Қазақстан тарихы мен дипломатиясына үлес қосқан Рүстем Құрманғожин өмірден өтті

45
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/g3vt2rpS5bPXhpTEgRhb4mVWXaTDWHoG7CgQKF1d.webp

Қазақстандық дипломат, тарих ғылымдарының кандидаты Рүстем Құрманғожин кенеттен қайтыс болды. Қаралы хабарды саясаттанушы Андрей Чеботарев жеткізді, деп хабарлайды "Адырна".

Рүстем Құрманғожин тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясаты мен дипломатиялық қызметінің қалыптасуына елеулі үлес қосқан тұлғалардың бірі еді.

Ол 1985 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігіне қарасты Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын тәмамдаған. 1986-2013 жылдар аралығында Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жүйесінде қызмет атқарып, мансабында кеңесші-уәкіл дипломатиялық дәрежесіне дейін көтерілген.

Еңбек жолында ТМД елдерімен, Азия мемлекеттерімен, Еуропалық одақпен және АҚШ-пен байланыстарды дамыту бағытында жұмыс істеді. Сондай-ақ еліміздің сыртқы саяси бағытының қалыптасуына белсенді атсалысты.

Дипломатиялық қызметтен кеткеннен кейін Рүстем Құрманғожин ғылыми және білім беру саласына ден қойды. 2015 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап, Қазақстанның дипломатия тарихы мен халықаралық қатынастарына қатысты зерттеулер жүргізді.

Ол отандық дипломатия мен сыртқы саясат тақырыбында көптеген ғылыми мақалалар мен монографиялар жазған. Ғалымның елеулі еңбектерінің қатарында «Тәуелсіз Қазақстан тарихы: Сыртқы саясат» атты зерттеуі және Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастыққа арналған ғылыми жұмыстары бар.

Рүстем Құрманғожиннің дипломатия мен ғылым саласында қалдырған еңбектері Қазақстанның сыртқы саяси тарихындағы маңызды мұра болып қала бермек.

댓글
기타 기사