Ақсайда Бөрлі аудандық прокуратурасының жаңа ғимараты ашылды

410
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/FiN9tjAe2FdRFir6vHcVIGLG0pUuoK3z1TB5dfxS.jpg

Ақсай қаласында Бөрлі аудандық прокуратурасының жаңа әкімшілік ғимараты пайдалануға берілді. Прокуратура қызметкерлерінің кәсіби мерекесі – 6 желтоқсан қарсаңында ұйымдастырылған салтанатты шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы, құқық қорғау органдарының өкілдері мен сала ардагерлері қатысты.

Жаңа нысанның ашылуымен құттықтаған аймақ басшысы прокуратура органдарының қоғамдағы орнына тоқталды. Оның айтуынша, заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – құқық қорғау жүйесінің басты міндеттерінің бірі.

Нариман Төреғалиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту жөніндегі тапсырмаларының маңызын атап өтті.

– Әділетті қоғамның негізі – заңның мүлтіксіз орындалуы және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімі. Жаңа ғимарат прокуратура қызметкерлерінің жұмысын тиімді ұйымдастыруға, тұрғындардың өтініштерін сапалы қарауға және халыққа көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі.

Заманауи талаптарға сай салынған екі қабатты әкімшілік ғимарат қызметкерлерге қолайлы еңбек жағдайын қалыптастыруға бағытталған. Жаңа нысан прокуратура қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін сапалы орындауына және аудан тұрғындарымен жұмысты тиімді жүргізуіне жағдай жасайды.

Салтанатты рәсім аяқталған соң облыс әкімі мен шараға қатысушылар ғимарат аумағында шырша көшеттерін отырғызды. Бұл игі бастама нысанның ашылуын көркейтіп қана қоймай, қоршаған ортаны қорғауға және елді мекенді көгалдандыруға қосылған үлес болды.

댓글
기타 기사