Түркия 2050 жылға дейін кемінде 12 ядролық реактор салуды жоспарлап отыр

301
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/00pWomBag9EFzpQJ8cgKxNmoGufauLIBoRMhiLE4.jpg

Фото: azertag.az

Түркия 2050 жылға қарай Аккую, Синоп және Фракия аймақтарында кемінде 12 ядролық реактор салуды көздеп отыр. Сонымен қатар елде жаңартылатын энергия көздерінің қуатын төрт есеге арттыру жоспарланған. Бұл туралы Түркияның Энергетика және табиғи ресурстар министрі Алпарслан Байрактар Ыстанбұлда өткен «Ғасыр жастары: Энергетика» бағдарламасында мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Report агенттігіне сілтеп.

Министрдің айтуынша, әлемде ірі энергетикалық дағдарыстардың бірі орын алғанына қарамастан, Түркия президент Режеп Тайип Ердоғанның басшылығымен энергиямен жабдықтау саласында елеулі қиындықтарға тап болмаған.

Байрактар «Ұлттық энергетика – 2040» стратегиясының негізгі бағыттарына тоқталып, елдің энергетикалық әлеуетін арттыруға басымдық берілетінін айтты.

Министрдің мәліметінше, қазіргі уақытта Түркиядағы жаңартылатын энергия көздерінің орнатылған қуаты 45 мың МВт-ты құрайды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті шамамен төрт есеге арттырып, 175 мың МВт-қа жеткізу жоспарланып отыр.

Осы мақсатта елдің әртүрлі аймақтарында жаңа күн және жел электр станциялары салынады. Бұл жаңартылатын энергияның жалпы энергетикалық теңгерімдегі үлесін арттыруға бағытталған.

Алпарслан Байрактар атом энергетикасын дамыту Түркия үшін ондаған жыл бойы стратегиялық мақсат болғанын атап өтті. Оның айтуынша, елде атом электр станциясын салу идеясы 70 жылдан бері күн тәртібінде тұр.

Қазіргі уақытта Мерсин провинциясындағы «Аккую» атом электр станциясының төрт энергоблогының құрылысы жалғасып жатыр.

Бұдан бөлек, Түркия Синоп пен Фракия аймақтарында тағы да атом электр станцияларын салуды жоспарлап отыр. Жалпы, 2050 жылға дейін кемінде 12 ядролық реактор іске қосу көзделген.

Сондай-ақ Анкара шағын модульдік реакторлар (SMR) технологиясын дамытуға және оларды өз аумағында өндіруді жолға қоюға ниетті.

Министрдің пікірінше, алдағы уақытта атом энергетикасы Түркияның энергетикалық жүйесіндегі негізгі бағыттардың біріне айналады.

Осылайша, Түркия 2040 жылға дейінгі энергетикалық стратегиясы аясында жаңартылатын энергия көздерін кеңейтіп, атом энергетикасын қатар дамыту арқылы елдің электр энергиясын өндіру мүмкіндігін арттыруды көздеп отыр.

댓글
기타 기사