу талқылануда, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Tengri Life мәліметінше, бейнежазбаны түсірген қазақ жігіті таныс әуенді естіп, бірден камерасын қосқанын айтады. Күй аяқталғаннан кейін ол орындаушыдан домбыраны қалай үйренгенін сұраған. Акира домбырамен алғаш Ыстамбұлда танысқанын, кейін Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияда білім алған Тұрысбек есімді азаматтан тәлім алғанын айтқан. Қалғанын нота арқылы өз бетінше меңгерген.
Акира Такегучи бұған дейін, 2023 жылы, Алматы Арбатында күй шертіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген болатын. Ол кезде де домбыраға деген ерекше махаббатымен танылған еді.
«Бұрын скрипкада түрік музыкасын орындайтынмын. Бірақ домбыраның үні мені баурап алды. Екі-ақ ішек – бірақ ғажап күшке ие. Нұрғиса Тілендиевтің “Аққу” күйін орындап, Жапониядағы музыкалық байқауда жеңімпаз атандым», – деген еді музыкант.
기타 기사
Adyrna.kz ұлттық порталының маңызды ақпараттарына жазылу
Соңғы жаңалықтар туралы хабардар болыңыз