АҚШ, Ресей және Қытай басшылары кездесу өткізеді

65
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/dHGeZGO947DPgvj6rWemMt0sGbScctqVXQAFrpss.jpg

Фото желіден алынған

АҚШ президенті Дональд Трамп, Ресей президенті Владимир Путин және Қытай төрағасы Си Цзиньпин кездеседі, деп хабарлайды “Адырна”.

Үшжақты кездесу 19 қарашада Шэньчжэнь қаласында өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы саммиті аясында өтеді. 

Бұл туралы Ақ үй өкілі Оливия Уэйлс хабарлады. 

Ақ үй өкілінің айтуынша, үш ел басшысының алғашқы үшжақты кездесуіндегі негізгі тақырып ядролық қаруды бақылау жөніндегі ауқымды келісімді әзірлеу болмақ. Алайда АҚШ әкімшілігінің жоғары лауазымды өкілі тараптар бұл жолы нақты келісімге қол қояды деп күтпейтінін жеткізді. Оның сөзінше, кездесу келіссөздердің бастапқы кезеңі ретінде қарастырылады.

The New York Post басылымының мәліметінше, тараптар АҚШ пен Иран арасындағы соғысты және Солтүстік Корея төңірегіндегі жағдайды да талқылауы мүмкін.

Ал Украинадағы соғысты тоқтату мәселесі күн тәртібіне енгізілмеуі ықтимал. АҚШ әкімшілігінің өкілі Қытай бұл үдеріске тікелей қатыспайтынын, сондықтан кездесуде Украина мәселесін талқылау жоспарланбағанын айтқан. Сондай-ақ Путин мен Трамптың жеке кездесуі көзделмеген.

Бұған дейін The Wall Street Journal басылымы Владимир Путиннің Трамп пен Си Цзиньпинге АТЭС саммиті аясында үшжақты кездесу өткізуді ұсынғанын жазған еді.

Ал Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Қытай басшысымен кездесуі кезінде Украина мәселесін талқылағанын айтты. Оның сөзінше, Си Цзиньпин бұл қақтығысты шешу жөніндегі келіссөздерге Еуропа елдері міндетті түрде қатысуы керек екенін атап өткен.

댓글
기타 기사