Жерар Депардье жас актрисаны зорлады деген айыппен сотқа тартылады

247
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/nMFDUNzG3xnjlEwbWbv7weAJ4sFGlZlj0cH6NYEZ.webp

Фото: Getty Images

Француз киносының әйгілі актері Жерар Депардье 2018 жылы актриса Шарлотта Арнуға қатысты зорлау дерегі бойынша сот алдында жауап береді. Париждің апелляциялық соты актерді сотқа жіберу туралы бұрынғы шешімді күшінде қалдырды. Бұл туралы ВВС жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Оқиға 2018 жылдың тамызында болған. Ол кезде 22 жаста болған Шарлотта Арну актердің Париждегі үйіне пьесаны бірге дайындау мақсатында барған. Актриса бірнеше күннен кейін полицияға арыз түсіріп, Депардьені зорлады деп айыптаған. Кейін ол өз есімін жариялауға келісім берді.

Арнудың айтуынша, 77 жастағы актер оған екі рет зорлық көрсеткен. Алайда сот екі эпизодқа қатысты әртүрлі шешім шығарды. 2018 жылғы 7 тамызда болған оқиға бойынша Депардье сот алдында жауап береді. Ал алты күннен кейін қонақүйде болды делінген екінші оқиға бойынша сот процесі өткізілмейді.

Актрисаның адвокаты Карин Дюрье Дьеболь апелляциялық соттың шешімінен кейін қорғауындағы азаматшаның жеңілдік сезінгенін жеткізді. Оның пікірінше, бұл іс Франция үшін маңызды сот процестерінің біріне айналуы мүмкін.

Ал актер тағылған айыптарды жоққа шығарып келеді. 2023 жылы Le Figaro газетінде жарияланған ашық хатында ол Шарлотта Арнуға қатысты ешқандай мәжбүрлеу немесе күш қолдану болмағанын мәлімдеген. Депардьенің адвокаты Давид-Оливье Камински апелляциялық сот шешімі қорғау тарапының пайдасына да шыққанын айтып, жоғары сот инстанциясына шағымдану мүмкіндігін жоққа шығармады.

Айта кетейік, бұл Жерар Депардьеге қатысты алғашқы сот үкімі емес. Өткен жылы актер 2021 жылы «Жасыл жапқыштар» (Les Volets Verts) фильмінің түсірілімі кезінде екі әйелге күш қолданғаны үшін 18 айға шартты түрде бас бостандығынан айырылған. Сонымен қатар ол жыныстық сипаттағы құқық бұзушылық жасағандар тізіліміне енгізіліп, жәбірленушілерге өтемақы төлеуге міндеттелген. Өткен аптада актер осы үкімге қатысты апелляциялық шағымын қайтарып алып, талап қоюшылардан кешірім сұраған.

Бір кездері француз және әлемдік киноның жарық жұлдызы саналған Депардье соңғы жылдары бірнеше әйелдің жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық туралы айыптауына тап болды. Француз кинематографиясына сіңірген еңбегі үшін ол бұған дейін Құрмет легионы орденімен марапатталған еді.

Сонымен қатар актердің аты тағы бір тергеу ісінде аталып отыр. Франция билігі Жерар Депардье мен жазушы Мишель Уэльбекке қатысты жыныстық сипаттағы айыптаулар бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын растады. Актриса оларды 2018 жылы бірге түскен Thalasso («Спа») фильмінің түсірілімі кезінде топ болып зорлады деп айыптайды. BBC дерегінше, шағым 2025 жылдың мамырында берілген.

Дегенмен, Шарлотта Арну ісі бойынша сот процесінің нақты қашан өтетіні туралы ақпарат жарияланған жоқ.

댓글
기타 기사