Сыбайлас жемқорлық ақпаратын берген адамға қанша төленеді?

128
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/7SZFPr6bKyp48xEWAc7xFy4Ra4t4OdbrTjJJy7qW.jpg

Фото: ЖИ

Қазақстанда 2026 жылы пара беру немесе сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығы туралы ақпарат ұсынғаны үшін 17,3 миллион теңгеге дейін сыйақы ала алады, деп хабарлайды “Адырна”. 

Бұл туралы ҰҚК сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі айтты.

Сыйақы мөлшері құқықбұзушылықтың ауырлығына байланысты белгіленеді.

Атап айтқанда, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хабарлаған азаматқа 29 АЕК (129 750 теңге), ауырлығы онша емес қылмыс туралы ақпарат бергені үшін 40 АЕК (173 000 теңге) төленеді.

Ал орташа ауырлықтағы қылмыс туралы хабарлама үшін 46 АЕК (216 250 теңге), ауыр қылмыс туралы ақпарат үшін 70 АЕК (302 750 теңге) сыйақы қарастырылған. Ерекше ауыр қылмыс туралы хабарлаған азаматқа 100 АЕК (432 500 теңге) беріледі.

Бұдан бөлек, егер пара немесе келтірілген залал мөлшері 1000 АЕК-тен (4 млн 325 мың теңге) асса, ақпарат берген адамға оның 10 пайызы көлемінде сыйақы төленеді. Алайда төлемнің ең жоғары мөлшері 4000 АЕК-тен, яғни 17,3 миллион теңгеден аспайды.

Мәселен, пара сомасы 50 миллион теңгені құраса, хабарлаушыға 5 миллион теңге төленеді. Ал пара көлемі 200 миллион теңге болған жағдайда сыйақы белгіленген шекті мөлшерге сәйкес 17,3 миллион теңгені құрайды.

ҰҚК мәліметінше, 2025 жылы сыбайлас жемқорлық фактілері туралы ақпарат берген 61 азаматқа жалпы сомасы 24,2 миллион теңге сыйақы берілген.

댓글
기타 기사