Алматыда жастар қалдықтарды пайдалы ресурсқа айналдыруда: экологиялық мәдениет әр адамнан басталады

157
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Cncn6aN5nETO6ti4v8pBDbdb6IBp3isUVqx4dude.jpg

Алматыда Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «Әуезов-2» жастар комьюнити-орталығының базасында қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін қалыптастыруға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға бағытталған «Қағазды іске жарат» экологиялық акциясы өтті. Іс-шараға 30-дан астам жас қатысты.

Акция барысында қатысушылар макулатура, ескі дәптерлер, газеттер, журналдар, картон, сондай-ақ пайдаланылған батареялар, пластик қақпақтар мен бөтелкелер жинады. Жиналған қалдықтар мамандандырылған қабылдау пункттеріне өткізу және кейіннен қайта өңдеу үшін сұрыпталды.

Іс-шараның басты мақсаты – жастарға күнделікті тұрмыстық қалдықтардың дұрыс сұрыпталған жағдайда құнды қайталама шикізатқа айналатынын және әр адамның қарапайым күнделікті әрекеттері қоршаған ортаны сақтауға үлес қоса алатынын көрсету.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» бастамасы бір реттік акция емес, тазалыққа, тәртіпке және азаматтардың жеке жауапкершілігіне негізделген қоғамның күнделікті мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс екенін бірнеше рет атап өткен болатын.

Алматыда бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Қала әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес экологиялық ағартуға, жастар арасында эковолонтерлікті дамытуға және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде.

2026 жылдың басынан бері Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы «Таза Қазақстан» бастамасы аясында 96 мыңнан астам жасты қамтыған 317 экологиялық іс-шара өткізді. Іске асырылған жобалардың қатарында EcoQalaFest, Plastic Hunt, Plastic-FREE Week, «Қағаз Boom», EcoQuest Almaty және «Өзіңнен баста» челленджі бар.

«Экологиялық мәдениет күнделікті қарапайым әрекеттерден басталады. Біз қоқысқа тастауға дағдыланған ескі дәптерлерге, қажетсіз газеттерге, пластик бөтелкелерге және басқа да материалдарға екінші өмір сыйлауға болады. Осындай акциялар арқылы жастарға қоршаған ортаға қамқорлық жасау үлкен күш-жігерді қажет етпейтінін және әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын көрсеткіміз келеді. Қалдықтарды бөлек жинау тек экологиялық іс-шаралардың бір бөлігі болып қалмай, күнделікті өмірдегі тұрақты әдетке айналуы маңызды», – деді «Әуезов-2» жастар комьюнити-орталығының менеджері Нұрислам Әділбеков.

Жастардың экологиялық санасын қалыптастыру мақсатында қалада «Таза сана» жобасы да іске асырылуда. Жоба аясында «Эко-нүкте» атты 26 көшпелі акция өткізілді. «Жетісу-2» жастар комьюнити-орталығының базасында үшінші Эко-хаб ашылып, онда қалдықтарды сұрыптау және қайталама шикізатты қайта өңдеуге дайындау бойынша практикалық сабақтар өткізілуде.

Экологиялық волонтерлікті дамытуға да ерекше назар аударылуда. Жыл басынан бері 3 мыңнан астам волонтердің қатысуымен 50-ден астам іс-шара өткізілсе, «Эко-рейнджерлер» жобасы 1,5 мыңнан астам жастың басын біріктірді.

«Қағазды іске жарат» акциясы «Таза Қазақстан» бастамасының қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асырудың тағы бір үлгісі болды. Іс-шара қала тазалығына қамқорлық жасау аумақтарды тазалаумен ғана шектелмейтінін, сонымен қатар саналы тұтынудан, қалдықтар көлемін азайтудан және оларды қайта айналымға енгізуден басталатынын көрсетті.

댓글
기타 기사